Accessibility links

Мьянмада әскерилер төңкеріс жасап, ел лидерін қамауға алды. Жағдайды 300 сөзбен түсіндіреміз


Мьянма лидері Аун Сан Су Чжи.
Мьянма лидері Аун Сан Су Чжи.

Мьянма әскерилері төңкеріс жасап, елдің лидері Аун Сан Су Чжиді, президент Вин Мьинтті және биліктегі Демократияшылдардың ұлттық лигасы партиясының бірнеше белді мүшесін қамауға алды. Мьянмадағы жағдайдың жай-жапсары.

Әскерилерге тиесілі Myawaddy телеарнасы 1 ақпанда елдегі "тұрақтылықты сақтау үшін" бір жыл төтенше жағдай жарияланғанын хабарлады.

Телеарнадағы мәлімдемеде елдің вице-президенті, бұрынғы генерал Мьинт Су президент міндетін атқаратыны, әскер қолбасшысы, генерал Мин Аунг Хлаинг "заң, әкімшілік және сот жүйесін" бақылауға алатыны айтылды. Елдегі билік әскерилердің қолына өтті.

Ел астанасы Нейпьидоны бақылап тұрған әскерилер. 1 ақпан 2021 жыл
Ел астанасы Нейпьидоны бақылап тұрған әскерилер. 1 ақпан 2021 жыл

ВВС арнасының хабарлауынша, ел астанасы мен ең ірі қала Янгон көшесін әскерилер бақылап тұр. Елде ұялы байланыс пен интернет жұмысы шектелді. Мемлекеттік MRTV арнасы "техникалық мәселелерге байланысты" эфирге шықпай қалды. Нейпьидо қаласымен байланыс үзілген.

ВВС бастаған халықаралық телеарналар ел ішінде көрсетпей қалды. Елдегі банктер уақытша қаржылық қызметтерді тоқтатты.

АҚШ, Австралия, Еуропа одағы Мьянма әскерилерінің әрекетін сынап, қамалғандарды босатуды талап етті.

ТӨҢКЕРІСКЕ НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

Қарашада Мьянмада парламент сайлауы өтіп, Аун Сан Су Чжидің Демократияшылдардың ұлттық лигасы партиясы 83 пайыз дауыспен жеңіске жетті деп жарияланған. Бірақ әскерилер сайлау нәтижесімен келіспей, шара қолданатынын мәлімдеген. Ел парламенті 1 ақпанда жұмысын бастауы тиіс еді.

Мьянмадағы әскери төңкеріске қарсы шыққына жұрт. Токио, 1 ақпан 2021 жыл.
Мьянмадағы әскери төңкеріске қарсы шыққына жұрт. Токио, 1 ақпан 2021 жыл.

Су Чжи қамауға алынардан бұрын алдын ала дайындаған хатында қолдаушыларына "әскери төңкеріске қарсы наразылыққа шығуға" шақырды. Ол әскерилердің әрекеті елді диктатураға қайтарады деп жазған.

Мьянма 2011 жылға дейін әскерилердің басқаруында болған еді. 2015 жылғы сайлауда Су Чжи партиясы жеңіске жетіп, ол билікке келді.

АУН САН СУ ЧЖИ КІМ?

75 жастағы Аун Сан Су Чжи 1989-2010 жылдары үйқамақта болған. 1991 жылы, үйқамақта отырған кезде, ол еліндегі адам құқығы мен демократия жолындағы күресі үшін бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленді. Халықаралық қауымдастықтың қысымынан соң 2010 жылы Мьянма әскерилері оны үйқамақтан босатты. 2015 жылы оның партиясы елдегі сайлауда жеңіске жеткен. Бірақ Су Чжи балалары шетел азаматы болғандықтан елдің президенті бола алмады, бірақ ол елдің де-факто лидеріне айналды.

2017 жылы Мьянмадағы әскеи операция кезінде елдің Ракхайн провинциясындағы мыңдаған мұсылман рохинжа қаза тапқан соң Су Чжидің халықаралық беделі түсе бастады. Мьянма әскері операцияның мақсаты экстремистермен күрес деп атағанымен, құқық қорғау ұйымдары Мьянма билігін рохинжалардың көзін құртпақ болды деп айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG