Accessibility links

Сот бақылаушылар шағымын кері қайтарды. Қоғамдық ұйымдар сайлау алдында кедергі көбейді дейді


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы орналасқан әкімшілік ғимарат. Нұр-Сұлтан, 10 желтоқсан, 2020 жыл.

Жоғарғы сот "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" (МИСК) және "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) қарсы арызын қабылдаудан бас тартты. Азаматтық қоғам өкілдері ОСК-ның даулы қаулысы сайлаудағы тәуелсіз бақылаушылар қызметін шектейтінін айтады. Бірақ билік қоғам өкілдерін естімегендей немесе естігі келмегендей сыңай танытып отыр.

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

4 желтоқсанда ОСК "2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген Қазақстан Республикасы парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының құзыретін жүзеге асыру мәселелері туралы" қаулысын жариялады. Кандидаттардың сенімді тұлғалары, бақылаушылар мен ақпарат құралы өкілдерінің құқықтары мен міндеттері көрсетілген қаулы үкіметтік емес ұйымдар тарапынан сынға ұшырады.

"МИСК" қоғамдық қорының директоры Ирина Медникова қаулының талаптарына байланысты ұйымдардың көбі сайлау учаскелерінде бақылаушы болып жұмыс істей алмайтынын, өйткені олардан өз қызметі туралы өте көп құжат көрсету талап етіліп отырғанын айтқан. Одан бөлек, қаулыда сайлау учаскелерінде фото және видеотүсірілім жүргізуге шектеу қойылған, бұл сайлаудағы заңбұзушылықтарды тіркеуге кедергі келтіреді. Сондай-ақ сайлау учаскесінен әлеуметтік желілерде тікелей трансляция жүргізуге де тыйым салынған. Бұл да сайлаудың ашық әрі жария түрде өтуіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

ОСК қаулының заңға қайшы келмейтінін, оған ешқандай жаңа өзгеріс қосылмағанын, адамдардың көбі құжат мазмұнын "дұрыс түсінбегенін" мәлімдеді.

"ҚҰЖАТТЫҢ ҚАЙДА ЖАРИЯЛАНҒАНЫ КӨРСЕТІЛМЕГЕН"

Желтоқсан айында сайлауда бақылаушы болуды жоспарлап отырған үкіметтік емес ұйымдар ОСК қаулысының күшін жойғызуға тырысып көрді.

Байсерке ауылындағы №361 сайлау учаскесі. Іле ауданы, Алматы облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.
Байсерке ауылындағы №361 сайлау учаскесі. Іле ауданы, Алматы облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.

"Еркіндік қанаты" қорының негізін қалаушылардың бірі Роман Реймер 10 желтоқсанда ОСК-ға қарсы Жоғарғы сотқа арыз өткізген. 21 желтоқсанда Жоғарғы сот "ақпарат құралы туралы дерек пен нормативтік-құқықтық актінің қашан жарияланғаны көрсетілмегені үшін" арызды қабылдамағанын айтып, хабарлама жіберген.

– Шешім шығарылған күннен, яғни 14 желтоқсаннан заңды күшіне енеді деп жазылған. Демек, оған қарсы арыз беруге болмайды, – дейді Реймер.

21 желтоқсанда "Еркіндік қанаты" сотқа екінші рет арыз берген. Сот тағы да "құжаттың қайда жарияланғаны көрсетілмеген" деген себеппен арызды кері қайтарған. "Арызда қаулының ОСК сайтына жарияланғанын, одан басқа еш жерге шықпағанын жаздық" дейді Реймер.

– Ең қызығы, 10 күн ішінде кассациялық тәртіпте Жоғарғы сотта осы ұйғарымға қарсы шағым беруге болады деп көрсетілген. 14 желтоқсан күні шыққан ұйғарымда бізге мұндай мүмкіндік берілмеді. Демек бұл жерде азаматтық-процессуалдық құқық нормаларынан ауытқуға жол беріліп отыр, – дейді "Еркіндік қанаты" қорының өкілі.

Реймердің сөзінше, олар бұл ұйғарымға қарсы жеке шағым берген. Сот процесі 25 желтоқсанға белгіленген. Бірақ журналистер сот кабинетіндегі кестеден аталған сот отырысын таба алмаған.

– ОСК өкілдері шағымды қарау процесіне қатыспады. Айтпақшы, бұл ОСК төрағасы Имашевтің ресми позициясына сәйкес келмейді. Ол ОСК сайтында Жоғарғы сотқа түскен барлық шағымға қатысты пікір беріп, қазіргі кодекс аясында сот процестеріне қатысатынын айтқан. Бірақ сот процесіне ОСК өкілдері келген жоқ. Жоғарғы сот жеке шағымды қарап, оны қанағаттандырмау туралы шешім шығарды. Бұл 21 желтоқсандағы арызымыздың қайтарылғанын білдіреді, – дейді Реймер.

21 желтоқсанда "Еркіндік қанаты" қоры бас прокуратураға қайтадан шағым беріп, Жоғарғы соттың қаулысына құқықтық баға беруді сұраған. Бірақ бас прокуратурадан 14 желтоқсанда келген "қор сотқа жүгінуге құқылы" деген мазмұндағы хаттың түскені туралы хабарламаға ұқсас жауап алған.

– Бас прокуратура бұл қаулыға қарсы шығуға келгенде, өз құзыретіне немқұрайды қарап, бүкіл жауапкершілікті азаматтық қоғам мен Жоғарғы сотқа жүктеп отыр. Ал Жоғарғы сот біздің шағымымызды қарамау үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Осыдан сот органдары мен прокуратураның мұндай санаттағы істерді қараудағы тәуелсіздігіне қатысты сұрақ туындайды, – дейді Роман Реймер.

ТАЛАП БІРЕУ, СЕБЕП КӨП

Тағы бір ұйым – "МИСК" қорының да арызы басқа бір себеппен қабылданбаған. Жоғарғы соттың 21 желтоқсанда жіберген ұйғарымында "ОСК-ның арызға негіз болған қаулысы 2020 жылы 4 желтоқсанда қабылданған. Осылай қоғамдық қордың арызы түскен 2020 жылдың 14 желтоқсанына дейін Конституциялық заңның 20-бабы 9 тармағында көрсетілген он күндік шағым беру мерзімі өтіп кеткен" делінген.

№353 сайлау учаскесіндегі бақылаушы. Алматы облысы. Іле ауданы. Өтеген батыр кенті. 9 маусым 2019 жыл
№353 сайлау учаскесіндегі бақылаушы. Алматы облысы. Іле ауданы. Өтеген батыр кенті. 9 маусым 2019 жыл

15 желтоқсанда МИСК Жоғарғы сотқа ОСК қаулысын заңсыз деп табу туралы арыз берген. Бірақ "шағым беру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты" қордың өтініші қағанаттандырылмаған.

– Бір қызығы, әртүрлі қоғамдық ұйымдарға әртүрлі негіздегі жауап келген. Мен көрген жауаптардың ішінде бірде-бір себеп қайталанбаған. Бізге келген "шағым беру мерзімі өтіп кеткен" деген негіздеме басқа еш жерде кездеспейді, – дейді Ирина Медникова.

Он күн ішінде, яғни 9 желтоқсан күні үш бірдей үкіметтік емес ұйым: "HAQ" азаматтық қозғалысы, "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық ұйымы және "Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық желісі" қоғамдық қоры мен тағы бірнеше азаматтық белсенді Жоғарғы сотқа ОСК қаулысы мен әрекетін заңсыз деп табу туралы арыз берген. Олардың да арызы қабылданбаған, бірақ бұл жолы басқа себеп көрсетілген. Жоғарғы соттың 11 желтоқсанда жіберген анықтамасында "Сотқа арыз электронды құжат түрінде беріліп, Қожалиева Т.Б. есімді азаматтың электронды цифрлық қолтаңбасы қойылған. Бірақ арыз берушілер Қожалиева Т.Б. есімді азаматқа өз атынан арыз беруге рұқсат бергенін растайтын сенімхат тіркемеген" деп жазылған.

Нәтижесінде сот аталған ұйымдар мен азаматтық белсенділердің арызын кері қайтарып, бұл ұйғарымға қарсы "шағым беруге болмайды" деп бекіткен.

"HAQ" азаматтық қозғалысының директоры Тоғжан Қожалиева сайлаушылардың құқығын бұзғаны үшін ОСК-ға қарсы шара қолдану мақсатында бас прокуратураға арыз берген. Бірақ бас прокуратура "Еркіндік қанаты" қорына жіберген жауабын қайталап, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына арыз жазуға кеңес берген. 25 желтоқсанда Жоғарғы сот HAQ азаматтық қозғалысының арызын қабылдаудан бас тартқан.

"15 МИНУТТЫҚ ЖҰМЫС" ЖӘНЕ COVID-19 ВИРУСЫНА ТЕСТ ТАПСЫРУ

Тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар сайлауға дейін өз ұйымдарының жарғысын өзгертіп үлгермейтінін айтып, шағынады. Осыған дейін ОСК төрағасы Берік Имашев "үкіметтік емес ұйымның жарғысын өзгерту – 15 минуттық жұмыс", ал әділет министрлігі құжатты "үш күн ішінде" тіркейді деп мәлімдеген.

– Мұны естігенде қатты таңғалдым. Өйткені жарғылық құжаттарға өзгеріс енгізу процедурасын жақсы білемін. Сонда да қайта тексеріп көрейін деп, заңды аштым. Барлық түсіндірмені қарап шықтым. Бұл – ескерту процедурасы емес, көп еңбекті қажет ететін, бір айға жуық уақыт алатын шаруа, – дейді ОСК төрағасының сөзін жоққа шығарған Ирина Медникова.

"МИСК" және "Еркіндік қанаты" қорларының дерегінше, қос ұйымның да "мақсаты, міндеті мен жұмыс бағыты" қазірдің өзінде ОСК талаптарына сай келеді.

– Қолымызға аккредитация, қолданыстағы жарғымыздан анықтама, мемлекеттік заңды тіркеуден өткенімізді растайтын құжат алып, сайлау учаскесіне кейінгі 20 жылда қалай кіріп келсек, дәл солай баруды жоспарлап отырмыз, – дейді Ирина Медникова.

Ирина Медникова, "Жастар ақпараттық қызметінің" директоры.
Ирина Медникова, "Жастар ақпараттық қызметінің" директоры.

Роман Реймер "Еркіндік қанаты" ұйымының жарғысында ОСК қаулысында көрсетілген талапқа сай келетін "азаматтардың саяси құқығын қорғау және жүзеге асыру" деген бөлім барын айтады.

– ОСК қаулысында мені басқа нәрсе алаңдатады: олар жұмыс істеп тұрған ұйым екенімізді дәлелдеуді талап етіп отыр. Мен egov (электронды үкімет сайты – Ред.) порталын ақтарып, мұндай анықтама таба алмадым. "Заңды тұлғаның барлық тіркеу құжатын, мемлекеттік тіркеуде тұрғаны туралы анықтамасын көрсетсек, жете ме?" деген сұрақ қойып, хат жібердім. Әзірге оларға не керегін түсінбей отырмыз, – дейді Реймер.

Реймердің әріптесі Елена Швецова тәуелсіз бақылаушыларды әртүрлі себеппен сайлау учаскелеріне кіргізбеуі мүмкін деп қауіптенеді.

28 желтоқсанда парламент сайлауы кезінде "қызыл" және "сары" аймаққа кіретін өңірлерде сайлау комиссиясының мүшелері мен бақылаушылар COVID-19 вирусына тест тапсыратыны белгілі болды. "Біздің қорыққанымыз да осы еді" дейді бұл ақпаратқа қатысты пікір бөліскен Елена Швецова. Ол әділдік үшін күресті жалғастырып, ештеңеге қарамастан, сайлауға бақылау жүргізетіндерін айтты.

– Жоғарғы сотқа жүгінгенде, әділдікке қол жеткізуге кішкене мүмкіндік болды. Өйткені қаулы заңсыз ғой. Біріншіден, ол ақпараттық сайттарға жарияланбаған, тек ОСК сайтына ғана шыққан. ОСК қаулысы бақылаушылардың құқығын шектейді. Қазір болып жатқан жағдайларға қарап, оқиғаның ары қарай қалай өрбитінін көреміз. Бірақ біз қазіргі жарғымызбен бақылаушы боламыз. Өз құқығымыздың бұзылуына қарсы күресуді жалғастырамыз, – дейді "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі Елена Швецова.

Ол әділдікке қол жеткізудің басқа мүмкіндігі қалмағандықтан, қоғамдық қор БҰҰ-ға шағым беруді жоспарлап отырғанын айтады.

"МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР ІСІНЕ АРАЛАСУҒА ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ"

ЕҚЫҰ миссиясы бақылаушыларының 24 желтоқсанда жарияланған аралық баяндамасында ОСК-ның 4 желтоқсан күні шыққан, белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдардың наразылығын туғызған қаулысы туралы айтылған.

Баяндамада "Заңда сайлау комиссиясынан аккредитация алудың ресми процедурасы қарастырылмағанымен, ОСК-ның 4 желтоқсанда қабылдаған қаулысында "жарғылық мақсаты "азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын қорғау және жүзеге асыру" деп көрсетілген коммерциялық емес ұйымдар ғана сайлауда бақылаушы бола алады" деп көрсетілген. Ұйымдардың қаулыдағы критерилерге қаншалықты сәйкес келетінін сайлау комиссиясы анықтайды" деп жазылған.

Баяндамада азаматтық қоғамның кей өкілдері, оның ішінде алдыңғы сайлауларда бақылаушы болған ұйымдар сайлау алдында салық органдары тарапынан тексеріс жиілегенін айтқан. Үкіметтік емес ұйымдардың пікірінше, "бұл олардың жоспарлау және сайлауды бақылау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін".

Заңгер, халықаралық құқық бойынша адам құқықтары саласындағы тәуелсіз кеңесші Татьяна Чернобиль үкіметтік емес ұйымдар ықтимал адам құқығын бұзу фактісіне қарсы не әкімшілік, не сот тәртібінде шағым бере алмай отырғанына назар аударады.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының Қазақстан бойынша кеңесшісі Татьяна Чернобиль. 11 желтоқсан, 2019 жыл.
Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының Қазақстан бойынша кеңесшісі Татьяна Чернобиль. 11 желтоқсан, 2019 жыл.

– Бұл – Қазақстан 2005 жылы ратификациялаған "Азаматтық және саяси құқықтар туралы" пактінің 2-бабында көрсетілген құқық түрі. Ұйымдар заңбұзушылыққа қарсы шығу, арыз-шағымның заңдылығын тексеру, сотқа үнін жеткізу құқығынан айырылып отыр, – дейді Чернобиль.

Заңгер ОСК сияқты мемлекеттік орган нормативті қаулының көмегімен қоғамдық бірлестіктердің қызметіне қол сұғып отыр деп есептейді.

– Конституцияда "мемлекеттің қоғамдық ұйымдар ісіне араласуға құқығы жоқ" деп жазылған. Бұл қаулы қоғамдық ұйымдардың ісіне араласу емес пе? Осындай заңды сауал қойған ұйымдар жауап алу мүмкіндігінен айырылды. Қаулы жарғыға өзгеріс енгізуге кеңес берумен ғана шектелмей, ұйымдарды осылай істеуге мәжбүрлеп отыр. Бұл мемлекет үкіметтік емес ұйымдарға не істеу керегін нұсқайтын цензураға ұқсайды. Сонда тәуелсіз бақылау қызметі лицензиялаудан өткен жүйеге айнала ма? Бұл жерден мемлекеттің қоғамдық ұйымдардың ісіне араласпау жөніндегі конституциялық құқықты бұзып отырғанын көруге болады. Халықаралық құқық тұрғысынан алғанда, бұл бірігу құқығы болып саналады. "Азаматтық және саяси құқықтар туралы" пактінің 22-бабы бұл шешімдердің заңсыз екенін дәлелдейді, – дейді халықаралық құқық жөніндегі тәуелсіз сарапшы.

Азаттық Жоғары соттың баспасөз қызметіне хабарласып, пікір алуға тырысты. Бірақ 29 желтоқсанда Жоғарғы соттың баспасөз қызметі жазбаша хат жіберуді сұрады.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG