Accessibility links

"Бәкеңмен шай ішу". Сайлауды бақылағандардың хикаясы


Шымкенттегі №79 сайлау учаскесіндегі сайлау жәшіктері мен дауыс беруді алыстан бақылап отырған адамдар. 10 қаңтар 2021 жыл.

Тәуелсіз бақылаушылар Қазақстанда 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын ең ауыр әрі әділетсіз шара деп бағалады. Бұл науқан биліктің бақылаушыны сайлаудың таза, әділ өтуін қамтамасыз ететін институт өкілі деп емес, аяққа оралған кедергі көретінін тағы да бір рет дәлелдеді. Сайлау учаскесіне тәуелсіз бақылаушыны кіргізбей қойды, жұмысына бөгет жасады, полицияға ұстатып, дауыс санап жатқанда шығарып жіберді.

"СҰҢҚАРДЫҢ" ТЕСТІН ҚАБЫЛДАМАЙМЫЗ"

Біраз бақылаушының сайлау учаскесіне бара алмайтыны сайлауалды науқан кезінде-ақ белгілі болған. Басында Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) қаулысына сәйкес, сайлауды бақылаушы ұйымдар дауыс беруге бір ай қалғанда жарғысын өзгертуге міндеттеліп, сайлау учаскесінде фото мен видеоғы түсіруге, тікелей эфир жүргізуге тыйым салынды. Кейіннен жарияланған Қазақстан бас санитарлық дәрігерінің қаулысында "бақылаушылар коронавирус инфекциясына байланысты ПТР-тест тапсыруы керек" деп жазылды. Бақылаушылардың көбі сараптама қорытындысын алған кезде олардың "тізімде жоқ" емханада тест тапсырғаны анықталды.

10 қаңтар күні таңертең Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті ғимаратында орналасқан №259 сайлау учаскесіне "Еркіндік қанаты" ұйымының бақылаушысын кіргізбеді.

№110 сайлау учаскесіне кіре алмай тұрған "Ақ жол" партиясының бақылаушысы. Ақтөбе, 10 қаңтар 2021 жыл.
№110 сайлау учаскесіне кіре алмай тұрған "Ақ жол" партиясының бақылаушысы. Ақтөбе, 10 қаңтар 2021 жыл.

– Коронавирустан аман екенімді дәлелдейтін ПТР-тест қорытындысы туралы анықтаманы ұсындым. Олар маған әлдебір қағазды көрсетіп, мен ПТР-тест тапсырған емхананың тізімде жоғын айтты. Акт жазып, олардан мені сайлау учаскесіне қандай себеппен кіргізбегенін түсіндіріп акт толтыруын талап еттім. Осыдан кейін мені ішке кіргізді. "Басшылықпен сөйлестік" деді, – дейді Асылтай Тасболат.

Өзін Асылан деп таныстырған бақылаушы да аталған сайлау учаскесінде дәл осындай жайтқа тап болған. Оны да сайлау учаскесіне кіргізбеген.

"Жас сайлаушылар лигасы" ұйымының бақылаушысы дәл сондай себеппен (Covid тестін тізімде жоқ емханада тапсырған) оқушылар сарайындағы №377 сайлау учаскесіне кіре алмаған.

Тәуелсіз бақылаушы Асселина Сайлаубекова.
Тәуелсіз бақылаушы Асселина Сайлаубекова.

– Сайлау учаскесінің кіреберісінде тұрған карантин шараларына жауапты қызметкерлер "Сұңқарды" [емхана атауы] қабылдамаймыз" деп, мені ішке кіргізбеді. Олар санитарлық-эпидемиологиялық станцияның өкілін шақырды. Ол таңертең "Сұңқар" емханасының сараптама қорытындысы жарамсыз" деген бұйрық шыққанын айтты. Мен жазбаша дәлел көрсетуін сұрадым, бірақ ол иығын қиқаң еткізді де, қойды. Осыдан кейін сайлауды мені бақылауға неліктен қатыстырмайтыны туралы жазбаша түсініктеме беруін талап еттім. Санитарлық-эпидемиологиялық станция өкілі ондай құжат толтыра алмады не толтырғысы келмеді. Комиссия төрағасын шақыруды қайта-қайта өтініп, ұзақ тұрдым. 20 минуттан кейін комиссия төрағасы келді де, "Сұңқар" емханасының анықтамасы жарамайды" деа тағы айтты. Одан мені сайлауды бақылауға қатыстырмайтыны жайлы жазбаша түсініктеме беруін сұрадым. Ол күбірлеп бірнәрсе айтты да, кетіп қалды. Нәтижесінде есік көзінде тағы жарты сағат тұрдым. Бірақ ешқандай ресми қағаз алған жоқпын, – дейді Асселина Сайлаубекова.

Ол "Сұңқар" емханасының дәл сол анықтамасымен басқа сайлау учаскесіне кедергісіз кіргенін айтады.

Кейінірек Алматының аумақтық сайлау комиссиясы мән-жайды анықтап, "бақылаушылар сайлау учаскелеріне коронавирус жоғын растайтын кез келген емханадан алған анықтама көрсетіп кіре алады" деп мәлімдеді.

– Белгілі бір емханаларға қатысты жоғарыдан бұйрық түскен жоқ. Әу бастан ұстаным: ПТР-тестілерге ешқандай талап қойылмайды. Кеше лицензиядан өткен емханалар туралы айтылды, бірақ біз бұл тізіммен таныс емеспіз. Ол құжатқа сүйенген жоқпыз, бұл біздің құзыретімізде емес. Оның үстіне мұндай хабарламаларды қолдану құралдары жоқ, – деді аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова.

Алматыдағы №231 сайлау учаскесінде сайлау процесін қадағалап отырған бақылаушылар. 10 қаңтар 2021 жыл.
Алматыдағы №231 сайлау учаскесінде сайлау процесін қадағалап отырған бақылаушылар. 10 қаңтар 2021 жыл.

Сол күні бақылаушыларды сайлау учаскелеріне "тізімде жоқ емханадан" алынған анықтама үшін ғана емес, басқа себептермен де кіргізбеген. Бір жерде бақылаушыны "ұйымның жарғысы сәйкес келмейді" деп кері қайтарса, енді бір учаскеде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сілтеп, "бақылаушыларға орын жетпейді" деген сылтаумен сайлауға бақылау жүргізуге рұқсат бермеген.

Алматы аумақтық сайлау комиссиясының басшысы "орын жетпейді" деген сылтаумен сайлау учаскесіне кіргізбеу себебін бақылаушылардың "шектен тыс көп болуымен" түсіндірді. Оның дерегінше, бұл жолы сайлау комиссияларына төрт мыңнан астам бақылаушы қатысқан.

– Бірақ заңда бақылаушыны орын жетпейді деп кіргізбеуге қатысты шектеу, тыйым жоқ. Жағдайдан шығуға тырысамыз, комиссиялар мұны біледі, – деді Жанна Асанова.

"ДАУЫС САНАУ КЕЗІНДЕ КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ ҮЗІЛІСКЕ ШЫҚТЫ"

Бақылаушыларға сайлау учаскесінің ішінде дауыс беру процесін бақылау кезінде де кедергі жасалған.

– Нұр-Сұлтандағы №15 сайлау учаскесінде болған бақылаушымызды полиция ұстаған. Оған сайлау комиссиясы төрағасы мен басқа бақылаушылар қысым көрсетіп, полиция шақырғысы келген: сайлау учаскесіндегі біреу оның үстінен шағым түсірген. Ол көп ұзамай басқа сайлау учаскесіне баруы керек еді. Бірақ жол-жөнекей оны полиция алып кеткен. Оны сайлау учаскесіне полиция шақырғандықтан ұстап әкетті деп ойлаймын. Оған сайлау комиссиясының төрағасы қысым көрсеткен. Учаскелік полиция қызметкері есік аузында тұрып, сол кездің өзінде алып кеткісі келген, – дейді "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорын құрғандардың бірі Елена Швецова.

Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп жатқан адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп жатқан адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Бақылаушыны көлігін оталдырып жатқан кезде алып кетіп, полиция бөлімшесінде түскі екі жарымнан кешкі тоғызға дейін ұстаған.

Таңертең "Сұңқар" емханасының анықтамасы бар бақылаушыларды кіргізбеген Алматыдағы №259 сайлау учаскесіне (ҚазҰУ) кешке қарай барған Азаттық тілшісі сайлау комиссиясы мүшелері мен дауыс берген сайлаушылар саны туралы ақпарат сұрағаны үшін "комиссия жұмысына кедергі келтірді" деп сыртқа қуылған бақылаушы арасындағы кикілжіңге куә болды. Бақылаушы заңға сүйеніп, сайлау учаскесіне қайта кіруге тырысқанымен, оны ішке кіргізбей, полиция шақырамыз деп қорқытқан.

Алматыдағы тағы бір бақылаушыны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде орналасқан №105 сайлау учаскесінен шығарып жіберген.

– Түнгі бірлер шамасында, дауыс санау процесі жүріп жатқан кезде, сайлау комиссиясының төрағасы хаттаманы бергісі келмеді. Ол біреуге хабарласты. Кейін дезинфекторлар келіп, бәрімізге 15 минутқа сыртқа шыға тұрыңдар деді. Далада аяз болғандықтан көлікте күте тұрайын деп шештім. Қайтып келсем, есік жабық екен. Есікті қақтым, күзетші иығын қиқаң еткізді де қойды. Тағы 10 минут есік қағып тұрдым. Сол күйі мені ішке кіргізбеді. Бұл учаскеде сайлаудың әділ өткеніне күмәнім бар. Дауыс санау кезінде комиссия мүшелері үзіліске шығып кетті. Негізі дауыс санау процесі үзіліссіз жүруі керек еді. Жарық өшіп, хаос болып жатты. Дауыс санаған кезде қанша бюллетень екенін жұрт еститіндей етіп дауыстап айтпады, – дейді Артур Алескеров.

"Еркіндік қанаты" ұйымының Павлодар қаласындағы бақылаушысы Карина (толық аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) Азаттыққа өзін бір сайлау учаскесінен күштеп шығарып жібергенін және басқа сайлау учаскелеріне кіргізбеуге тырысқанын айтып берді.

– Сайлау комиссиясының төрағасы мен оның орынбасары қолымнан қатты ұстап, сыртқы есікке қарай сүйреді. Есік көзінде учаскелік полиция қызметкері тұрған. Сайлау комиссиясы төрағасы мен оның орынбасары мені полиция бөлімшесіне алып кетуді сұрады. Мен заң бұзу оқиғасына куә болғанымды, сөзімді дәлелдей алатынымды айттым. Полиция қызметкері жақсы адам болып шықты. Ол мені сайлау учаскесінен шығара алмайтынын айтты. Сол кезде төраға мен орынбасары "сені ішке кіргізбейміз" деді. Сол күйі ішке кіре алмай қалдым. Одан бөлек, басқа сайлау учаскелері де қабылдамады. Бір ғана сайлау учаскесі кіргізді. Комиссия төрағасы хаттаманы беріп жатқан кезде бірінші сайлау учаскесінің төрағасы мені есі дұрыс емес деп сипаттап, "келсе, кіргізбеңдер" деп ескерткенін айтты, – дейді Карина.

Бақылаушы өз жеке куәлігінің деректерін бірінші барған сайлау учаскесінің төрағасы басқа учаскелерге жіберген болуы мүмкін деп топшылайды.

"ӘКІМДІК ТІЗІМІНДЕ ЖОҚСЫЗ"

"Жас сайлаушылар лигасы" ұйымының бақылаушысы Мәдина Омарова астанадағы №105 сайлау учаскесінде болған. Ол басында "әкімдік тізімінде аты-жөніңіз жоқ" деген сылтаумен өзін сайлау учаскесіне кіргізбеуге тырысқанын, кейін таңғы сағат төрт жарымға дейін хаттама бермегенін айтады.

Тәуелсіз бақылаушы Мәдина Омарова.
Тәуелсіз бақылаушы Мәдина Омарова.

– Хаттама сұрадым, берген жоқ. Заң бойынша, дауыс санап болғаннан кейін деректерді хаттамаға жазып, көшірмесін жасауы керек. Бұл әкімдікке бармай тұрып, бірден жасалатын шара. Мені ешкім тыңдаған жоқ, тіпті маған дауыс көтеріп, әкімдікке кетіп қалды. Мен артық ештеңе жасалмауы үшін бюллетеньдерді әкімдікке өткізу процесіне қатысқым келетінін айттым. Маған көлікте орын жоқ деді. Сосын таксимен бардым. Әкімдікте түнгі сағат 12-ден таңғы 4:40-қа дейін күттім. Соңында мәжіліс және мәслихат сайлауының бюллетеньдері бойынша жасалған хаттамаларға қолым жетті. Көк мөр қойылған соң, кетіп қалдым. Олар мені шаршап, кетіп қалсын деп уақытты әдейі созған сияқты. Сайлау учаскесінде небәрі 400 адам ғана дауыс берді. Бюллетеньдерді жылдам санап шығуға болар еді. Бірақ мен күні бойы сайлау учаскесінде отырдым. Сонша жүріп, қалай хаттамасыз қайтамын? Мұным қисынды ғой, – дейді Мәдина.

Тәуелсіз бақылаушы Венера Жарбол.
Тәуелсіз бақылаушы Венера Жарбол.

10 қаңтарды Ақтаудағы сайлау учаскесінде өткізген ең жас бақылаушылардың бірі Венера Жарбол да түнгі сағат 3-ке дейін хаттама күтіп отырған.

– Басында "сызықтан аспаңдар" деп, жүріп-тұруымызды шектеуге тырысты. Біз ережелерді көрсеткеннен кейін ғана жүруге бөгет жасауды қойды. Дауыс санау, пайдаланылмаған бюллетеньдерді жою және хаттама толтыру түнгі 1:30-ға дейін созылды. Олар бізді шаршап, өздері кетіп қалсын деп әдейі осылай жасаған сияқты. Уақыт созып, шай ішіп отырды. Соңына дейін отырып, мөр қойылған хаттаманы алып кеттім, – дейді Венера.

Венераның жерлесі, бақылаушы Абылай Әділхановқа хаттаманы таңғы 5:30-ға дейін күтуге тура келген. Ол сайлау учаскесінде 23 сағаттан артық болған.

Тәуелсіз бақылаушы Абылай Әділханов.
Тәуелсіз бақылаушы Абылай Әділханов.

– Дауыс санау процесі үзіліссіз жүріп, ешкім учаскеден кетпеуі керек деген ескертуімізге қарамастан, түнгі сағат бірге қарай комиссия төрағасы "балалары бар, таңертең келеді" деп, үш әйелді үйіне қайтарды. Сандарды салыстыру үшін акт толтыруды сұрағанымызда, "компьютер жұмыс істемейді" деді. Олар [комиссия мүшелері] бізге де "үйге қайтыңдар, бәрібір таңға дейін комиссия мүшелері келмейінше ештеңе бермейді" деген емеурін білдіре бастады. Біз соңына дейін қаламыз деп шештік. Кикілжіңге сылтау болмасын деп өзімізді сабырлы ұстадық. Видео түсіруге тыйым салған кезде де заңға сүйеніп, сайлаушыларды рұқсатсыз түсіруге болмағанымен, процестің өзін түсіруге болатынын түсіндірдік. Түнгі 3-те мектеп директоры дезинфекция жасалады деп бәрімізді қуып шықты. Мен бәрі учаскеден шыққанына, бюллетеньдердің жанында ешкім қалмағанына көз жеткізгеннен кейін ғана шықтым. Жарты сағат күтіп, көшеде тоңып қалдық. Олар бізді кетіп қалады деп күтсе керек, бірақ біз орнымыздан қозғалмадық. Қайтадан ішке кірдік. Таңғы 4-ке қарай комиссия мүшесі бізге сан жазылған қағазды ұстатып, "осыны алып, кетіңдер" деді. Хаттама шығарып, көшірмесін таңғы 5-те берді. Мен көк мөр қойылған хаттама керегін айттым. Оны сол күйі бермеді. Ал жеті комиссия мүшесінен төрт адам ғана қол қойды, қалған үшеуі үйіне кетіп қалған. Мен мәлімет жазылған хаттаманың көшірмесін алып, таңертең қайта келемін деп шештім,— дейді Абылай.

Айтуынша, Абылай таңертең көзі қатты ауырып, жасаурап оянған. Емханада офтальмолог көздің қасаң қабығы күйіп қалған деген диагноз қойған. Абылай бұл сайлау учаскесі орналасқан мектептің спорт залындағы кварцтауға арналған шамның астында 23 сағат бойы отырғаннан болуы мүмкін деп топшылайды. Ол егер комиссия хаттаманы уақытылы берсе, мұндай жағдай болмас еді деп санайды.

ӨЗ БАҚЫЛАУШЫЛАРЫ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫНА "БӘКЕ" ДЕП СӨЙЛЕДІ

Кей бақылаушылар сайлау учаскелерінде комиссия мүшелерінен бөлек, өздеріне басқа бақылаушылар да қарсылық көрсеткенін айтады.

Бірнеше тәуелсіз бақылаушыны орын жоқ деген сылтаумен сайлау учаскесіне кіргізбей қойған. Бос орындарға сайлау учаскесі ашылмай тұрып партиялардан келген басқа бақылаушылар отырып алған.

Өзін тәуелсіз бақылаушымын деп таныстырған, басқа ұйымдар мен партиялардың атынан жүрген азаматтар ерте келіп, дауыс санау аяқталғаннан кейін кешкі 8-де ерте қайтып кеткен. Ал сайлау учаскесінде қалғандары комиссия мүшелеріне қолдау көрсеткен.

"Жас сайлаушылар лигасы" ұйымының тәуелсіз бақылаушысы Нари Ермұханова басқа бақылаушылар тарапынан қысым көргенін айтады.

Тәуелсіз бақылаушы Нари Ермұханова.
Тәуелсіз бақылаушы Нари Ермұханова.

– Жанымда болған басқа бақылаушылар [комиссия мүшелерімен] шай ішуге кетіп, олармен әзілдесіп сөйлесіп жүрді. Төрағаны "Бәке" деп атады. Олар дос шығар деп ойладым. Олармен бірге шай ішуден бас тарттым. Күні бойы өзін тәуелсіз бақылаушы деп таныстырған азаматтардың іс-қимылы маған түсініксіз көрінді. Біз 10-15 метр қашықта отырдық. Мен заң бойынша бақылаушылар бюллетеньдегі белгіні көре алатындай жерде тұруы керегін айттым. Олар келісті, бірақ өзін тәуелсіз бақылаушы деп таныстырған азаматтардың бірі сөзге араласып, "Не үшін? Бәке, біз сізге сенеміз. Бәрі көрініп тұр" деді. "Маған көрініп тұрған жоқ, заң бойынша ең көп дегенде екі метр жерде отыруым керек" деп уәж айттым. Маған комиссия мүшелері де, бақылаушылар да қырын қарай бастады. Олардың кейбірі тіпті маған тіл тигізді. Олар арандатушылық жасап, мені қуып шығуға ілік іздеп отыр деп түсіндім. Өйткені ол жерде бәрін заң бойынша орындауды талап етіп отырған жалғыз бақылаушы едім. Сондықтан арандатуға ермедім, – дейді Нари.

Cайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған соң сайлау комиссиясы мүшелері сайлау жәшігін ашты. Жалғамыс ауылы, Талғар ауданы, Алматы облысы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Cайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған соң сайлау комиссиясы мүшелері сайлау жәшігін ашты. Жалғамыс ауылы, Талғар ауданы, Алматы облысы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Нари Ермұханова сондай-ақ басқа бақылаушылардың дауыс санау процесіне самарқау қарағанына назар аударды.

– Бақылаушылар дауыс санау процесіне қызығушылық танытпады. Мәслихат бюллетеньдерін санаған кезде "Нұр Отан" деген бумадағы қағаздардың мәжіліс [бюллетеньдерінен] көп екенін көрдім. Ортасына келгенде дауыс санауды тоқтатып, бюллетеньді алып тастады, ал онда "Ақ жол" деп жазылған. Келесі бюллетеньді алды, онда "Нұр Отан" деген жазу бар. Ол осылай 10 шақты бюллетеньді бөлек жинай бастады, яғни олар "Нұр Отан" деген бумаға басқа партиялардың бюллетеньдерін де қосып жіберген. Ескерту жасадым. Олар бұл байқаусызда болғандай таңғалған кейіп танытты. Біз мәслихат бюллетеньдерін санамайды деп ойлап, мұны әдейі жасады деп ойлаймын. Бақылаушылардың бірі "Бәке, жарайды, нөмерімді қалдырайын, хаттаманы жібере саласыз ғой" деді. Оны басқа бақылаушылар да қолдай бастады. "Жоқ, мен қаламын" дедім. Олар мені шығарып жіберуге тырысып, хаттама бермейміз деді. Құқық қорғау органы қызметкері келді. Мен видеоға түсіріп, заңға сілтей бастадым. Олар заңды білетінімді түсінген соң, ештеңе істеген жоқ. Мен іште қалып, көшірме қолыма тигенше күтетінімді айттым. Соңында олар мәжіліс сайлауының хаттамасын берді, ал мәслихаттың хаттамасы сол күйі қолыма тимеді. Маған тоғыз адам қысым көрсетті. Олар сайлау учаскесіне хаттама көшірмесін де іліп қоюы керек еді, бірақ ертеңіне ештеңе болмады. Барлық қоңыраулар мен хабарламалар жауапсыз қалды. Басымнан өткен жағдайдың бәрін ескеріп, сайлау әділ өтті деп айта алмаймын, – дейді өзі куә болған жайтты баяндаған Нари.

№894 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған соң бюллетень санауға сайлау комиссиясы мүшелерімен бірге билікшіл бірлестіктерден келген бақылаушылар да кірісіп кетті. Жалғамыс ауылы, Алматы облысы, 10 қаңтар 2021 жыл.
№894 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған соң бюллетень санауға сайлау комиссиясы мүшелерімен бірге билікшіл бірлестіктерден келген бақылаушылар да кірісіп кетті. Жалғамыс ауылы, Алматы облысы, 10 қаңтар 2021 жыл.

"HAQ" азаматтық қозғалысының бақылаушылары да кей ұйымдардың атынан келген азаматтар сайлау процесіне жеткілікті деңгейде қызығушылық танытпағанын растады.

– "Нұр Отан" партиясы, "Азаматтық бастама" хартиясы, кәсіподақтар мен "Жастарға жол" қоғамдық қорынан келген азаматтар сайлауға ресми түрде ғана бақылау жүргізді. Дауыс санап жатқан кезде олар учаскедегі жетекшісінің тапсырмасымен үйіне қайтып кетті. Олардың ешқайсысы хаттама алған жоқ. Алматыдағы учаскелердің бәрінде кезекші адамдар жүрді. Олар аумақтық сайлау комиссиясы мен бақылаушыларды басқарды. Соған қарағанда ұлттық қауіпсіздік комитетінен келгендер сияқты, – дейді "HAQ" азаматтық қозғалысының директоры Тоғжан Қожалиева.

БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫҢ САЙЛАУ ТУРАЛЫ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

"HAQ" азаматтық қозғалысының бақылаушылары негізгі заң бұзу оқиғаларының қатарына бақылаушыларға арналған құжаттарды тәркілеуді де жатқызады.

– Қызылордаға барар жолда 100 куәлігіміздің 70-ін, Шымкентте 600 куәлікті тартып алды. Бұл құжаттарды 9 қаңтар күні кешкі 7-де қайтарды. Ақтауда 20 куәліктің 20-сын тәркіледі. Оралға 50 куәлік жіберілген. Әлі күнге нәтижесі бойынша жауап жоқ, – дейді Тоғжан Қожалиева.

Дауыс беру күні "HAQ" азаматтық қозғалысының 100-ден астам бақылаушысын сайлау учаскесіне кіргізбеген. Ақтөбеде 100 бақылаушының 90-ны сайлау процесін бақылаудан тыс қалған. Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Күнбаева "HAQ" азаматтық қозғалысының республикалық мәртебесі жоғын алға тартып, бұл ұйымнан келген бақылаушыларды сайлауға кіргізбейтінін айтқан.

Азаматтық қозғалыс мүшелері ОСК-ға Гүлнәр Күнбаеваның үстінен шағым жазып, оның Қазақстан Республикасының заңдарын білетінін растайтын аттестациядан соңғы рет қашан өткенін сұраған.

Одан бөлек, "HAQ" өкілдері ПТР-тест тапсыруға міндеттеп, құжатқа қойылатын талаптарды күшейту жолымен бақылаушыларға жасанды кедергі жасалғанын айтады. Ұйымның пікірінше, жасанды кедергілер бақылаушылардың сайлау учаскесіне кіре алмай қалуына немесе ішке сейфтер ашылып, бюллетеньдер берілгеннен кейін ғана кіруіне себеп болған.

– Көп жерде бақылаушыларға орын жетпеді. Бұл учаскелік сайлау комиссиясының дауыс беру процесін дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді. Сайлау туралы заңның талаптарына қарамастан, учаскелік сайлау комиссиясы заңда жазылған дүниелерді өз бетінше түсініп, сайлау учаскесінде ойдан құрастырылған сылтаумен, кейде тіпті еш негізсіз фото және видео түсіруге шектеу қойып, тыйым салған. Дауыс беруге қанша адам келгені туралы ақпарат бермеген. Бұл "Сайлау туралы" заңның 20-бабына қайшы келеді. Бақылаушыларға телефоны мен видеокамерасын қуат көзіне қосуға мүмкіндік бермеген. Дауыс санау кезінде бюллетеньдерді бақылауға кедергі жасаған, – дейді "HAQ" бақылаушылары.

"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры сайлауға "Бақылаушылар қысымға ұшырады, олардың құқығы мен әділ сайлауға қол жеткізу құқығы бұзылды. Бұл ОСК-ның адам құқықтарына, азаматтық және саяси құқықтарға, демократиялық сайлау институтына қалай қарайтынын көрсетті" деген баға береді.

– Сайлау өте қиын өтті. Бұл сайлау өтеді деп жарияланған күннен бастап белгілі болды. Қаңтар, мерекеден кейінгі кез, күн аяз, әрине, осының бәрі бекер емес. Сайлау процесінде жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы болмаса да дауыс беру, сайлау учаскелерінде аралық нәтижені жарияламау, сайлау процесінің бұзылғаны туралы актілерге қол қоймау, жәшіктерді дұрыс бекітпеу, сайлау учаскесіне әкімдіктен келген "аға" бақылаушылар деп таныстырылған, аты-жөні айтылмаған бөтен адамдарды кіргізу сияқты заң бұзу оқиғалары болды. Сайлау учаскелерінде бақылаушылардың құқығы шектеліп, оларға психологиялық қысым көрсетіліп, полиция шақырамын деп қорқытып-үркітті. Бақылаушыларды сайлау учаскесіне кіргізбеу немесе шығарып жіберу фактілері тіркелді. Одан бөлек, ОСК-ның тыйым салғанына сілтеп, фото мен видеоға түсіруге шектеу қойды. Сайлау учаскелерінен хаттамалар берілмеді немесе берілген қағаздың бәріне бірдей көк мөр қойылмады. Сайлаудан кейін сайлау учаскелерінің бәрінде бірдей дауыс беру нәтижесі жазылған хаттамалар ілінген жоқ. Бұл заң мен бақылаушылар құқығы қатаң бұзылған таңдаусыз сайлау болды. Қазіргіден көп бақылаушы керек, бірігіп, заңды бұзуға жол бермеуге тиіспіз деген қорытынды жасадық. Учаскелік комиссияда еріксіз заң бұзатын мемлекеттік қызметкерлер отырмауы керек, – дейді "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорын құрғандардың бірі Елена Швецова.

13 қаңтарда "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" (МИСК) қоғамдық ұйымы да сайлауды бақылау қорытындысын шығарды. Ұйым сайлауға 240 бақылаушы дайындаған. МИСК сайлау алдында кей бақылаушыларға белгісіз адамдар қоқан-лоқы жасап, олардың ата-анасына хабарласып, жұмыстан шығарамыз деп қорқытқанын мәлімдеді. Кей бақылаушыларды әкімдікке шақырған. Сол себепті сайлау күні бірнеше бақылаушы учаскелерге бармай қалған. Осыған байланысты 10 қаңтарда 13 қалада 137 бақылаушы ғана жұмыс істеген. Олар 181 сайлау учаскесін қамтып, 109 хаттама алған.

Жас сайлаушылар лигасының дерегінше, сайлауда мынадай заң бұзу фактілері жиі кездескен:

  • Бақылаушыны шығарып жіберу және хаттама бермеу – 72;
  • Бақылаушыны сайлау учаскесіне кіргізбеу – 15;
  • Бюллетень санауды белгіленген уақытта бастамау – 9;
  • Учаскелік сайлау комиссиясының бақылаушыларға ақпарат беруден бас тартуы – 7;
  • Қозғалысты шектеу немесе жүруге тыйым салу – 6.

"Жалпы алғанда, бұл сайлауды бақылаушылар үшін ауыр өтті деп бағалауға болады. Біз учаскелік сайлау комиссияларының сайлау учаскесіне полиция шақырғанын растайтын 10 фактіні тіркедік. Дауыс санау уақыты – бәрі шаршайтын қиын кезең. Биыл комиссия шаршаудан бөлек, өзін тым агрессивті ұстады. Бақылаушыларға қатты қысым жасалды. Учаскелік комиссия құрамындағы азаматтардың білімін жетілдіру қажетін көп жылдан бері айтып келе жатқан кеңесімізге биыл енді олардың тәрбиесіне де көңіл бөлген жөн дегенді қосқымыз келеді. Біз өте зор қысымға тап болдық. Бұл бақылаушылар құқығын өрескел бұзу болып саналады. ОСК-ның келесі сайлауға дейін осы мәселелермен жұмыс істегенін қалаймыз, – дейді "Жас сайлаушылар лигасының" өкілдері.

Халықаралық бақылаушылар да бәсекесіз үгіт-насихат пен негізгі бостандықтарды "жүйелі" шектеу сайлаушыларды шынайы таңдаудан айырды деген пікір айтты.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) мен ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеясының сайлаудың алдын-ала қорытындысы туралы мәлімдемесінде дауыс берудің "жалпы алғанда тиімді ұйымдастырылғаны", бірақ сайлау күні дауыс беру процесіне ашықтық жетіспегені, сайлау алдындағы "биліктің рұқсатымен" жүзеге асқан шаралар жергілікті бақылаушыларға тиімді бақылау жүргізуге кедергі жасағаны айтылған. Мәлімдемеде сондай-ақ Қазақстанның құқықтық базасында бұрынғы жүйелі кемшіліктер сол күйі қалғанын, бұл сайлауды ЕҚЫҰ міндеттемесіне сәйкес өткізуге мүмкіндік бермейтінін де атап көрсеткен.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG