Accessibility links

Диагнозы - "қираған жүйе". Қазақстанның денсаулық сақтау саласы мен пандемия


Карантин кезінде жол бойындағы блокпостта қағаз толтырып отырған медицина қызметкері. Түркістан облысы, 29 сәуір 2020 жыл.
Карантин кезінде жол бойындағы блокпостта қағаз толтырып отырған медицина қызметкері. Түркістан облысы, 29 сәуір 2020 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус дағдарысына кінәлілерді табуға үндегеннен кейін бір айдан соң елде эпидемия өршіген тұста қажет дәрі-дәрмек, Covid-19 тестіне керек реагент пен ауруханаларда бос орын табылмады; бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі ұсталып, министрлікке қатысы бар құрылымның екі топ-менеджері жұмыстан кетті. Жүйеде бір өзгеріс болды ма?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шілде айының басында екі айға созылған төтенше жағдай режимі мен карантинге қарамастан, елдің пандемияға дайын болмауына денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын, бейқам әкімдер мен санасыз халықты кінәлады. Қалалар мен өңірлердің әкімдері өз орнында қалды, халықты соңғы бес айда екінші рет карантинге отырғызды, ал коронавирус жұғып, қызметінен кеткен бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов инфекциялық ауруханадан шығып, қоғам назарынан жылыстады.

Тоқаевтың "жұмыстан шығаруды", қажет болса, "зерттеу жүргізуді" талап еткеніне бір ай өткенде билік Біртановтың тұсында жұмыс істеген вице-министр Олжас Әбішевтің ұсталғанын хабарлады. Ол "ақша жымқырды" деген күдікке ілінген. Бұл іс жайлы әзірге толық мәлімет жоқ.

КІМДЕР КЕТТІ?

Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінде үш жылдан астам уақыт отырды. Наурызда коронавирус жұққан алғашқы науқастар тіркелген кезде Біртанов пен оның қоластындағылар эпидемияға дайын екенін, стратегиялық жоспарлары барын айтып, "індет өршіген кездің өзінде үш жарым мың адам ғана ауырады" деп болжаған. Тамызда коронавирус жұққан науқастар саны 100 мыңға таяды. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша өткен жылдың соңында бүкіл әлемге тараған вирустың ошағы болған Қытайды басып озды.

Елжан Біртановтың Қазақстан денсаулық министрі болған кездегі суреті.
Елжан Біртановтың Қазақстан денсаулық министрі болған кездегі суреті.

– Көп шешімнің негізінде ауру мен оның таралуын дұрыс болжамау жатыр. Бұл дағдарыс жағдайында денсаулық сақтау саласының ресурстарын басқару мен бөлуге байланысты мәселелерді туғызды. Ресурстарды басқару мәселесі медициналық көмекті қайта ұйымдастыруға әсер етті. Пандемия енді басталған сәуір мен мамыр айларында барлық науқасты ауруханаға жатқызып, қолда бар қаржыны тауысты. Сол кезде [медициналық көмекке] қажеттілік күрт артты, – дейді денсаулық сақтау саласы бойынша консалтинг қызметін ұсынатын Med Invest First компаниясының серіктесі Марат Мамаев.

Біртанов қызметінен кеткеннен кейін денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланысты әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" компаниясының топ-менеджерлері жұмыстан босатылды. Екі ұйым да дәрі-дәрмек пен ауруханаларда орын жетпей, ПТР тест тапсыруға мүмкіндік болмай, медицина қызметкерлері қауіпті жағдайда жұмыс істегені үшін берілуі тиіс үстеме ақының әділетсіз төленгенін айтып шағынған тұста ақпарат құралдарының назарына ілікті.

Қордың бұрынғы басшысы Айбатыр Жұмағұлов "өз еркімен" қызметінен кеткенге дейін бірнеше басылымға шыққан: ол қымбат зәулім үйде тұрады, әйеліне қымбат сыйлықтар тарту етеді. Әйелі Instagram парақшасында күйеуі үйленбей тұрып он көлік сыйлауға уәде бергенін, ал 30 жасқа толған туған күніне он екінші рет көлік әпергенін мақтанышпен жазған. Жемқорлыққа қарсы қызмет "сатып алынатын қызметтің бағасын көтеріп жазу арқылы" ақша жымқыру күдігімен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылығына қатысты тергеу басталғанын хабарлады.

Дәрі-дәрмекті бірыңғай таратушы "СК-Фармация" компаниясының басшысы Берік Шәріп бұл қызметінде небәрі үш ай ғана істеген. Ол шетелден келген гуманитарлық жүк ретінде қоймаларда айлап сақталған дәрі-дәрмекті ауруханаларға дұрыс жеткізбегені үшін сынның астында қалды. Алматыдағы дәріханалардың бірінде Qatar Airways (Катар әмірі сыйға тартқан жүкті жеткізген әуе компаниясы) деген жазуы бар қораптар сақтаулы тұрғаны жайлы хабардан кейін компания "гуманитарлық көмекті сатқан" деген күдікке ілінді. "СК-Фармация" компаниясы бұл айыпты жоққа шығарды.

– Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қателіктер болды. Дұрыс дайын болмады. Мүмкін бірнәрсе дайын болған шығар. Бірақ мынадай пандемия кезінде "бірнәрсе" деген сөз жарамайды. Тіпті қызу түсіретін дәрі тапшылығын да қолдан ұйымдастырды. Дәрі-дәрмек болды, бірақ кей адам қарапайым халықтың қайғысын пайдаланып, препараттарды бірнеше есе қымбатқа сатып, табысқа кенелді. Барлық аурухана лық толды, сонда орындардың бәрі қайда кеткен? – дейді медицина ғылымдарының докторы, эпидемиолог Сәкен Амиреев.

КІМДЕР КЕЛДІ?

Елжан Біртанов қызметінен босатылғаннан кейін денсаулық сақтау министрлігі басшылығына Алексей Цой отырды. Министр қызметіне келерінен үш күн бұрын ол денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып тағайындалған. Цойдың орынбасары қызметі Ажар Гиният пен Марат Шорановқа бұйырды. Біртановтың тұсында вице-министр болған Людмила Бюрабекова бұрынғы қызметінде қалды.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Бір қызығы, Цой, Гиният пен Бюрабекова осыған дейін президент істері басқармасының медицина орталығында (мемлекеттің бірінші тұлғалары мен мемлекеттік қызметкерлерді емдеуге арналған аурухана, ғылыми орталық пен шипажайлар кешені) жұмыс істеген. 2019 жылдың маусымынан бастап 12 ай бойы Алексей Цой аталған медициналық орталықтың төрағасы, ал Ажар Гиният оның орынбасары болған.

Министрдің жаңа орынбасары Шоранов денсаулық сақтау министрлігіне әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан келген. Ол қазір жұмыстан кеткен Жұмағұловтың тұсында басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Қазір қорды басқарушылар қатарында Шорановтың орнында Біртановтың тұсында вице-министр болған Ләззат Ақтаева отыр.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Айбатыр Жұмагұловтың орнына бұрын денсаулық сақтау министрінің орынбасары, кейін денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы болған Болат Төкежанов келді. Factcheck.kz дерегінше, Төкежанов 1990 жылдары еңбек жолын жаңа бастаған кезде Міндетті медициналық сақтандыру қорында (қазіргі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баламасы) әртүрлі қызметте жұмыс істеген. Аталған қор жабылып, онда үш жыл бойы жиналған қаржы жоғалып кеткен (биліктің дерегінше, жиналған қаржыны қордың сол кездегі басшысы шетелге алып кеткен).

"СК-Фармация" компаниясын басқару бұрын қаржы, индустрия министрліктерінде істеген экономист Ерхат Есқалиевке сеніп тапсырылған. Ол әлеуметтік желілерде белсенді болатын. Оның Instagram парақшасындағы ресейлік тележүргізуші Ксения Собчакпен бірге түскен суретін қоғам талқылаған. Желі қолданушылары жазбаны бөлісіп, Тоқаевтың бұрынғы басшыларды "барынша қарапайым" адамдарға ауыстыру туралы талабын еске салды. Көп ұзамай бұл сурет желіден өшірілді, ал Есқалиев Instagram желісіндегі парақшасын жауып тастады.

НЕ ӨЗГЕРДІ? БІР ӨЗГЕРІС БОЛДЫ МА?

Цой келген соң министрлік маусымның басында Біртанов енгізген коронавирус жұққан, ауру белгісі жоқ науқастарды жеке есептеуден бас тартты. "Ауру белгісі барлар" мен "ауру белгісі жоқ" науқастар дерегі біріктіріліп, Қазақстан бір күнде ауру өсімі бойынша әлемдегі көшбасшылар қатарына кірді. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығына айтылған сыннан кейін осындай шешім қабылданатыны бесенеден белгілі еді. Бірақ ведомствоға келген жаңа басшылықтың аурудан көз жұмған адамдар туралы деректі күн сайын емес, аптасына бір рет жариялау туралы шешімі әртүрлі реакция туғызды. Алексей Цой бұған жауап ретінде әр өлімнің себебін анықтау керегін, ал жергілікті жердегі комиссиялар деректерді өңдеп үлгермей жатқанын айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі ақыр соңында коронавирус инфекциясының бір түрі деп мойындауға мәжбүр болған пневмонияны есепке алу да ұзақ жыр болды. Елде карантин шектеулері жеңілдеген жаздың басынан бері өкпе қабынуы дерті күрт өршіп кетті. Дәрігер-белсенділер мұны коронавирустың таралуымен байланыстырды. Әлемдік ақпарат құралдары Қазақстанда "белгісіз пневмония" тарағаны жайлы жазды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония "диагнозы дұрыс қойылмаған коронавирус инфекциясы болуы мүмкін" деген пікір білдірді.

Осындай қысымның арқасында Цой 17 шілдеде Қазақстан тамызда Covid-19 вирусы мен "ауру белгісі коронавирус инфекциясына ұқсас болғанымен, ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен" пневмония дерегін ұлттық статистикаға біріктіретінін мәлімдеді. Бірақ бес күннен кейін Цой 1 тамызға дейін пневмониямен ауырғандар мен осы аурудан көз жұмғандар базаға кірмейтінін айтып, коронавирустан болған пневмония статистикасын бактерия, зең немесе басқа вирус қоздырғышынан туған пневмония дерегінен бөліп алу техникалық тұрғыда мүмкін емес деп түсіндірді.

Дауға айналған коронавирус статистикасы. Есеп қалай жүргізіледі?

Дауға айналған коронавирус статистикасы. Есеп қалай жүргізіледі?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:43 0:00


Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, биылғы жылдың қаңтарынан 2 тамызына дейін елде 256 мың адам пневмониямен ауырған. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңдегі көрсеткіштен 3,3 есе көп. Биыл пневмониядан көз жұмғандар саны төрт мыңнан асты, бұл былтырғы жеті айдағы көрсеткіштен 57 пайызға артық.

Бүкіл ел жаңартылған статистика 1 тамызда шығады деп күткенімен, пневмония дерегі келесі күні бір-ақ жарияланды. Бірақ деректер біріктірілген жоқ: коронавирус жұққан азаматтар мен пневмониямен ауырған науқастар және осы ауру түрлерінен болған өлім жеке есептеледі. Ресми дерек бойынша, алғашқы төрт күнде сегіз мың науқас пен 86 өлім фактісі тіркелген. Халықаралық базаларда Covid-19 статистикасы ғана жарияланады. Мысалы, АҚШ-тағы Джонс Хопкинс атындағы университет сайтында Қазақстанда коронавируспен ауырған 94 мың науқас тіркелген деп көрсетілген.

Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысында бірізділік жоғын ведомство бұйрығының жиі өзгеруінен де байқауға болады. 30 шілдеде министрлік азаматтардың бәрін, тіпті жаңа туған сәбилерді де маска киюге міндеттеді (бұл талапты орындамағандарға айыппұл салынады).

– Резеңкені алып, ортасынан кессе, ол кішірейіп сәбидің бетіне лайық болып шыға келеді. Бұл проблема емес! Жаңа туған сәбиге масканы бірнеше қабат мақта матадан дайындауға болады, – деді баспасөз мәслихатында журналистерге кеңес берген Алексей Цой.

Ақпарат құралдары батыс педиатрларына сілтеме жасап, кішкентай балаға маска кию зиян екені туралы материалдар жариялағаннан кейін, 1 тамызда денсаулық сақтау министрлігі осыған дейін шығарған бұйрығына бес жасқа дейінгі балалар кірмейтінін хабарлады. 3 тамызда журналистердің "Аутизммен ауыратын балаларға маска кимеуге рұқсат бересіз бе?" деген сұрағына Цой жауап бермеді. Келесі күні министрлік талабын қайта қарап, "медициналық тұрғыдан қарсы көрсеткіштері бар азаматтарды" маска кию міндетінен босатты.

Министр Цой журналистер сұрағына жауаптан неге жалтарады?

Министр Цой журналистер сұрағына жауаптан неге жалтарады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

Денсаулық сақтау министрлігінің барлық арифметикалық және өзге де инновацияларына дейін, шілдеде Қазақстан екі айға созылған төтенше жағдай режимінен соң екінші рет карантин жариялаған әлемдегі бірінші елге айналды. Батыс ақпарат құралдары елдегі жағдайды сипаттап, Қазақстанды "коронавируспен қалай жұмыс істеуге болмайтынын көрсететін үлгі" деп атады.

ЗАҢДЫ НӘТИЖЕ МЕ?

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметте көп жыл еңбек еткен жоғары санаттағы дәрігер Лариса Лян жүйені басқаруға медицинадан алыс адамдар тағайындалып келгенін, соның кесірінен ондаған жыл бойы денсаулық сақтау саласындағы мәселелер қордаланып қалғанын айтады. Ол көп бағыт бойынша байқалған сәтсіздіктерді осыған дейінгі жұмыстың "заңды нәтижесі" деп біледі.

– Мемлекеттік қызметте шынайы емес, жасанды бәсеке қалыптасқан. Сапа жүйесі жоқ, телефон арқылы хабарласып, өтініш айту жүйесі бар. Онда монополия, бүкіл ел деңгейіндегі жемқорлық орнаған. Мемлекеттік денсаулық сақтауды бизнеске айналдырып жіберді, – дейді Лян.

Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-белсенді Қайырғали Қонеев санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінде "бірен-саран ғана санитарлық дәрігер мен эпидемиолог барын, есесіне заңгер, экономист пен өзге мамандық иелері көп кездесетінін" айтады.

– Бірінші басшы бір департаментке жұмысқа келгенде онда жұмыс істейтін кәсіби мамандарды қуып, орнына бұл сала бойынша білім алмаған өз адамдарын әкеліп отырған. Бұл мәселені министрліктің рұқсатымен былай шешкен: мамандарға қойылатын кәсіби талаптарды "өз адамдарына" сай өзгерткен, нәтижесінде бәрі заңға сай болып шыға келген. Осылай басшылық қызметке бизнесте жүрген адамдар келе бастады. Тіпті ғылыми орталықтарды да ғылым мен медицинадан ауылы алыс адамдар басқаруға кірісті. Осының бәрі жүйенің қирауына әкеп соқты, – дейді Қонеев.

Қайырғали Қонеев коронавирус денсаулық сақтау жүйесі мен басқа да салаларға жылдар бойы зардабын тигізіп келе жатқан кемшіліктердің бетін ашып көрсетті деп есептейді.

– Медициналық білім мен медициналық тәжірибе екі бөлек дүниеге айналды. Бұл медицина ғылымының науқас саны қанша болуы ықтимал екенін дер кезінде нақты болжай алмауына әсер етті. Болжалды дерек белгілі болса, денсаулық сақтау жүйесін осы жағдайға дайындауға болады. Мұның бәрі денсаулық сақтау жүйесіндегі жүйелі дағдарысқа әкеп соқты. Оның үстіне, бұған саяси дағдарыс та қосылып отыр, – дейді Қонеев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG