Accessibility links

13 тәуелсіз медиа ұйым журналист Лұқпан Ахмедияровты "қудалауды дереу тоқтатуды" талап етті


 "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров.
"Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров.

Қазақстандағы 13 тәуелсіз медиа ұйым "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияровты "қудалауды дереу тоқтатуды" талап етіп, мәлімдеме жасады.

"Қаңтардың соңында прокуратура "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияровты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 423-бабымен "Сотқа дейінгі деректерді не жабық сот отырысы материалдарын жариялады" деп айыптап, жауапқа тартуды талап етіп жатқаны анықталды. Бұған Оралда жер телімдерінің заңсыз бөлінуі туралы материал себеп болған, іске прокураура қызметкерінің қатысы бар" делінген мәлімдемеде.

"Лұқпан Ахмедияровты қудалаудың саяси астары бар екеніне сенімдіміз, Батыс Қазақстанның құқық қорғау құрылымдары журналистің үнін өшіруге тырысып жатыр. Ахмедияров өз жұмысын істеді: журналистік зерттеу жүргізіп, оның нәтижесін жариялады. Оның үстіне, мақалада жемқорлық фактілері туралы айтылады, елдің жоғары лауазымды шенеуніктерінің сөзіне сенсек, Қазақстан дәл осы жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізіп келе жатыр" деп жазады мәлімдеме авторлары.

Олар Ахмедияров басқаратын "Уральская газетаны" "Қазақстандағы азғантай тәуелсіз басылымның бірі" деп атайды, және оның жиі қудалауға ұшырайтынына назар аударады. "Біз мұны Қазақстанның барлық тәуелсіз ақпарат құралдарына шабуыл деп қарастырамыз және журналистерге қысымды дереу тоқтатуды талап етеміз" делінген мәлімдемеде.

"Құқық қорғау органдары БАҚ-тың жұмысына араласпауы керек, журналистердің жұмыс істеуге, яғни зерттеу жүргізіп, жемқорлық фактілерін әшкерелеп, шенеуніктердің әрекетіне күмән келтіруге мүмкіндігі болуы тиіс" деп жазады журналистік ұйым өкілдері.

Мәлімдемеге "Vласть" интернет-журналы, masa.media, "The Village Қазақстан", Factcheck.kz, ProTenge, "За нами уже выехали", The Qazaq Times, Orda.kz, "Интонация", mgorod.kz, Adamdar/CA редакциялары және "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы қол қойған.

Осыған дейін бірнеше рет тергеуге барған журналисті 3 ақпанда Орал – Атырау автожолында полиция ұстады. Бір топ журналист 4 ақпанда бостандыққа шығады делінген белсенді Макс Боқаевты қарсы алу үшін Атырауға жолға шыққан. Полицейлер Ахмедияровты Оралға қайтарған, тағы бірнеше белсендіге шақырту қағазын тапсырған. Лұқпан Ахмедияров Facebook желісінде полицейлердің өзін ұстаған сәтінен видео жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG