Accessibility links

"Жәрдем жұғын болмады". 42500 теңге күнкөріске жете ме?


Коронавирус карантині кезінде Алматының шетінде сиыр жетектеп келе жатқан әйел мен бала. 2020 жылдың сәуірі. Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты қайта енгізілген карантинде үкіметтің біржолғы жәрдеміне ілінгендер бұрынғыдан әлдеқайда аз. 42500 теңге бұйырғандар азық-түлік қымбаттаған соң бұл ақшаға бір ай өмір сүру мүмкін болмай қалғанын айтады.

"КАРАНТИНДЕ ҚИНАЛЫП ҚАЛДЫҚ"

Алматы қаласының іргесіндегі Жалғамыс ауылында тұратын Майра Саматқызы (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) коронавирус карантині кезінде отбасының жағдайы қиындап кеткенін айтып шағынады. Біреудің шағын үйін айына 15 мың теңге төлеп жалдап тұрып жатқан ерлі-зайыпты Майра мен Беріктің үш баласының үлкені он бесте, кенжесі – бес жаста.

Берік қала мен ауыл арасына қатынайтын автобус жүргізушісі болып істеген. 16 наурызда елде індетке байланысты төтенше жағдай режимі мен карантин енгізілген соң жұмысы тоқтаған. Табыссыз қалған Берікке шілде айында мемлекеттен ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 42500 теңге (шамамен 100 доллар) біржолғы әлеуметтік жәрдем берілген.

Карантин кезінде мемлекеттен алатын 42500 теңге жәрдем күнкөріске жетпейтінін айтып министрлер үйіне келген балалы әйелдермен шенеунік сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 22 шілде 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Карантин кезінде мемлекеттен алатын 42500 теңге жәрдем күнкөріске жетпейтінін айтып министрлер үйіне келген балалы әйелдермен шенеунік сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 22 шілде 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Майраны күйеуіне мемлекеттен берілген 42500 теңгені үйдегі бес жанның айлық ас-суына қалай жеткізсем деген сауал мазалайды. Ол мұның алдында 11 мамырға дейін жалғасқан төтенше жағдай кезінде күйеуі де, өзі де үкіметтен екі ай қатарынан әлгіндей жәрдем алғанын айтады.

- Ол кезде екеуміз де 42500 теңгеден алдық. Ай сайынғы қажеттімізге жетті. Сол жолы мұндай қиналған жоқ едік, - дейді Майра.

Мамырда төтенше жағдай режимі аяқталып, үкімет карантинді босаңсытқан кезде Берік өзі сияқты жұмыссыз қалған көппен бірге күнделікті елдің жұмысына жалдануға шығып жүрген. Бірақ табысы өте аз ондай жұмыстың өзі табыла бермейтінін айтады.

Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі аяқталған күні Алматы қаласына кіреберістегі блокпоста қалаға кіру үшін кезекте тұрған адамдар. 11 мамыр 2020 жыл.
Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі аяқталған күні Алматы қаласына кіреберістегі блокпоста қалаға кіру үшін кезекте тұрған адамдар. 11 мамыр 2020 жыл.

Майраның сөзінше, ол бұрын жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған, ауыл арасындағы жол бойын қоқыстан тазалап, уақытша жұмыс істеген. Кейін тіркеуден шығып қалған.

Маусым айында Қазақстанда коронавирус пен жаз мезгіліне тән емес пневмония қатты өршіп, ауруханадан орын, дәріханадан дәрі табылмай, науқастар мен өлім-жітім күрт көбейген соң, билік екінші рет карантин жариялауға мәжбүр болды. 5 шілдеден бастап екі аптаға жарияланған карантин кейін 2 тамызға дейін ұзартылды. Үкімет табыссыз қалғандарға тағы да 42500 теңге әлеуметтік төлем төлеу туралы шешім шығарды. Бірақ бұл жолы Майраның отбасында жәрдем тек бір адамға ғана берілген.

- Осы жолы күйеуіме ғана ақша түсті. Ал мен әлеуметтік төлемге өтініш сұрап жіберген СМС хабарлама, неге екенін білмеймін, өтпей жатыр, - дейді ол.

Майра көктемдегімен салыстырғанда қазір азық-түлік едәуір қымбаттағанын, 42500 теңгеге бес адамның өмір сүруі өте қиын болатынын айтады.

- Наурызда Шымкенттен шығатын бірінші сортты ұнның 25 келісі 3600 теңге тұрған еді, қазір (шілде айында) 4200 теңгеден сатылады. Ұннан жасалатын өнімдер, шаруашылық тауарлары мен дәрі-дәрмек те шамадан тыс қымбаттап кетті, - деді Майра.

"ҮКІМЕТ БӨЛГЕН МИЛЛИАРДТАР ҚАЙДА ЖҰМСАЛДЫ?"

Алматыдағы жанармай бекеттерінің бірінде күзетші болып істейтін Қанат көктемдегі карантин кезіндегідей қазір де жұмысқа барып жүр. Әйелі Меруерт кәмелетке толмаған үш баласымен үйде отыр. Отбасы совет кезінде салынған ескі жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрып жатыр. Қанат бұрын тағы бір жерде күзетші болып қосымша жұмыс істеген. Бірақ алғашқы карантиннен кейін ол мекеме жабылып қалды дейді ол. Қанат ай сайын еңбекақысының үштен екі бөлігін баспанаға төлеп отырғанын айтады.

Қазір жалғыз жалақы қалай тартсаң да ештеңе жетпейді. Қосымша жұмыс іздеп көрдім, табылмады.

- Бұрын екі жерде жұмыс істеп жүргенде табысымды өйтіп-бүйтіп пәтерге де, азық-түлікке де жеткізетінбіз. Бірақ қазір жалғыз жалақы қалай тартсаң да ештеңе жетпейді. Қосымша жұмыс іздеп көрдім, табылмады. Ең арзан деп тапқан баспанамыз осы еді, енді оны төлеуге де шамамыз келмей қалды, - дейді Қанат.

Меруерт осыған дейін базардан азық-түліктің ең арзанын сатып алып келгенін, бірақ кейінгі кезде жұбайының табысын қанша үнемдесе де тамаққа жетпей қалатынын айтады.

- Бауырсақ, тоқаш, көкөністен әртүрлі тамақты өзім пісіремін. Етті өте сирек, қонақ шақырғанда ғана алатынбыз. Қазір енді ет түгілі, ұн-май, күріш пен көкөніс сатып алуға жетпей жатыр, - дейді келіншек мұңайып.

Оның айтуынша, 16 наурыздан 11 мамырға дейін жалғасқан алғашқы карантинде де, екінші жолы да үкіметтен берілген 42500 теңге әлеуметтік төлемнен құр қалған.

- Президент өткенде карантин кезінде үкімет бәленбай миллиард доллар бөлді деп айтқан еді, сол ақша қайда, кімдерге жұмсалды? – деген сұрақ қояды Қанат.

42500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алу үшін құжат жасатып жүрген тұрғындар. Қызылорда қаласы, 2020 жылдың сәуір айы.
42500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алу үшін құжат жасатып жүрген тұрғындар. Қызылорда қаласы, 2020 жылдың сәуір айы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мамырда бірінші карантин аяқталғаннан кейін ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мемлекет коронавирус пандемиясымен күреске 13 миллиард долларға жуық қаржы жұмсады деп мәлімдеген.

Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елде наурыздың соңы мен сәуірдің басында 4,2 млн-нан астам адам жұмысы мен табысынан айырылған. Мамырда 1 млн 140 мың адам, маусымда 700 мың адам жұмыссыз қалған. Өткен айда министрлік жыл соңына таман Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға дейін өседі деген болжам айтқан.

БАЗАР НАРҚЫ

Алматы қаласындағы Түркісіб базары көктемдегі екі ай төтенше жағдай режимі кезіндегідей қазір де жұмыс істеп тұр.

"Түркісіб" базарындағы сауда орындары. Алматы, 22 шілде 2020 жыл.
"Түркісіб" базарындағы сауда орындары. Алматы, 22 шілде 2020 жыл.

Азаттық тілшісі келген сәрсенбі күні базарда адам аз екен. Базарға кіреберісте кездескен көкөніс салған қапшық көтерген орта жастағы әйел:

- Карантинде үйдің жанындағы дүкеннен сауда жасап жүрсем, бұл базар ашық екенін естіп келдім, - деді.

Журналист одан базардағы бағаның жайын сұрады.

- Карантинге дейін екі келілік қапшықтағы ұнды 500 теңгеден алатынбыз. Қазір 700 теңге болыпты. Сұйық май да қымбаттап, 450 теңгеге барыпты. Бұрын төрт жүз теңгеге сатып алып жүр едік. Сары майды айтпай-ақ қой, әзірге күріш пен қанттың бағасы ғана өскен жоқ, - деді аты-жөнін атағысы келмеген ол.

Базарда сатылып жатқан ұннан жасалған өнімдер. Алматы, 22 шілде 2020 жыл.
Базарда сатылып жатқан ұннан жасалған өнімдер. Алматы, 22 шілде 2020 жыл.

Базардағы сауда орындарының көбі жабық тұр. Бұрын азық-түлік сатқан дүңгіршектердің кейбірі шаруашылық заттарын сатуға көшіпті. Саудагерлердың көбі бағадағы өзгеріс, сауданың жайын білгісі келген Азаттық тілшісімен сөйлесуге құлық танытпады. Тек шет жақтағы дүңгіршекте тауар сатып тұрған, өзін Ғабитпін деп таныстырған орта жастағы азамат қана әңгімелесуге келісті.

Ғабит азық-түлік бағасының әжептәуір өскенін айтты. Мысалы, екі келілік макарон өнімі наурызда 330-400 теңге аралығында болса, қазір 520 теңгеге жеткен.

- Маусым айында арзандап, бір литрі 500 теңге болған сұйық май шілдеде қайтадан 50 теңгеге қымбаттап кетті. Қазір базарға келуші аз. Тауар мүлдем өтпейді. Сондықтан (кәсіпкерлердің) көпшілігі контейнерін өткізіп кетіп жатыр. Бұлай бола берсе біз де жабыламыз. Өйткені жалдау құнын төлей алмайтын халге жеттік, - деді Ғабит.

Базарда сатуға қойылған азық-түлік. Алматы, 22 шілде 2020 жыл.
Базарда сатуға қойылған азық-түлік. Алматы, 22 шілде 2020 жыл.

Ғабиттың сауда орнына қарама қарсы орналасқан контейнерде күнделікті тұрмысқа қажет заттар сатып тұрған сатушы қыздың сөзінше, көктемде 180-200 теңгеден сатылған иіс сабын қазір 230 теңге тұрады.

Кірді қолмен жууға арналған 1,8 келілік ұнтақ сабын 100 теңгеге қымбаттап, 850 теңгеден сатылып жатыр. Әжетхана қағазының он данасы 450 теңге, бұрынғыдан 50 теңгеге қымбат. Кір сабынның бағасы жиырма теңгеге өскен, ал сіріңке қорабы екі есе қымбаттап, 10 теңгеге жетіпті.

Көкбазар алдында азық-түлік сатып тұрғандар мен тұтынушылар. Алматы, 21 шілде 2020 жыл.
Көкбазар алдында азық-түлік сатып тұрғандар мен тұтынушылар. Алматы, 21 шілде 2020 жыл.

Алматының орталығындағы "Көкбазардың" азық-түлік сататын жабық бөлімі қазір карантин кезінде уақытша істемейді. Ал базар сыртындағы жеміс-жидек саудасы қызып тұрған тәрізді. Мұнда да баға өскені байқалады.

Былтыр жазда килограмы 1000 теңге тұрған таңқурайды қазір 1800 теңгеден, бір жыл бұрын келісі 600 теңге болған қарақатты биыл 1000-1100 теңгеден сатып жатыр.

Базарда сатылып жатқан таңқурай мен қарақат. Алматы, 23 шілде 2020 жыл.
Базарда сатылып жатқан таңқурай мен қарақат. Алматы, 23 шілде 2020 жыл.

Құлпынай мен шие де былтырғымен салыстырғанда орташа есеппен 200-400 теңгеге қымбаттаған. Ал өткен жылы 250-300 теңге болған алманың келісі биыл 500 теңгеден түспей тұр.

Qalaisyn.kz онлайн-сауалнама панелі 13-20 шілде аралығында өткізген зерттеуге қатысқан 1283 адамның 41 пайызы негізгі қиындықтарға азық-түлік пен қызмет бағасының өсуін, 22 пайызы отбасы кірісінің азаюын (22%) жатқызған деп жазады Tengrinews сайты. Респонденттердің 14 пайызына кей тауар мен қызмет түрін пайдаланудан бас тартуына тура келген. Тұрғындардың 82 пайызы ай сайын тамаққа жұмсайтын шығыны көбейгенін, 70 пайыздан астамы карантин созылған жағдайда негізгі қажетіне, коммуналдық қызметке жұмсайтын шығынды жабу қиынға соғатынын айтқан. Бұған қоса басым көпшілігі психологиясы мен көңіл-күйіне індеттің кері әсер еткенін атап көрсеткен.

"ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ МӨЛШЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК"

Сарапшылар коронавирус пандемиясының кері әсері, әлемдік нарықта көмірсутек шикізаты бағасының құлдырауы, теңгенің әлсіреуінен елдегі жылдық инфляция Ұлттық банк белгілеген 4-6 пайыз нысаналы дәлізден ырық бермей шығып кеткенін айтады. Ресми дерек бойынша, биыл сәуірде 6,8%, ал мамырда 6,7%-ды құраған жылдық инфляцияның өсімі азық-түліктің қымбаттауына тікелей әсер етіп отыр.

Экономист Мақсат Халық үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарап, бекітуі тиіс деп санайды.

Экономист Мақсат Халық.
Экономист Мақсат Халық.

- 42500 теңге дәл қазіргі жағдайда ештеңеге жетпейді. Біздің есебімізше, ең төменгі жалақы мөлшері биыл 70 мың теңге болуы керек. Үкімет инфляцияны ескере отырып ең төменгі жалақы мен күнкөрістің ең төменгі шегін қайта есептеп, көтеруі керек, - дейді ол.

Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елде наурыздың соңы мен сәуірдің басында 4,2 млн-нан астам адам жұмысы мен табысынан айырылған. Мамырда 1 млн 140 мың адам, маусымда 700 мың адам жұмыссыз қалған. Өткен айда министрлік жыл соңына таман Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға дейін өседі деген болжам айтқан.

28 шілде күні Қазақстан еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі карантинге байланысты үкіметтен жәрдем сұраған 2,2 млн адамның 1,9 млн-на 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалып, соның 1 млн 820 мыңына ақша аударылғанын хабарлады. Оның алдында министрлік азаматтардан әлеуметтік төлемге өтініш қабылдау 1 қыркүйекке дейін жалғасатынын айтқан.

Бұға қоса үкімет карантин кезінде мұқтаж 1 млн адамға (өзі мүгедек немесе мүгедек бала бағып отырған, жұмысы жоқ адамдар) азық-түлік алуына 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 13 доллар) ақша берілетінін хабарлаған еді.​

Мұқтаж жанға берілетін 5556 теңге неге жетеді?

Мұқтаж жанға берілетін 5 556 теңге неге жетеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:24 0:00

Наурыз бен мамыр айларында жарияланған төтенше жағдай мен карантин кезінде тұрғындарға 42500 теңге әлеуметтік төлем екі рет берілген. Үкімет дерегінше, алғашқы айда - 4,5 млн адам, екінші айда 2 млн-нан астам адам жәрдем ақша алған. Ресми мәлімет бойынша, көктемде 42500 теңге алуға 8 млн-нан астам адам өтініш берген. Сол уақытта кейбір тұрғындар құжаттарды рәсімдеудің қиын екеніне шағымданған. Мамыр айында үкімет төтенше жағдай кезінде табыссыз қалып, қаржылай көмек алмағандардың өтініші қайта қаралады деп айтып, жергілікті штабтарға құжатпен баруға кеңес берген. Қазіргідей ол жолы да тұрғындар 42500 теңгеге өмір сүру қиын екенін айтып шағынған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG