Accessibility links

Ресей билігі Навальный көмекшісі Леонид Волковқа іздеу жариялады


Леонид Волков.
Леонид Волков.

Ресей тергеу комитеті қамаудағы оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың көмекшісі Леонид Волковты іздеудегі адамдар тізіміне қосты. 10 ақпанда бұған қоса, Мәскеудің Басман аудандық соты тергеу комитетінен Навальный штабының жетекшісі Волковты қамауға санкция беру туралы өтініш түскенін хабарлады. Қазір Ресейден тыс аумақта жүрген Волков қаңтар айының соңында жасөспірімдерді рұқсат етілмеген митингіге шақырды деген күдікке ілінген.

Путиннің басты оппоненті, 44 жастағы Навальный 17 қаңтарда Германиядан Ресейге оралған бетте әуежайда ұсталған. Ол былтыр тамыз айында "Новичок" тобына жататын қауіпті затпен уланып, Германияға комада жеткізілген. Сол жақта есін жиып, бірнеше ай емделген Навальный содан бері алғаш рет елге оралғанда ұсталған. Ол өзін улауға Ресей президенті Владимир Путин тапсырыс берді деп санайды. Ал Кремль мұны жоққа шығарады.

Навальныйдың қамалуы Ресейде ірі наразылықтың тұтануына түрткі болды. 23 және 31 қаңтарда ондаған мың адам наразылыққа шығып, Навальныйды босатуды талап етті. Полиция наразылыққа шыққандарға дөрекі күш қолданып ұстап, ұрып-соқты. Навальныйдың көптеген жақтасы қамалды.

Келесі акция тек көктемде өтеді деп өткен аптада мәлімдеген Волков 9 ақпанда жаңа митингінің 14 ақпанда өтетінін хабарлаған. Волков полициямен қақтығысып қалмас үшін тұрғындарды 14 ақпанда кешке аулаларына шығып, телефон жарығын қосып, жоғары ұстап тұруға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG