Accessibility links

"Уральская неделя" бас редакторын "қорғануға құқығы бар" куәгер ретінде тағы да полицияға шақырды


"Уральская неделя" басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедияров. 2020 жыл.
"Уральская неделя" басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедияров. 2020 жыл.

Қазақстанның батыс өңірінен ақпарат тарататын "Уральская неделя" басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедияровты қылмыстық іс аясында "қорғануға құқығы бар" куәгер ретінде тағы да тергеуге шақырды. Полиция бірнеше күн бұрын ғана оны 27 қарашада басылымда жарияланған мақалаға орай бөлімшеге тергеуге шақырған еді. Ол кезде тергеу өтпей қалған, себебі Ахмедияровтың түсіндіруінше, ол адвокатсыз сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.

Облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысының сөзінше, бұл тергеу амалдары "Сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария ету" (Қылмыстық кодекстің 423-бабы) бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Прокуратура оны "жеке өндіріске бөліп", жерді заңсыз үлестіру туралы мақаланы полицияға зерттеуге жіберген.

— Онда ("Уральская неделя" сайтында - ред.) жер прокурордың анасының атына аударылған деп жазылған. Былтыр мұндай мақала соларда шыққан сияқты, — деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы.

"Оралдағы жер дауы: прокурордың шешесі бес жер теліміне ие болды" атты мақалада "Алаяқтық" бабымен қозғалған қылмыстық іс пен оған тартылған прокуратура өкілдері жайлы баяндалады. Ахмедияровтың сөзіне қарағанда, журналистер прокуратура мен жемқорлықпен күрес іс-қимыл комитетіне шағым жолдаған, бірақ "тергеу құпиялылығына" сүйенген ресми орындар ақпарат бермеген.

— Біз жердің заңды түрде үлестірілуін қадағалауы тиіс прокуратура қызметкерлерінің заң бұзғаны жөнінде мақаланы бастық. Қолымызда бар ресми құжаттарға сүйендік. Бірақ бір таңғаларлығы, прокуратура істі зерттеудің орнына бұл ақпаратты қоғамға жеткізгендерді жауапкершілікке тартайын деп отыр, — дейді Лұқпан Ахмедияров.

Абай аудандық полиция бөлімшесінде Лұқпан Ахмедияровқа қатысты "Жеке өмiрге қол сұқпауды және Қазақстанның дербес деректері және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" бабы (147-бап, 5-тармағы) бойынша ашылған екінші іс бар. Онда Ахмедияров қорғануға құқығы бар куәлік ретінде танылған. Облыстық полиция баспасөз хатшысының айтуынша, мәселе "педофилия туралы қылмыстық істің жай-жапсарын" баяндаған "Уральская неделя" басылымында жарық көрген мақала жайында болып отыр.

Ахмедияров бұл ақпаратты растап, екі қылмыстық істі газеттің жұмысына ықпал ету үшін жасалған "ақылға қонымсыз, ақымақ" талпыныс деп атады. Ол екінші қылмыстық істің "нақты қай мақаламен байланысты екенін" білмейді.

Былтыр тамыз айында газеттің бас редакторы компания директорының көші-қон полициясы қызметкеріне пара бергені жайлы мақалаға орай "қорғануға құқығы бар" куәгер ретінде полицияға шақырылған еді. Бұл іс бойынша да мақалада жазылған кәсіпкер шағымы бойынша ("Жеке өмiрге қол сұқпауды және Қазақстанның дербес деректері және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" бабымен) іс қозғалған.

"Уральская неделя" - Батыс Қазақстан облысында тарайтын тәуелсіз басылым. Басылым қызметкерлерінің үстінен әр жылдары түрлі әкімшілік және қылмыстық істер қозғалған. Бас редактор Лұқпан Ахмедияровтың өзіне бірнеше рет миллион теңгелік айыппұлдар салынды. Газет жетекшілері мұны "Уральская неделя" басылымының тәуелсіз позициясымен байланыстырады.

Былтыр қазан айында БҰҰ-ның Адам құқығы комитеті журналист Лұқпан Ахмедияровқа 2012 жылы әділетсіз шешім шыққанын растаған. Халықаралық комитет оның әділ сотталу құқығы және пікір айту құқығы бұзылғанын айтқан.

Қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес, "қорғалу құқығы бар" куәгер келе-келе "күдікті" статусына өтуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG