Accessibility links

"Тамақты қарызға алушы көбейді". Теміртаудың карантиндегі өмірі


Теміртау қаласында көшеде кетіп бара жатқан полиция қызметкері. 29 мамыр 2020 жыл.
Теміртау қаласында көшеде кетіп бара жатқан полиция қызметкері. 29 мамыр 2020 жыл.

Екі айдан астам уақыт карантинде отырған Теміртау қаласының тұрғындары көп адамды табысынан айырған оқшаулау шарасының салдары туралы әңгімелеп берді.

"ПАНДЕМИЯНЫ ӘЗЕР ӨТКЕРДІК"

Теміртауда сәуірдің 2-сі күні күшіне енген карантин Куликовтар отбасының жоспарын бұзды. Ерекше күтімді қажет ететін бес жастағы Анастасияны ата-анасы емдік дене-шынықтыру массажына жиі апаратын. Бірақ қалада еркін жүріп-тұруға шектеулер енгізілген кезде отбасына емдеу шараларынан уақытша бас тартуға тура келген. Теміртауда блокпосттар қойылып, Куликовтар қызын тексерту үшін Қарағандыға да апара алмаған.

- Қызымызды жоспар бойынша ауруханаға жатқызуы керек еді. Қарағандыдағы емханаға ортопедтің қабылдауына да бара алмадық. Пандемияны әзер өткердік. Карантин кесірінен көп уақыт жоғалтып алдық. Қызымның бұлшық еттеріне бассейн жақсы көмектесіп еді, бірақ пандемия кезінде ол да жабылып қалды, - дейді Анна Куликова.

Теміртау қаласына кірберістегі блокпост. 29 мамыр 2020 жыл.
Теміртау қаласына кірберістегі блокпост. 29 мамыр 2020 жыл.

Қаладағы басқа нысандармен қатар, спорт орталықтарына да маусымның 1-інен бастап жұмыс істеуге рұқсат берілген, бірақ бассейндер әзірге жабық тұр. Өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалар арасында COVID-19 вирусын жұқтырғандар бойынша бесінші орында тұрған Қарағанды облысының санитар дәрігері осындай шешім қабылдаған. Сондықтан Настяның суда жүзу жаттығуына енді қашан баратыны белгісіз.

Қазақстандағы аумағы бойынша ең үлкен өңір саналатын Қарағанды облысында карантин шаралары мамыр айында жеңілдей бастаған. Бірақ шенеуніктер COVID-19 вирусы жұққан қарағандылық азаматтың қазасынан кейін карантинге жабылған Теміртау қаласына мұндай жеңілдіктер бермеген. 180 мыңға жуық халқы бар, тіршілігі металлургия комбинатының жұмысына тәуелді моноқаладағы карантинді алып тастауға ешкім асыға қоймаған. Биліктің дерегінше, Теміртауда 300 адамға коронавирус жұққан, бұл – облыс бойынша коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқастардың үштен бірінен көп. Вирус жұқтырған науқастардың көбі - "Нұрқазған" кенінде жұмыс істейтіндер. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты кен орнында жұмыс тоқтаған.

"ВИРУСТАН ЕМЕС, ЖАБЫЛЫП ҚАЛУДАН ҚОРЫҚТЫҚ"

Билік өкілдері маусымның 1-інен бастап азық-түліктен өзге тауар сататын базарлар, сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындарға жұмысын бастауға рұқсат берді. Бұл үшін кәсіпорын өтініш беріп, тексерістен өтіп, жұмысқа дайын екенін растайтын құжат алуы керек.

Аты-жөнін толық көрсетпеуді сұраған Ирина өзі жұмыс істейтін бутик орналасқан сауда үйінің ашылуын асыға күтіп жүр. Ол тапсырыспен тігілген перде сатады. Карантиннде табыссыз қалған. Ирина әдетте осы уақытта тапсырыс көп болатынын, өйткені адамдар жөндеу жұмыстарын жүргізіп, үйдің ішін өзгертуге кірісетінін айтады. Ол биыл жағдайдың қалай өзгеретінін әзірге білмейді.

Қазір қала көшесінде адам қарасы көбейген. Жұмысын қайта жалғастырған сауда орталықтарына адамдар шағын топпен және тек бетіне медициналық маска тағып қана кіре алады. Теміртау, 29 мамыр 2020 жыл.
Қазір қала көшесінде адам қарасы көбейген. Жұмысын қайта жалғастырған сауда орталықтарына адамдар шағын топпен және тек бетіне медициналық маска тағып қана кіре алады. Теміртау, 29 мамыр 2020 жыл.

Өткен аптада азық-түлік өнімдерінен өзге тауар сататын шағын сауда орындарына жұмыс істеуге рұқсат берілді. Азаттық тілшісі қаланы аралап жүріп, дүкендердің бәрі бірдей ашылмағанын көрді. Ашық дүкендерге маскасыз кіруге болмайды.

Балалар киімін сататын дүкенде тауардың аздығы бірден көзге түседі. Сатушылардың айтуынша, қолда бар тауардың көбі өтіп кеткен, ал жаңа тауар әкелуге мүмкіндік жоқ. Олар жаңа тауар түскенде, баға өсетінін айтып, мұны доллардың қымбаттауымен (карантин кезінде мұнай бағасы төмендеп, коронавирус кесірінен болған дағдарыстан ұлттық валюта – теңге құнсызданды) түсіндірді.

Құрылыс дүкендерінің үйге арналған тауарлар бөлімі мен жиһаз салондарында адам аз. Сатушылар дүкенде қалған тауарды алуды немесе жаңа тауар келуін күту жайлы кеңес береді. Ресей жиһазын сататын дүкен қызметкері баға шамамен 20 пайызға өсетінін айтты. Тауар қымбаттайды деген деректі басқа дүкендер де растады.

- Әзірге сауда жүргізу оңай емес, қалған тауарды сатып жатырмыз. Билік карантин шараларына келгенде, шектен шығып кетті деп ойлаймын. Барлық дүкенді жабудың қажеті жоқ еді. Жұмыс істей берсек, осынша мәселеге тап болмас едік. Дүкенге бір адамнан, маскамен кіргізуге болар еді. Қаншама бизнес зардап шекті. Карантин адамдарға қанша мәселе тауып берді. Біз вирустан емес, жабылып қалудан қорықтық, - дейді люстра сататын шағын дүкен иесі.

Ол "санитарлық нормалар бойынша тексеріс ұйымдастырып, әуреге салады" деп қорқып, аты-жөнін көрсетпеуді сұрады. Кәсіпкердің бұлай қауіптенуі тегін емес: соңғы айларда Қазақстандағы жүздеген кәсіпкерге айыппұл салынып, кей азамат "карантин ережесін бұзғаны" үшін қамауға да алынған. Олардың қатарында дүкенге кіреберіс жерге дезинфекция төсенішін төсемегені немесе тұтынушыға маска таратпағаны үшін жазаланған кәсіпкерлер де бар.

АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ ҚАРЫЗҒА АЛАТЫНДАР КӨБЕЙДІ

Карантинде азық-түлік дүкендерінің жұмысы тоқтаған жоқ. Бірақ халықтың төлем қабілеті төмендеген. Теміртауда шағын дүкенді жалға алып, жұмыс істейтін Телі Ахмедова адамдар тамақты қарызға ала бастағанын айтады.

- Төлем қабілетінің төмендегені байқалады. Карантинге дейін азық-түлікті қарызға алатын 10 адам болса, қазір олардың саны 42-ге жетті. Біреу 5-10 мың теңгеге, ал енді біреу 30 мыңға қарызға алады. Бір-бір жарым айда 420 мың теңге қарыз пайда болды. Бірде тұрақты тұтынушым баласымен келіп, үйде жейтін ештеңе қалмағанын айтып, 42 мың теңгеге қарызға азық-түлік алды. Қарызын 42500 теңге жәрдемақы (үкіметтің төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға берген әлеуметтік төлемі - ред.) түскен бойда қайтаруға уәде берген. Бірақ әлі қайтарған жоқ. Аналар тобында бармын, ол жақта көмек сұраушы көп, - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер сауда көлемі қысқарғанын да айтты. Оның сөзінше, тұтынушылар ет, шұжық өнімдерін аз алатын болған. Телі Ахмедова осы себептен мұздатқышты алып тастағанын айтады.

Теміртау қаласы, 29 мамыр 2020 жыл.
Теміртау қаласы, 29 мамыр 2020 жыл.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, 16 наурыз - 11 мамыр аралығында болған төтенше жағдай режимі кезінде 42500 теңге жәрдемақы алуға 476 500 адам немесе өңір тұрғындарының үштен бір бөлігі өтініш берген. Әлеуметтік көмек 270 400 адамға берілген. Бұл – Теміртау халқының санынан бір жарым есе көп. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 42500 теңге жәрдемақы алуға сегіз миллион өтініш түскен, 4,5 миллионнан астам адамға, яғни мемлекет халқының төрттен біріне әлеуметтік төлем аударылған.

Қарағанды облысы билігінің дерегінше, төтенше жағдай кезінде жұмыспен қамту орталығына Теміртаудың 1211 тұрғыны өтініш берген. 1144 адам жұмыспен қамтылған.

Олардың көбі әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмысқа жіберілген. Кей азамат қаладағы жөндеу жұмыстарына тартылған. Теміртауда карантин шараларын жеңілдеткенге дейін жол жөндеу, төселген тастарды ауыстыру, көппәтерлі үйлердің сыртын түзету жұмыстары басталған.

Коронавирус карантиніне байланысты жабық тұрған автовокзал. Теміртаудан Қарағанды мен басқа да бағыттарға автобус 1 маусымнан қайта жүре бастайды.
Коронавирус карантиніне байланысты жабық тұрған автовокзал. Теміртаудан Қарағанды мен басқа да бағыттарға автобус 1 маусымнан қайта жүре бастайды.

Теміртауда дүйсенбіден бастап автовокзал ашылып, қалааралық жолаушы тасымалы қайта жанданды. Басқа өңірлерде де шектеулер, блокпосттар алынып, сауда мен қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар ашылып жатыр.

Халықаралық қаржы институттары сауда, көлік, туризм және өзге салаларға шығын келтірген карантиннің салдарын талдап, Қазақстан экономикасының көлемі қысқарады деген болжам жасап отыр. Еуропа қайта құру және даму банкінің болжамына сәйкес, 2020 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі карантин кесірі, мұнай өндірісінің қысқаруы мен шикізат бағасының құлдырауына байланысты 3 пайызға азаяды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG