Accessibility links

Amnesty International: Беларусь билігі наразылардың азаптау жайлы шағымдарын ескермеді


Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлерінің жиынында Беларусьтегі наразылардың азаптауға ұшырағаны жайлы баяндама әзірлеген оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская. 2020 жыл.
Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлерінің жиынында Беларусьтегі наразылардың азаптауға ұшырағаны жайлы баяндама әзірлеген оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская. 2020 жыл.

Беларусь билігі Александр Лукашенконың отставкасын талап етіп, билікке қарсы шеру кезінде ұсталған наразылардың азаптау жайлы шағымдарын ескерусіз қалдырды. Бұл туралы 27 қаңтар күнгі Amnesty International есебінде айтылған.

Есепте Беларусь құқық қорғау органдарының адам азаптағандарды жазаламай, керісінше азаптау құрбандарын қудалап жатқаны жазылған. Құқық қорғау ұйымы халықаралық қауымдастықты кінәлілерді жауапқа тарту үшін шара қолдануға шақырған.

Amnesty International-дың Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлім жетекшісі Мари Стразерстің сөзіне қарағанда, ұйым Минскіні бірнеше рет азаптауларды зерттеуге шақырған, бірақ құлақ аспаған.

"Біз кінәлілерді жауапқа тарту үшін мұқият зерттеу жүргізуге талай шақырғанбыз, бірақ үміт өте аз. Жүйе полицияны қорғаштап қана қоймай, азаптау құрбандары мен куәгерлерге күш қолданып, оларды қорқытқандарды марапаттайды" деді Мари Стразерс.

Есеп авторлары күш құрылымдарының қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны туралы 900-ден астам шағым түскеніне қарамастан, қылмыстық іс ашылмағанына назар аударады. Олардың айтуынша, билік есесіне наразылар үстінен қылмыстық іс ашып, оларды жаппай тәртіпсіздікке қатысты де айыптап, полиция қызметкерлеріне күш көрсетті деп кінәлап келеді.

Ұйым Беларусь соты азаптау шағымдарын тексермесе, оны халықаралық дәрежеде жүзеге асыру қажет деп санайды. Amnesty "милиция ұрып-соқты, стресс жағдайында ұстады, ас-сусыз, медициналық көмек бермей бірнеше күн ұстады" деп шағымданған бейбіт демонстранттардың мәлімдемелерін де топтастырған.

  • Билікте 1994 жылдан бері отырған Лукашенко былтыр тамыз айында президент сайлауының жеңімпазы деп жарияланған соң оппозиция дауыстың бұрмаланғанын айтып, сайлау нәтижесін жоюды талап етіп, наразылыққа шыққан. Оппозиция жақтастары биліктің шерулерді күшпен басып, белсенділерді қудалауын да айыптаған. Наразыларды күшпен тарату кезінде кемінде 5 адам қаза болған, 6 адамнан әлі күнге дейін хабар жоқ. Құқық қорғаушылар мәліметінше, шамамен 30 мың белорус қудаланып, қоқан-лоқы көрген. Өткен демалыс күнгі наразылық кезінде 160-тан адам ұсталды.
  • Еуроодақ пен АҚШ Беларусьтегі президент сайлауының нәтижесін мойындамады. Еуропарламент бейбіт шеруді күшпен басуды және демонстрант Роман Бондаренконың өлімін айыптайтын резолюция қабылдады. Бірқатар шенеуніктерге санкция салынды.
  • Ресей Беларусьтегі сайлау нәтижесін мойындаған.

Оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская 27 қаңтарда өтетін Еуроодақтың Беларусь мәселесіне арналған онлайн жиынына қатысады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG