Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Жер кодексіне түзетулер енгізуді тапсыратынын айтты.
2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы өзгерістерге халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
"Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Осыған орай, Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет. Ұсыныстар байыппен талқыланып, түбегейлі шешім қабылдануға тиіс. Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын" деді ол.
Президент бірақ нақты қандай түзетулер енгізілетінін айтпады.
Ол ауыл тұрғындарының мал жаятын жайылым таппай қиналып жүргенін атап өтіп, ауыл әкімдіктері жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр деп мәлімдеді.
"Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын" деді Тоқаев.
Былтыр шілде айында ол "жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз" деп айтқан. Одан кейін де бұл мәлімдемесін бірнеше рет қайталаған.
2016 жылы сәуір айында Атырау қаласында жер мәселесіне байланысты митинг өтіп, наразылық акциялары Қазақстанның өзге де қалаларында да жалғасты. Сол жылы мамыр айының басында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялаған. Оған шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заң баптары да қосылған. Онан кейін үкімет жанынан жер реформасын халықпен бірге талқылау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның құрамына шақырылған бірнеше белсенді оның жұмысына қатысудан бас тартқан.
Жер комиссиясының негізгі ұсынысы осы мораторийдің мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзарту болған. Назарбаев тамыз айында шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заңға 2021 жылға дейін мораторий жариялаған. Осы шешімнен кейін жер комиссиясы жұмысын аяқтаған.
2016 жылы сәуірдегі жер шеруінен кейін атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған. 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оны бостандыққа шығарған. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын" айтқан. Ол биыл 4 ақпанда түрмеден босап шығуы тиіс.
ПІКІРЛЕР