Accessibility links

"Операциясы кейінге қалды". Коронавирус кесірінен жоспарлы ем-домын ала алмағандар қиналды


Коронавирус пандемиясы кезінде Алматы көшесінде жүрген адамдар. 29 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты бірқатар аймақта ауруханалар жоспарлы операциялар мен ем-дом шараларын уақытша тоқтатты. Билік мұны вирус жұқтыру қаупін азайту мақсатында қолданылған мәжбүрлі шара деп түсіндіреді. Дерті жанына батқан науқастар өзіне қажет ем-домды уақытылы алмағандықтан өміріне төнген қатер ұлғайғанын айтып шағынады.

"КӨЗ АЛДЫМЫЗДА СОЛЫП БАРАДЫ"

Алматы облысының тұрғыны Күнсұлудың қатерлі ісікке шалдыққаны биылғы жылдың басында анықталған. Жасы алпыстан асқан әйел отбасымен ақылдаса келе, операциядан гөрі химия терапиясын жасату дұрыс деп шешкен. Екі рет терапиядан өткен. Үшіншісін алуға коронавирус індеті кедергі келтірген.

- Жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Дәрігерлер кеңесін онлайн режимде алып жатырмыз. Шипасы жоқ, бейдауа дерт екенін білеміз, бірақ ең болмағанда бір күн жанымызда болса дейміз. Үшінші химия терапиясын алса жағдайы жақсарар ма еді, кім біледі... Көз алдымызда солып бара жатқанын көру қиын екен, - дейді келіні Мәдина.

Коронавирус карантині кезінде Алматы көшесінде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. 21 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Коронавирус карантині кезінде Алматы көшесінде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. 21 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Күнсұлудың үшінші химия терапиясының уақыты мамыр айында келген. Аурухана науқастан коронавирус бар-жоғын анықтау үшін тексеріліп, тестілеу қорытындысын әкелуді талап еткен. Алайда, Мәдинаның айтуынша, бірде зертханада адамның көп болса, енді бірде тест алуға қажет заттар болмаған.

- Оның үстіне екі рет химия алғаны ауыр тиіп, әлсіреп қалды. Сөйтіп ары-бері тасымайық деп шештік. Қазір ем-домын үйден алып жатыр, - дейді келіншек.

Жүрегіне жасанды клапан орнату керек, бірақ операцияны көтере алар ма екен деп алаңдап отырмыз.

Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғыны Құрақбай Беймағамбетұлының онкологиялық ауруханадан шыққанына бірнеше күн ғана болған. Туыстары жасы жетпіске келген қарияның хал-жағдайы әлі де ауыр екенін айтады.

- Лейкемияға шалдыққан. Жүрегі сыр берген, жасанды клапан орнату керек екен, бірақ операцияны көтере алар ма екен деп алаңдап отырмыз. Жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жатқызайық деп едік, ондағылар "портал арқылы келіңдер" деп кіргізбей қойды. Айқай-шумен жүріп әйтеуір онкологиялық ауруханада он күн жатып шықтық, - дейді келіні Галина.

Береке ауылындағы емхананың алдында тұрған арнайы жасақ. Алматы облысы, 19 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Береке ауылындағы емхананың алдында тұрған арнайы жасақ. Алматы облысы, 19 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Наурызда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған соң елдегі онкология орталықтары карантин режиміндегі жұмыс тәртібіне көшкен. Әйткенмен науқастарды емдеуге жатқызу порталы арқылы кезегімен қабылдап, химия терапиясы мен сәулемен емдеу жұмыстары жоспарлы түрде өтіп жатыр дейді Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты өкілі Азаттыққа. Ол ем алуға келген әр науқас міндетті түрде алдын ала тексеріліп, коронавирус жұқтырмағаны туралы қорытындыны әкеліп тапсыруы тиіс екенін айтты.

"КАРАНТИН ДЕП ҚАБЫЛДАМАДЫ"

Ақтөбе қаласының тұрғыны Жәмила Аязбаева дәрігерлер лейкоз (ақ қан ауруы) деген диагноз қойған 17 жастағы қызының Алматыда емделгенін, алайда қазір карантин кесірінен емін жалғастыра алмай, қиналып жүргенін айтады.

- Қызым 2016 жылы лейкозбен ауырды. 2017 жылы тәуір болып, 2018 жылы тағы ауырды. Алматыда ем алып, МРТ-ға түскен, дәрігерлер сүйегінде кальций жетіспейді деді. Биыл ақпанда жүре алмай қалды. Ақтөбенің дәрігерлері екі жақты коксоартроз (жамбас буындарының зақымдалуы) деген диагноз қойды, бір аяғы екіншісінен 10 сантиметрге қысқа, - деді Жәмила.

Ақтөбе облыстық ауруханасының ғимараты.
Ақтөбе облыстық ауруханасының ғимараты.

Ол қызы биыл ақпанда Алматыдан келіп, Ақтөбеде портал арқылы тегін ем-домға жазылуы тиіс болғанын айтады.

Дәрігерлер бір-біріне сілтеумен келеді. Қызымның жамбас сүйегі желініп жатыр.

- Бұған дейін қаламыздағы "Дәру" клиникасында емделіп, содан қызым жақсы болатын. Қазір міне үш айдан асты, дәрігерлер бір-біріне сілтеумен келеді. Қызымның жамбас сүйегі желініп жатыр. Өткен аптада ыстығы көтерілді. Сонда да ешкім қарамай қойды, денсаулық басқармасына шағымданған соң облыстық ауруханаға жатқызды. Ішіне инфекция түскен дейді. Ыстығын қайтарып, шығарамыз дейді. Ал негізгі ауруын емдейтін клиникада карантин деп қабылдамай отыр, - дейді Жәмила.

Азаттық тілшісі хабарласқан Ақтөбедегі "Дәру" реабилитациялық медицина орталығы өкілдері клиника қалыпты жағдайда істеп жатқанын, бірақ Жәмиланың қызына қажет маманның уақытша жұмыста жоқ екенін, сондықтан мұндай науқастарды қабылдай алмай отырғанын айтты.

МӘЖБҮРЛІ ШАРА

Қазақстанда коронавирус инфекциясы тарағалы көптеген аурухананың жұмысы өзгеріп, кейбірінде жоспарлы операциялар мен ем-дом шаралары тоқтатылған. Алдын ала тіркеліп, кезегін күтіп отырған науқастардың жоспарлы операциялары кейінге шегерілген.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл коронавирус жұқтырудың қауіпін мейлінше азайту мақсатында қолданылып отырған мәжбүрлі шара деп түсіндірді. Министрлік тиісті шешімді аймақтағы денсаулық сақтау басқармалары өздері қабылдайтынын айтады.

Карантинге жабылған орталық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.
Карантинге жабылған орталық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.

Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісі Камалжан Надыров бірқатар көпсалалы ауруханалар инфекциялық стационар болып қайта бейімделгендіктен оларда коронавирустан өзге ауруларға жоспарлы операция жасалмайтынын растады.

"Жоспарлы операциялардың саны қысқарғаны рас, бірақ бұл жоспарлы емдеуді толық тоқтатады деген сөз емес. Қаладағы республикалық маңыздағы ауруханалар науқастарды жоспарға сай қабылдайды", - деді Надыров 25 маусымдағы баспасөз брифингінде.

НАУҚАСҚА ОНЛАЙН КЕҢЕС КӨРСЕТУ

Алматыдағы №5 клиникалық ауруханасы кейбір күрделі операцияларды карантин кесірінен жоспарлы мерзімінен кейінге ысыруға мәжбүр болған.

- Бет пен жақтағы ісікке, қисық біткен сүйек пен жылауыққа (киста) жасалатын операцияларды кейінге қалдырып жатырмыз. Карантинге дейін біздегі жеті бөлімде күніне 5-6 операция жасап келсек, қазір шамамен екі-үшеуін ғана жасап жатырмыз. Оның өзінде операцияға қажет анализдерден өзге ПТР тестінің қорытындысы болуы міндетті. Егер науқастан коронавирус анықталса оны инфекциялық ауруханаға жібереміз, сол жаққа бізден арнайы бригада барып, операция жасайды, - дейді есімін атамауды өтінген дәрігер.

Медицина қызметкері ауруханаға келген адамдардың дене қызуын тексеріп тұр. Алматы, 26 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкері ауруханаға келген адамдардың дене қызуын тексеріп тұр. Алматы, 26 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада да шілденің сегізіне дейін операциялар уақытша тоқтаған. Алайда шұғыл медициналық жәрдемге зәру науқастар көмексіз қалмайды дейді аурухана дәрігері.

- Қазір "емделем" деп ауруханаға келген науқастардың COVID-19 жұқтырып кету қауіпі басым. Мәселен, біз аневризма (қан тамырларының кеңеюі) диагнозымен шұғыл көмекке мұқтаж науқасқа ондай жәрдемді көрсетеміз. Ал егер жарылмаған я жақын арада жарылып кету қаупі жоқ аневризма болса, операцияны бір-екі айға шегеру – науқастың өміріне айтарлықтай қауіп төндірмейді, күте тұрған абзал. Себебі мұндай науқас коронавирус жұқтырып алса, оның иммунитеті қалай төтеп бере ме, екі бірдей дерттен аман қала ма деген мәселе туындайды, - дейді нейрохирург дәрігер Нұржан Сүлейманқұлов.

Маманның пікірінше, қазіргі жағдайда науқастарға көмектесудің ең тиімді жолы – онлайн кеңес беруді жолға қою.

Елімізде жүздеген дәрігер вирус жұқтырып, оқшауланып, карантинде жатыр.

- Вирус жұқтырғандар күнделікті көбейгенін көрген адамдар үрейге беріліп, дәріханалардан түрлі дәріні, оның ішінде антибиотиктерді жаппай сатып алып, қолданып жатыр. Мұның барлығы дұрыс емес. Қаламызда, жалпы елімізде жүздеген дәрігер вирус жұқтырып, оқшауланып, карантинде жатыр. Егер осы дәрігерлердің әрқайсысы өз ауданындағы 30-40 адамға онлайн кеңес беріп, қажет ем-домын көрсетіп отырса, емхана дәрігерлерінің жұмысы біршама жеңілдеп, адамдар арасындағы үрей мен байбалам да басылар еді, - дейді дәрігер.

Елде ауыр дертке шалдыққан жүздеген мың адам бар. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дерегінше, Қазақстанда қатерлі ісік ауруымен 187 мың адам есепте тұр.

КАРАНТИНДІ ҚАЙТА КҮШЕЙТУ

Әзірге дүниежүзінінің көптеген елі тәрізді Қазақстан үшін де ең басты мәселе – коронавируспен күрес болып отыр. Кейбір мамандар елде індеттің бірінші толқыны әлі аяқталған жоқ дейді.

Қазақстанда COVID-19 пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай (16 наурыз - 11 мамыр) аяқталып, карантин босаңсығаннан кейінгі бір жарым айдың ішінде вирус жұқтырғандар еселеп өсіп кетті. Билік елдегі кейбір көпсалалы стационарларды COVID-19 диагнозы қойылған науқастарды қабылдауға бейімдегенімен, жағдай ушығып, ірі қалалар мен кей аймақтарда ауруханаларда орын жетіспей жатқанын мойындады.

Кейінгі апталарда елде өкпе қабынуы дертіне шалдыққандар да күрт артты, қайтыс болып жатқандар да көп. Әдетте COVID-19 инфекциясы осындай өкпе дертіне душар етеді. Ресми мәлімет бойынша, биылғы жылдың алғашқы жартысында былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда пневмонияға шалдыққандар 55 пайызға көбейген.

Індеттің өршуі Қазақстан үкіметін 5 шілдеден бастап екі аптаға қатаң карантин жариялауға мәжбүр етті. Билік жағдай тұрақталмаса шектеу шарасы жалғасуы мүмкін екенін айтады.

Денсаулық министрлігінің 2 шілдедегі мәліметі бойынша, Қазақстанда наурыздан бері коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 42 574 адамға жетті. 14415 адам дерттен жазылып шыққан.

2 шілдеде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкіметі енді коронавирустан қайтыс болғандардың санын күн сайын емес аптасына бір рет жариялап отыратынын мәлімдеді. Енді ресми деректе вирус жұқтырғандар мен аурудан жазылып шыққандар саны күн сайын жаңарып, қайтыс болғандар саны бір апта бойы өзгеріссіз тұрады.

"Комиссия өлімнің себебін кісі қайтыс болғаннан кейін анықтайды. Сөйтіп кісінің коронавирустен өлгенін біз бір-екі күн кешігіп білеміз. Біз мұны апталық форматта хабарлауды жоспарлап отырмыз", - деді министр.

Жаңа тәртіп COVID-19 өлімі жөніндегі ресми дерекке байланысты күдік көбейген тұста енгізіліп отыр.

Бұған дейін 29 маусымда жарияланған соңғы ресми деректе елде коронавирустан 188 адам қайтыс болғаны хабарланған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG