Accessibility links

Денсаулық министрлігі "Спутник V" екпесінің тіркелгенін растамады


“Спутник V” екпесі.
“Спутник V” екпесі.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 12 ақпанда ресейлік “Спутник V” екпесінің легін елге кіргізуге рұқсат берген. Бұл туралы Азаттыққа министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

“Қазақстанға кіргізілген екпені қолдануға рұқсат берілген. Екпені елге кіргізерден бұрын оның сапасы және қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейтін құжаттар ұсынылады” деп мәлімдеді министрлік “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі заңына” сілтеп.

Қазақстан 1 ақпанда халықты ресейлік “Спутник V” екпесін егуді бастаған. Кейін министрлік бұл екпе елде әлі тіркеуден өтпегенін айтқан еді.

12 ақпанда қазақстандық бірнеше басылым “Спутник V” екпесінің Twitter парақшасына сілтеме жасап, “Қазақстан бұл екпені тіркеген 27-ел болды” деген ақпаратты таратқан.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты растамады. Ведмство Қарағанды фармацевтикалық кешенінде дайындалған “Спутник V” екпесін тіркеу жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

“Бұл екпе тіркелген соң ғана қолданылады. Екпе жіті тексеріледі, тіркеу процедурасы 16-20 ақпан арасында жүреді” деп мәлімдеді министрлік.

Медицина ғылымдарының кандидаты Қайыргелді Көнеев екпе басталып кеткен соң рұқсат құжатын беру “заң бұзу” деп санайды.

- “Спутник V” екпесін “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі” заңының 251-бабын бұзу арқылы елге кіргізіп отыр. Заңға сай, егер екпені тіркеусіз халыққа салса, бұл клиникалық сынақ деп есептеледі. Демек, екпені клиникалық сынақ үшін кіргізді деген сөз. Басқаша айтуға келмейді. Қазір тіркелмеген екпені елге әкелуді ақтап алайық десек, төтенше жағдай режимі емес. Сондықтан азаматтарды сынаққа қатысып жатқанынан хабардар етіп, рұқсатын алу керек, - дейді ол.

Министрліктің дерегінше, 1-11 ақпанда елде 13 мың медқызметкер “Спутник V” екпесін алған.

Бұл вакцина Ресейде былтыр тамызда, сынақтан толық өтпей жатып тіркелген. Мәскеудің бұл әрекеті ғалымдар арасында күдік туғызған.

2 ақпанда британиялық Lancet журналы “Спутник V” екпесінің үшінші сынақ кезеңінің нәтижесін жариялап, екпе 92% тиімді деген.

Қазақстан билігі бұл екпені Қарағанды фармкешенінде шығару үшін 15 миллиард 175 мың теңге бөлген.

Қазақстан жыл соңына дейін алты миллион адамға екпе салуды жоспарлайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG