Accessibility links

БҰҰ-ның Адам құқығы комитеті журналист Лұқпан Ахмедияровқа әділетсіз шешім шыққанын растады


Лұқпан Ахмедияров.
Лұқпан Ахмедияров.

БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров пен Алматы тұрғыны Ержан Садықовтың ісі бойынша шешім шығарды. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушыларды қорғайтын "Қадір-қасиет" қоғамдық бірлестігінің хабарлауынша, комитет Ахмедияров ісі бойынша Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екі бабы: әділ сотқа тартылу құқығы және пікір айту еркіндігін бұзғанын анықтаған.

Бұл құжат осыдан 8 жыл бұрын Орал соты шығарған сот шешімімен байланысты. 2012 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бұрынғы жетекшісі Тілек Имашев Лұқпан Ахмедияровтың үстінен "ар-намыс және беделді қорғау" бойынша шағым түсіріп, соттың барлық инстанциясы журналист пен "Журналистская инициатива" ЖШС-ін моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеу туралы Орал сотының шешімін қолдаған. Сол кезде жергілікті құқық қорғаушылар сот шешімін сынап, "Қазақстанның сот орындары ақпарат тарату еркіндігі құқығын жүзеге асыруға қарсы" деп бағалаған еді. Шағымға "Уральская неделя" басылымында жарияланған "Брат, сват, блат" мақаласы түрткі болған, онда автор жергілікті билік тармақтарындағы тамыр-таныстық жайлы жазған.

"Саясатта жүрген қоғамдық тұлғалар мен институттарға қатысты пікірталас өрістеген жағдайда Пактіде пікір айту еркіндігіне ерекше орын берілген. Сол себепті пікір айтуды қоғамдық тұлғаның беделіне нұқсан келтірді деп қарастырудың өзі айыппұлды ақтай алмайды" делінген БҰҰ Адам құқығы комитетінің шешімінде.

"Қадір-қасиет" ұйымының хабарлауынша, Ержан Садықов ісі бойынша, комитет Қазақстан пікір айту еркіндігі мен бейбіт жиналу құқығын бұзды деп таныған.

БҰҰ осыған дейін көптеген істер бойынша шешім шығарған, алайда Қазақстан билігі реакция танытпай келеді. “Қаржы алаяқтығы" айыбымен жеті жылға сотталып, кейін босатылған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің ісін қараған БҰҰ-ның жұмыс тобы 2018 жылы оның "заңсыз қамалғанын" айтып, дереу босатуды талап еткен еді.

2015 жылы "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің шағымын қараған БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған. Қазақстан бұл өтініштердің ешбіріне реакция білдірмеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG