Accessibility links

Температурасы – 40, жүрек соғысы - 140. Ресейде Covid-ке қарсы вакцина салдырғандардың халі қалай?


 Медицина қызметкері еріктіге "Спутник V" вакцинасын салып жатыр. Мәскеу, Ресей. 15 қыркүйек, 2020
Медицина қызметкері еріктіге "Спутник V" вакцинасын салып жатыр. Мәскеу, Ресей. 15 қыркүйек, 2020

Ресейдегі Гамалея атындағы институт әзірлеген коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасы үшінші сынақтан өтпей жатып тіркеуге алынды. Сарапшылар "вакцинаны бұл кезеңде қолданысқа шығару – нәтижесі белгісіз, қауіпті эксперимент" деп сынға алған. Еріктілер қызуы көтеріліп, жүрегі қаққанын айтады.

Басқа елдерде де вакциналар сынақтан өтіп жатыр. Онда еріктілерге қандай да қосымша әсері байқалса, сынақ тоқтатылады. Оксфорд университетімен бірлесіп вакцина жасап жатқан AstraZeneca компаниясы сыналушылардың бірінде неврологиялық симптомдар болғандықтан, сынақты екі рет тоқтатты. Қазан айында сыналушылардың бірі ауырып қалып, Johnson & Johnson фармацевтикалық компаниясы да сынақты тоқтатты.

Ал Ресейде "Спутник V" вакцинасы адамдарға салынып жатыр. Екпені салдырғандар арасында шенеуніктер, элита мен шоу-бизнес өкілдері бар. Президент Путин қызы Катерина Тихонованың да вакцина салғызғанын айтты. Тихонованың досы, оның "Иннопрактика" қорындағы орынбасары Наталья Попова – Гамалея орталығының басшысы Александр Гинцбургтың ескі танысы.

Бұл вакцина тиімді ме, жоқ па, енді маңызды емес. Бастысы – біз бүкіл әлемнің алдында келеміз.

"Спутник" нашар болып шықса да, онда тұрған ештеңе жоқ. Қысқа қарай тағы бір-екі вакцина жасалады, бірі болмаса бірі әсер етіп қалар" дейді "Открытые медиа" ресурсына сұхбат берген Ресей фармацевтика нарығының өкілі.

8 қыркүйекте Ресей денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның халыққа арналған алғашқы партиясын шығарғанын хабарлады. Соның ертесінде ғана "Спутниктің" клиникалық сынағының соңғы кезеңі басталды. Оған 40 мыңға жуық ерікті қатысып жатыр. Оларға вакцинаның екі бөлігі араға үш апта салып егіледі. Ерікті қайтыс болған жағдайда оның жақындарына 2 млн рубль төленеді, ал бірінші топ мүгедегі болып қалса, 1,5 млн алады.

Еріктілердің бірі, журналист Светлана Рейтер "Медуза" сайтында күнделік жүргізеді. Ол індет қаупі жоғары туыстарының қамы үшін осы қадамға бардым дейді. Медиаменеджер, режиссер Андрей Василенко да осы себеппен еріктілер қатарына қосылған. Ол жұмыс бабымен әлемді көп шарлайды, адамдармен жиі кездеседі. Сондықтан "туыстарыма кесірім тимесін әрі ата-анама салынады деген вакцинаны өзім байқап көрейін" деп, ерікті болуға келісім берген. Денсаулық сақтау министрлігі жасы 60-тан аспаған адамдардың ерікті болуына рұқсат еткен.

Андрей Василенко ағзасының "Спутник V-ға" қалай жауап бергенін Facebook-та жазды. Оның жазуынша, алғашқы екпе салынғаннан алты сағаттай өткен соң қызуы 38 градусқа көтеріліп, қалшылдап, дірілдеген.

Василенко екінші екпені тіпті ауыр қабылдапты. Айтуынша, дене қызуы 40,2 градусқа дейін көтерілген. "[Температураны] түсіру мүмкін болмады" деп жазды ол.

Василенко өзіне өзі кетонал салған соң қызуы біршама түсіп, артынша қайтадан 39,2-ге көтерілген. "Қайтадан парацетамол, нимесил және кетонал салып, түсірдім. Одан соң жүрегім қағып, жай жатқанда да тынысым тарылып, басым айнала бастады".

Андрей Василенко Гамалея институтындағы вакцина жасаушыларға болған жайтты айтып беруге тырысқан, бірақ "Бізге неге хабарласасыз? Вакцинаны зерттеуге еш қатысымыз жоқ. Жұмыстан көңілімізді бөле бермеңіз. Сұрақтарыңыз болса, "Мос.ру" сайтына кіріп, арнайы формаға жазыңыз!" деген зілді жауап алған. Ал Мәскеу денсаулық сақтау департаментіндегілер Василенконың жағдайын "жағымсыз, бірақ қауіпсіз симптомдар" деп бағалаған.

Андрей Василенконың жазуынша, оған "вакцинадан кейінгі реакция" емес, респитаролық вирус инфекциясы деген диагноз қойған. Жедел жәрдем дәрігерлерінің кәсіби білігін жоғары бағалаған Василенко денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктердің әрекетіне, "Спутник" сынағының жүргізілуіне көңілі толмағанын айтады.

Андрей Василенконың Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбатынан:

Азаттық: Сіз бойыңызда аденовирусқа қосымша иммунитет пайда болды, ал коронавирусқа қарсы антидене жоғалып кетті деп жазасыз. Бұл неден болды?

Василенко: Оны білмеймін. Аденовирус вакцина құрамында бар. Оған қандай да бір реакцияның болуы қисынды. Аденовирусқа иммунитетім бұрын да болған. Бірақ аденовирусқа тест жасағанда оны түрлерге бөлу мүмкін емес, ол бірден барлық серотиптерге жасалады. Қандай аденовирусқа иммунитетім болғаны белгісіз, 5-шіге ме, 26-ға ма, олар өзара қалай әрекеттесетіні де беймәлім. Дәрігерлер бәрі түсінікті болады, екінші екпені күтіңіз, содан соң коронавирусқа қарсы антидене қалыптасуы керек деді.

Азаттық: Екінші екпеден соң ауыр салдары байқалды ма?

Василенко: Әсері адам төзгісіз болды! Оның әсерінен бұрын болып жатқан нәрсеге ешкімнің пысқырып қарамайтыны жанға батты. "Ақпараттандырған келісімде" жазылған ережеге қарасақ, вакцинаның қосымша әсері болса, өз дәрігеріме, дәрігер-зерттеушіге, болмаса сақтандырушы компанияға немесе депарамтенттегі этика комитетінің жедел желісіне, әрі қарай түрлі нөмірлерге хабарласа аламын. Одан соң еріктілердің жедел желісі бар екенін білдім, бұған қоса, "Телемедицина" және "Жедел жәрдем" бар. Нақты қайда хабарласу керегі түсініксіз. Алдымен "Телемедицинаға" хабарласуға тырысып көрдім, олар "Жедел жәрдем" шақырды, олар мені қайда апаруды білмеді. Қандай көмек көрсететін білмесем де, ауруханаға барып, ол жақта тағы коронавирус жұқтыруым керек пе? Әрине, "жоқ" дедім. Ертесінде қызуым 40 градустан түскен соң жеңілдеп қалдым, бірақ кешке қайта көтерілді. Бұл 27 қазан болатын. "Телемедицинамен" хабарласуға тырыстым, олар жауап бермеді. Күні бойы ешкім хабарласпады. Жекеменшік емхананың кардиологына қаралуға мәжбүр болдым.

Азаттық: Қазір жағдайыңыз қалай?

Василенко: Жақсы емес. Қызуым әрі-бері ойнақшып тұр, кеше 37,5 болды, түнде 36,6-ға түсті. Бірақ қатты қалшылдадым, суық тер шықты. Енді температурам керісінше төмендеп барады, қазір 35,8 болып тұр.

Медицина қызметкері 36 жастағы ерікті Илья Дубровинге коронавирусқа қары вакцинаны салып жатыр. Мәскеу, Ресей. 10 қыркүйек, 2020
Медицина қызметкері 36 жастағы ерікті Илья Дубровинге коронавирусқа қары вакцинаны салып жатыр. Мәскеу, Ресей. 10 қыркүйек, 2020

Азаттық: Ал жүрегіңіз қалай?

Василенко: Жүрегім жақсы болмай тұр.

Азаттық: Дәрігерлер сонда да мұны вакцинадан кейінгі реакция деп жазбай отыр ма?

Василенко: Ол еш жерде жазылмаған. Кардиолог тіпті жүрек тұсымда шаншу болғанын да жазбады, тек "жүрек тұсында жайсыздық болды" деп жазды. Ауру мен жайсыздық деген әртүрлі жағдайлар ғой. Қазір олар бұл симптомдардың екпеге еш қатысы жоқ, "созылмалы ауруларыңыз қозған" деп отыр. "Менің созылмалы ауруларым қандай, сонда?" десем, "Білмейміз, бірақ мұның екпемен еш қатысы жоқ екені анық" дейді. "Қалай анықтадыңыздар? Қандай әдіспен? Ешқандай зерттеуге шақырған жоқсыздар ғой? Қанды өз ақшама тапсырдым, анализді өз ақшама жасаттым. Бұл тұжырымды қандай негізде жасадыңыздар?" деп сұрадым. Ешкім ешқандай қызығушылық танытқан жоқ, дұрыстап қараған жоқ, анализ де алмадым. Жалғыз созылмалы дертім – фарингит, ол да кәсіби қызметіммен байланысты.

Азаттық: Ерікті түрде сынаққа қатысқан басқа таныстарыңыз да күтпеген жайларды бастан кешті деп жазыпсыз.

Василенко: Иә, телевидение саласында жұмыс істейтін жолдасым Макс Поповқа да қосымша әсері болды. Ол кәсіби жүгірумен айналысатын, қазір жүрек қағысы 150-160 болып, жүгіре алмай қалыпты. Менің жазбама көп ерікті жауап берді, көпшілігі температурасы көтерілгенін жазған. Сондықтан, денсаулық сақтау департаментінің тек 15 пайызында қосымша әсер болады дегені қызық екен. Оның үстіне, олар бұл тұжымды қалай жасағанын түсінбей тұрмын, зерттеу тек мамырда аяқталады. Екпе әлі барлығына салынып бітпеген болса, олар 15 пайызына әсері болғанын қайдан біледі?

Азаттық: "Вакцинаға кінә тақпаймын, шенеуніктерге кінә тағамын" деп жазыпсыз. Бұл – бірнеше күн бұрынғы жазба, содан соң температураңыз тағы көтерілді. Содан бері вакцинаға көзқарасыңыз өзгерді ме?

Василенко: Вакцинаға әзірге кінә таға алмаймын, себебі әлі нәтижесін көрмедім. Қандай да бір пікір айту үшін вакцина әрекетінің нәтижесін не нәтиженің жоқтығын көруім керек. Антидене пайда болса, салыстырып көріп, "иә, жағымсыз әсері бар, вакцина жұмыс істейді, бірақ оған көңілім толмайтын жерлер бар" деп айта аламын. Антидене болмаса, онда вакцинаға бірден кінә тағамын.

Азаттық: Антидене пайда болса, бірақ температура 40,2 градусқа көтерілсе, жүрекке салмақ түссе, бұл вакцинаны салуға қалай ұсынуға болады?

Василенко: Келісемін. Әзірге созылмалы ауруы бар адамдарға вакцина қалай салынатынын, жаппай вакцинация қалай жүргізілетінін білмеймін. Тұмауға екпе қалай салынатынын білесіз ғой: вагон тұрады, соған кіресіз, екпе салады, болды. Бізге, еріктілерге әйтеуір аздап зерттеу жүргізді, есірткіге, алкогольге қан тапсырдық. Бірақ, екінші екпенің алдында менен ешқандай анализ алмады. Дәрігерге келдім, ол маған электронды градусник берді, ол 34,2 градусты көрсетті. Дәрігерге "Қайта өлшеу керек шығар" дедім. Ол "Жоқ, қажет емес" деді. Кіреберісте қызуымды өлшегенмін, 36,4 болған. Дәрігер: "Оны қайтесіз, ештеңе өлшеудің керегі жоқ" деді. Сөйтті де, электронды карточкаға 34,2 деп жаза салды. Бар көзқарасы сол.

Бүкіл зерттеу қалай болса солай ұйымдастырылған. Оның не үшін керек екенін мүлде түсінбеймін.

Мысалы, маған жағымсыз әсері болды, енді мені тексеріп, мұның екпемен байланысы бар-жоқтығын анықтауы керек қой. Екпе бір процестерді қоздырған, я қоздырмаған болар. Зерттеу сол үшін жүргізіледі. Ал мұнда барлығына бәрібір. Бірыңғай бақылау жүйесі жоқ, қаптаған қызметтер бар, бірақ кімнің неге жауап беретіні белгісіз. Гамалея институтына да, жекеменшік зерттеу ұйымына да бәрібір. Сонда, мұның бәрін не үшін жасап жатырмыз? Барлығына екпе салып, еріктілер қатарына қоса салсын. Меніңше, мұның барлығы жай көзбояушылық сияқты. –

Азаттық: Вакцинаны Үндістанға, Венесуэлаға және басқа елдерге сатқалы жатқанын да ұмытпайық.

Василенко: Бұл – вакцинадан біреу өлсе, ешкім байқамай қалатын елдер. 10-20 адам өлсе, жарайды дей салады. Армияда айтылатындай, "қосымша шығын" болады. Мұндай зерттеу неге керек?

Азаттық: Салдар боларын білген болсаңыз, ерікті болмас па едіңіз?

Василенко: Тек таныс дәрігеріңіз болса, немесе жағымсыз әсері болған жағдайда бірден алып кетіп, емдейтін емханаңыз болса, сонда ғана бұл вакцинаны салып көруге болады. Сонда да, әлі нәтижесін көрмейінше, сал деп кеңес бере алмаймын. Бойымда антидене бар екенін көрсем ғана аса үлкен сақтықпен салдыруға кеңес беремін. Ал жедел көмек көрсететін ешкім болмаса, онда екпеден өлгіңіз келсе, салғыза беріңіз. Себебі еріктілердің өздеріне қарамай отырса, ешкім көмектеспейді деген сөз. Қоғамдағы резонанстың арқасында мені қарап жатқандар бар.

Тұмау вакцинасын жасайтындар хабарласып, "клиникалық сынақты осылай өткізуге бола ма?" деп жатыр. "Біз сынақты осылай өткізсек, баяғыда-ақ жауып тастаған болар еді" дейді олар.

Вакцина деген – жақсы идея, біз оны алғаш болып жасап шықтық, керемет. Әрі қарай оны сынап көріп, қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеу керек, кем-кетігі болса жөндеу қажет. Бірақ мұның бәрі келесі кезеңде жермен-жексен болады: "сендерге пысқырғаным бар, қалай бар, солай шығара берейік" [деген ниет бар]. Бәрін басып озып, бірінші болуымыз керек, алғаш болып есеп беріп, орден алуымыз керек. Шындығында қалай болды, бұл жұрттың бәріне қызық емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG