Accessibility links

Екі жыл жалақы алмаған жаңаарқалық жұмысшылар соттан үміт күтеді


Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында электр бағанына шығып тұрған жұмысшы.
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында электр бағанына шығып тұрған жұмысшы.

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы "Сәкен және К" энергия тасымалдау компаниясының екі жылдан бері жалақысыз отырған жұмысшыларынан құралған бастамашыл топ жұмыс сотқа берушіні банкрот деп тану туралы талап-арыз берді. Қарағандының мамандандырылған ауданаралық соты "Мекемені банкрот деп тану және банкроттық процедурасын бастау туралы" талап-арызды қарап, 26 қаңтарда өтінішті орындаудан бас тартты.

— Компания жұмысшылар мен кредиторларға — көп жұртқа қарыз, сондықтан бізге көптен бері жалақы төлей алмай келеді. Жылдар өтті, әрі қарай қалай болады, компания ештеңе айтпайды. Сондықтан біз компанияны банкрот деп танып, осымен бәрін бітіргіміз келеді, — деді "Сәкен және К" мекемесінің арыз берген жұмысшысы Дархан Кадрин.

Сот компанияның әлі қарызды қайтару мүмкіндігі бар деп санайды.

"Сот талап-арыз уақытынан бұрын берілген деп санайды. Алдымен мемлекеттік сот орындаушысына жүгіну керек еді, сонда еңбекақыны өндіріп алуға мүмкіндік болар еді. "Сәкен және К" ЖШС берген құжаттарға сәйкес, оның дебиторлық қарызы, активі мен мүлкі бар. Осыған сәйкес, сот банкрот деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тартты" деді судья Майпасов.

Табиғи монополияны бақылау және реттеу департаментінің өкілі сотқа үшінші тарап ретінде қатысты. Компанияның біраз уақыттан төлем қабілетінің болмауы және еңбекақы қарызының тым көптігі оны банкрот деп тануға негіз бола алады деді мекеме өкілі.

"Сәкен және К" өкілі компанияның қаржы-есеп құжаттарына қолы жетпей отырғандықтан, оның қаржылық тұрақтылығы туралы ақпар беру қиын екенін айтты.

27 қаңтарда компанияның барлық 25 қызметкері сотқа жаңа, ұжымдық талап-арыз берді. Оларды Жаңаарқа ауданының әкімдігі де қолдап отыр.

— Сот шешімімен келіспейміз. Бүгін "Сәкен және К" жұмысшыларымен кездесіп, барлығын түсіндірдік, жиынға прокуратураның, мемлекеттік кіріс органдарының өкілдері қатысты. Заңгеріміз жұмысшыларға ұжымдық арыз жазуға көмектесті. Бұған қоса әкімдік халықты электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін техникалық желілер мен подстансаларды коммуналдық меншікке алу туралы да сотқа талап-арыз берді, — деді Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев Азаттық тілшісіне.

"Сәкен және К" — Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы бірнеше мың тұтынушыға қызмет көрсететін энергия тасымалдаушы компания. Мекеме құрылтайшысы ауысқан 2018 жылдан бері қиындық көріп келеді. Компания жұмысшылары орта есеппен 40 мың теңгедей (жүз доллардан аз) жалақы алады. Қазір мекеме жұмысшыларға 40 миллион теңгедей қарыз.

Энергетиктер бұған дейін жалақыларын талап етіп, түрлі мекемеге, соның ішінде "Нұр Отан" партиясы мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арызданған. Ол әрекеттен ешқандай нәтиже болмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG