Accessibility links

"Табыс таппаймыз", "Тыңдашы..." Қайрат Боранбаев Азаттық тілшісіне хабарласып, не айтты?


Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің бірі Қайрат Боранбаев
Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің бірі Қайрат Боранбаев

Қазақстандық бизнесмен, елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев өзі бақылайтын Қарағанды фармацевтикалық кешенінде дайындалатын ресейлік "Спутник V" екпесінен коммерциялық пайда көретінін жоққа шығару үшін Азаттық тілшісіне хабарласты. Ол елдегі ең ықпалды отбасыға жақындығы бизнесіне әсер етпейтінін айтып, сендіруге тырысты.

"Тыңдашы, бұл – әлеуметтік жоба, коммерциялық [жоба] емес. Түсінесің бе?" деді Қазақстандағы ең бай әрі ықпалды бизнесмендердің бірі Қайрат Боранбаев телефонмен.

Боранбаев "Назарбаевтың құдасы ұсынған "Спутник". Қазақстандағы вакцина және билік төңірегіндегілер бизнесі" мақаласының авторына 4 ақпанда ұялы телефонмен хабарласты. Бұл мақалада Қазақстан бюджетінен коронавирусқа қарсы екпеге бөлінген қаржының бір бөлігі – экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы Боранбаев бақылайтын Қарағанды фармацевтикалық кешеніне түсетіні жазылған.

Азаттықтың мақаласы резонанс туғызып, бұл туралы бірнеше басылым жазды, әлеуметтік желіде көп талқыланды. Мақалада Азаттықтың Боранбаевқа "кешен бұл мемлекеттік келісім шарттан қанша пайда табады?" деген сауал жолдап, бірақ жауап ала алмағаны жазылған. Редакция осы аптада бизнесменнің компаниясына да сауал жіберген, бірақ сұрақтарға жауап болмаған.

"ТАБЫС ТАППАЙМЫЗ"

Боранбаев телефон әңгімесі кезінде "Спутника V" екпесінің (Қазақстанда коронавирусқа қарсы қолданып жатқан жалғыз вакцина) өндірісінен қандай да бір табыс табуды көздемейтінін айтты. Сөзінше, екпе шығару – шығыны көп іс.

— Біз табыс таппаймыз. Қаншаға сатып алсақ, соншаға саттық. Бағаны үкіметаралық комиссия бекіткен, келісім кезінде екпені жеткізу, тасу және қайта орау шығыны есептелмеген. Қазақстанның барлық қаласына жеткізілетіндіктен екпені қайта орау керек. Қорапта қазақша және орысша ақпарат көрсету керек. Бұл шығынды да өз мойнымызға алдық. Біздікі әлеуметтік жоба. Денсаулық сақтау министрлігімен басында осындай келісім болды. "Жақсы, өндіріс шығысын жауып беріңіздер" дедік. Болды. Бірақ тасымалдау мен жеткізуді ешкім ескермеді. Негізі екпені "СК-Фармация" (дәрі-дәрмектерді жеткізуші ұлттық компания – ред.) тікелей сатып алуы тиіс. Бірақ олардың Ресейдің тікелей инвестициялар қорымен (РФПИ "Спутник V" екпесін жасауды қаржыландырған – ред.) келісім шарты жоқ, ал бізде бар. Сондықтан бұл істі өзімізге алуға тура келді. Барлық шығын бізге түсті. Ештеңе етпес. Не істеп жатқанымызды жақсы түсінеміз ғой, - деді ол.

Боранбаевтың сөзінше, нақты шығынды атау қиын, себебі "зауыт жұмысын жалғастырып жатыр", ал ресейлік екпені дайындау "зауыттың ішкі шығынына кіреді".

— Барлығын бірден шығарып жіберу қиын. Жұмысшыларымыз бұрынғыдай жұмысын жалғастырып жатыр, зауыт та бұрынғыша жұмыс істеп жатыр, — деді Боранбаев.

Ресми дерек бойынша, Қарағанды фармацевтикалық кешені екпе шығару орны ретінде 2020 жылы қараша-желтоқсанда таңдалып алынған. Ал Боранбаев екпе шығару жайлы "шілде-тамызда ойлай бастағанын" және бизнестегі серіктесі ресейлік Виктор Харитонинге хабарласып, кеңескенін айтады. Ресейлік миллиардер Харитонинның Қарағанды фармацевтика кешенінде үлесі бар.

Ресей "Спутник V" екпесін, сынақтың үшінші кезеңі аяқталмай жатып, 11 тамызда тіркеген. Ал ақпанда халықаралық Lancet журналы зерттеудің үшінші кезеңінің нәтижесін жариялап, екпенің тиімділігі 91.6 пайыз деген.

Харитонин, Боранбаев және Ресей үкіметінің экс мүшелері – Андрей Реус, Андрей Дементьев Қарағанды фармкешенін 2017 жылы бақылауына алған.

Харитониннің Ресейдегі "Генериум" компаниясы да "Спутник V" екпесін шығарады. Боранбаев Харитонинмен серіктестіктен ешқандай сөкеттік көрмейтінін айтады.

— Тыңдашы, егер онымен серіктестік болмаса, бәлкім біз екпені әкеле алмас та едік. Түсінесің бе? Неге мен осы серіктесті алдым? Себебі ол Ресейдегі ең-ең мықты серіктес. Оның Петербургте осындай зауыты бар, онда да осындай екпе шығарады. Түсінесің бе? Сондықтан бізге бейімделуге оңай болды. Иә, ол менің серіктесім. Мен – медик емеспін, мен – жоба инвесторымын. Мен одан "қалай ойлайсың Қазақстанда шығара аламыз ба?" деп сұрадым. Ол "Петербургте шығарып жатырмыз" деді. Бірақ біздің зауыт үлкен және тауар жағынан мықты. Біз байқап, барлығы жұмыс істеп тұрғанын түсінген соң іске кірістік. Оған алғысым шексіз, себебі Қазақстанға екпені, соның ішінде суспензияны әкелу үшін көп жұмыс істеді. Екпені алу оңай емес. Екпені әкеліп, 1 ақпанда вакцина салуды бастап кету үшін президент, премьер-министр араласты, — дейді Боранбаев.

"ЖАЛҒАН ЖАЗҒАНДЫ ҰНАТПАЙМЫН"

"Мен жалған жазғанды ұнатпаймын" деді ол әңгіме барысында. Боранбаевтың нені "жалған" дегені түсініксіз. Ол "жалған ақпараты бар" деп санайтын материалдың сілтемесін жіберуге уәде беріп, кейін Азаттыққа сайты мен желідегі парақтарына шыққан "Covid екпесі: мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба?" деген видеоның сілтемесін жолдады.

Covid екпесі: мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Боранбаев Азаттық бизнес пен отбасылық байланысты "араластырмауы керек еді" деп санайды. Ол Назарбаев әулетімен байланыс өз бизнесінің дамуына әсер етпейтінін айтып, сендіруге тырысты. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Назарбаевтың жиені Айсұлтанға тұрмысқа шыққан. Дариға Назарбаеваның 29 жастағы ұлы Айсұлтан былтыр тамызда Лондонда қайтыс болған.

— Бизнесмен әрқашан басқаша айналысамын. Ешқандай тендерлерге, басқа істерге қатыспаймын. Тендерге тек инвестициялық жобалар құрғанда қатысамын. Одан кейін объем алуға барамын, — дейді Боранбаев.

Азаттық тілшісі Боранбаевтың "Нұрмай-фармация" мен Қарағанды фармкешені мемлекеттік тапсырысқа қатысатынын, олардың тауарын "СК-Фармация" алатынын еске салды.

— Басқаша жолы бар ма? Қалай сатамыз? Біз дәрілерді сатылымға шығарып, сата алады деп ойлайсың ба? Түсінгенің керек, олар өте қымбат. Адамдар лейкемия және ракпен ауырып жатқанда мемлекет препараттарды сатып алады. Кейін ауруханаларға таратады. Басқа жолы жоқ, — деп түсіндірді Боранбаев.

Қарағанды фармкешенінің ресми сайтының дерегі бойынша, компания құрылғалы 50 миллион доллар инвестиция болған. Деректерге сай, компанияның былтырғы табысы 28 миллион доллар болған, кешен 860 мың доллар салық төлеген.

Қазақстандық Forbes журналы Боранбаевтың байлығын 519 млн доллар деп бағалайды. Ол фармацевтикалық компаниядан бөлек фитнес орындарын, сауда-ойын сауық орталығын, McDonald's желісінің Қазақстандағы франчайзиін иеленіп отыр.

Жарты сағатқа созылған әңгіменің соңында Боранбаев Азаттық тілшісін 9 ақпанда Қарағанды фармкешеніне шақырды.

"Келіңіз, сізге көрсетеміз" деді ол. Азаттық Боранбаевтың шақыртуын қабыл алды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG