Accessibility links

"Өлімді ойлауға шамам болмады". Індеттен жазылғандардың хикаясы


Дәрігерлер ауруханаға келген адамның деректерін жазып жатыр. Көрнек сурет.

1 тамыздағы ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 90 367 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 60 825-і жазылып шыққан. Ауырғандар дертті қалай жұқтырды, нені басынан кешірді, қалай емделді? Кейіпкерлердің өздері сөйлейді.

"МҰНДАЙДЫ БҰРЫН-СОҢДЫ КӨРМЕП ЕДІМ"

Қуаныш Есназаров, хирург, 44 жаста

– Алматыдағы №7 қалалық аураханада жұмыс істеймін. Наурыз айынан бастап қабылдау бөлімінде болдым. Коронавирусқа шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынасқа түскен жоқпын, дегенмен қабылдау бөліміне түрлі науқас келеді, олардың вирус жұқтырған-жұқтырмағанын білмейсің. Шілденің басында ауырып қалдым. Дертті жұмыстан жұқтырдым, себебі қонаққа барған жоқпыз, жақындарымды көрмегелі бірнеше ай болды. Тек телефон арқылы хабарласып тұрамыз.

Алдымен әлсіреп, тоңып, дірілдей бастадым. Бірнеше күннен кейін иіс пен дәм сезбей қалғанымда Covid жұқтырғанымды түсіндім.

Алдымен әлсіреп, тоңып, дірілдей бастадым. Бірнеше күннен кейін иіс пен дәм сезбей қалғанымда Covid жұқтырғанымды түсіндім. Емханаға барып, үш сағат күтіп кіргенімде "сізде ешнәрсе жоқ, бәрі дұрыс" деді. Менің "ең болмаcа рентгенге түсіріңіздер, температурам 38-ге жетті, иіс пен дәм сезбеймін" дегеніме қарамастан, "сіздікі бронхит, үйіңізге қайтыңыз" деп шығарып салды, тіпті жұмысқа жарамсыздық туралы қағаз да бермеді. Үйде бірнеше күн емделіп, жөтел үдеп, қан аралас қақырық шыққан соң компьютерлік томографияға өзім бардым. Екіжақты пневмония екен, өкпем 40 пайызға зақымданған. Бірден ауруханаға жатқызды. Аураханада жасалған ПТР тест оң нәтиже көрсетті. Өзім қант диабетімен ауырамын, инсулинге тәуелдімін, сондықтан жағдайым ауыр болды. Екі аптаға жуық аураханада жаттым. Демікпе пайда болып, сатурация (қан құрамындағы оттегі көлемі – Ред.) қатты төмендеді. Бір апта бойы күніне үш-төрт рет екі сағаттан оттегі аппаратымен демалуға тура келді.

"28 жастағы жарымды жоғалттым". Туысынан айырылғандар мен ауырған жандардың әңгімесі.

"28 жастағы жарымды жоғалттым". Туысынан айырылғандар мен ауырған жандардың әңгімесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:26:12 0:00

Адамдар әлі де бұл вирусқа күдікпен қарайды, оны біреулердің астыртын әрекеті деп санайды. Маска тақпайды, топтасып жиналады, басына түспейінше мән бермейді. Медицина мекемесінде 20 жыл қызмет етіп келемін. Осы аралықта бір мезетте осынша көп науқасты, оның ішінде жағдайы ауыр науқасты, көрген емеспін. Күн сайын көп адам көз жұмып жатты.

Отбасымызбен карантин басталған наурыздан бері ешқайда шықпауға тырыстық. Азық-түлік алуға, жұмысқа өзім ғана шығып жүрдім. Бірақ мен ауырғанда олар да ауырды, бірақ жеңіл формада өтті.

"МҰНДАЙДЫ ЕШКІМНІҢ БАСЫНА БЕРМЕСІН"

Роза (есімін өзгертуді сұрады), Ақтөбе тұрғыны, 56 жаста

– 15 маусымда Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханаға өте ауыр жағдайда жедел жәрдеммен түстім. Бірден жан сақтау бөліміне жіберіп, жеті күн өкпені жасанды желдету аппаратына жатқызды. Кейін палатаға ауыстырды, күн сайын оттегі аппаратымен тыныс алып жүрдім.

Абысыным қайтыс болып, соның жерлеуіне барғанмын. Арада бірнеше күн өткенде құрғақ жөтел мен демікпе пайда болды.

Абысыным қайтыс болып, соның жерлеуіне барғанмын. Арада бірнеше күн өткенде құрғақ жөтел мен демікпе пайда болды. Таныс дәрігерге хабарласып едім, "дереу рентгенге түс" деді. Өзім медицина орталығында жұмыс істегендіктен, үш ай сайын рентгеннен өтіп тұрамыз. Сондықтан өкпем таза екеніне кәміл сендім. Бірақ рентген екіжақты пневмония көрсетті.

Ақтөбе облыстық инфекциялық аурухана ұжымына мені ажалдан арашалағаны үшін мың алғыс. Не тамақ іше алмай, не дәретке бара алмай, жеті күн жаттым, жан сақтау бөлімінің санитарлары асты-үстіме түсіп, түтікпен тамақ беріп отырды, дәрігерлер де күні-түні жанымыздан кетпеуге тырысты. Көз жұмып жатқандар да болды.

Түсінгенім, бұл дертті жұқтырып алмаудың барлық амалын жасаған жөн. Бірақ ауырдың ба, ең алдымен психологиялық тұрғыда берілмеу керек. Өзіме "бәрі жақсы болады, үйде отбасым күтіп отыр" деумен болдым. Меніңше ойың сергек болса, жақсы тілек тілесең, ауруды жеңіп шығасың.

Осы жағдайдан соң өмірдегі құндылықтарды қайта қарап, отбасы мен денсаулықтың маңызын түсіндім. Ұлым мен күйеуіме асықтым. Қазір маскасыз ешқайда шықпаймыз, адам көп жерге бармаймыз. Күнделікті жаттығу жасап, адам жоқ кезде, таңғы 5-терде далада жүгіріп жүрмін.

"ЖАНАЗАҒА КЕЛМЕҢДЕР ДЕГЕН ИМАМДЫ ДА ТЫҢДАҒАН ЖОҚ"

Марат Қойбағаров, Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылының тұрғыны, 49 жаста

– Шиелі ауданындағы провизорлық орталықта екіжақты пневомниядан емделіп шыққан бетім осы. Бала-шағамның ортасына енді жеттім. Бүгін (22 шілдеде) ретгеннен өттім, "таза" деп көрсетті.

83-тегі анамды жерледім. Жетісіне дейін де көңіл айтушы көп болды. Арасында "ұят болады, ауырсам да келдім, үлкен кісі ғой" дегендер болды.

Шілденің 2-сінде бірнеше жыл төсек тартып жатқан 83-тегі анамды жерледім. Жерлеуге адам көп келді, имамның "жаназаға бармаңдар" дегеніне де құлақ асқан жоқ. Жетісіне дейін де көңіл айтушы көп болды. Арасында "ұят болады, ауырсам да келдім, үлкен кісі ғой" дегендер болды. Арада үш күн өткенде көкірегім ауыра бастады, температурам көтеріліп, ауа жетпей ауруханаға әрең бардым.

Ауылдық жерде жағдай қиын. Анам секілді көз жұмып жатқандар аз емес. Бала-шағам, туыстарым денесі қызып, жөтеліп жатыр. Бірақ олар дәрігер келініміздің кеңесімен үйде ем-дом алып жатыр.

Бұл әрқайсымыздың басымызға түспей сабақ алмайтын сияқтымыз. Осы күндері ауылымызда кішігірім той мен өлімге ел көп жиналып жатыр. Меніңше қатаң бақылау қажет, тіпті жаназа оқылған үйді полиция күзетсін. Басқа қалай түсіндіресің?

"ЕҢ БАСТЫСЫ КҮЙЗЕЛІСКЕ ТҮСПЕУ КЕРЕК"

Әйгерім Асқарбаева, Алматы тұрғыны

– Вирус енді өршіп келе жатқан мамырдың аяғында пневмония болып ауырдым. Ол кезде белгілі бір дәрі де, жүйе де болмаған сияқты. Сондықтан дәрігерлердің айтуымен жанама әсері көп, ауыр дәрілер ішуге тура келді. Жазылып шыққаннан он күн өткенде үш күндей тағы ауырдым.

Емделіп шыққаннан соң ұққаным, әр адам бұл дертке психологиялық түрде дайын болу керек. Қазір оған кез келген кісі шалдығуы мүмкін. Қашан, қай уақытта қай тұстан келетінін сезбей де қаласың. Мұндайда көп кешікпей емді бастаған дұрыс. Ең бастысы күйзеліске түспеу керек. Кез келген ауру сияқты бұл вирус та берілген адамның мойнына мініп алады.

Дәрігерлер маған әлі 5-6 ай күтім қажет екенін ескертті. Суық су ішуге, салқында далаға шығуға болмайды, иммунитетті көтеретін дәрумен ішіп, жақсы тамақтану керек. Оның үстіне қазір күніне 4 рет 10 минуттан жаттығу жасаймын және күніне 4 рет ауызым мен мұрнымды тазалап отырамын.

"АМАН ҚАЛУЫМ ЕКІТАЛАЙ ЕДІ"

Елена Вогонова, Алматы тұрғыны

– Қайдан, қалай жұқтырғанымды білмеймін. 25 маусымда температурам көтеріліп, әлсіреп, жөтеле бастадым, ішім өтіп, үнемі ұйқым келе берді. Емханадан дәрігер шақырттым, "бұл коронавирус па?" деп сұрап едім, "жоқ" деді, бірақ ешқандай тест жасамады, сол аптада емханада шынымен тест жоқ еді. Бес күннен кейін температурам басылған соң "бұл жай тұмау болған екен" дедім де қойдым. Бірақ артынша иіс сезбей қалдым, жөтел күшейді. Соған қарамастан, еңбекке жарамсыздық парағымды жауып, жұмысқа шығу керек болды. Себебі екі баламды жалғыз өзім асырап отырмын. Бірақ емханаға барғанда жағдайым күрт нашарлап, сол жақтан жедел жәрдем әкетті.

Жағдайым ауыр болғандықтан, өлімді уайымдауға шамам да келмеді.

Денсаулығыма байланысты онсыз да ауруханаға жиі түсемін. Осы жолы "Қалқамандағы" ауруханада мен секілді жүре алмай, қоларбада жатқандар көп болды. Ауруханада жан-жағым толы қаптаған науқас. Бұл көріністен қатты сасып қалдым, бірақ жағдайым ауыр болғандықтан, өлімді уайымдауға шамам да келмеді. Келесі күні модульдық орталыққа жеткізді. Онда алғашқы күндері жағдайым жаман емес еді, кейін әлсірей бастадым, сатурациям 75-ке түсіп, оттегі аппаратына қосты.

Орталықта Бахадур деген мейіргер болды, сол кісіге қатты риза болдым. Ол жағдайым ауыр кездері дәретханаға көтеріп апарып-әкеліп жүрді. Қантым түскенде глюкозадан бөлек таңқурай сияқты жидектер, ірімшік әкеліп берді. Олар науқастарға көмектесіп, жанұшыра жүгіріп жүрді, мұнысы бізге де дем берді.

Фраксипарин деген препарат керек болды. Үш-ақ күнге жететін дәріні әзер таптым, ол еш жерде жоқ болып шықты. Арасында талып қалып жатқан кездерімде алыпсатарларға хабарласып едім, "60 мың теңге салып жіберіңіз, препаратты таксимен жеткізіп береміз" деді. Жай күндері бұл препараттың бағасы 15 мың ғана. Сол арада бір кісі жол сілтеп, дәріні достарым арқылы дәріханадан 30 мың теңгеге алдырттым.

Сауығып шықтым, бірақ әлсіздік әлі бар, бұрынғыдай өмір жоқ, дәрігерлер қалыпты жағдайға келу үшін бірнеше ай керек дейді. Алматыда туыстарым жоқ, маған достарым, таныстарым және әлеуметтік желі көмектесті. Кейбіреулер жылы сөз жазып, демеуге тырысты. Соның арқасында аман қалдым, үйде жата бергенде қазір бұл өмір де болмас та едім.

"ӘРКІМ ӨЗ ӨМІРІНЕ ӨЗІ ЖАУАПТЫ"

Шах Мелис, дәрігер, 25 жаста

– Сәуір айында эпидемиолог мамандармен вирус жұқтырғандарды анықтап, подъездерді оқшаулап жүрдік. Үш рет сондай шақыртуға бардым. Сол кезде осы дертті өзім де жұқтырдым. Ол кезде әйелімнің аяғы ауыр еді, скрининг жасайтын уақыты келіп, гинекологы Covid-қа тест тапсыруға жіберді. Әйелімнің вирус бар болып шықты. Ақыр аяғында әйелім екеумізде және бізбен бірге тұратын екі туысымызда коронавирус бар болып шықты. Бұл індет туралы алғашқы ақпарат шыққанда шетелдік басылымдарды оқып, зерттей бастаған едім. Сондықтан оны жұқтырудан аса қорықпадым. Дегенмен алғашқы болып тесті әйелім тапсырып, оныкі расталғанда қатты үрейленгенім рас. Себебі қарапайым тұмаудың өзі балаға қандай әсер ететінін білмейсің, ал мынау – мүлде белгісіз вирус. Әйелімді "Қалқамандағы" жүкті әйелдерге арналған ауруханаға, ал мені Алматының төмен жағындағы әскери госпитальге жатқызды. Температурам 39,6 дейін көтеріліп, денем солқылдап ауырды, ангинам асқынып, созылмалы гайморит пен фарингитім қозды. Ауруханада кейде түнде тұрып, мейіргерлерге анальгин мен димедрол салдыртқан кездерім де болған.

Коронавирус пандемиясы кезіндегі медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Коронавирус пандемиясы кезіндегі медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

Ауруханада жай жатпауға, көп қозғалуға, ары-бері жүруге тырыстым. Рентген өкпемнің таза екенін көрсетті, дегенмен дем жетпей қала берді. Бұған дейін бес жыл емхананың реанимация бөлімінде мейіргер болып жұмыс істегенмін. Сол жақта операциядан кейін ұзақ жатып қалған науқастардың өкпесін ашу үшін оларға шар үрлететінбіз. Соны өзіме де пайдаландым. Ауруханада шар жоқ, оны ешкім әкеп те бермейді, сондықтан қарапайым медициналық қолғапқа шприцті скотчпен жапсырып, соны үрлеп жүрдім.

Вирусқа қарсы дәрілер мен витаминдер іштім. Ауруханада бас-аяғы 28 күн жаттым, одан кейін тағы 14 күн үйден шықпадым. Кейін емделіп шыққанан кейін өзім секілді ауырғандарға көмектескім келді. Төрт провизорлық орталыққа өтініш тастадым. Вируспен күресте алғы шепте болғым келді, бірақ алмай қойды. Қазір емханамда учаскелік дәрігер болып жүрмін. Жұмыс көп. Бұрын күніне бір-екі шақырту болса, қазір онға жуық шақыртуға барасың. Жедел жәрдем секілді жұмыс істеп жатырмыз. Кеңес алғысы келіп, күндіз-түні хабарласатындар аз емес. Бір учаскеде 1700 адам тіркеуде, біздің емхананың өзінде жиырмаға жуық учаске бар. Бізде қазір мобильді топтар құрылған, Covid симптомы барларға сол топ барады.

Меніңше, бұл індет әркімнің өз өміріне өзі жауапты екенін көрсетті. Бастысы – үрейге бой алдырмау. Мейлінше сақтық шарасын қолданып, алғашқы белгілері байқалса, уақыт өткізіп алмай дәрігерге жүгінген абзал. Әрине қазір дәрігер жетіспейді, ауруханада орын жоқ. Дегенмен, учаскелік дәрігермен үнемі байланыста болғаныңыз жөн.

"АУРУХАНАҒА АЙҚАЙ-ШУМЕН АПАРДЫ"

Айнұр Әбілбек, Алматы тұрғыны

– Ауруханадан шыққаныма бүгін 14 күн болды. Бас-аяғы он күндей ауырдым. Дем жетпей, оттегі терапиясынан өттім. Алдымен інім, кейін анам, одан кейін туысқан әпкем ауырды. Бәріне шапқылап жүріп, ақыр аяғында өзім ауруханадан бір-ақ шықтым. Оның өзінде де келген жедел жәрдем дене қызуым 39,6 болғанына қарамастан ауруханаға алғысы келмеді, таныс іздеп, айқай-шу шығарғанда барып әрең жатқызды. Ауруханада жасаған ПТР тест вирустың барын растады. Вирусқа қарсы дәрі-дәрмек пен антибиотиктің арқасында алтыншы тәулікте ғана бетім бері қарады.

Нақты кімнен, қалай жұқтырғанымды білмеймін. бәріміз карантинде болдық. Бірақ інім жұмыс істеп жүрді. Жұмысқа шықпа деп қалай айтасың? Ата-анамыз бар, өзіміз бар. Одан бөлек келіп-кеткен туыстарымыз болды. Толығымен оқшауланып, үйден шықпай отыру мүмкін емес қой. Дүкенге, дәріханаға, жұмысқа бәрібір барасың. Ал онда екінің бірі маскасыз жүреді, арақашықтықты сақтамайды, бізде тіпті ауырып жүргендердің өзі құлап қалмайынша ауруханаға бармайды ғой.

Қазір бар ойым – әкем аман-есен жазылып шықса екен. Күні бойы әкемді ауруханаға орналастыра алмай, жүгірумен болдым. Таныс іздеп, әрең дегенде орналастырдық. Әкемде де Covid...

"28 жастағы жарымды жоғалттым". Туысынан айырылғандар мен ауырған жандардың әңгімесі

"28 жастағы жарымды жоғалттым". Туысынан айырылғандар мен ауырған жандардың әңгімесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:26:12 0:00

"COVID ДЕГЕН ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС"

Жохар Өтебеков, адвокат

– Мен тоғызыншы мамырда ауырдым. Алғашқы белгілері: тамағым ауырып, мұрным бітті, жөтел мен әлсіздік пайда болды. Ал үшінші күні қызуым 40 градусқа бірден секірді. Түнде денем қалтырап, сүйектерім сырқырап, сандырақтай бастадым, тіпті галлюцинация болды. Төрт күннен кейін иіс сезбей қалдым. Бұл – Covid-тің айқын белгісі. Сосын тамағым тіпті қатты ауыра бастады. Шамамен бір аптадан соң Covid-ке тест тапсырып едім, бойымда вирус бар болып шықты.

Отбасымызбен ауырдық. Карантин басталғалы барлық сақтық шарасын орындап жүрдік. Қайдан жұқтырғанымызды әлі күнге дейін білмеймін. Әйелім мен екі ұлым жеңіл, ал мен орташа ауыр түрімен ауырдым. Ауруханада да бәріміз бірге жаттық.

Өзім үшін екі нәрсені түсіндім. Біріншіден, денсаулықты күту керек, созылмалы ауруың болса, оны жүйелі түрде емдеу қажет. Жалпы денсаулығым жаман емес, бірақ менде созылмалы тонзилит бар, соның кесірінен тамағым қатты ауырды. Ал диабеті, бүйрек ауруы бар жолдастарымның жағдайы мүлдем нашар болды. Сондықтан созылмалы ауруларыңыз болса, емдеңіздер. Екіншіден, салауатты өмір салтын ұстану керек екен. Қазір күнде таңертең жаттығу жасауды әдетке айналдырдым. Ауруды да, емделу процесін де бірге өткергендіктен, отбасында бір-бірімізге жақын бола түстік.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG