Accessibility links

100-дей адам ұсталды, ондаған белсенді полиция құрсауында қалды. Cайлау күні қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс берді. Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан сайлауға билікті қолдайтын бес саяси партия түсті. Билікті сынап жүрген кейбір белсенділер бұл күні наразылық акциясына шықты. Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кетті. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап тұр. Сайлау қарсаңында елде ондаған белсендіні ұстап, қамап, айыппұл салған. Тәуелсіз бақылаушылар билік бұл жолы қысым-кедергіні күшейткенін айтады.


Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Негізгі деректер

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттік қызметтен кеткелі бері елде алғаш рет парламент сайлауы өтті. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі елдің саяси алаңында үстемдікке ие "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр. Қазір өкілеті аяқталуға таяған парламентте "Нұр Отан" партиясымен бірге әрқайсысы жеті мандатқа ие билікшіл тағы екі партия – "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) бар. Бұл сайлауға олармен бірге "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") қатысып жатыр. Ресми тіркелген тағы бір саяси партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған.

07:45 10.1.2021

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, елдегі он мыңнан астам сайлау учаскесіне қоса шет мемлекеттердегі Қазақстан дипломатиялық өкілдіктері жанынан алпыстан астам сайлау учаскесі құрылған. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 12 млн-ға жуық сайлаушы бар. Олар жексенбі күні мәжілістің 98 депутатын партиялық тізім бойынша төте дауыс беру жолымен сайлайды. Қалған тоғыз депутатты кейінірек Қазақстан халқы Ассамблеясы тағайындайды.

Қазақстанда ресми тіркелген алты саяси ұйымның бесеуі: "Қазақстан халық партиясы", бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан", "Ақ жол", "Адал" және "Ауыл" партиялары мәжіліс сайлауына барлығы 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам) ұсынған. Кандидаттардың орташа жасы – 46,7. Ең жасы 25-те. Бұл жолы парламент сайлауына түсіп жатқандардың арасында қазіргі алтыншы шақырылымдағы мәжілістің 34 депутаты да бар.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бұл жолғы сайлауға бойкот жариялаған.

Қазақстан азаматтары жексенбі күні мәжілістің 98 дептутатын партиялық тізім бойынша сайлайды. Қалған тоғыз депутатты кейінірек экс-президент Назарбаев басқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясы тағайындайды.

Сайлаушылардың кемінде жеті пайызының қолдауына ие болған партия парламентке өтеді. Егер жеті пайызды сайлауға түскен партиялардың тек біреуі ғана алса, онда сайлау қорытындысы бойынша екінші орындағы партия да, қанша дауыс жиғанына қарамастан, парламентке өтеді.

Қазақстанда 2018 жылы сайлау туралы заңға тиісті өзгертулер енгізілгеннен кейін азаматтар мәслихат депутаттығына өзін өзі ұсыну мүмкіндігінен айырылған. Осы жолы сайлаушылар жергілікті мәслихат депутаттарын алғаш рет партиялық тізім бойынша таңдайды. Мәжілісті партиялық тізіммен сайлау одан бұрын енгізілген. Биыл сайлаушылар жергілікті өкілді орган – мәслихатқа барлығы 3276 депутатты сайлайды. Оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс мәслихаттарына – 589, облыстық маңызы бар қалалар мәслихатына – 596, аудан мәслихаттарыан – 2091 депутат сайланады.

Мәжіліс пен мәслихат бес жыл мерзімге сайланады.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бері елде жеті рет парламент сайланды. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, қос палаталы парламент пайда болды. Содан бері алғаш рет парламент заңда белгіленген уақытында өтіп жатыр.

Осы кезекті парламент пен мәслихаттар сайлауының тағы бірнеше ерекшелігі бар: ол коронавирус пандемиясы кезінде өтіп отыр. Сонымен бірге бұл сайлау – Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетіп, ол қызметке Қасым-Жомарт Тоқаев сайланғалы бергі алғашқы парламент сайлауы. Құқық қорғаушылар сайлау қарсаңында аймақтарда белсенділерді қудалау үдеп кеткенін айтады.

Сайлауалды үгіт шаралары аяқталған соң 9 қаңтар – "тыныштық күні" Шымкентте 10 қаңтарда әр аймақтағы сайлауды бақылайтын 600 адамға арналған куәліктерді тәркілеген. Нұр-Сұлтан қаласы мен Батыс Қазақстан облысында сайлау процесін бақылауды жоспарлаған жергілікті белсенділерді "коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған" деген себеппен карантинге жіберген.

Сайлау қарсаңында билік сайлау процесін бақылаушыларға талапты күшейтті. Мысалы, сайлау учаскесінде фото мен видеоға түсіруіне, кейбір қоғамдық ұйымдарға сайлау науқаны барысына мониторинг жүргізуіне тыйым салды.

Коронавирус инфекциясына байланысты сайлау комиссиясы мүшелері, партиялардың сенімді өкілдері, бақылаушылар ПТР тестіден өтуге міндетті. Олар соңғы бес күн ішінде ПТР тест тапсырғаны және коронавирустан аман екені туралы анықтамасы болса ғана сайлау процесіне қатыса алады.

Кейбір тәуелсіз бақылаушылар ПТР тест тапсырудың қиындығына шағымданған. Олардың арасында ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, сайлауды бақылау мүмкіндігінен айырылғандар да бар. Кейбір сарапшылар мен құқық қорғаушылар билік індетті белсенділер мен бақылаушыларға қысым жасау мақсатында пайдаланып кете ме деп қауіптенеді.

08:07 10.1.2021

Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлауы оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатыр.

Президент Тоқаев сайлау науқаны басталғанға дейін елде "саяси жаңғырту, көппартиялық жүйе мен азаматтық қоғамның саяси өмірге араласуына бағытталған шаралар атқарылды" деп мәлімдеген.

Бірақ билік сыншылары онымен келіспейді. Олар былтыр сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға енгізілген өзгертулер бұрынғы қалыптасқан жүйені өзгерткен жоқ деп санайды.

08:12 10.1.2021

Уақыт айырмашылығына байланысты бес аймақта – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сайлау өзге өңірлерден бір сағат кеш басталды. Дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 20:00-да (Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 21:00-де) аяқталады.

Одан кейін учаскелік сайлау комиссиялары дауыс санауға кіріседі.

08:24 10.1.2021
16x9 Image Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

Алматы қаласындағы кейбір сайлау учаскелерінде сайлау комиссиясы дауыс беру барысынан хабар дайындауға барған Азаттық журналистерінен коронавирус инфекциясына шалдықпағанын дәлелдейтін ПТР тест қорытындысын талап етті.

Алматы қаласындағы №350 сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясының жетекшісі БАҚ өкілінен ПТР тестін талап етуіне негіз болған құжатты көрсете алмады. Учаскелік сайлау комиссиясының жетекшісі дауыс беретін бөлме тар екенін айтып, кейбір бақылаушыларды дәлізге шығарып жіберді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG