Accessibility links

Жаңаөзен соты белсенді Өтекееваны желідегі жазбаны бөліскені үшін 20 күнге қамады


Шолпан Өтекеева
Шолпан Өтекеева

Жаңаөзен қаласы мамандандырылған әкімшілік соты 1 ақпанда жергілікті белсенді Шолпан Өтекееваны "полицейге жала жапты" деп айыптап, 20 тәулікке қамады. Бұл туралы Азаттыққа Өтекееваның туысы хабарлап, сот қаулысымен бөлісті.

Сот қаулысына сай, Өтекеева Facebook парақшасында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы полиция бөлімінің бастығы Бөкен Жұмағали жайлы "Қарабет Бөкен Жұмағали" деген фотомен жазба "жариялағаны" үшін жазаланған. Сот бұл жазбаны "жала жабу" деп тапқан. Шағымды Бөкен Жұмағали түсірген.

Бірақ сотқа түрткі болған жазбаны Өтекеева өзі жазбаған. Ол Facebook желісіндегі "Қарабеттер ҚАРА тізімі" парақшасындағы жазбаны өз парақшасында бөліскен.

Белсендінің туыстарының айтуынша, Өтекееваны Ақтаудағы түрмеге алып кеткен.

Жаңаөзендік белсенді Шолпан Өтекеева – 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасында (мұнайшылар еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ереуілге шығып, ресми дерек бойынша 17 адам мерт болған еді) аяғынан оқ тиіп, мүгедек боп қалған Дүйсен Нұровтың жұбайы. Жаңаөзендегі оқиғаның куәгері.

Өтекеева 2019 жылы Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы шыққан митингіге, билікке қарсы бейбіт митингілерге қатысып көзге түскен. Полиция елде жоспарланған митингілер алдында оның үйін тінтіген.

Құқық қорғаушылар "Жала жабу" бабы бойынша айыптауларды ұнамаған материалдарға қарсы күресте жиі қолданылатын механизмдердің бірі деп санайды. Бұл бап басында Қылмыстық кодексте болған, кейін адвокаттар мен құқық қорғаушылардың талабынан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бапты Әкімшілік кодекске ауыстырған. Сарапшылардың айтуынша, "Жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастап, Әкімшілік кодекске ауыстырғаннан кейін халық сотқа көбірек жүгінетін болған. Оның үстіне моральдық зиянның мөлшері белгіленбеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG