Accessibility links

Пандемия кезіндегі жүктілік. Аяғы ауыр әйелді не мазалайды?


Коронавирус індеті кезінде көшеде кетіп бара жатқан маска таққан аяғы ауыр әйел. Көрнекі сурет.

Коронавирус індетінен және соған байланысты енгізілген карантин шектеулерінен жүкті әйелдер мен өмірге енді келген сәбилер де зардап шегіп жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, аяғы ауыр әйелдің ағзасы онсызда әлсіз келеді, сол себепті вирусты жұқтыруы оңай, ал емделуі қиын. Жүкті әйелдер жұрт сияқты вирус пен бактерияға қарсы күшті дәрілерді де іше алмайды – құрсақтағы балаға зиян. Азаттық жүктілігі коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келген әйелдермен сөйлесіп, олардың бастан өткен оқиғаларын баяндайды.

"БІРНЕШЕ ӘЙЕЛ БІР ТЫНЫС АЛУ АППАРАТЫНА ТАЛАСТЫ"

Екінші баласына аяғы ауыр астаналық Мақпал (кейіпкердің қалауымен аты өзгертілді – ред.) жақында короновирус қоздырған пневмониядан емделіп шыққан. Қазір үй карантинінде. Бірақ "ауруханаға науқастанып барған кезімді ұмытпаймын" дейді.

– Жедел жәрдем үшінші рет шақырған соң ғана келді. Онда да бірнеше сағат тостық. Нағыз "шарықтау шегі" еді. Аурханаға барып, рентгенге түсуге кезекке тұрғанымда әзер демалып отырған бірталай науқасты көрдім. Менімен бірге ауруханаға жүз шақты жүкті әйел келіпті. Дәрігерлер бізді қайда жатқызарын білмей састы, өйткені науқас көп, орын жоқ. Алғашқы күні сөмкемді жастанып жатып шықтым. Оған да қуандым, себебі үйде емделу мүмкін емес еді, әрі дәрілер де табылмады, - дейді ол.

Коронавирус карантині кезінде көшеде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.
Коронавирус карантині кезінде көшеде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.

Мақпал Нұр-Сұлтан перзентханаларында төсек-орын жетпеген соң, басқа науқастармен бірге орталық ауруханада үш күн емделген.

– Мұнда жүктісін де, жүкті емесін де бір бөлімге жатқызды. Науқастың хәлі қандай екенін де есепке алмады. Бірақ кейін перзентханаға ауыстырғанда бұдан да қорқынышты жағдай болды. Менімен бір палатада жатқан әйел демала алмай жатты. Мұндайда іштегі балаға да ауа жетпей қалады екен. Тыныс алайын десе кеудесінде кедергі тұратын әйелдер көп болды. Ал біздің бөлімде тыныс алатын аппарат біреу ғана екен. Сондықтан бірнеше әйел шулап бір аппаратқа таласатын. Ең қиыны – мерзімі жетіп босанғалы отырған әйелдердің демала алмай қалуы. Олар қалай босанамыз деп уайымдайтын, – дейді Мақпал.

Мақпал балаға вирустың жұққан-жұқпағанын білмейді. Босанғанша қанын тромбыдан тазарту үшін өкпе жаттығуларын жасауы тиіс.

Қазақстанда Мақпал секілді пневмония жұқтырған әйелдердің арнайы статистикасы жарияланбайды. Сондықтан, індеттің жүкті әйелдерге қалай әсер етіп жатқанын білу қиындау. Денсаулық сақтау министрлігі Азаттыққа "наурыздан бері пневмониядан 43 әйел қайтыс болды, одан бөлек анасы вирус жұқтырған бала өлімі де тіркелді" деді.

Коронавирус індеті кезінде перзентханада жатқан жүкті әйелді қарап отырған медқызметкер. Көрнекі сурет.
Коронавирус індеті кезінде перзентханада жатқан жүкті әйелді қарап отырған медқызметкер. Көрнекі сурет.

Министрлік басқа адамдарға қарағанда жүкті әйелдердің ауруды жұқтыру қаупі басым дейді. Сол үшін дәрігерге қаралу онлайн тәртіпке ауысып, босануға бұрынғыдай жақынымен емес, өзі келуді талап етіледі. Наурыз айының соңында босанған Айсұлу Рақымжанова "көмекшісіз босанудың қиын" екенін айтады.

– 42 жастамын. Сондықтан, жүктілік ауыр өтті: қан қысымым көтеріліп, аяқ-қолым ісіп кететін. Толғақ кезінде есімнен танғандай болдым, қасымда ешкім жоқ болды. Абырой болғанда мейіргер кіріп қалып, бетімді шапалақтап жатқанымды өзі байқап, сулы сүлгімен сүртті. Осыдан кейін өзімді жақсы сезіндім, жылулық маған күш бергендей болды. Менің жасымды, денсаулығымды ескерсек, маған көмекшінің болғаны маңызды еді, бірақ рұқсат бермеді. Алдыңғы балаларымды босанарда қасымда жақыным болды. Ол кезде жеңіл өткен сияқты, – дейді Айсұлу.

Айсұлу пандемия басталғанда жүктіліктің тоғызыншы айында болған. "Медицинасы дамыған елдер короновирусты жеңе алмай жатқанда, Қазақстан үшін алаңдадым" дейді.

– Қазақстанның медицинасы әлсіз екені ешкімге жасырын емес. Вирусты Қытай мен Италия сияқты елдер еңсермегенде, біздің хәліміз не болады деген қорқыныш болды. Індет басталғанда талап күшті болған жоқ. Бұрынғыдай емханаға барып жүрдік. Сондықтан өзімнің де, жақындарымның да денсаулығы үшін қорықтым, – дейді үш баланың анасы.

ДӘРІГЕРГЕ ОНЛАЙН ҚАРАЛУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ

Айсұлудың пандемия кезінде дүниеге әкелген ұлы қазір төрт айдан асқан. Бірақ өзі де, баласы да қажетті медициналық тексерулерді әлі жасатпаған. Сөзінше, карантиннен карантинге жалғасқан айларда дәрігер сәбиді де онлайн қарап жатыр.

– Онлайн қараудың маған ұнамайтын тұсы – бала ауырып тұрса, дәрігерге жазасың, бірақ ол науқастың кеудесін тыңдай алмайды. Мүмкін, оның өкпесін тексеру керек шығар? Шағым тек жазбаша болған соң, әрине, дәрігерге де түсініксіз. Менің ойымша, дәрігер мұндай кезде сәби бір жасқа толғанша үйге келіп қарауы керек, – дейді ол.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Пандемия кезінде дәрігерлер тек жаңа туған сәбиді ғана емес, жүкті әйелдерді де онлайн бақылайды. Мамырдан бері әрбір жүкті әйел оқшауланып, өзін жайсыз сезінсе де, емханамен онлайн байланысады. Нұр-Сұлтандағы қалалық емхана дәрігері Еркежан Қисықова бұл бастаманың көп әйелге ұнамайтынын айтады.

– Әйелдер шағымын дәрігерге жүзбе-жүз айтқанды тәуір көреді, себебі, оны тыңдап отырып, бірден шешім қабылдау керек болады. Мысалы, қан қысымын өлшеу я УДЗ аппаратына түсіру керек болуы мүмкін. Тексерілуі керек болса, біз әйелді шақыруға мәжбүрміз, – дейді Қисықова.

Алғаш рет босанғалы отырған Айдана (кейіпкердің қалауымен аты-жөні өзгертілді – ред.) онлайн кеңес "жүктілікті қиындатты" дейді. Он жылдай күткен қуанышы пандемиямен тұспа-тұс келгеніне қынжылады. Ол дәрігерге сөзбен жеткізе алмайтын сәттерде не істерін білмейтінін айтады.

– Ұзақ күткен жүктілігім аман-есен өтсе деймін. Жүрегім алып, құрсағым ауырған кездер болды. Қатты қорқатынмын. Ондайда дәрігерге жазасың, кейде жауап бірден келмейді. Жедел жәрдем шақыра салу да індет кезінде қауіпті. Көбінесе жүкті болған құрбыларымнан, жеңгелерімнен сұраймын. Осылай өтіп жатыр. Босануға үш айдай қалды, – дейді ол.

"ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕР ІНДЕТ ЖАЙЛЫ КӨП УАЙЫМДАЙДЫ"

Күн сайынғы вирус жұқтырғандар, өлім-жітім хабарлары Айдананың көңіл-күйімді түсіреді. Дәрігері бұл ананың өз саулығына да, іштегі баланың қалыпты өсуіне де әсер етеді деген. Сондықтан ол жаңалықпен танысуды шектеп, тек жақсы нәрселер туралы ойлауға тырысады.

– Теледидарды қоссаң да, әлеуметтік желіні ашсаң да, бар ақпарат осы пандемия жайлы. Басында бәрін бақылап отыратынмын. Кейін әлеуметтік желідегі ақпараттық парақшаларды бұғаттап тастадым. Шынымды айтсам, бүгін қанша адамның ауырып жатқанын, қаншасының жазылып шыққанын білмеймін. Тыныштық керек, жақсылықты ғана ойлауға тырысамын, – дейді жүкті әйел.

Ана мен бала. Көрнекі сурет.
Ана мен бала. Көрнекі сурет.

Психолог Алмагүл Алдабергенова жүкті әйелдердің Айдана секілді алаңдаулы екенін растайды. Маман "тыйым көбейіп, жаңа өзгерістер пайда болған сайын, тек жүкті әйелдер ғана емес, барлық адам күйзеліске түсе бастайды" дейді. Наурызда коронавирусқа байланысты карантин шектеулері енгізілгеннен бері психолог көмегіне мұқтаж жүкті әйелдердің саны артқан. Көбі уайым үстінде,"Індет жайлы көп ойлаймын, ол балама әсер етпей ме? Уайымды қалай жеңуге болады?" деп сұрайды. Күн сайын ондаған науқасқа онлайн кеңес беріп жүрген маманның айтуынша, қазір жүкті әйелдер күйзеліп отыр.

– Жүктілік кезінде әйел өзін-өзі сендіруге бейім келеді. Қазір ақпарат көп әрі қолжетімді. Әрине қосып айтатын қорқынышты, жалған хабарлар да бар. Жүкті әйелдер таңертең естіп алған оқиғаны күні бойы ойлап жүреді. Мұндайда оларға "ақпарат барынша аз болсын не бұғаттап тастаңыз" деп кеңес беремін, – дейді Алдабергенова.

Психологтың сөзінше, жүкті әйелдің жағымсыз жаңалықты естіп алып, күні-түні уайымдауы құрсақтағы баланың жүйке жүйесіне теріс әсер етуі мүмкін. Мұндайда мерзімінен бұрын босану я түсік тастау қаупі де артады.

АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын-алу орталығы (Center for Disease Control and Prevention, CDC) короновирус жұқтырған әйелдердің түсік тастау қаупі жоғары екенін жазады. Эпидемиямен күреске жауапты мекеме жүкті әйелдер мен олармен бір үйде тұратын адамдар вирус жұқтырудан сақ болуға шақырады. Ол үшін санитарлық талапты сақтау маңызды.

"ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН СӘБИ ЖҰҚПАЛЫ АУРУҒА БЕЙІМ КЕЛЕДІ"

Акушер-гинеколог Зарина Елтаеваның сөзінше, суық тию мен Covid-тің белгілері ұқсас болған соң, жүкті әйелдерде қорқыныш басым. Маман вирус жұқтыру қатардағы адамға қарағанда жүкті әйелге екі есе қауіп төндіретінін айтады.

– Аяғы ауыр адамдар бұл аурудан ұзағырақ емделеді. Жүктілік әйелдің иммунитетін әлсіретеді. Салдарынан инфекциялық ауруға шалдығуы жиілей түседі. Әдетте мұндай ауруларды вирус қарсы препаратпен емдесе, жүкті әйелдерге ондай дәріні пайдалануға болмайды. Ал емдемесе, тыныс алу жолдары бітеліп қалып, іштегі сәбидің денсаулығына зиян келеді,– дейді акушер-гинеколог.

Перзентхананың жансақтау бөлімінде арнайы аппаратта жатқан нәресте. Көрнекі сурет.
Перзентхананың жансақтау бөлімінде арнайы аппаратта жатқан нәресте. Көрнекі сурет.

Дәрігер перзентхана талаптарының не себепті күшейтілгенін түсіндірді.

– Қазір әр әйел жүктіліктің соңғы апталарында Covid-ке ПТР тестін тапсыруы қажет. Оған үлгермей қалса, анализді перзентханада тапсырады. Бірақ нәтижесі шыққанша бала анасына берілмейді. Әлемдік зерттеулерде ана сүтінен вирус анықталған жоқ. Бірақ бір жасқа толмаған сәбидің иммунитеті әлсіз, сондықтан жұқпалы ауруға бейім келеді. Перзентханада жаңа туған баланы оқшаулайтынымыз содан, – дейді дәрігер.

Баланы оқшаулауды ЮНИСЕФ ұйымы қолдамайды. Ұйымның жүктілік пен жаңа туған нәрестелердің жағдайына арналған нұсқаулығында коронавирустың ананың жыныстық сұйығында, кіндікте және омырау сүтінде табылмағаны айтылған. Осыны негізге алған ЮНИСЕФ "емізудің қаупінен гөрі пайдасы басым" дейді.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG