Accessibility links

Қоғамдық тыңдауда Бозжырада қонақүй салу жоспары тағы да сынға ұшырады


Маңғыстау облысындағы табиғаттың айрықша ескерткіші - Бозжыра шатқалы.
Маңғыстау облысындағы табиғаттың айрықша ескерткіші - Бозжыра шатқалы.

Бозжыра шатқалында бутик-отель салу мәселесі бойынша Маңғыстау облысының Құрық ауылында 5 ақпанда өткен қоғамдық тыңдауда халық өкілдері бұл жобаны тағы да қатты сынға алды.

Девелоперлердің сипаттауы бойынша, бұл маңда қонақүймен қоса тікұшақ алаңы, кофехана, шай бөлмесі, киоск, фитнес-зал, спорт тауарлар дүкені, ашық бассейн, СПА және термалдық бассейн, мейрамхана, бар және атқора болмақ. Бұған қоса, жоба бойынша мұнда әрқайсында бассайні бар 50 вилла салу көзделген.

Тыңдауды ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл құрылыс "Қазақстандағы туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында" қолға алынбақ.

Инвестор өкілдерінің айтуынша, қонақүй Бозжыраның өзінен төрт километр қашыққа салынады.

Тыңдауға қатысқандардың кейбірі бұл жобаны "қарапайым адамдарға арналмаған" деп сынға алды.

– Байларға арнап вилла, бассейн, тікұшақ алаңын саласыздар. Демек сіздер қарапайым адамдардың келуіне тосқауыл қойып, жолын бөгейсіздер... Сіздер мұнда ізгі ниетпен келіп тұрған жоқсыздар, Бозжыра мәселесі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде үлкен қоғамдық резонанс тудырған соң ғана қайырылып отырсыздар, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Мұхтар Үмбетов.

Экология саласының өкілдері де жобаға сын айтты. Олардың сөзінше, жобада құрылыстың қоршаған ортаға ықпалы туралы ең басты ақпарат жоқ.

– Қолданылатын су көлемі көрсетілмеген. Бұл жобада бассейн салу көзделген, ал оның аумағы кішкентай емес. Кәріз құрылғысының суы қайда кететіні де айтылмаған. Жобада тікұшақ алаңы болады деп тұр, алайда одан болатын вибрация, оның дауысы қандай болары туралы мәлімет жоқ. "Вибрация" бөлімінде тікұшақтың әсері туралы бір сөз де жоқ, – деді эколог Лаура Мәлікова.

Бозжыра Австралиядағы Улуру жартасының кебін кимей ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

Құрылысқа қарсы болып жүрген “Oyan, Qazaqstan!” қозғалысының өкілдері де осы тыңдауға қатысты. Пікірталас барысында олар "Тарт қолыңды Бозжырадан" және "Бозжыраны сақтайық" деген жазу жазылған плакаттар көтеріп отырды.

Жүзге тарта адам қатысқан тыңдау үш сағатқа созылды. Жиын нәтижесі бойынша, инвесторлар барлық сын-пікірді ескеруге уәде берді.

  • Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысы Қарақия аудандында орналасқан. Ол аймақ орталығы — Ақтау қаласынан 300 км шалғайда жатыр.
  • Үстірт жазығының бұл бөлігінде әктас шөгінділерінен тұратын айрықша ландшафт қалыптасқан, мұнда биіктігі 250 метрге дейін жететін тас қиялар бар. Экологтар антропогендік әрекеттер табиғаттың бұл ерекше ескерткішіне зиянын тигізеді деп санайды және бұл ауданда қандай да бір құрылыс салуға болмайды дейді.
  • Былтыр қарашада Бозжыра шатқалы маңында құрылыс техникасы пайда болғаны жайлы ақпарат тараған соң қоғамда наразылық туындаған. Маңғыстау облысы әкімдігі "құрылыс басталмағанын", бірақ қонақүй салу жоспары барын мәлімдеген.
  • 17 қарашада қоғамдық белсенділері президент пен Маңғыстау облысы әкіміне ашық хат жазып, шатқал маңына қонақүй салмауды талап етті.
  • Сол күні Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде "қоғам наразылығына байланысты" президент "жобаны қайта қарауды тапсырғанын" жазды. Кейін Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов қонақ үй Бозжырадан бір-екі километр жерге салынатынын мәлімдеді. Белсенділер отельді Бозжырадан 20 шақырым жерге салуды талап еткен еді.
  • Экологтар Бозжыра шатқалын сақтап қалу үшін оны ЮНЕСКО мұраларының тізіміне және Үстірт қорығының құрамына кіргізу қажеттігін айтқан. Азаттық сұрағына жауап берген экология министрі "Бозжыраны қорық аумағына кіргізу жоспарда жоқ" деді.
  • Бұл қонақүйді Ақтаудағы Rixos Water World отелін салған компания салуы тиіс. Rixos отельдер холдингінің иесі – түркиялық бизнесмен Феттах Таминже. Ол – түркиялық ықпалды кәсіпкерлердің бірі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG