Accessibility links

Петропавл тұрғындары "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйлерін ала алмай жүр


20 шақты тұрғын "Нұрлы жер" бағдарламасымен тұрғын үйлерін ала алмай жүргеніне шағымданды. Петропавл, 9 ақпан 2021 жыл.
20 шақты тұрғын "Нұрлы жер" бағдарламасымен тұрғын үйлерін ала алмай жүргеніне шағымданды. Петропавл, 9 ақпан 2021 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлда "Нұрлы жер" бағдарламасы төңірегінде шу шықты. 9 ақпанда "Жас өркен" ықшам ауданындағы 12 қабатты тұрғын үй алдында 20-дан астам қала тұрғыны жиналып, шағымдарын айтты. Тұрғындар "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында байқаудан өткенін, бірақ әлі күнге дейін үйлерін ала алмай жүргеніне шағымданды.

Айтуларынша, құрылысына бюджеттен қаржы бөлінген тұрғын үй 2 жыл бұрын тапсырылуы тиіс болған. Бірақ 2019 жылы пәтерлер дайын болмаған. Бұған дейін билік 2020 жылдың қыркүйек айында дайын болады деп уәде берген. Бірақ құрылыс сол күйі жанданбаған. Салымшылар осы үйді тосып отырғандықтан басқа мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай отыр.

- Бұл үйдің 50 пайызы - бұрынғы "Тұрғын үй жинақ құрылыс банкі" (қазіргі "Отбасы банкі") салымшыларының, ал 50 пайызы жергілікті атқарушы органдарға берілген. Сол сәттен бастап үйді тапсыру мерзімі үнемі кейінге шеттелді. Біз пәтеріміздің нөмірін білеміз, бәрін білеміз, бірақ үйімізе кіре алмаймыз, - дейді жиналғандардың бірі Сәуле Оспанова.

"Нұрлы жер" бағдарламасымен тұрғызылған тұрғын үй. Петропавл, 9 ақпан 2021 жыл.
"Нұрлы жер" бағдарламасымен тұрғызылған тұрғын үй. Петропавл, 9 ақпан 2021 жыл.

Тағы бір салымшы Жадыра Сағдиева тұрғын үй дайын болмағандықтан пәтер жалдап жүргенін айтты.

- Міне, мынау менің пәтерім, қазір ол осындай күйде. Яғни, барлық құрылыс материалдары пәтердің ішінде. Кез-келген адам кіріп, алып кете алады. Бұл пәтер жарты жыл бұрын дайын болуы керек еді. Үнемі бізге уәде беріп жүр. Менің тұратын жерім жоқ. Пәтер жалдаймын. Пәтер жалдауға кетіп жатқан ақшам өзімнің үйімнің ақысын төлеуге кетуші еді, - дейді ол.

Тұрғындар дегенмен қабырғасы тұрғызылып, шатыры жабылған пәтерлердің қанша пайызы дайын екенін айта алмады.

Жиналған халықтың сұрақтарына жауап беру үшін әкімдіктен адамдар келді. Билік өкілдерінің сөзінше, бұл үйдің құрылысы басталғалы бері үш мердігер компания ауысқан.

- Біз келісім-шарт жасасқан мердігер өз міндеттерін орындамай жүр. Үй бос тұр. 28 желтоқсанның соңында осы мәлімдеме бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Қазір өтініш қаралып жатыр. Екінші процесс, егер қателеспесем, 16 ақпанға жоспарланған. Біз онымен келісім-шартты бұзуды сұрап отырмыз. Бірақ келісім-шарт тоқтатылғаннан кейін біз байқауды қайта бастауымыз керек. Соған сәйкес, осы үйдің соңғы құрылысын жүргізетін мердігерді табамыз. Өкінішке қарай, басқа шешімі жоқ, - деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Тұрғындар шағымданған бұл көп қабатты үйде жалпы 192-ге жуық пәтер бар. Ол Қазақстанда 2017 жылдан бері жүзеге асырыла бастаған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғызылған. Тұрғын үй құрылысы үшін бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Қазақстанда бұған дейін де "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлерге қатысты дау-дамай болған. Былтыр тамыз айында Нұр-Сұлтанда тұрғындар осы бағдарламамен салынған кейбір тұрғын үйлердің сапасына шағымданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG