Accessibility links

Назарбаевтың құдасы ұсынған "Спутник". Қазақстандағы вакцина және билік төңірегіндегілер бизнесі


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды фармацевтика кешенінде болған кездегі суреті. Сол жақта – Назарбаевтың қызы Дариғаның құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев. 6 қыркүйек 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды фармацевтика кешенінде болған кездегі суреті. Сол жақта – Назарбаевтың қызы Дариғаның құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев. 6 қыркүйек 2018 жыл.

Мыңдаған қазақстандыққа (көбі – медицина қызметкерлері) коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын салды. Ресми тұлғалар 1 ақпанда басталған екпе науқанын "пандемияны жеңудің жалғыз амалы" деп атап, бүкіл шығынды мемлекет мойнына алғанын айтты. Мемлекет бөлген қаржының бір бөлігі Қазақстандағы ең ықпалды отбасының туысы – кәсіпкер, кейінгі бірнеше жылда елдегі ең бай адамдардың біріне айналған Қайрат Боранбаев басқаратын компанияға түседі.

Осы аптада қазақстандық телеарналарда коронавирусқа қарсы екпе салуды бастаған медицина мекемелері жиі көрсетіліп жатыр. Екпеге келгенде өзге таңдау жоқ: адамдарға тек бір ғана препарат – ресейлік "Спутник V" салынады. Ақпарат құралдары өңірлердегі мыңдаған медицина қызметкеріне екпе салынғанын хабарлады. Билік жоспары бойынша, медицина қызметкерлерінен кейін мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларына, одан соң балабақша қызметкерлері мен созылмалы дерті бар азаматтарға вакцина салынбақ. Үкімет жыл соңына дейін алты миллион адамға екпе салуды жоспарлап отыр.

Ресейде шығарылып, Қазақстанға жеткізілген "Спутник V" вакцинасы салынған қорап. 2021 жылғы ақпан.
Ресейде шығарылып, Қазақстанға жеткізілген "Спутник V" вакцинасы салынған қорап. 2021 жылғы ақпан.

Қазақстан қазір елдегі медицина мекемелерінің барлығына жіберіліп жатқан вакцинаны Ресейден сатып алған. Ресми тұлғалардың айтуынша, 15 ақпаннан бастап азаматтарға "Спутник V" екпесінің Қарағанды фармацевтика кешенінде ("Спутник V" екпесін қаржыландырған Ресейдің тікелей инвестициялар қорымен келісімшартқа отырған Қазақстандағы өндірістік кәсіпорын) өндірілген нұсқасы салынады.

БҰЛ ФАРМАЦЕВТИКА КЕШЕНІ КІМДІКІ?

Қарағандының фармацевтика кешені (ҚФК) 2005 жылы құрылған. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) болып тіркелген компанияның сайтында өндіріс нысанының бәсекеге қабілетті препараттар шығару үшін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тапсырмасымен ашылғаны жазылған. Аталған кәсіпорын Қазақстанда фармацевтика өндірісін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасына енген. Кейінірек компанияға жеке инвестиция құйылған. 2017 жылы кешен үш жыл бұрын сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен құда болған қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың жартылай иелігіндегі "НеоТекФарм" компаниясына өткен. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, осыдан кейін бұл кәсіпорынның тасы өрге домалай бастаған.

Қайрат Боранбаев кім?

54 жастағы Қайрат Боранбаев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Дариға Назарбаеваның ортаншы ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шыққан (Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондонда қайтыс болды. Британ ақпарат құралдары Айсұлтанның ажалы "кокаиннен болған" деп жазды).

Қайрат Боранбаев
Қайрат Боранбаев

Қайрат Боранбаев 2016 жылдан бері Қазақстандағы ең бай адамдардың тізімінде. McDonald’s компаниясының Қазақстан, Ресей мен Беларусьтағы франшизасы Боранбаевқа тиесілі. Кәсіпкер сондай-ақ "Алмалы" активтерді басқару компаниясы" ЖШС, "Кемикал" қазақстандық мұнай-химия компаниясы" ЖШС, "Алекс" ЖШС ("Алекс-Сарыағаш" минералды суы), "Нұрмай-Фармация" фармацевтика компаниясына иелік етеді. Бұған қоса өзі басқаратын "ҚазТурбоРемонт" холдинг компаниясы" арқылы Phystech II АҚ компаниясының үлесіне ие болған.

Боранбаев – ұлттық паралимпиада комитетінің президенті, "Қайрат" футбол клубы бақылаушылар кеңесінің төрағасы, "Қазақстан гольф федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің, "Балалар мен жасөспірім арасындағы және кәсіби футболды дамыту қоры" қоғамдық қорын құрғандардың бірі. Ол мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған Meiirim жекеменшік оңалту орталығын ашқан.

Қайрат Боранбаевтың Ұлыбритания, Чехия мен Ресейден қымбат мүлік сатып алғаны жайлы ақпарат бұған дейін бірнеше рет шыққан.

Қарағанды фармацевтика кешені бюджетке 2015 жылы – 112 миллион теңге, 2018 жылы – 321 миллион теңге, 2019 жылы 407 миллион теңге салық төлеген. Пандемияға байланысты көп кәсіпорын экономикалық қиындықтарға тап болған 2020 жылы компания бюджетке 367 миллион теңге (қазіргі валюта бағамымен 860 мың доллардан көп) аударған.

Үкіметтің фармацевтика саласын дамыту жоспарында және министрлер кабинетінде өткен жиындарда мемлекеттік тапсырыс арқылы жергілікті кәсіпорындарға тауар өткізетін кепілдендірілген нарық ұйымдастыру керегі жөнінде жиі айтылып келген. Сондықтан Қарағандының фармацевтика кешені де мемлекет қолдауынан тыс қалмаған: кәсіпорын басшылығының дерегінше, үш жыл бұрын компания елдегі ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізе бастаған.

Кәсіпорын басшысы Сергей Баронның атынан Азаттыққа келген хатта "Компанияның мемлекеттік тапсырыс беруші – "СК-Фармация" компаниясына өткізетін тауар көлемі" жыл санап артып келеді. Қазір осының арқасында Қарағанды облысы отандық фармацевтика өндірісінің танымал орталығына айналды. Өндіріс көлемі 8 миллиард теңгеге жетті. Бұрын шетелден қымбатқа сатып алып келген дәрі-дәрмек бағасының арзандауына байланысты мемлекеттік бюджет қазір жыл сайын 1 миллиард теңге үнемдеп отыр" деп жазылған.

Қарағанды фармацевтика кешенінің мемлекеттік сатып алудағы рөлі туралы бірер дерек

Қарағанды фармацевтика кешені кейінгі жылдары мемлекеттік сатып алуға жиі қатысып жүр. 2020 жылы компания мемлекетпен төрт түрлі келісімшартқа отырған:

  • Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибе орталығының" филиалы 12,8 миллион теңгеге ілмекті изотермалды амплификация әдісімен SARS-CoV-2 вирусының РНК-сын анықтауға арналған реагенттер;
  • Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті 10,4 миллион теңгеге леналидомид дәрілік препаратын;
  • Нұр-Сұлтандағы көпкешенді балалар ауруханасы 1,9 миллион теңгеге түтікше;
  • Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығы 1,2 миллион теңгеге реагенттер сатып алған. Бірнеше жылдың ішінде компания жалпы құны 26,4 миллион теңге болатын мемлекеттік тапсырысқа ие болған.

Ашық дереккөздерден алынған ақпарат бойынша, фармацевтика кешенінің жобалық қуаты жылына төрт миллион қаптама шығаруға жетеді. Компанияда 200 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын қатерлі ісік, қант диабеті мен жүрек-қан тамыры ауруларына және гемофилияға шалдыққан науқастарға арналған дәрі-дәрмек шығарады. Қазақстанда аталған сырқат түрлерінің бәрі әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енген. Яғни, мемлекет бұл ауруларды тегін емдеп, дәрілерді мемлекеттік бюджет есебінен сатып алады.

ҚАРАҒАНДЫ КЕШЕНІНІҢ РЕСЕЙЛІК БЕНЕФИЦИАРЛАРЫ

Коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны Қарағандының жергілікті фармацевтика кешенінде өндірудің себебі неде? Ресми дерек бойынша, бұл кешен екпені 2020 жылдың қараша-желтоқсан айларында шығаратын алаң ретінде қарастырыла бастаған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, былтыр 4 желтоқсанда өндірісті жолға қойып, екпе шығару процесін жеделдету үшін қазақстандық салалық ведомство мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры арасында алдын-ала жұмыстарды аяқтап, екпе өндіру және тіркеу бойынша консультативті көмек беру туралы меморандумға қол қойылған.

"Вакцина сал, әйтпесе жұмыстан шық"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00

Қарағанды фармацевтика кешенінің дерегінше, компанияның өндіріс алаңы "екпенің дайын формасын шығаруға" сай келетін болып шыққан. "Ресейлік тікелей инвестициялар қорының мамандары техникалық аудит жүргізіп, біздің өндіріс алаңы барлық талаптарға сай деген қорытындыға келді" дейді фармацевтика кешені өкілдері.

Қарағандыдағы кешеннің өндіріс алаңы ретінде таңдалуы кәсіпорын иегерлерінің арасында көрші мемлекеттің ықпалды адамдарының болуына да байланысты. Бұл фактіге бірінші болып қазақ тілінде ақпарат тарататын Malim.kz сайты назар аударды.

"НеоТекФарма" компаниясы иегерлерінің арасында (Боранбаевтың басқа кәсіпорындары сияқты бұл компания да Алматы қаласында, Тимирязев көшесіндегі 18А мекенжайдағы "Алмалы" бизнес орталығында тіркелген; ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа қарағанда, "НеоТекФармда" бар-жоғы он шақты қызметкер ғана істейді) бұрын Ресейдің өндіріс вице-министрлері болған Андрей Дементьев пен Андрей Реус (олардың басқа да фармацевтика компаниялары бар), ресейлік Forbes журналының есебі бойынша, былтыр табысын екі есе көбейтіп, байлығын 2,4 миллиард долларға жеткізген кәсіпкер Виктор Харитонин бар. Бұл адамдар 2017 жылы Боранбаевпен бірге Қарағанды фармацевтика кешенінің жанама иегері атанған.

Харитониннің Ресейдегі "Генериум" ғылыми-зерттеу орталығы – Гамалеи атындағы институт дайындаған "Спутник V" вакцинасын өндіруге қатысатын компаниялардың бірі.

Ресей коронавирус инфекциясына қарсы шығарған "Спутник V" вакцинасы. Мәскеу, 18 қаңтар 2021 жыл.
Ресей коронавирус инфекциясына қарсы шығарған "Спутник V" вакцинасы. Мәскеу, 18 қаңтар 2021 жыл.

Мәскеу "Спутник V" вакцинасын былтыр тамызда мыңдаған еріктінің қатысуымен өтуі тиіс болған клиникалық зерттеулер аяқталмай тұрып, ресми тіркеуге алды. Батыс зерттеушілері вакцинаны асығыс-үсігіс тіркеу туралы шешімді сынап, препарат қауіпсіздігі туралы деректер сол күні жарияланбағанын айтқан. Бірақ 2 ақпанда британдық белгілі Lancet медицина журналы "алдын ала деректер бойынша, "Спутник V" вакцинасын сынақтан өткізудің үшінші кезеңі препараттың 91 пайызға тиімді болатынын және кері әсері аз екенін көрсетті" деп жазды. Зерттеуге қатыспаған британ мамандарының пікіріне сәйкес, "Спутник V" вакцинасы Covid-19 вирусына қарсы күреске қатысуы мүмкін деген болжам бар. Теориялық тұрғыдан алғанда, сұраныс туып жатса, Қарағандының фармацевтика кешенінде өндірілген вакцина эспортқа шығарылуы мүмкін.

Қазір "Спутник V" вакцинасын салуға Мәскеумен жақын араласатын немесе оған қаржылық тұрғыдан тәуелді мемлекеттер ғана рұқсат берген. Ондай елдердің арасында Алжир, Аргентина, Беларусь, Боливия, Пәкістан, Түркіменстан, Венгрия, Сербия, Боливия, Парагвай мен Венесуэла бар. Батыс мемлекеттері әзірге ресейлік вакцинаны тіркеу мәселесін көтерген жоқ. Қазақстандық белсенді дәрігерлердің бірқатары шетелдік әріптестерінің сынын ескеріп, ресейлік екпені халыққа жаппай салуға алаңдаушылық білдірген.

– Коронавируспен ауырған адамға екпе керек емес. Неге ауырған адамдарды бөлмей, бәріне бірдей [салып жатыр]? Өйткені осылайша қазақстандықтарды клиникалық сынақтан өткізгісі келеді. Халықты тезірек вакцинациядан өткізуге ешқандай эпидемиологиялық алғышарт жоқ. Біздің мемлекет жай ғана Ресей үкіметінің алдындағы міндетін орындап отыр деп ойлаймын, – дейді алматылық белсенді дәрігер Қайырғали Көнеев.

Қазақстанда коронавиурсқа қарсы ресейлік "Спутник V" екпесін егуді бастады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:11 0:00

БОРАНБАЕВТЫҢ КӘСІПОРНЫ "СПУТНИК" ЕКПЕСІНЕН ҚАНДАЙ ПАЙДА КӨРЕДІ?

Ресейде "Спутник V" екпесін өндірушілер әу бастан-ақ препаратты сатудан пайда көруді жоспарлап отырғанын ашып айтқан. 2020 жылы тамызда Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (сол кездің өзінде) 20 мемлекет Ресейден миллиард екпе сатып алуға ниет білдіріп отырғанын, Мәскеу бұдан шамамен 18 миллиард доллар пайда көретінін айтқан.

Ресейдегі ең ірі фармацевтика компанияларының бірі "Р-Фарм" "Спутник V" екпесін шетелге сатудан түскен пайда 20 пайызды құрайды деп мәлімдеген.

Қарағандыдағы фармацевтика кешені Ресейдің тікелей инвестициялар қорымен келісімшарт бойынша тауар өндіруге келіскенін айтады: вакцина өндіруге берілген лицензия ресейлік қорға тиесілі, ал Қарағандыда Ресейден жіберілген шикізат негізінде дайын екпе шығарылады.

Ресейлік вакцина өндірушілер былтыр желтоқсан айында Қарағандыдан шыққан алғашқы партияны сапа талаптарына сай деп тапқан. 15 ақпаннан бастап Қазақстан емханалары Қарағандыдан шыққан екпені пайдаланады.

ФАРМАЦЕВТИКА КЕШЕНІ "СПУТНИК V" ЕКПЕСІН САТУДАН ҚАНША ТАБЫС ТАБАДЫ?

27 қаңтарда өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов 10 миллион азаматты коронавирусқа қарсы вакцинамен қамтамасыз етуге бюджеттен "50 миллиард теңгеден астам (117 миллион доллардан көп) қаржы қарастырылып отырғанын айтты. Шорановтың сөзінше, бөлінген қаржының 16,8 миллиарды, немесе үштен бір бөлігі ресейлік "Спутник V" вакцинасының екі миллион данасын сатып алуға жұмсалады. Шенеунік екпенің бір бөлігі Ресейден, қалған бөлігі Қарағанды фармацевтика кешенінен алынады деп түсіндірді. Бірақ ол Қарағандыдағы кәсіпорынға қанша ақша аударылатынын айтқан жоқ.

Азаттық фармацевтика кешені басшылығынан "Екпе өндірісінен қандай пайда табу көзделіп отыр?" деп сұрады. Қарағанды фармацевтика кешенінің директоры Сергей Барон вакцина өндірісінен "көп табыс түспейтінін" және "түскен пайда тек өндіріс шығындарын жабуға ғана жететінін" айтты. "Бұл бүкіл халыққа арналған стратегиялық әлеуметтік жоба, сондықтан көп пайда табу мен табысқа кенелуді көздеп отырған жоқпыз" деді ол.

Сергей Барон мемлекеттік бюджеттен өндіріс шығындарына қанша ақша бөлінгені туралы сұраққа жауап берген жоқ.

Қайрат Боранбаев та "Спутник V" екпесін сатудан қанша табыс түседі деп күтесіздер?" және "Өзіңізге ресейлік вакцина салдырасыз ба?" деген сұрақтарға жауап қатпады.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов "демократиясы дамыған елдерде билік басындағы ықпалды шенеунікке (Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінде қалған) жақын адамдардың мемлекеттік тапсырыс алып, бюджет қаржысын игеруі мүдделер қайшылығы деп танылар еді. Заң үстемдігі мен қоғамға бюджет қаржысын игеру процесіне бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін механизмдері жоқ, билігі халық алдында есеп бермейтін Қазақстанда мұндай жағдайға ешкім таңғалмайды" деп есептейді.

– Кәсіпкерлер келісімшартқа бәсекенің емес, бейресми байланыстарының арқасында қол жеткізеді. Саяси жебеушісі бар тұлға ресурстарды бөлу мүмкіндігіне ие болады. Адамдар билік басындағылармен байланысын табыс көзіне айналдырады. Назарбаевтар отбасының үй-жайына, шетелдегі зәулім сарайларына қарап, бірінші президенттің туысы болу қандай байлыққа жол ашатынын көруге болады, – дейді Димаш Әлжанов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG