Accessibility links

Ақтөбеде Жаңажол кенішінің 20 шақты жұмысшысы жалақыларын өсіруді талап етті


"Ақтөбемұнайгаз – СНПС" компаниясының Жаңажол кенішіндегі мұнай ұңғымасы. Көрнекі сурет.

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының Жаңажол кенішінде клининг қызметін көрсететін "Биккор" серіктестігінің жұмысшылары 2 ақпан күні жалақыларын көбейтуді талап етіп, жұмысқа шықпай қойды. Олар сәрсенбі күні де жұмысқа шығудан бас тартқан.

Желіде тараған видеода Жаңажолдағы мұнайшылар жатақханасы мен асханалардың тазалығына жауапты шамамен 20-дан астам жұмысшының жалақыларының аздығына шағымданып тұрғаны байқалады.

- Біздің талабымыз - айлығымызды ең болмаса 100 мың қылсын! Өзіме келсем, осында істегеніме 10 жыл болды. Он жылдан бері бері 55 мың теңге айлықпен жүрмін. Қалай ашуланбайсың?! – деді ереуілшілердің бірі.

Жаңажол кеніші Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында орналасқан. Аудан әкімдігі Жаңажол кенішінде ереуіл басталғанын растады. Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландиннің айтуынша, видеодағы адамдар - "Биккор" компаниясының жұмысшылары.

- 2 ақпан күні таңертең жалақының аздығына наразы 8 адам жұмысқа шығудан бас тартқан. Түс ауғанша наразылар саны жиырмаға жетті. Компания басшысының сөзіне қарағанда, тазалыққа жауапты жұмысшылардың орташа жалақысы 50-55 мың теңге. Бұл тым аз. Біз жұмысшылар наразылығын еңбек инспекциясына хабарладық, - дейді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландин.

"Биккор" компаниясы басшылығының өкілі Әділхан Итбаев жұмысшылар наразылығына "КМК Мұнай", "АМК Мұнай" мұнайшыларының ереуілі себеп болды деп санайды. Басшының сөзінше, ереуілге шыққандардың міндеті уақытша өзге жұмысшыларға жүктелген. Яғни, жұмыс тоқтамаған.

- Кеніштегі тазалыққа жауапты адамдар мұнайшы, бұрғылаушы сияқты ақша алғысы келеді. Олай болмайды ғой. Қолымыздан келгенді істеп жатырмыз. Биылдан бастап жұмысшыларымыз үш мезгіл тегін тамақ ішетін болды, - дейді Әділхан Итбаев.

"Биккор" басшысы Азаттықтың "50-55 мың жалақы аз ба, көп пе?" деген сауалына "Қазақстандағы ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінен көп" деп жауап берді.

"Биккор" компаниясы "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының Жаңажол мұнай кенішінде клининг қызметін көрсетеді. Компанияда вахталық әдіспен 481 адам жұмыс істейді.

Өткен аптада Ақтөбе өңіріндегі "КМК Мұнай" мен "АМК Мұнай" компанияларының жүздеген жұмысшысы бірнеше күн жалақыларын өсіруді талап етіп, компания басшылығы талаптарын орындауға келіскеннен кейін ереуілді тоқтатқан еді.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG