Accessibility links

Қазақстан карантинді қалай жеңілдетпек? 400 сөзбен түсіндіреміз


Алматыдағы Көк базар. 2020 жылдың сәуірі.
Алматыдағы Көк базар. 2020 жылдың сәуірі.

Қазақстан билігі коронавирус індетінің тарауына байланысты шілденің басында жарияланған карантин шараларын 17 тамыздан бастап жеңілдете бастамақ. Денсаулық сақтау министрлігі "елде эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастады" деп мәлімдеді. Қазақстанда карантин қалай жеңілдейді? 400 сөзбен түсіндіреміз.

17 тамыздан бастап елде сауда орталықтары, сауда үйлеріндегі бутиктер, жабық базарлар жұмысын бастайды. Базарларда келушілер үлесі 30 пайыз болуы тиіс. Бұдан бөлек, сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтар, косметикалық қызмет көрсететін орындар алдын ала жазылу арқылы келушілерді қабылдайды.

Бассейні жоқ фитнес орталықтар, моншалар мен сауналар 50 пайыз толымдылықпен жұмысын бастайды. Балаларға арналған түзету кабинеттері, білім беру орталықтары алдын ала жазылу бойынша, бір топта бес адамды қабылдайды. Балабақшалардағы кезекші топтар жұмыс істейді. Бір топта 15 адамнан артық болмауы тиіс. Сырттағы аттракциондар да келушілерді қабылдай бастайды. Жұрт маска тағып, арақашықтық сақтауы шарт.

Қалалардағы қоғамдық көліктер де жұмысқа оралады. Автобус жүргізушілері көлікті соңғы аялдамада дезинфекция жасап, желдетуі тиіс.

Дүйсенбіден бастап сыртта жеке және топтық жаттығулар жасауға (бес адамнан артық емес), ұлттық құрама, спорт командалары үшін 30 адам жиналып, жаттығуға рұқсат.

Той, ас беру, спорт жарыстары, отбасылық шаралар өткізуге қойылған шектеу сақталады. Барлар, түнгі клубтар, караоке, фудкорт, кинотеатр, ойын-сауық орындарыны жұмысын әлі бастамайды. Театр, музей, концерт орталықтары жабық күйінде қалады. Конференция, көрме, форум өткізуге тыйым сақталады. Бассейндер, жағажайлар, аквапарктер жабық болады. Мешіт пен шіркеу де әзірге жабық күйінде қалады.

Жолаушылар пойызы мен қалааралық автобустардың қозғалысына шектеу сақталады.

Үкімет эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру үшін демалыс күндері шектеу шаралары сақталады деп мәлімдеді. Яғни, қоғамдық көліктер тоқтап, сауда орталықтары жабылады. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ашық болады.

Үкімет жұмыс берушілерге қызметкерлердің кемінде 80 пайызына үйден жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрайды.

Қазақстан билігі маусымның соңында елде коронавирус жұқтырғандар мен пневмонияға шалдыққандар күрт өскен соң елде 5 шілдеден бастап қайта карантин жариялаған. Қазақстан – әлемде алғашқылардың бірі болып, екінші рет карантин енгізуге мәжбүр болған елдердің бірі. Бұл 16 наурыздан 11 мамырға дейін коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғанда жұрт екі айдай қатаң карантинде отырған. Кейін билік елде эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп, карантин шараларын жеңілтеде бастады. Араға екі аптадай уақыт салып, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар өсе бастады.

Үкіметтің "мамыр айының соңында елде 5 мыңнан аса адамнан вирус табылады" деген болжамы мүлде орындалмады. Ресми статистикаға сай, қазір елде 101 мыңнан аса адамнан коронавирус табылып, 1269 адам Covid індетінен қайтыс болды. Қазақстандағы індет статистикасына күдік келтіретіндер көп. Билік коронавирус жұқтырған жүздеген марқұмды “өліміне басқа дерт себеп болды” деп ресми статистикаға қоспай отыр. Бұдан бөлек, маусым-шілдеде анализі теріс, бірақ клииникалық белгілері коронаирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар ешқандай ресми статистикаға енбей қалды.

Бірақ ДДСҰ 8 тамыздан бастап Қазақстандағы коронавирус пен пневмония есебін бірге жүргізіп келеді. Ондағы дерекке сай, Қазақстанда қазір 117104 адам індетке шалдығып, 1433 адам қайтыс болған.

Қазақстан билігі наурыз-мамыр кезіндегі карантинде коронавирус пен экономикалық дағдарысты еңсеру үшін бюджеттен 10 миллиардтан астам доллар бөлген. Үкімет бұл қаржының қалай жұмсалғаны жайлы толық есеп берген жоқ. Бюджет ашықтығын зерттеп жүрген ұйымдар билікті ашықтыққа шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG