Accessibility links

Иран АҚШ санкциясының салдарынан 100 млрд доллар мұнай түсімінен айырылды


Иран АҚШ санкциясының салдарынан 100 млрд доллар мұнай түсімінен айырылды. Бұл туралы Иран вице-президенті Исхак Джахангири хабарлады. IRNA агенттігінің жазуынша, ол бұл сөзін Керманшах провинциясында мұнай-химия кәсіпорны жобасының ашылу рәсіміне қатысқан кезде айтқан.

Оның сөзіне қарағанда, АҚШ санкциясы Иран экономикасына орасан зиян тигізген. "Санкция болмағанда иран халқы осыншалықты дәрежеде күрделі экономикалық тығырыққа тірелмес еді" деді Джахангири.

Иран вице-президенті мұнай-химия өнеркәсібінің маңызын атап өтіп, жеке сектор өкілдерін экономиканың осы саласына инвестиция құюға шақырды.

Былтыр 26 қыркүйекте президент Хасан Роухани 2018 жылы қайта күшейген санкцияның салдарынан ел экономикасы 150 млрд доллар көлемінде кірістен айырылды деп мәлімдеген.

АҚШ санкциясы Иран экономикасының негізгі тармақтары - мұнай өндіру және банк саласын қамтиды. 2018 жылдың 5 қарашасынан бастап Вашингтон Ираннан мұнай экспорттауға және ирандық мұнай өндіру компанияларымен байланыс орнатуға тыйым салған. Сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға "бұрын-соңды болмаған қатаң санкция салынды" деп айтқан.

2018 жылы 8 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран, АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия арасында 2015 жылы қойылған ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеген. Трамп бұл келісімді Барак Обама президенттігі тұсында жасалған ең нашар келісім деп атаған. Ал келісімге қол қойған Еуропа елдері бұл құжат Тегеранның ядролық бағдарламасын тежейді деп айтқан.

Вашингтон АҚШ Иранға "барынша қысым жасау" арқылы Тегеранның "зұлым ниетін" өзгертіп, оны ядролық амбициясынан бас тартуға мәжбүрлейді деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG