Accessibility links

Нұр-Сұлтанда тағы екі белсенді қамауға алынды


6 қаңтарда Нұр-Сұлтан полициясы белсенді Ғалия Тамабаеваны үйінен алып кетіп, "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен бес тәулікке қамағаны хабарланды. Тамабаеваны учаскелік полиция мен полиция жедел уәкілінің әкетіп бара жатқаны туралы өзі түсірген видеосын Camilla Sadirova Facebook парақшасында жариялады.

Белсендінің қызы да шешесін алып кеткенін растап, бірақ өзі кішкентай сәбимен отырған соң қайда екенін білмейтінін айтты. Азаттық тілшісі Тамабаевға қатысты сот процесінің кешкі жетіге қарай өткенін анықтады.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова Азаттыққа Ғалия Тамабаева "бейбіт митинг заңын бұзды" деп айыпталып (Әкімшілік кодексінің 488-бабы), бес тәулікке қамалғанын айтты.

5 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының шешімімен тағы бір азаматтық белсенді Әсел Оңланбекқызы екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.

Оның адвокаты Гүлшат Дүйсенованың мәлімдеуінше, Әсел Оңланбекқызының былтыр 19 қарашада жолдаған сауалына Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті "18 қараша күнгі мәліметке сай оған қатысты қылмыстық істің тіркелмегенін" мәлімдеген.

"Тергеу сотының судьясы Ермек Макамбетов 2021 жылы 5 қаңтарда Әсел Оңланбекқызын Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-тармағымен ("Экстремистік ұйымның ісіне араласу) 26 қазан 2020 жылы тергеу регистріне тіркелген қылмыстық іске сай бұлтартпау шарасын іске асыру туралы санкция берді. Бірақ Оңланбекқызына 27 қазанда қамауға алынғанымен, 2021 жылдың 3 қаңтарына дейін ешқандай тергеу амалдары жүргізілмеді. Бұған қоса ол өз бетімен ҚДТ, "Көше партиясының" ісіне араласудан бас тартты. Оны сонда не үшін қамауға алды?" деп жазды адвокат Гүлшат Дүйсенова Facebook парақшасында.

Дәл осы айыппен бұған дейін азаматтық белсенділер Ербол Есхожин мен Асқар Қайырбек те екі айға қамауға алынған.

Қылмыстық кодексте "тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырғандарға" 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

  • Қазақстан билігі шетелге қашқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен тіркелмеген "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп таныған. Прокуратура "Көше партиясы" ҚДТ қозғалысына қатысы бар деп санайды.
  • Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған. Қазан айында Еуропарламенттің 16 мүшесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, "Көше партиясын" да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.​
  • ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар.
  • Құқық қорғаушылар 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауы қарсаңында қудаланған белсенділер көбейгенін айтады. Бұған дейін елдің бірнеше қаласында он шақты белсенді түрлі айыппен қамауға алынған.
  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG