Accessibility links

"1937 жылдағыдай жасады". Құқық қорғаушы бейүкіметтік ұйымдарға билік қысымы күшейді


Суретте (солдан оңға қарай): "Еркіндік қанаты" ұйымының жетекшісі Елена Швецова, адвокат Ольга Эннс, заңгер Роман Раймер Есіл ауданы кіріс басқармасы басшысының орынбасары Ерлік Мұқановтың кабинетіне хаттамамен танысуға келіп отыр. Нұр-Сұлтан, 18 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстанда бірнеше танымал үкіметтік емес ұйымға қысым жалғасып жатыр. Олардың көбі құқық қорғау қызметімен айналысады. Билік екі үкіметтік емес ұйымға айыппұл салып, біреуінің қызметін тоқтатты. 25 қаңтарда салық қызметі тағы бір үкіметтік емес ұйымның ісін қарайды. Азаттық тілшісі биліктің іс-әрекетін құқық қорғау қызметімен байланыстырған азаматтық қоғам өкілдерінің қандай айыбы барын анықтауға тырысты.

"ӨЗІМІЗДІ ҚОРҒАУ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДАН АЙЫРДЫ"

Былтыр қарашада бірнеше қоғамдық және құқық қорғау ұйымы салық органдары тарапынан негізсіз тексерулер жүріп жатқанын, мұның нәтижесі ұйымның қызметіне кері әсер етуі мүмкін екенін хабарлады. Олардың қатарында сайлауға бақылау жүргізумен айналысатын "Еркіндік қанаты" және "Эхо" қоғамдық бірлестіктері, құқық қорғаумен айналысып жүрген "Халықаралық құқықтық бастама", "Қадір қасиет", Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро, сөз бостандығы мен ақпарат құралдарының еркіндігі бағытында жұмыс істейтін "МедиаНет" және "Құқықтық медиаорталық" ұйымдары бар.

Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің айтуынша, қарашадағы әбігерден кейін біраз уақыт үнсіздік орнаған. "Эхо" қоғамдық бірлестігінің дерегінше, осы уақыт ішінде салық органдары ұйымның ісін қарау уақытын алты рет өзгерткен. Нәтижесінде істі қарау процесі ұйым өкілдерінің қатысуынсыз өткені белгілі болған.

Биліктің бейүкіметтік ұйымдарға қысымы неден басталды? Таққан айыбы қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

15 қаңтарда Алматы қаласының Алмалы аудандық салық департаменті бірлестік өкілдеріне 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 1,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынғаны және ұйым қызметінің үш айға тоқтатылғаны туралы қаулы тапсырған.

– "Қол қойыңдар" деді. Біз бас тарттық: олар сотқа теңестірілген істі қарау процесін өткізуі керек еді. Бұл процеске қос тарап өкілдері бірдей қатысуы қажет. Олар біздің кінәлі екенімізге дәлел ұсынуы керек. Бірақ олар ешқандай дәлел көрсетпеді. Ал біз өзімізді қорғайтын дәйектер келтіруіміз керек еді, бірақ бізге ондай мүмкіндік бермеді. Бізді өзімізді қорғау құқығымыздан айырды. Дедектетіп әкеліп, атып тастайтын 1937 жылдағыдай жасады, – дейді "Эхо" қоғамдық бірлестігінің директоры Павел Лобачев.

Ұйымға шетелден түскен қаржы туралы есепте кейбір "сәйкессіздіктер" болғаны үшін айып тағылған. Лобачевтың айтуынша, бұл бірнеше жыл бұрын енгізілген ережеге байланысты. Бұл ережеге сәйкес, шетелден қаржы алған ұйым белгіленген уақыт ішінде түскен қаржы мен оның қалай жұмсалғаны туралы екі түрлі форма толтыруы керек.

– Бізге шетелдік көзден қаржы түссе, 10 күн ішінде бұл туралы салық инспекциясына хабарлап, №17 форманы толтыруымыз керек. Мысалы, 100 теңге аударылса, бізге 100 теңге түсті деп көрсетеміз. Осыдан кейін оны қалай жұмсағанымыз туралы №18 форманы толтырамыз. Аталған екі форманың арасында айырмашылық болса, 200 АЕК айыппұл салынып, ұйымның қызметін үш айға дейін тоқтатады, – дейді Лобачев.

"Эхо" қоғамдық бірлестігінің дерегінше, мұндай жағдайда екі айдан аспаған істер қаралады деп белгіленгеніне қарамастан салық органдары 2018 жылдың есебінен кемшілік тапқан. Лобачев істі қарау кезінде көптеген заңбұзушылық болғанын айтады.

– Салық қызметі айып таққаннан кейін істі 15 күн ішінде қарауы тиіс еді. Кейін істі қосымша қарауға тағы бір ай беріледі, бірақ олар бұл мерзімді екі айға созып жіберді. Осылай әкімшілік кодексті тағы да бұзды, – дейді "Эхо" қоғамдық бірлестігінің сотқа шағым беруді жоспарлап отырғанын жеткізген Лобачев.

19 қаңтарда кезек "Еркіндік қанаты" қоғамдық ұйымына келген. Астанадағы Есіл аудандық салық басқармасы "салық есебін уақытылы тапсырмағаны үшін" ұйымға 277 мың теңге (шамамен 660 доллар) айыппұл салды.

Басында салық қызметі "Еркіндік қанаты" ұйымының Сорос-Қазақстан қорынан және Норвегия Хельсинки комитетінен алған қаржысына байланысты айып тақпақшы болған. Бірақ қозғалған екі әкімшілік іс те көп ұзамай жабылған. Айыппұл салумен аяқталған үшінші іс ұйымға байқаусызда түсіп кеткен қаржыға байланысты қозғалған.

– Норвегия Хельсинки комитетінен түскен қаржы бойынша ақша алғанымыз туралы №017 формасын дер кезінде тапсырмағанымыз үшін 100 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Бұл бізге байқаусызда жіберілген қаржы болғандықтан, мұндай форма толтыруға міндетті емеспіз. Олар бізге бұрын салған қаржыны шатасып, қайта жіберіп қойған. Біз банктен бұл ақшаны қалай қайтаруға болатынын анықтауға тырысып, салық қызметінен не істеу керегін сұрадық. Ешкім жауап бере алмады. Заңдар мен ережелерде қате түскен қаржы туралы ештеңе айтылмаған. Енді соның зардабын тартып отырмыз. Біз барлық құжатты: комитетпен жасалған келісімшартты, оларға жазған хабарламаларымызды, банктен алған ақшаны қайтару туралы анықтамамызды, ақшаның байқаусызда аударылғаны туралы ресми хатты көрсеттік. Біз бұл қаулыға қарсы шағым береміз, – дейді "Еркіндік қанаты" ұйымы құрылтайшыларының бірі Елена Швецова.

КЕЛЕСІ КІМ?

Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистің айтуынша, ұйым қаржылық қызметі туралы тоқсан сайын, яғни, жылына кемінде үш рет хабарлап, 500 беттік есеп тапсырып отырады. Салық қызметі ұйымға қарсы іс ашу үшін кейінгі бес жылда тапсырылған құжаттарды тексеріп шыққан.

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис.
Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис.

"Эхо" бірлестігі өткерген жайт мұнда да қайталанып, қазір істі қарау уақыты үнемі өзгеріп, салық қызметі үнсіз отыр.

– Техникалық тұрғыда төрт жерден кішкене сәйкессіздік тапқан. Осынша парақтан тұратын есепте әрине, техникалық қателер кездеседі. Бірақ олардың ешқандай әсері жоқ. Ешқандай залал не салықтан жалтару фактісі тіркелмеген. Бастысы, екі күннен кейін, яғни 30 қарашада, біз құжатқа түзету енгізіп, қайта жіберген кезде салық қызметі құжаттарды қабылдап алды. Ал 2 желтоқсанда олар осы ұсақ қателер бойынша төрт хаттама жіберді. Содан бері олар ешқандай сұраққа жауап бермей, істі қарау уақытын үнемі кейінге қалдырып отыр. Не болғанын әлі күнге білмейміз, – дейді Жовтис.

"Құқықтық медиаорталық" директоры Диана Окремова үкіметтік емес ұйымдарға бір сценарий бойынша қысым жасалып жатқанын айтады.

"Құқықтық медиаорталық" директоры Диана Окремова.
"Құқықтық медиаорталық" директоры Диана Окремова.

Әдетте салық қызметі бұрын тапсырылған есептерге шүйлігіп, істі қарау мерзімін үнемі өзгертіп отырады. "Құқықтық медиаорталық" тап болған жағдайда салық қызметі 2017 жылдың соңында тапсырылған құжаттардан қате тапқан.

– Олардың осының бәрін қандай принципке сүйеніп жасап отырғаны түсініксіз. Бірақ біз есеп өткізіп, қаржы түскенін хабарлағанымыз туралы дәлелдер таптық; кінәміз жоғын дәлелдеуге тырысамыз. [25 қаңтар] дүйсенбі күні іс қаралады. Оның үстіне біз алған қаржы грант болмаған. Коммерциялық қызметтен түскен еді. Жарғы бойынша біз коммерциялық қызметпен айналыса аламыз, – деді Окремова.

"САЯСИ ТАПСЫРЫС ЕКЕНІ ДАУСЫЗ"

Жақында Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы қазақстандық мемлекеттік органдардың іс-әрекетін "репрессивті шаралар" деп бағалап, қатты сынаған.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан HRW ұйымының 20 қаңтарда жариялаған мәлімдемесінде "Қазақстан билігі құқық қорғаушыларға қарсы "қызметін шектейтін заңдарды" бұрыннан қолданып келеді. Бірақ қазіргі қысым бұрынғы сценарийлермен салыстырғанда шектен шығып отыр" делінген.

Мәлімдемеде сондай-ақ "Қазақстандағы бірлестік еркіндігіне қарсы жасалған кейінгі шабуылда бірнеше топтың бір мезетте нысанаға алынуы және биліктің ашық түрде заңсыз әрекетке барып отырғаны жаға ұстатады" деп жазылған.

30 қарашада өткен брифингте үкіметтік емес ұйым өкілдері салық органдарының тексеру шараларын Қазақстандағы мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау процесімен байланыстырған. Ұйымдар ортақ арызға қол қойып, салық қызметінің "шабуылының" артында Ұлттық қауіпсіздік қызметі тұруы мүмкін деген пікір айтқан.

Үкіметтік емес ұйымдардың бұл пікірі әлі күнге өзгерген жоқ. Лобачевтың айтуынша, "Эхо" бірлестігі осы шаралардың салдарынан сайлауға бақылаушы жібере алмаған.

– Бұл бізді басып-жаншып, жұмыс істетпеу үшін берілген саяси тапсырыс екені даусыз. Олар ешқандай дәлелсіз бізді кінәлі етіп шығарды. Оларға белсенділігімізді тоқтату туралы тапсырма берілген сияқты… Осының кесірінен сайлауды бақылауға қатыса алмадық, бірақ басқа бақылаушыларға көмектестік, – дейді Лобачев.

Олар бізді оппозициялық саясатпен айналысатын топтар мен наразыларды қаржыландырады деп ойлады.

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис мемлекеттік кіріс комитетінің шараларын "жоғарыдан түскен бұйрық" немесе "саяси тапсырыс" деп бағалайды. Ол мемлекеттік органдарда әуелі басқа мақсат болғанын, бірақ оған қол жеткізе алмаған соң, ұйымдарға "қатаң шара қолдану" туралы шешім қабылданғанын айтады.

– Бұл саяси тапсырыс... сөзсіз, саяси тапсырыс, оған еш күмән жоқ, мұның заң үстемдігіне еш қатысы жоқ. Басында шетелден түсетін қаржыны тексеру арқылы наразылық акцияларын ұйымдастырушылар мен қаржы көзін табуды мақсат еткен сияқты. Олар бізді оппозициялық саясатпен айналысатын топтар мен наразыларды қаржыландырады деп ойлады. Тамыздан бастап бізге хабарламастан, тексеру жүргізіп, ештеңе таба алмаған соң, әйтеуір бір ілік іздеп табуға тырысқан. Осы мәселемен басы қатып жүріп, саяси науқанға қатыспасын деген ниетпен сайлаудың алдында бізге қарсы осындай шара қолданды, – дейді Жовтис.

Құқық қорғаушы бұл оқиғада ақиқат жеңіп шығар деп үміттенеді.

Парламент және мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам мен учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Парламент және мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам мен учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

10 қаңтарда өткен парламент пен мәслихаттар сайлауы кезінде дауыс беру процесін заңсыз деп тауып, наразылыққа шыққан саяси топтардың жақтастары жаппай ұсталды. Сайлау процесінде заң бұзуға жол беріліп, тәуелсіз бақылаушыларға түрлі кедергі жасалғаны туралы хабарлама көп болды.

Қазақстанға бақылаушылар миссиясын жіберген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сайлаудың ашық әрі әділ өтпегенін айтып, биліктің азаматтарды "таңдау құқығынан айырғаны" туралы мәлімдеген. Орталық сайлау комиссиясы "сайлау барысында заң бұзу фактілері тіркелмеді" деп хабарлады.

Азаттық мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевке ресми хат жолдап, үкіметтік емес ұйымдарға қарсы ұйымдастырылған салық деректерін тексерудің себебі мен оларға тағылған айыптардың мәнін түсіндіруді сұрады.

Бірақ осы мақала жарияланған уақытқа дейін комитет төрағасынан жауап келген жоқ.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG