Accessibility links

Шымкентте "қатарласын өлтірді" деп айыпталған жасөспірімдер тергеуде қысым көргенін мәлімдеді


Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот залынан. 26 қараша, 2020 жыл.
Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот залынан. 26 қараша, 2020 жыл.

27 қаңтар күні Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот "көрші ауылдың балалары сабап, кейіннен ауруханада көз жұмған" Абзалбек Өткіровтің өліміне қатысты сот процесін жалғастырды. Онда айыпталушылар тергеу процесі кезінде тергеушіден моральдық қысым көргенін мәлімдеді. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Айыпталушы деп танылған 16-18 жастағы алты адамның төртеуі тергеу кезінде моральдық қысым көргенін айтты. Процеске тергеу изоляторынан айыпталушылар Абылайхан Турашев, Нұрдәулет Амангелді, Әмірхан Оңғар және Жанболат Үсіпбаев онлайн түрде қатысты. Олардың заңды өкілдері деп танылған ата-анасы және қорғаушылары тергеу кезінде құқықтары өрескел бұзылғанын, тергеуші заңды өкілінсіз, педагог-психологсыз және адвокатсыз жауап алғанын мәлімдеді.

- Жанболат Үсіпбаевқа тергеу кезінде түрлі сөздер айтып, моральдық қысым көрсеткен. Бұл туралы прокуратураға арыз түсірдік. Бірақ жауап болмады, - деді айыпталушы Үсіпбаевтың қорғаушысы.

Іске куә ретінде шақырылған тергеуші Абылай Ақтөре айыптаушылардың сөзін жоққа шығарды. "Ешкімге моральдық қысым көрсетпедім. Жауап алатын уақытта заңды өкілі, қорғаушысы және педагог-психологтар болды" деді.

Сот істі 2020 жылдың 26 қарашасы күні қарай бастады. Істе алты адам - айыпталушы, үш адам жәбірленуші танылған. Айыпталушылар мен жәбірленушілердің ең үлкені – 18, кішісі – 16 жаста. Ешқайсысы бұрын сотталмаған. Сотталушылар Маятас ауылында, жәбірленушілер көрші Тоғыс тұрғын алабында тұрған. Сотталушылардың екеуі – студент, төртеуі – мектеп оқушысы. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" және "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Сотталушылардың екеуі тағылған айыпты ішіара мойындайтынын, төртеуі мойындамайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG