Accessibility links

"Талабымыз орындалатын болды". "КМК Мұнай" мен "АМК Мұнай" жұмысшылары ереуілді тоқтатты


"КМК Мұнай" компаниясында жеті күнге созылған мұнайшылар ереуілі аяқталған сәт. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 31 қаңтар 2021 жыл. Азаттыққа жұмысшылар жолдаған сурет.

Ақтөбе өңіріндегі "КМК Мұнай" мен "АМК Мұнай" жұмысшылары ереуілді тоқтатқаны хабарланды. Өткен аптада олар жалақыны екі есе көбейтуді талап етіп, ереуіл жариялаған. Облыс әкімдігі компаниялар мен жұмысшылар мәмілеге келіп, Көкжиде мен Бәшенкөл кеніштерінде жұмыс қайта жалғасқанын айтады.

"ЖАЛАҚЫНЫ КӨБЕЙТІП, ЕРЕУІЛШІЛЕРДІ ҚУДАЛАМАУҒА СӨЗ БЕРДІ"

Ақтөбе облысы Көкжиде кенішіндегі "КМК Мұнай" компаниясының жұмысшылары 31 қаңтар күні сағат 21:00-де түнгі ауысым жұмысқа кірісті. Бұл туралы Азаттыққа жұмыс берушіден жалақыны екі есе көбейтуді талап етіп, 7 күн бойы ереуіл өткізген мұнайшылар хабарлады.

– "КМК Мұнай" басшысы Ван Цзиньбаоға төрт түрлі талап қойған едік. Талабымыз түгел орындалатын болды. Компания жұмысшылары 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, экологиялық төлемдер мен тарифтік разрядты қоса есептегенде, 220-260 мың теңге (шамамен 520-615 доллар) аралығында жалақы алуы керек. Басшыларымыз "ереуілшілер қудаланбайды, жуырда Саркөл ауылынан жаңа жатақхана құрылысы басталады" деп уәде берді, – деді ереуілге қатысқандардың бірі Жасұлан Мерғалиев.

Оның сөзінше, "КМК Мұнай" басшылығы 10 ақпаннан бастап Саркөл, Шұбарши және Кеңқияқ ауылдарынан Көкжиде кенішіне жұмысшылар таситын арнайы автобус бөлуге де келіскен. Бұл елдімекендерде тұратын жұмысшылар кеніште 15 күн вахта әдісімен жұмыс істейді.

"КМК Мұнай" компаниясы басшылығынан жалақыны екі есеге көбейтуді талап етіп, өндірісті тоқтатып, ереуілге шыққан жұмысшылар. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 27 қаңтар 2021 жыл.
"КМК Мұнай" компаниясы басшылығынан жалақыны екі есеге көбейтуді талап етіп, өндірісті тоқтатып, ереуілге шыққан жұмысшылар. Көкжиде кеніші, Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 27 қаңтар 2021 жыл.

Бір аптаға жуық жұмысшылар ереуілі жалғасқан Көкжиде кеніші Ақтөбе облысының Темір және Мұғалжар аудандарының шегінде, Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаштан 90 километр, облыс орталығы – Ақтөбеден 230 километр қашықта орналасқан.

– Тағы бір мәселе – жұмысшылар кәсіподағын қайта сайлау. Ол өз арамызда шешілетін шаруа, – деді Жасұлан Мерғалиев.

Көкжиде кенішіндегі бір аптаға созылған ереуілден соң екі тараптың мәмілеге келгенін Азаттыққа Ақтөбе облысының әкімдігі де растады. Әкімдік жолдаған қысқа ақпаратта "Жұмысшылар арасынан келісім комиссиясы құрылды және компания басшылығы [жұмысшылар талабын] талқылай отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде жұмысшылар көтерген мәселелер шешімін тапты" деп жазылған.

Дүйсенбі, 1 ақпан күні облыс әкімдігінде мұнайшылар мәселесіне байланысты брифингі өтеді деп хабарланды.

27 қаңтарда Көкжиде кенішіне барған Азаттық тілшісіне "КМК Мұнай" компаниясы президенті Ван Цзиньбао жұмысшыларға жалақыны 20 пайызға көтеруді ұсынғанын, бірақ жұмысшылар оған келіспей, еңбекақыны екі есеге көбейтуді талап еткенін айтқан еді. Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 2021 жыл.
27 қаңтарда Көкжиде кенішіне барған Азаттық тілшісіне "КМК Мұнай" компаниясы президенті Ван Цзиньбао жұмысшыларға жалақыны 20 пайызға көтеруді ұсынғанын, бірақ жұмысшылар оған келіспей, еңбекақыны екі есеге көбейтуді талап еткенін айтқан еді. Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 2021 жыл.

"КМК Мұнай" жұмысшыларының тарифтік разрядын бір сатыға көтеру үшін аттестация өткізіле ме, жоқ па деген сұрақ қоюға талпынған Азаттық тілшісіне компания басшыларымен байланысудың сәті түспеді. "КМК Мұнай" президенті Ван Цзиньбао Азаттық тілшісіне 27 қаңтар күні берген сұхбатында "былтыр пандемияға байланысты жұмысшыларға разряд берілмеді, аттестация да өткізілген жоқ" деген еді.

2004 жылы құрылған "КМК Мұнай" компаниясы Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай және Мортық кеніштерін игеріп жатыр. Үш жүзден астам адам еңбек ететін бұл компанияға Панамада тіркелген Yukon Energy Holding S.A. компаниясы мен Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы тең иелік етеді.

"КМК Мұнай" жұмысшыларының штаттағы үш жүз қызметкерінің 80 пайызы ("жұмысшы" санатындағылар) компания басшылығына еңбекақыны 100 пайызға өсіру және жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту талабымен 25 қаңтардан бастап өндірісті тоқтатқан. Компания басшылығы жұмысшылардың еңбекақысын 20 пайызға өсіруді ұсынған, бірақ жұмысшылар оған келіспеген.

Ақтөбеде ереуілге шыққан мұнайшыларға ақсақалдар басу айтпақ болды

Ақтөбеде ереуілге шыққан мұнайшыларға ақсақалдар басу айтпақ болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

"ЖАЛАҚЫҒА 40 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН ҚОСАТЫН БОЛДЫ"

"КМК Мұнай" жұмысшылары ереуіліне 29 қаңтар күні Ақтөбе облысындағы тағы бір кәсіпорын – "АМК Мұнай" қызметкерлері де қосылған еді. Олар компанияда оператор - 67-70 мың теңге (158-165 доллар), көлік жүргізуші - 100 мың теңге (235 доллар), супервайзер - 140 мың теңге (330 доллар) жалақы алатынын айтып, "басшылардан еңбекақыны көтеруді былтырғы наурыздан бері сұрап келе жатқанымызбен өзгеріс жоқ" деп шағынған.

"Көкжидеде осы мәселе көтерілгеннен кейін еңбек инспекциясына шағымдандық. Олардан "жалақы мәселесі жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы ұжымдық келісім-шарт негізінде шешіледі" деген сырғытпа жауап келді. Сол себепті жұмысты тоқтатып, ереуілге шығуға мәжбүр болып отырмыз" деді жұмысшылар Азаттыққа.

"AMK Мұнай" компаниясы жұмысшылары еңбекақыны көбейтуді талап етіп, ереуілде тұр. Бәшкенкөл кеніші, Ақтөбе облысы, 29 қаңтар 2021 жыл.
"AMK Мұнай" компаниясы жұмысшылары еңбекақыны көбейтуді талап етіп, ереуілде тұр. Бәшкенкөл кеніші, Ақтөбе облысы, 29 қаңтар 2021 жыл.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, "АМК Мұнай" басшылары жалақыны 7 пайызға көбейтуді ұсынған, бірақ жұмысшылар оған келіспеген. 30 қаңтар күні мұнайшылар мәселесі облыс әкімдігінде өткен арнайы штаб отырысында талқыланған.

31 қаңтар күні Ақтөбе облысы Бәшенкөл кенішіндегі "АМК Мұнай" жұмысшылары да ереуілді тоқтатып, тараптар келісімге келгені туралы Ақтөбе облысы әкімдігі хабарлады.

– Әкімдіктегі жиыннан кейін "АМК Мұнай" компаниясы әр жұмысшының жалақысына ақпан айынан бастап 40 мың теңгеден (шамамен 95 доллар) қосуға келісті. Компания Наурыз мерекесі кезінде жұмысшыларына 50 пайыз сыйақы беретін болды. Мамыр айынан бастап "АМК Мұнай" компаниясының қызметкерлерімен жаңа еңбек келісімшарты жасалады. Жаңа келісімшарт жасаған кезде облыстың мұнай саласындағы орташа жалақыны ескеріледі, – дейді әкімдік.

"АМК-Мұнай" компаниясы "Ада Ойл" компаниясының тапсырысы бойынша мұнай өндіреді. Жұмысшылардың айтуынша, Бәшенкөл кенішінде кемі 120 адам вахта әдісімен жұмыс істейді.

"Айлығымыз 67 мың теңге". Ақтөбе облысында тағы бір компанияның мұнайшылары ереуілге шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:50 0:00

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG