Accessibility links

Әскери төңкеріс болған Мьянмада әлеуметтік желілерге шек қойылды


Әскерилер демократия жолымен сайланған үкіметті басып алып, басшыларды тұтқындаған соң Аун Сан Су Чжидің жақтастары Мьянма елшілігінің алдында наразылық өткізіп жатыр. Бангкок, Тайланд. 1 ақпан, 2021 жыл.
Әскерилер демократия жолымен сайланған үкіметті басып алып, басшыларды тұтқындаған соң Аун Сан Су Чжидің жақтастары Мьянма елшілігінің алдында наразылық өткізіп жатыр. Бангкок, Тайланд. 1 ақпан, 2021 жыл.

6 ақпанда Мьнмада әлеуметтік желіге бұрынғыдан да көп шектеу қойылды. Елде Twitter және Instagram желілері ашылмай қалды. Мұның алдында Facebook, WhatsApp және Instagram бұғатталған, дегенмен тұрғындар бұл желілерге VPN көмегімен кіріп жүрген.

Әлеуметтік желілердің жабылуы мемлекеттік төңкерістен бергі алғашқы үлкен наразылық шарасына ұласты. Мьянма астанасы Янгонда Дагон университеті маңындағы жолға жиналған үш мыңға тарта адам билікті әскерилердің басып алуына наразылық ретінде үш саусағын көтеріп, арнайы белгі берді. Жиналған жұрт "Әскери диктатура жойылсын!" деп ұрандады.

1 ақпанда Мьнмада әскерилер билікті басып алып, демократиялық жолмен сайланған басшыларды, соның ішінде елдің іс жүзіндегі лидері, "Демократияшылдардың ұлттық лигасы" партиясының лидері Аун Сан Су Чжиді және президент Вин Мьинтті қамауға алған.

Билікке келгендер кей адамдар әлеуметтік желілерді "фейк жаңалық" тарату үшін пайдаланып жатыр деп, байланыс операторлары мен интернет-провайдерлерден Twitter мен Instagram-ды өшіруді талап еткен.

2015 жылғы сайлаудан соң билікке келген 75 жастағы Аун Сан Су Чжи басқаратын "Демократияшылдардың ұлттық лигасы" былтыр қарашадағы сайлауда тағы да жеңіске жеткен. Дегенмен әскерилер бұл сайлаудың нәтижесін мойындамай келеді. Балалары шетел азаматы болғандықтан президент бола алмаған Су Чжи елдің де-факто лидері саналады.

1991 жылы бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алған Су Чжи төңкерістен бері халық алдына шықпады.

Су Чжидің және биліктен тайдырылған президент Вин Мьинттің адвокаты олар үйқамақта отырғанын және тергеліп жатқанын хабарлады. 3 ақпанда Су Чжи – алты рацияны заңсыз сатып алды, ал Вин Мьинт коронавирус індетіне қатысты шектеу ережелерін бұзды деп айыпталған.

АҚШ және басқа да Батыс елдері Мьянманың заңды билігін құлатқан әскери төңкерісті сынға алды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Этнони Блинкен Қытайдың жоғары лауазымды дипломаты Ян Цзечиді бұл төңкерісті өткір сынауға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG