Accessibility links

Шымкентте жүзден астам жүргізуші ереуілге шықты


Жалақыларын өсіруді талап етіп тұрған жүргізушілер мен кондукторлар. Шымкент, 3 ақпан 2021 жыл.

3 ақпанда Shymkent Bus автопаркінің жүзден астам жүргізушісі мен кондукторы жұмысқа шығудан бас тартып, жалақыларын көбейтуді талап етті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сәрсенбі күні таңертең автопарк маңына жиналған жұмысшылар жалақыларының мардымсыздығына, жұмыс берушінің "орынсыз" талаптарына қарсы шыққан. Олар жұмыс берушінің төлем картасы енгізілсе де, қолма-қол ақша төлейтін жолаушылардан түсетін ақшаға қатысты жоспар жүктеп қойғанына шағымданды.

"Өз басым айына 150 мың теңге аламын. Қолға таза 120 мың түседі. Кондукторлардыкы мүлде төмен. Жалақылары 70 мың болғанмен оның өзін де дұрыс бермейді. Біз төлем картасына қарсы емеспіз, тек жүргізушілерге нақты жалақы белгілеп, көбейтсін. Жоспарды алып тастасын. Жағдайды жақсартсын" деді жүргізушілердің бірі.

Наразылар жұмыс берушілер автобусты жуу, түскі тамақпен қамтамасыз етуі тиіс болса да, ол міндетін орындамайды деп те шағынды. Жоспарды "орынсыз" көтеретінін де айтты.

"Кешке келесің - жоспарды көтеріп тастайды. 2 мың теңге қоса салады. 5 мың теңге қоса салады. Не кондукторға айлық жоқ, не жүргізушіні жарытпайды. Төлем картасын кондуктор болмаса халық валидаторға ұрмайды. Біздің жан-айқайымызды кім естіп жатыр? 70 мың теңгелік айлық кімге жетеді? Біреудің несиесі бар, біреудің пәтерақысы бар. Директор "осы жерге қоныңдар" дейді. Сонда бала-шағамызды кім бағады?" дейді кондукторлардың бірі.

Таңертеңгі сағат 8-дер шамасында ереуілшілерге қала әкімі Мұрат Әйтенов келіп, оларды жұмысқа шығуға үгіттеген. Кешке дейін мәселелерін шешіп беруге уәде берген. Бірақ жұмысшылар оған көнбеген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, автопарк 18 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Сәрсенбі күні таңертең ереуілге байланысты кейбір жолаушылар аялдамада тұрып қалып, жұмыстарына уақытында жете алмай қиналған.

Азаттық тілшісі күндізгі сағат 10:30 шамасында жұмысшылардың біраз бөлігі ереуілін тоқтатып, жұмысқа шыққанын, бірақ ондаған адамның әлі де ереуілдеп тұрғанын хабарлады.

Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, Shymkent Bus басқару компаниясында 450 шақты жүргізуші істейді. Соңғы бір жылда автобустардың толық жаңарғаны хабарланған. Құрылтайшысы - "СПК "Shymkent" акционерлік қоғамы.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG