Accessibility links

Алматыда "кәсіпкерлердің тәртібіне сілтеп" карантинді күшейтпейтін болды


Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде кетіп бара жатқан ер кісі. Алматы, 4 қаңтар 2021 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде кетіп бара жатқан ер кісі. Алматы, 4 қаңтар 2021 жыл.

Алматыда бас санитарлық дәрігердің карантинді күшейту туралы 1 ақпаннан күшіне енуі тиіс қаулысының күші жойылды. Бұл ақпаратты Азаттыққа жергілікті бас санитардың орынбасары Сәдуақас Байғабылов растады.

Қаулының күші Алматы қаласының коронавирустың тарау екпіні жөнінен "жасыл аймаққа" кіруіне орай жойылып отыр.

– БАҚ-тың белсенді жұмысының арқасында кәсіпкерлер тәртіпті болды. "Қызыл аймақта" болғанымызда маска тағу мен қашықтық ұстану тәртібін олардың өзі қадағалады. Осының бәрі "сары аймаққа", одан кейін жағымды "жасыл аймаққа" өтуімізге ықпал етті, –деді Азаттыққа Сәдуақас Байғабылов.

Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев "қызыл аймақтан" "жасыл аймаққа" дереу өту тәртіп пен санитарлық дәрігерлердің арқасы екеніне күмән келтіреді.

– Бұл – қалыпты эпидемиялық механим. Кейінгі төрт күннің тәуліктің өсімдерін қосып, оны алдыңғы төрт күннің тәуліктің өсіміне бөлсек репродуктивті индексті аламыз. Бірден төмен болса, [ауру] төмен кетеді. Бірдің айналасында болса, жағдай тұрақты. Бірден көп болса, ауру күшейіп жатқан болады. Бір аптаның көлемінде қарайтын болсақ, ол төмендеп, жоғарылай береді, бұл қалыпты қозғалыс. Меніңше, мұнда жоғарғы органдардың, бәлкім бизнес мүддесі тұрғысынан шешім қабылдаған президент әкімшілігінің прагматизмі рөл атқарған болуы мүмкін, – дейді Көнеев.

Карантинді күшейту туралы қаулының күші жойылған соң, Алматыдағы мемлекеттік және жеке объектілер 28 қаңтарға дейінгі, яғни "қызыл аймаққа" дейінгі тәртіпке оралады. Яғни, келесі аптадан бастап сауда-сауықтыру орталықтары, жабық базарлар демалыс күндері де жұмыс істейді, кафелер мен ресторандар 23:00 уақытына дейін ашық болады.

Күші жойылған қаулы мәдениет және сауду объектілерінің жұмысын шектеуді көздеген. Атап айтқанда Алматыда 1 ақпаннан бастап қазан айының соңында жартылай ашылған театрлар мен кинотеатрлар қайта жабылуы керек еді.

Қаулының күші жойылмаса, коронавирус жұқтырғандар ауру белгілерінің айқын болу-болмауына қарамастан ауруханаға жатқызылар еді. Бұл да қоғам наразылығын тудырған шара болатын. MedSupport қауымдастығынығ дәрігерлері мен ғалымдары Алматы бас санитарлық дәрігерінің қаулысына жауап ретінде "симптомсыздарды ауруханаға жатқызу пайдасыз әрі қауіпт" деген болатын.

Сәдуақас Байғабылов Азаттыққа бұдан былай симптомы жоқтар үй карантинінде болады деп жауап берді.

– Жағымды аймаққа өткендіктен, бұл талапты қайта қарап, үй карантинінде жатқан тұрғындарды қадағалап отыратын болдық. Егер шектеу шараларына немқұрайлы қарасақ, қызыл аймаққа ораламыз. [Карантин тәртібін бұзғандарды] белсенді түрде анықтап, материалды сотқа береміз, деді Байғабылов.

Ол сондай-ақ Алматының екі тұрғынын үй карантині талабын орындамағаны үшін сотқа бергенін айтты. Ол үшін 30 АЕК (41 670 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Бапта ескерту қарастырылмаған.

Өткен тәулікте Қазақстанда ПТР тесті оң шыққан 1342 коронавирус науқасы тіркелді. Оның 115-і Алматы үлесінде. 27 қаңтар күні қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин "кейінгі төрт күнде жағдай ушықты, күн сайын 120-140 науқас тіркеліп жатыр" деген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG