Accessibility links

"Ыдыс жуушыдан даяшыға дейін жұмыссыз". Карантин той бизнеске қалай әсер етті?


Той бұйымдары сатылатын сауда орны. Алматы, 24 шілдe 2020 жыл.
Той бұйымдары сатылатын сауда орны. Алматы, 24 шілдe 2020 жыл.

Қазақстандағы наурыз айында басталған карантин режимі той бизнесін толық тоқыратты. Тойханалар мен мейрамханалар төрт айдан асты, жабық тұр. Базардағы той саудасы жүрмей қалды. Үкіметтің есебінше, пандемия кезінде елде қызмет көрсету саласы 5,6 пайызға кеміген. Экономист "мұның соңы жұмыссыздардың жаппай наразылығына ұласуы мүмкін" дейді. Той бизнестің тоқтауы базардағы сатушыға, тойхана иесіне және асабаға қалай әсер етті? Бұл тоқыраудан алар сабақ қандай болуы тиіс?

Азаттық тілшісі Алматы қаласындағы қазақтың ұлттық киімдері, той қоржындарын, тойбастар салтына қажетті заттар сататын Арлан базарына жұмыс күндерінің бірінде барды. Әдетте саудасы қайнап, адамдардан аяқ алып жүре алмайтын базардың іші бос деуге болады. Сауда жасап жатқан адамар сирек кезігеді. Тауардың жартысы Қырғызстан мен Қытайдан әкелінсе, жартысы Қазақстанда өндіріледі. Сатушылардың көбі көңілсіз. Көбі "уақытым жоқ", "басқасынан сұраңызшы", "мен иесі емеспін, білмеймін" деп Азаттық тілшісімен әңгімелесуге құлықсыз.

Алматыдағы "Арлан" базарының сыртқы көрінісі. 24 шілде, 2020 жыл.
Алматыдағы "Арлан" базарының сыртқы көрінісі. 24 шілде, 2020 жыл.

БАЗАРДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

Базардың шеткі қатары – тойбастар мен құдалық кәдеге арналған тауарлар бөлігіне өткенімізде қарсы жолыққан сатушы ғана сұхбаттасуға келісті. Алпысты алқымдап қалған Мая Жүсіпова Қырғызстаннан келген. Үш ай карантиннен кейін саудасын қайта бастаған сатушы "бұрынғыдай сауда жоқ" деп налыды.

– Сауда жақсы болған. "Анадан он, мынадан он бес беріңіз" деп таңдамай ала беретін. Қазір енді анда-санда алады. Мысалы, мына ыдыс-аяқ өтіңкіремей тұр, – дейді ол тойбастар салуға арналған ыдыстарды нұсқап.

"Арлан" базарында той бұйымдарын сатып отырған Мая Жүсіпова.
"Арлан" базарында той бұйымдарын сатып отырған Мая Жүсіпова.

Жүсіпованың айтуынша, қазір тек "құдағиға сәлем" деген дорба мен қоржындар және қоржынның арасына салатын ұсақ-түйек моншақтар ғана өтеді. "Бұларды қазақстандық апалар тігіп әкеледі" дейді қырғызстандық сатушы.

Маямен әңгімелесіп тұрғанымызда қасымызға тағы бір сатушы келіншек келді. Айтуынша, қазір базардың жалдау ақысын төлеуге шамасы келмей, сауда орынын жабуға мәжбүр болғандар да бар.

Базарда сатылып жатқан той бұйымдары. Алматы, 24 шілде 2020 жыл.
Базарда сатылып жатқан той бұйымдары. Алматы, 24 шілде 2020 жыл.

– Бір сауда нүктесіне екі контейнерден қойылған. Әр контейнерге 35 мыңнан ай сайын 70 мың теңге төлейміз. Бұл – базар әкімшілігіне беретін ақша. Сонымен бірге, осы контейнердің иесіне әрқайсысына 400 доллардан 800 доллар төлейміз, – дейді ол.

Базарда сауда жоқ деп налыған сатушылардың бірі Ратхан Орынбаева да Қырғызстаннан келген.

– Жасым алпыста. Мына базарда амалдың жоғынан отырмын. Карантинге дейін күнінен 100-150 мың теңгенің саудасын жасаса, қазір 20-30 мың теңге тапса риза, – дейді ол.

"Арлан" базарының той бұйымдарын сататын қатары. Алматы, 24 шілде 2020 жыл.
"Арлан" базарының той бұйымдарын сататын қатары. Алматы, 24 шілде 2020 жыл.

БІР ТОЙХАНАДА КЕМ ДЕГЕНДЕ 30 АДАМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫ”

Той бизнесінің негізі – тойхана. Наурыздан бері барлық тойхананың есігіне құлып салынды. Алматының сыртында Ташкент күре жолының бойында орналасқан "Риза" тойханасының әкімшісімен телефон арқылы сөйлестік. Наурыз айынан бері билік берген 42500 теңгені нәпақа етіп жатқанын айтқан Айгүл Биписова "Тойханада жұмыс істейтін даяшылардың өзі жиырмадан астам болатын. Оған ыдыс жуушы мен аспазды, сантехник пен электрикті қосыңыз.Бір тойхананың өзінде кем дегенде отыз адам жұмыссыз қалды. Қазір олардың қайда не істеп жүргенін білмейміз" дейді.

Ал Алматыда орналасқан "Әділ" тойханасының иесі Қуат Қалиев "қазір тек шығынға жұмыс істеп отырғанын" айтты.

– Менің тойханам аса үлкен емес, орташа. Соның өзінде шашамен 40-50 адам жұмыссыз қалып отыр. Олардың барлығының отбасы, бала-шағасы бар. Арасында ұн мен шайын, майын апарып берген боламыз. Сонымен бірге тойхананың жарығы мен суына төлейтін ақшамыз бар. Өзімізге де оңай болып тұрған жоқ, – дейді ол.

Бұдан басқа да бірнеше тойханаға иеcіне қоңырау шалып, жағдайын сұрағанымызбен сөйлесуге құлықсыз болды. Тойхана салу үшін алған несиені жаба алмай жатқанын айтып, тұтқаны бірден қоя салғандар да болды.

АСАБА, БИШІЛЕР БАСҚА ТАБЫС КӨЗІН ІЗДЕУГЕ КӨШКЕН

Айтыскер ақын, асаба Болатбек Оразбаев той тоқтағалы басқа кәсіпке ауысқан. Қоңырау шалғанымызда "Құрылыста жүрмін" деген еді. Кейін оны Алматы облысы Талғар ауданына қарасты ауылдардың бірінде үй салып жатқан жерінен таптық.

Асаба Болатбек Оразбаев той тоқтағалы құрылыс саласына ойысқан. Алматы, 27 шілде 2020 жыл.
Асаба Болатбек Оразбаев той тоқтағалы құрылыс саласына ойысқан. Алматы, 27 шілде 2020 жыл.

"Құрылыс жасау өзінің сүйікті кәсіптерінің бірі екенін" айтқан Болатбек алдағы уақытта мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отырғанын да жасырмады.

– Алматыда бірнеше үйім бар. Соларды жалға беремін. Мал өсіремін, – дейді айтыскер асаба.

Төрт баланың әкесі 34 жастағы Болатбек Оразбаевтың сөзінше, нәпақасын тойдан тауып жүрген асабалардың кейбірі карантин режимі орнағаннан кейін бюджеттік мекемелерді сағалай бастаған.

– Тек асаба мен әнші ғана емес, жем сатушыдан бастап мал өсірушіге дейін дағдарып қалды. Өйткені той болмағаннан кейін мейрамханалардан ет пен сүтке, жеміс-жидек пен көкеніске сұраныс жоқ. Ал малды қолда семіртіп, оның етін мейрамханаға өткізетіндер жем сатып алуды тоқтатты. Бұған жұмыссыз қалған тойхананың ыдыс жуушысынан бастап даяшыға дейін қосыңыз, – дейді ол.

Алматыдағы жанармай құю бекетінде кассир болып істейтін 22 жастағы Анель Қуаныштай коронавирус індетіне дейін "Saulet Showbalett" ансамблінің бишісі болып, табысын тойдан тауып жүрген. Мамандығы есепші Анельдің той бизнесінде жүргенінде екі жыл болған.

– Екі айдан астам уақыт жұмыссыз жаттық. Біздің құрамдағы қыздардың көбі басқа облыстардан келген болатын. Қазір ауылдарында жұмыссыз жатыр. Мен еріксіз басқа жұмысқа ауыстым. Егер той жасауға рұқсат берсе, үйренген кәсібіме оралар едім, – дейді ол.

Анель Қуаныштай (оң жақта) ұзату тойы кезінде. Сурет Қуаныштайдың жеке қорынан алынды.
Анель Қуаныштай (оң жақта) ұзату тойы кезінде. Сурет Қуаныштайдың жеке қорынан алынды.

Анель жаңа жұмысындағы айлығы 100 мың теңге шамасында екенін айтты. Айтуынша, тойдан алатын табысы бұдан әлдеқайда көп болған.

Елде карантин шектеулеріне қарамастан көптеген тойханада жасырын той өтті. Билік елдегі маусымда коронавирустың өршуіне тығылып өткізген тойлардың да қатысы барын бірнеше рет айтқан. Қазақстанда тойханалар, той иелері карантин кезінде қонақ шақырғаны үшін айыппұл да алды. Рейд кезінде тойханаға қонақтарды жасырын есіктен кіргізіп, той жасағандар да анықталды.

Азаттық тілшісі сөйлескен асаба мен тойхана иелері “вирус жұқтырудан қорықпайсыздар ма?” деген сауалға “сақтық шараларын сақтап, маска киіп жүреміз ғой” деп жауап береді.

“ТОЙ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ КӘСІПТІҢ БАСҚА ТҮРІН МЕҢГЕРУІ КЕРЕК”

ҚазҰУ экономика факультетінің оқытушысы, экономист Дәулет Тоқтасынның есебінше, Қазақстанда той бизнес ел экономикасының 25 пайызын көтеріп отыр (Елде той саласы экономикаға қанша табыс әкеліп отырғаны жайлы ресми статистика жоқ). Ол “билік той бизнес өкілдерін карантин кезінде жағаға лақтырып жіберді” деп санайды. Экономист биліктің табыссыз қалғандарға беріп жатқан 42 500 теңгесін (шамамен 100 доллар) той бизнесінде жүргендердің түгел алып жатпағанын, алғанның өзінде жәрдемақының өте аз екенін айтады. Оның есебінше, Қазақстанда ең төмеңгі табыс деңгейі 95 мың теңге (шамамен 226 доллар) болуы керек және табыссыз қалған отбасының әр мүшесіне осы көлемдегі ақша төленуі керек.

– Той бизнесіндегілер – Қазақстан экономикасындағы ең тиімді топ. Себебі оларды мемлекет қаржыландырмайды. Олар –нарықтық қатынастағы өз нәпақасын өзі тауып, мемлекетке ауыртпалық түсірмейтін топ. Карантин жарияланғалы осы топтың жұмысы тоқтап тұр. Әр тойханада кемі елу адам жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген. Олар табыссыз қалды. Базарда да осы жағдай. Базарды бір ашады, бір жабады. Еркін сауда айналымы жоқ. Мемлекет мұндай жағдайда әр адамға 95 мың теңгеден төлеуі керек, – дейді Тоқтасын.

Экономистің сөзінше, тойхана мен базарларды жабу жұмыссыздар санының артуына әкелді. Егер дәл осы қалыпта тұра берсе, жұмыссыздық пен жоқшылықтан басталған отбасылық араздық ұлғая келе рұқсат етілмеген митингіге, жаппай наразылыққа ұласады.

ҚазҰУ оқытушысы, әлеуметтанушы Нұрболат Әйекешов “жұрт пандемиядан сабақ алып, алдағы уақытта әмбебап болуы шарт” деп санайды.

– Қарапайым жұрт бір ғана кәсіппен шектеліп қалмауы керек . Мысалы, біздің қоғамда тек қана мейрамхананы жалға беріп немесетойда видео түсірумен шектелетін, болмаса музыкалық аспаптарды жалға берумен айналысып, отбасын асырап жүрген әлеуметтік топ бар. Пандемия кезінде ең көп жапа шеккендер де осы топ. Бүгін пандемия болса, ертең басқа бір жағдай болуы мүмкін. Сондықтан тек той бизнесінің айналасында жүргендер ғана емес, кез келген қарапайым адам бірнеше кәсіпті меңгеруі керек. Бізде бір ғана кәсіппен, бір ғана мамандықпен шектеліп қалу – кешегі Совет одағынан қалған қағида. 40 жыл бір кәсіпорында жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шығады. Бірақ қазір қоғам мобильденіп келе жатыр. Дүние алма-кезек ауысып тұрады. Сондықтан қандай жағдайға да дайын болуымыз керек, – дейді маман.

Экономист Рахман Алшанов той бизнесімен айналысатындардың қалтасын санау дұрыс емес екенін, бірақ тойға шашылуды тоқтату керек екенін айтты.

– Бір Шымкентте жүздеген тойхана бар екен. Олардың әрқайсысына кем дегенде 300 адам жиналады. Яғни, тойхана салу үлкен бизнес болып кетті. Ал той жасау үшін қарапайым жұрт барын салып, несиеге кіреді. Әр тойдың әр тамадасы бар. Оның командасында оншақты адамы бар. Олардың алатын ақысының өзі қомақты. “Енді олардың ақшасын қайда жұмсады?”, “не істеді?” деген сұраққа жауап іздей алмаймыз. Ал карантин қарапайым жұрт үшін сабақ болды. Артық шығынсыз той жасауға да болатыны көрсетті. Бұдан тойдың айналасынан ақша тауып жүргендер де қорытынды шығаруы керек. Өйткені енді бұрынғыдай ашылып-шашылған той азаяр. Сондықтан [той бизнес өкілдері] кәсіптің басқа саласын, ақша табудың басқа жолын іздеуі керек, – дейді ол.

Елде коронавирус тарап, 16 наурызда төтенше жағдай мен карантин жарияланғанда үкімет тойханалар мен мейрамханалардың жұмысын шектеу қойған. 11 мамырда төтенше жағдай аяқталып, шектеулер бірте-бірте алына бастады. Жазғы алаңы бар дәмханалардың жұмысына рұқсат берілді. Бірақ той томалаққа ресми тыйым сақталып қалған.

Елде эпидемиялық ахуал нашарлап, билік 5 шілде күні екінші қайтара карантин режимін енгізді. 29 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантинді одан әрі тағы екі аптаға ұзартты. Билік 17 тамыздан бастап карантин шектеулерін жеңілдетпек. Дегенмен бұқаралық шаралар мен той-жиындарға тыйым сақталмақ.

Елде карантин жарияланған соң бірнеше қалада тойхана, мейрамхана иелері, той саласында жұмыс істейтіндер әкімдікке барып, жұмыс істеуге рұқсат етуді талап еткен. Олар “билік тойхананы ашуға рұқсат етпесе, жұмыссыз қалғандарда тиісті қолдау көрсетсін” деген. Билік бұл талапқа құлақ аспады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG