Accessibility links

Нұр-Сұлтанда екі белсендіге тағылған айып сипаты өзгерді


Ербол Есхожин.
Ербол Есхожин.

Нұр-Сұлтан полициясы екі күн бұрын үйінен ұстап әкеткен азаматтық белсенділер Ербол Есхожин мен Асқар Қайырбекке тағылған айыптың санаты өзгерді. Бұған дейін олар "экстремистік ұйымның ісіне араласты" деп айыпталып келген болса, қазір екі белсендіге "сол ұйымды құруға атсалысты" деген айып тағылып отыр. Қылмыстық кодексте 6 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

Адвокат Гүлшат Дүйсенованың сөзіне қарағанда, бұған дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген белсенділердің қамалуына 31 қазанда қозғалған қылмыстық іс бойынша сот сараптама қорытындысының шығуы себеп болған.

- Сот сараптамасы олардың "тыйым салған ұйымның жұмысына қатысқанын дәлелдеген". Сол себепті полиция хаттамасымен Есхожин мен Қайырбекке тағылған баптың тармағы 2-ден 1-ге өзгеріп "оларды сотпен тыйым салынған экстремистік ұйымның ұйымдастырушысы" деп өзгертті. Полиция құжаттарды прокурорға жолдады. Прокурор сотқа берген соң қанша уақытқа қамалатыны туралы сот шешімі шығуы тиіс. Процесс уақытының анықталғанын күтіп отырмыз, -деді Гүлшат Дүйсенова.

Қылмыстық кодексте "тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырғандарға" 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған (Бұрынғы айып бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көрсетілген).

Ербол Есхожин мен Асқар Қайырбек соңғы бірнеше жылда адам құқығын қорғау, жер мәселесі, саяси тұтқындарды босату тәрізді Нұр-Сұлтандағы акцияларға белсене қатысып жүр. Есхожин жаз айларында "Бейбіт жиын туралы" заңды бұзып, митингіге шақырды (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 7-тармағы) деп айыпталып, 15 тәулікке де қамалған. Қайырбек те азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5-15 тәулікке қамалған.

Биыл 20 қаңтар мен 3 ақпанда Нұр-Сұлтандағы "Бәйтерек" монументі мен АҚШ елшілігі алдында саяси тұтқындарға бостандық беру талабымен өткен наразылық акциясында полиция қызметкерлеріне "Назарбаевтың күшіктері" деп айтқан сөзі үшін Есхожин үстінен екі қылмыстық іс қозғалған. Қыркүйекте "билік өкілін қорлағаны үшін" (Қылмыстық кодекстің 378-бабы, 2-тармағы) 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (212 080 теңге немесе шамамен 500 доллар) айыппұл салынған.

25-27 қазанда Асқар Қайырбек пен Ербол Есхожиннің үйіне полиция санкцияланбаған тінту жүргізген. Азаматтық белсенді Жанат Нұркішев белсенділерге ешқандай тінту хаттамалары берілмегенін, тағайындалған сараптамалар туралы хаттамамен таныстырылмағанын айтады.

Ербол Есхожинді полиция 31 қазанда Алматыда құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов ұйымдастырған рұқсат етілген митингіге қатыспақ болған жерінен ұстап алып, Нұр-Сұлтанға таксимен жеткізген. Үш сағат тергегеннен кейін "қызметіне тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деп айыптап (405-бап), қылмыстық іс қозғаған.

Құқық қорғаушылар 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауы қарсаңында қудаланған белсенділер көбейгенін атап өтеді. Кей мәліметке қарағанда қазіргі кезде елде "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар.

Қазақстан билігі шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын жақтайтындарды жиі қудалап, жауапқа тартады.

2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

2020 жылы мамырда Нұр-Сұлтан соты тіркелмеген "Көше партиясын" ҚДТ қозғалысымен бір ұйым деп, оның да қызметіне тыйым салған. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімін жарияламаған. Әблязов сот шешімдерінің астары бар деп санайды.

ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын құқық қорғаушылар жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды деп біледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG