Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының жаңа әкімі болып Нұрымбет Сақтағанов тағайындалды. Ол бұрын облыстағы Ұлан ауданын басқарған. Дүйсенбі күні облыс әкімі Даниал Ахметов 2012-2015 жылдары аралығында өзінің орынбасары болған Сақтағановты қала басшысы ретінде таныстырды.
Сақтағанов мәслихаттың 7-шақырылым депутаттарының кезектен тыс екінші сессиясынан кейін ресми түрде тағайындалды. Сессия өтпей тұрып мессенжерде Сақтағановты президент әкімшілігінің келісімімен әкім ретінде тағайындау туралы Ахметовтің қолы қойылған құжаттың көшірмесі тарады. Онда бұйрыққа 21 қаңтарда қол қойылғаны көрсетілген.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Айгүл Базарова оның мәнісін түсіндіре алмады.
— Біз де, басқа ресми орган да осыған дейін ресми ақпаратты таратпады, — деді баспасөз хатшысы.
Қалалық мәслихат депутаттарының бірі Арман Машимов та жергілікті органда дауыс бермей тұрып құжаттың пайда болу себебін түсіндіре алмады.
50 жастағы Сақтағанов әр жылдары президент әкімшілігінде, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, кеден қызметінде істеген.
Ол қаланы 2015 жылдан бері басқарып келген Ермак Сәлімовтың орнына келді. Сәлімов былтыр қараша айында 63 жасқа толған. Қазақстанда ерлер осындай жаста зейнетке шығады. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Ермак Сәлімовтің облыс әкімінің тұрғын үй, құрылыс мәселелері бойынша кеңесшісі болатынын айтты.
Семей - шамамен 320 мың тұрғыны бар облыстық маңызы бар қала. 1997 жылға дейін Семей облысының орталығы болды. 23 жыл бұрын президент жарлығымен Семей облысы таратылып, әкімшілік жағынан Шығыс Қазақстан облысы құрамына енгізілді.
ПІКІРЛЕР