Accessibility links

Кентауда трансформатор зауытының жұмысшылары ереуілдеді


Кентау трансформатор зауыты жұмысшыларының ереуілі. Түркістан облысы, 12 ақпан 2021 жыл. Видеодан алынған скриншот.
Кентау трансформатор зауыты жұмысшыларының ереуілі. Түркістан облысы, 12 ақпан 2021 жыл. Видеодан алынған скриншот.

12 ақпан күні Түркістан облысы Кентау қаласындағы трансформатор зауытының ондаған жұмысшысы жалақыларын көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Зауыт басшылығы да Азаттыққа ереуілдің болғанын растады.

Жұмысшылардың Азаттық тілшісіне жіберген видеосында ондаған жұмысшының зауыт ішінде жиналып тұрғаны, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео үндеу жолдағаны көрінеді. Жұмысшылар "жалақыны өсіруді талап еткенмен" қанша пайызға көбейту қажеттігін айтпаған. Соңында "талап етеміз" деп бірнеше рет айқайлайды.

Аты-жөнін атамауды сұраған ереуілшілердің бірі "қаңтар айында зауыт басшылығы кейбір жұмысшылардың жалақысын 60 мың теңгеге дейін төмендетіп жіберді, мұны естіген жұмысшылар жалақысын көтеруді талап етті" деді.

Таңертең басталған ереуіл түске дейін жалғасқан. Жұмысшылар жұмысты тоқтатып, зауытта ереуілдеген.

Кентау трансформатор зауытының директоры Хайролла Қожабаевтың айтуынша, жалақы жұмыстың ауырлығы мен уақытына қарай белгіленеді. Жұмысшылардың орташа жалақы – 156 мың теңге. Ереуілге 120 мың теңге жалақы алатын жұмысшылар шыққан.

- Түске дейін жұмысшылармен сөйлесіп айлық жалақыларын 150 мың теңгеге көтеруге шешім шығардық, - дейді зауыт директоры.

Түсте ереуіл тоқтағанын жұмысшылар да растады.

Қаладағы ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын Кентау трансформатор зауытында мыңнан аса адам жұмыс істейді.

Қазақстанда соңғы кезде жалақы өсіруді талап еткен ереуілдер жиіледі. 12 ақпанда таңертең Ақтөбеде жүзге жуық жұмысшы айына жалақыларының мардымсыздығын айтып жұмысқа шығудан бас тартқан. Қала әкімі келгеннен кейін жұмысшылар рейске шығуға көнген.

Қаңтар айының соңында Ақтөбе өңірінде жүздеген мұнайшы бірнеше күн жалақыларын өсіруді талап етіп, компания басшылығы талаптарын орындауға келіскеннен кейін ереуілді тоқтатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG