Accessibility links

"Солтүстік Кореяға айналып барамыз". Салық органдары екі ҮЕҰ қызметін үш айға шектеді


Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис пен адвокат Инара Масанова бюродағы баспасөз мәслихатында отыр. 2020 жылдың қаңтары.
Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис пен адвокат Инара Масанова бюродағы баспасөз мәслихатында отыр. 2020 жылдың қаңтары.

25 қаңтарда салық органдары Қазақстандағы екі үкіметтік емес ұйымның жұмысын үш айға шектеп, айыппұл салды. Қызметі шектелген Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро мен "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымы елде құқық қорғау мәселелерімен айналысады. Бұған дейін сайлауға бақылау жүргізетін "Эхо" бірлестігінің де жұмысы үш айға шектелген. Тағы он шақты тәуелсіз ұйым салық органдарының шешімін күтіп отыр.

25 қаңтарда Алматыдағы салық органдары Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро мен "Халықаралық құқықтық бастаманың" ісін қарады. Органдар бұл екі ұйымға салық есебін дұрыс бермеді деп шүйліккен.

Салық органдары бюроға 2 миллион теңге айыппұл салып, қызметін үш айға тоқтатты. Ал "Халықаралық құқықтық бастамаға" 1,1 миллион теңге айыппұл салып, бұл ұйымның да жұмысын үш айға шектеді.

Қаулы күшіне енген жоқ. Екі ұйымның шешімге шағым түсіруге 10 күн уақыты бар. Бұған дейін Қазақстанның салық органдары тағы екі ұйымға қатысты шешім шығарған. 15 қаңтарда Алматы қаласы Алмалы ауданының салық департаменті сайлауды қадағалаумен айналысатын "Эхо" бірлестігінің жұмысын үш айға тоқтатып, 1,1 миллион теңге айыппұл салған. 19 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық салық басқармасы "Еркіндік қанаты" ұйымына "салық есебін уақытында тапсырмады" деп 277 мың теңге айыппұл тағайындады. Бұл екі ұйым да сайлауды бақылаумен айналысады.

Биліктің бейүкіметтік ұйымдарға қысымы неден басталды? Таққан айыбы қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

Салық органдары үкіметтік емес ұйымдар шетелден қаржы алып, оны игергені туралы екі форманы дұрыс толтырмады деп айыптайды. Төрт ұйым да шешімге шағым жазбақ.

Ұйым өкілдері салық органдарының әрекетін "тәуелсіз ұйымдарға шабуыл" деп санайды. Олардың сөзінше, істі қарау кезінде көп заң бұзушылық болған.

- Біріншіден, 2018 жылғы [форма бойынша шешім шығарды]. Әкімшілік жауапқа тартудың уақыты екі ай. Ал бұл уақыт өтіп кетті. Екіншіден, олар камералық бақылау жүргізуі тиіс еді. Бұл бақылау қалай жүргізілетіні Салық кодексінде анық жазылып тұр. Бұл нормаға сай, қателіктерді біз 30 күнде түзей алатын едік. Бірақ олар тексерісті Салық кодексіне сай жүргізбеді. Олардың ісі Салық кодексінде жазылмаған "ерекше тексеріс" болды. Бізді барлық құқықтан айырып, жағдайды реттеуге мүмкіндік бермеді. Бізді жазалауды ғана ойлады. Бұл – тағы бір саяси тапсырыс, қудалау. Олар біздің БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуропа одағындағы елдермен байланысқанымызды қаламады. Ел ішінде бірде-бір бірлестікті халықаралық ұйымдармен байланыстырмас үшін біздің ауызымызды жапты. Жәймендеп Солтүстік Кореяға айналып барамыз, - дейді "Халықаралық құқықтық бастама" жетекшісі Амангелді Шорманбаев.

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

2019 жылы қарашада салық органдары елдегі 13 қоғамдық және құқық қорғау ұйымдарына тексеріспен келген. Ұйымдар бұл тексерісті "негізсіз" деген еді. Ұйымдардың басым бөлігі елдегі сайлауды және сөз бостандығын қадағалайды. Салық органдарының бір уақытта басталған тексерісін ұйымдар "саяси қысым" деген. ҮЕҰ өкілдері күтпеген тексерісті мәжіліс және мәслихат сайлауымен байланыстырған.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис бұл әрекеттерді "саяси тапсырыс" деп бағалайды.

– Бұл саяси тапсырыс... сөзсіз, саяси тапсырыс, оған еш күмән жоқ, мұның заң үстемдігіне еш қатысы жоқ. Басында шетелден түсетін қаржыны тексеру арқылы наразылық акцияларын ұйымдастырушылар мен қаржы көзін табуды мақсат еткен сияқты. Олар бізді оппозициялық саясатпен айналысатын топтар мен наразыларды қаржыландырады деп ойлады. Тамыздан бастап бізге хабарламастан, тексеру жүргізіп, ештеңе таба алмаған соң, әйтеуір бір ілік іздеп табуға тырысқан. Осы мәселемен басы қатып жүріп, саяси науқанға қатыспасын деген ниетпен сайлаудың алдында бізге қарсы осындай шара қолданды, – дейді Жовтис.

Салық органдары тарапынан келген тексерістің салдарынан біраз ұйым 10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауына бақылаушыларын жібере алмады. Тәуелсіз бақылаушылар 10 қаңтардағы сайлауда бақылаушыларға көп кедергі болғанын, дауыс беру кезінде заң бұзу фактілерін көргенін айтқан. Осы күні полиция сайлауға бойкот талап еткен жұртты ұстаған. Құқық қорғаушылардың есебінше, сайлау күні полиция 300-ден адамды әкеткен.

Салық органдары құқық қорғау саласындағы "Қадір-қасиет", сөз бостандығы мен ақпарат құралдарының еркіндігі бағытында жұмыс істейтін "MediaNet" және "Құқықтық медиаорталық" ұйымдарына да қаулы шығарған. Бұл ұйымдардың істері алдағы күндері қаралмақ.

ҮЕҰ жетекшілері салық тексерісінің саяси астары барын айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

Бюро жетекшісі Жовтистің сөзінше, егер ұйым қызметін үш айға тоқтату қаулысы күшіне енсе, зардабы көп болады.

- Қызметкерлерге қиын. Бізде 44 адам жұмыс істейді, пандемия кезінде олар табыссыз қалмақ. Бұл билікке не үшін қажет, түсінбедім, - дейді Жовтис.

Азаттық бұған дейін Мемлекеттік кіріс комитетіне ресми хат жолдап, ҮЕҰ-ға жасалған салық тексерісі мен оларға тағылған нақты айып туралы сұраған. Бұл ресми сауалға жауап келген жоқ.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР НЕ ДЕЙДІ?

20 қаңтарда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы қазақстандық мемлекеттік органдардың бұл іс-әрекетін "репрессивті шаралар" деп бағалап, қатты сынаған.

Ұйым бұл жайтты "Қазақстан билігінің реформа жасаймыз деген уәдесіне күдік келтіретін әрекет" деп атаған. HRW АҚШ, Еуропа одағы және басқа да халықаралық бірлестіктерді "құқық қорғау ұйымдарына араша түсуге", "Қазақстан билігінің заңсыз әрекеттеріне қарсы шығуға" шақырған.

HRW салық органдары бейүкіметтік ұйымдарға 2015 жылы жаңарған заң бойынша шүйлігіп отырғанын, бұл заңда шетелден қаржы алатын ұйымдарға қосымша есеп беру жүктелгенін жазған. HRW бұл заңға БҰҰ-ның бейбіт митингілер бойынша арнайы өкілі Майна Киаи (мырза) қарсы шыққанын атап өткен. Киаи бұл заңды "тәуелсіз ұйымдардың жұмысына қауіп төндіреді" деген еді.

Қазақстан органдарының үш үкіметтік емес ұйым жұмысын тоқтату туралы шешіміне басқа да халықаралық сарапшылар назар аударып жатыр.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының зерттеу стратегиясы бойынша директоры Нейт Шенкан "2015 жылы заң қабылданғанда бекер алаңдамаппыз" деп мәлімдеді.

Гарвард университетінің Ресей және Еуразия бойынша Дэвис орталығының ғылыми қызметкері Наргис Қасенова Twitter желісінде "Қазақстанда адам құқығы/демократизация бойынша жағдайы жақсарып келе жатқан жоқ, керісінше нашарлап барады. Риторика мен шын істің арасы тым алшақтап кетті. Ел ішінде сенімді күшейту мен халықаралық имидж қалыптастырғысы келетін ел үшін үлкен минус" деп жазды.

Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы қазіргі жағдайды бағалағанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың уәделеріне жүгінеді. Тоқаев елді 30 жылдай басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына келген. Ол жұрт наразылығына ұшыраған президент сайлауында жеңіске жетті деп жарияланған соң елде реформа жасауға уәде еткен еді. Елде билікке деген наразылық күшейіп тұрған тұста Тоқаев билік пен халық арасындағы диалогты нығайту үшін "еститін үкімет" концепциясын ұсынған еді. Ол жолдауларында елде азаматтық қоғамның жұмысы жақсарып, бейбіт митингіге шығу, саяси партия құру жеңілдейді деген.

Тоқаев келгелі біраз заң өзгергенімен, құқық қорғаушылар бұл өзгерістерді "косметикалық" деп бағалайды. Сарапшылар елде адам құқығы жағдайы нашарлап кетті деп санайды. Сондай мысалдардың бірі – 10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауында тәуелсіз бақылаушыларға көп қысым жасалды. ЕҚЫҰ сайлауды бақылау миссиясы бұл сайлауды халықаралық стандарттарға сай емес деп бағалады.

HRW ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман Қазақстан билігінің бейүкіметтік ұйымдардың жұмысын шектеуді "құқық қорғау топтарының жұмысын матаудың сорақы әдісі" деп атады. Ол "биліктің бұл әрекеті саяси реформа жайлы бағдарламаға түбегейлі қайшы келеді" деп санайды.

- Қазақстан билігі "Эхо", Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро мен "Халықаралық құқықтық бастама" және басқа да ұйымдарды қудалағанша олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі керек. Қазақстанның халықаралық серіктестері бұл елдің танымал құқық қорғау топтарын қудалауын лайықты деңгейде сынайды деп үміттенемін, - деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG