27 қаңтарда Көкшетау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты үш белсендіні екі күн бұрынғы "рұқсат етілмеген митингіге" қатысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартты. Сот белсенділер Марат Жанұзақов пен Гаухар Шәкеноваға әрқайсысына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (87 510 теңге)айыппұл салды. Белсенді Аслан Құрманбаев сот шешімімен 15 күнге қамалды.
Сот қаулысында белсенділердің 25 қаңтар күні қаладағы "Тәуелсіздік" алаңында өткен жергілікті атқару органы рұқсат етпеген митингіге қатысқаны жазылған. Белсенділерге Әкімшілік кодекстің 488-бап 6-тармағы бойынша ("бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") айып тағылған. Сотта Шәкенова өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол алаң маңынан өтіп бара жатып, митингіні кездейсоқ көріп қалғанын, пікірін айтқысы келгенін жеткізген. Сотта "ешқандай заңсыз әрекет жасамадым" деген.
Сот шешіміне сәйкес, екі белсенді айыппұлды 30 күн ішінде өтеуі тиіс. Ал Құрманбаевтың қамау жазасы 27 қаңтар таңертеңгі сағат 10:30-нан бастап есептеледі.
Facebook желісінде белсенді Марат Жанұзақов соттың 10-15 минутқа созылғанын жазды. Ол өздерінің митингіні ұйымдастырмаса да, әкімшілік жазаға тартылғанын сынады.
25 қаңтарда Көкшетау қаласының орталық алаңына жергілікті сайттардың жазуынша, шамамен 50-60 адам жиналып, "коронавирусқа қарсы вакцинаны күштеп салдыртпауды" және "отбасындағы зорлық-зомбылық туралы" заң жобасын мүлде алып тастауды талап еткен. Белсенді Марат Жанұзақов Facebook-та шарада сонымен бірге жер, жемқорлық мәселесі көтерілген, Назарбаев жүйесі сыналған. Ол Назарбаев жүйесін сынап, сөйлеген кезде "азаматтық киім киген менттердің әлеуметтік араздық қоздырып отырсың" деп айыптап, пікірін жеткізуге кедергі жасағанын жазды. Оның айтуынша, Ақмола облысының орталығы 150 мыңға жуық халқы бар Көкшетау қаласында соңғы кезде мұндай дәрежеде "ірі наразылық" өтіп көрмеген.
Шараны көп полиция бақылағанмен ешкімді ұстамаған.
Былтыр қабылданған "Бейбіт жиын туралы" заңға сәйкес, азаматтар бейбіт митинг өткізу ниеті жайында билікке күні бұрын ескертуі тиіс. Әкімдік шараға рұқсат бермесе, онда ол "заңсыз" саналып, ұйымдастырушылар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Наразылық болған сайын елде әдетте белсенділер әкімшілік жауапқа тартылып жатады. Осыған дейін жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар "жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалғанын" айтып, өткір сынаған.
ПІКІРЛЕР