Accessibility links

"Пандемия сөз қууға шебер екенімізді көрсетті". Індет қазақ қоғамына қалай әсер етті?


Коронавирус пандемиясы кезінде ботаникалық бақта серуендеп жүрген адамдар. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Коронавирус пандемиясы кезінде ботаникалық бақта серуендеп жүрген адамдар. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Коронавирус эпидемиясы Қазақстанда салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа айтарлықтай өзгеріс әкелді. Азаттық түрлі саладағы сарапшылардан, белсенділерден пандемияның қоғамға қалай әсер етіп, қандай сабақ бергенін сұрады.

ВИРУСПЕН БІРГЕ КОРРУПЦИЯМЕН ДЕ КҮРЕСІП ЖҮРМІЗ

Жұлдыз Әбділда, журналист, “Қазақ газеттері” бас директорының орынбасары

Жұлдыз Әбілда.
Жұлдыз Әбілда.

– Коронавирус пандемиясы біздің көп мәселеде мән-жайды түсінбей, әншейін сөз қууға шебер екенімізді көрсетті. Бастапқыда [Жандарбек] Бекшинді мазаққа айналдырып (бұрынғы бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин 10 наурызда коронавирустың елге келуін болжай отырып, “әйтеуір” (“наконец-то”) деген сөзіне бола күлкіге қалған – ред.), бұл жағдайға көп адам аса назар аудармады. Одан кейін “менің бірде-бір танысым не туысым коронавируспен ауырған жоқ, сондықтан бұл ауру жоқ” дейтіндер көбейді. Оның арасында “әншейін ауырғандардың бәрін коронавирус деп апарып жатқызып тастайды екен” деген сөз гуледі. Ал одан кейін “жедел жәрдем келмей жатыр, ауруханада орын жоқ” деген истерия басталды.

Пандемия бізде медиасауаттың өте нашар деңгейде екенін көрсетті. Оқыған, білімді адамдардың өзі “ұшақпен вирус шашып жүр екен”, “мұрыннан анализ алғанда вирус тығып жібереді екен” деген жалған ақпараттарға сеніп, соны таратып отыр. “Анау айтыпты, мынау айтыпты” деп әртүрлі дәрілерді сатып алатындар көбейді. Бұл біздің денсаулығымызға да немқұрайды қарайтынымызды көрсетеді. Мысалы, кей ақпарат құралдарының “Дексаметазон” коронавирусты емдейді деген шала-шарпы ақпаратына сенген жұрттың біразы “Дексаметазон” сатып ала бастады. Оның өте ауыр жағдайдағы науқастарға ғана салынатынын, онда да нәтижесі толық зерттеліп бітпегенін ешкім ескермеді.

Пандемия бізде медиасауаттың өте нашар деңгейде екенін көрсетті.

Пандемия кезінде әлемнің басқа елдері тек вируспен күрессе, бізде оған қоса коррупциямен күрес жүріп жатыр. Бұған сауатсыздықпен күресті қосыңыз. Қазір біздің өзімізге де, қоғамға да тигізер жалғыз пайдамыз – тәртіп сақтау. Адам көп жиналатын жерге бармау, қонақ, той, ас дегенді қысқарту. “Вирус жоқ” дегенді қайта-қайта таратып отырған “тамадалар” мен “саудагерлерге” сенбей, мамандарға сену. Солай ғана өзімізді, айналамызды қорғай аламыз.

БҰРЫН ТОЙҒА ШЫҒЫНДАЛСА, ҚАЗІР ҮНЕМДЕУГЕ ТЫРЫСАДЫ

Молдияр Ергебеков, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры

Молдияр Ергебеков.
Молдияр Ергебеков.

– Пандемияның ең басты үйреткені – маска тағу. Қазақстанның ірі қалаларындағы ауа өте лас. Ал біз маска тақпай жүре береміз. Менің ойымша, бұдан кейін маска тағу қала тұрғындары үшін қалыпты нәрсеге айналады. Осылайша өздерін де, өзгелерді де вирустан, инфекциядан сақтауда жауапкершілікке ие болады деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, бұрын адамдар тойға көп шығындалса, қазір үнемдеуге тырысады. Мұның да себебі белгілі, өйткені көбі жұмыссыз қалды. Жұмысы барлардың өзі ертеңіне сенімі аз, “жұмыссыз қалсам” деген күдіктің әсерінен мейлінше үнемдеуге көшкен. Бұл да бір әдетке, дәстүрге айналады деп ойлаймын.

Пандемия аяқталғаннан кейін баяғы қалпымызға қайта түсуіміз де ықтимал.

Тіпті осыдан кейін той-томалаққа адамдар тек өте жақын туыстарын шақырады деп үміттенемін. Десек те бұл жай ғана қиял да болып қалуы мүмкін. Себебі мәдениетіміз тез өзгергіш халық екенімізді ескерсек, пандемия аяқталғаннан кейін баяғы қалпымызға қайта түсуіміз де ықтимал. Бірақ рационалды, саналы адамдар осы кезде үйренген игі-жақсы әдеттерді әрі қарай жалғастырады деп ойлаймын.

“СӨЙЛЕСУДІ ҰРЫСУ ДЕП ҚАБЫЛДАЙТЫНЫМЫЗДЫ КӨРСЕТТІ”

Бинұр Балаубаева, психоаналитик, Қазақстан психоаналитиктер қауымдастығының мүшесі:

Бинұр Балаубаева.
Бинұр Балаубаева.

– Пандемияның “пайдалы” жағы – балалар ата-анасымен табысты. Балалары таңнан кешке дейін мектеп пен балабақшада, өздері жұмыста болып, тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмей келсе, осы күндері әке-шешесінің қасында болуы баланы бақытты қылды деуге болады.

Ал барлық әке-шеше бақытты болды дей алмаймын. Себебі бұрын отбасында проблема болғанда бірі жұмысқа, бірі тағы басқа жерге кетіп, кешке үйге келгенше ашуы басылып, мәселе шешілгендей болатын. Ал пандемия кезінде отбасылар үйде қамалып қалды. Ешкім ешқайда қашып кете алмады, сондықтан отбасылық ұрыс-керіс пен реніш артты, біраз отбасы ажырасты. Осы жайттар қазақ отбасына қауіп төндірді.

Айналып келгенде бұл біздің қоғамда психологиялық сауаттылық жетіспейтінін, бір-бірімізді тыңдамайтынымызды, тыңдағымыз келмейтінін, сөйлесу дегенді ұрысу деп қабылдайтынымызды, келісімге келе алмайтынымызды көрсетті.

Бұл психологқа баруды ұят немесе оны есі дұрыс еместерді емдейтін маман деп санайтын біздің қоғамның тағы бір осал тұсын көрсетті. Психологияны бақсы-балгерден кейін қоятын біздің қоғам осы оқшаулану кезінде өзіне үңілудің, өзі мен өзгені тыңдаудың маңызын түсінді ғой демін.

Психологияны бақсы-балгерден кейін қоятын біздің қоғам өзі мен өзгені тыңдаудың маңызын түсінді.

Қашықтан оқу да бала мен ата-ана арасындағы түсініспеушілікті арттырды. Баланы оқытамын деп артық кетіп, баласын өзіне қарсы қойып жатқан ата-аналар болды. Бірақ мұның барлығы жалпы қазақи менталитет пен әдет-ғұрыпқа әсер етеді деу қиын.

Қарапайым мысал, індеттен алғаш қайтыс болғандардың бірі – құдалыққа барған адам еді. Сондықтан үлкен тойларға шектеу қойылды. Алайда тойдан бас тартқан қазақ жоқ. Кеше ғана таныстарым бәрі жабылды деген ескертуге қарамастан құдалыққа кетіп бара жатты. “Қонаққа барма!” десе барады, “біз жылқының етін жейміз, иммунитетіміз мықты” дейді. Мұны психологияда “психиканың қорғануы” дейді.

Ал шын мәнісінде оның артында үлкен қорқыныш тұр, соны мойындамағандықтан, керісінше әрекеттерге барады. Олар – түпсана деңгейінде инфекция жұқтырып, ауырғысы кеп жүрген адамдар.

“БИЛІКТЕГІ ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫҢ КЕСІРІ БӘРІНЕ ТИДІ”

Асхат Ахмедияров, белсенді, суретші:

Асхат Ахмедияров.
Асхат Ахмедияров.

– Біз үшін бұл күтпеген жағдай болды және оған біздің жүйе де дайын болмай шықты. Келісімшарт құжаттарының соңында форс-мажор жағдайы деген бар. Оған соғыс, жер сілкінісі не эпидемия сияқты жайттар кіреді. Біз қазір дәл сондай форс-мажор жағдайындамыз. Мұндайда әдеттегі нұсқаулық не нормалар нәтиже бермейді. Билік пен қоғамның арасындағы жұмыс мейлінше ұйымдастырылған болуы керек. Сонда ғана пандемия жеңіл өтеді. Алайда бізде қазақтың жемқорлығы өзін бар сән-салтанатында көрініп, жағдайымыз мәз болмай отыр.

Пандемияның басында, тіпті қазір де біздің қоғам жағдайды дұрыс бағалай алмай отыр. Не істеп, не қоярын білмей отыр. Қарапайым өзін-өзі сақтау түйсігі жоқ.

Билік қалыптасқан жағдайды саяси мақсатына опасыздықпен пайдаланды.

Ал билік болса қалыптасқан жағдайды саяси мақсатына опасыздықпен пайдаланды. Өзгеше ойлайтындарды қудалап, пандемия кезінде азаматтардың жеке бас бостандығы мен бейбіт митингіге қатысты құқығын шектейтін заңдар қабылдады. Қазақстанның саяси басқару жүйесі ескірген арба сияқты, оны толығымен ауыстырып, елеулі реформа жасау қажет. Билік қазіргі жағдайда басқаруға не ұйымдастыруға қабілетсіз екенін көрсетті. Егер осыдан біраз уақыт бұрын биліктің жұмыс істей алмайтынын тек оппозиция айтса, қазір қоғам мұны өзі де көріп отыр.

Өлім бәріне келді, ешкімді бөліп-жарған жоқ. Биліктегі олқылықтардың кесірі бәріне тиді. Сондықтан бұл біздің қоғам үшін сабақ болуы керек. “Саясатқа қатысым жоқ” деуді қою керек. Саясат бәрімізге қатысты және біз оны түсінуіміз қажет. Әрекет етіп, белсенді болуымыз керек.

“ӨЗАРА ҚАТЫНАСТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫ ҮЙРЕНУІМІЗ КЕРЕК”

Марат Райымханов, коммуникация жөніндегі кеңесші

– Пандемия отбасының қарым-қатынасына айтарлықтай әсер етті. Мен мұны өзімнің және таныстарымның тәжірибесінен байқадым. Карантин адамдарды бір-бірімен ұзақ уақыт бірге болуға мәжбүрледі, денсаулық пен қаржы жағдайына қауіп төндірді, осы арқылы адамдарды күйзелтіп, үлкен сынақ болды. Бұл сынақ жұптың қарым-қатынасын тас-талқан етуі мүмкін.

Адамдар бір-бірін тыңдап, сөгуді азайтқаны жөн. Мұны айтуға оңай, жүзеге асыру қиын, бірақ қол жеткізуге болады.

Коммуникация саласындағы маман ретінде байқағаным, көп адам өзара коммуникацияны қалыптастыра алмайды. Бір-бірін естімейді, түсінбейді, сабыр сақтамайды. Қазіргі дағдарыс осы проблеманы одан әрі ушықтырып отыр. Мәселе тек ерлі-зайыптыда емес, ата-ана мен бала қарым-қатынасында да көптеген қиындықтар қалқып шықты.

Алар сабақ біреу – отбасы ішіндегі қарым-қатынасты, тұлғааралық қатынасты қалыптастыруды үйренуіміз керек. Бұл өте қиын шаруа және бәрі атсалысуы қажет. Мәселен, адамдар бір-бірін тыңдап, сөгуді азайтқаны жөн. Мұны айтуға оңай, жүзеге асыру қиын, бірақ ынта мен табандылық болса қол жеткізуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG