Accessibility links

Қайырғали Көнеев: Қазақстанда коронавирус пандемия емес, қып-қызыл саясат болды


Қазақстанда Covid-19 індетін жұқтырған алғашқы науқастар анықталғаннан кейін карантинге жабылған Алматы қаласына кіреберістегі блокпостың алдындағы тұрғындар мен полицияның арнайы жасағы. Наурыз, 2020 жыл.
Қазақстанда Covid-19 індетін жұқтырған алғашқы науқастар анықталғаннан кейін карантинге жабылған Алматы қаласына кіреберістегі блокпостың алдындағы тұрғындар мен полицияның арнайы жасағы. Наурыз, 2020 жыл.

Қазақстанның коронавирус жайлы статистикасына күмәндануға қандай негіз бар? Мемлекеттік органдардың індет күшейген тұста "жұмыс істей алмайтыны" неден аңғарылды? "Екінші толқын" қарсаңында қайтпек керек? Азаттық осы және өзге де сұрақтарды дәрігер, белсенді Қайырғали Көнеевке қойды.

"Коронавируспен күрес кезіндегі үкімет қателіктерінің өтеуі Қазақстанға ауыр болды. Әңгіме қайда және қалай жұмсалғаны күмән тудыратын қаржыға ғана емес, індет кезінде демі үзілген жүздеген адам шығынына келіп тіреледі". Бұл – 20 жылдық еңбек тәжірибесі бар алматылық дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеевтің ойы. Жарты жыл бұрын Қазақстанда Covid-19 індеті басталғалы денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған шараларды саралап, кейбірін сынап келген маман елдегі статистиканың жүргізілу "ерекшеліктері" мен індеттің не себептен "саясатқа айналғанын" айтып берді.

"ВИРУС ФЕОДАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТЕГІДЕЙ ТАРАДЫ"

Азаттық: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда жасаған жолдауында "Үкімет [пандемия кезінде] жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді" деді. Бұл туралы не дейсіз?

Қайырғали Көнеев: Үкімет сынақтан мүлде өте алмады деп санаймын. Биліктің қателігі кесірінен қазақстандықтар қынадай қырылды. Қазақстанда коронавирус денсаулық сақтау жүйесі жоқ тап бір феодалдық мемлекеттегідей тарады. Инфекциядан ешбір қорған болмады. Әуел баста президенттің ниеті дұрыс болды. Ел ішінде төтенше жағдай жариялағанда алғашқылардың бірі болып қолдадым. Сол кезде бұл өте дұрыс шешім болды. Мамандарды даярлап, дәрі-дәрмек, төсек-орынды түгендеп, денсаулық сақтау жүйесін індетке әзірлеу керек еді. Бірақ оның ешқайсысын істеген жоқ. Эпидемияға қарсы шаралар мүлде қабылданбады. Қазір соның зардабын тартып отырмыз.

Медицина ғылымдарының кандидаты, белсенді Қайырғали Көнеев.
Медицина ғылымдарының кандидаты, белсенді Қайырғали Көнеев.

Мемлекеттік машина төтенше жағдай кезінде жұмыс істей алмады. Мемлекеттік құрылымдар мұндай қысылтаяңда дәрменсіз екенін көрсетті. Жеке қорғаныш құралдары сатып алынбады да, медицина қызметкерлері жаппай ауру жұқтырды. Науқаспен байланысқандар дер кезінде анықталмады, оқшауланбады.

Қаншама адамның жедел жәрдемге қолы жетпеді. Ауырып, үйінде жатты. Парацетамол сияқты қарапайым дәрі алу үшін жұрт сағаттап кезекте тұрды. Бұл бір өте ауыр кезең болды. Сол қателіктердің кесірінен өте көп қазақстандықтың өмірі қиылды.

Коронавирустан қайтыс болғандар жерленген зират. Алматы облысы Қараой ауылы, 25 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандар жерленген зират. Алматы облысы Қараой ауылы, 25 мамыр 2020 жыл.

Осыдан соң "үкімет пандемия кезінде жұмысты жолға қоя білді" деу – қорлау. Бұл сөз індеттен ешқандай сабақ алынбайды дегенді білдіреді. Бар проблеманы ашық айтып, мойындап, шешуге тырысу керек. Оны жасырған сайын жағдай ушыға береді.

"БӘРІНЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ КІНӘЛІ"

Азаттық: Тоқаевтың мынадай да сөзі бар: "Ең бастысы – біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Ащы да болса шындықты айтып отырмыз. Бұл – кей мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы".

Экс-министр індет басталарда үш жарым мың адам ғана ауырады деп болжаған. Бұл қаржының дұрыс бөлінбеуіне алып келді.

Қайырғали Көнеев: Президентке қате ақпарат берген. Әрине, бұл мүлде олай емес. Біздің статистика түкке тұрғысыз. Министрлік әлі күнге дейін коронавирус инфекциясының вирус нақты анықталған және анықталмаған екі түрін бір мәліметке қоса алмай келеді. Осыдан кейін "статистика шынайы" деп қалай айтуға болады?

Алматы тұрғындары дәріхана алдында кезекте тұр. 8 шілде 2020 жыл.
Алматы тұрғындары дәріхана алдында кезекте тұр. 8 шілде 2020 жыл.

Азаттық: Кейбір сарапшы министрлік статистиканы "әдейі бұрмалады" деген сыңайда пікір айтады. Сіздің ойыңызша, мұндай болды ма?

Қайырғали Көнеев: Иә, [бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан] Біртановтың кезінде болды. "Коронавирус жұқтырған, бірақ ауру белгісі жоқ азаматтарды жалпы статистикаға қоспаймыз" деді ғой. Бұл да аурудың бір түрі еді. Оларды статистикаға қоспау нені білдіреді? Бұл – тиісті төсек-орын әзірленбейді, жағдай дұрыс сараланбайды, стратегиялық шешім қабылданбайды деген сөз. Сондықтан ресми статистикада – басқа, шын мәнінде басқа жағдайға куә болдық. Экс-министр індет басталарда үш жарым мың адам ғана ауырады деп болжаған. Денсаулық сақтау жүйесі сонша адамға ғана дайындалды. Шын мәнінде ауырғандар жүз есе көп болып кетті. Бұл қаржының дұрыс бөлінбеуіне алып келді.

Эпидемия басталғалы Қазақстан ауруханаларындағы төсек-орын саны анық болмады. Күштің бәрі қайда кетті? Астанаға, Алматы мен Шымкентке жіберді. Бірақ ауруханалар науқасқа лық толған Қазақстанның батысы індеттен қатты зардап шекті. Мұның бәрі стратегиялық жоспарлаудың жоқтығынан. Медицина саласындағы шенеуніктердің қолында айқын картинаның болмауы осыған ұрындырды.

"Саяси астары бар" анализ, "епсіз" жүйе һәм Тоқаевтың мақтауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:12 0:00

Азаттық: Алексей Цой министр болып тағайындалған соң денсаулық сақтау министрлігі түрлі мәлімдеме жасады. Мәселен, тамыздан бастап тестінен вирус табылмаса да, Covid белгілері бар адамдар мен вирус анықталған адамдар ортақ статистикаға қосылатыны айтылды. Бірақ 2 тамыздан бастап министрлік екі деректі бөлек-бөлек жариялады. Соған қарамастан статистиканы "біріккен" деп атайды. Оның үстіне 1 тамызға дейін пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандарды базаға қоспаған. Бұл туралы не айтасыз?

Медицина қызметкері болсаң, анализ қорытындысы денсаулығыңа қарай емес, саяси позиция тұрғысынан беріледі.

Қайырғали Көнеев: Бір санды екіншісіне қоса салу оңай көрінгенімен, министрліктің деректерді біріктіруге ресурсы болмады. Екеуі әуел баста екі түрлі ауру саналып кеткендіктен, кейін өзгерте алмады. Медицина саласындағы мемлекеттік машина тым алып, ебедейсіз, епсіз. Министрлік "Біз мұны пневмония деп келіппіз. Сөйтсек бұл коронавирустың бір түрі екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да вирус жұқтырғандардың 30 пайызға жуығының тестінен инфекция табылмай жататынын айтты. Демек, есеп жүргізуді өзгертуіміз керек" дей алмады.

Статистиканы қосу қиын, бірақ жасауға болатын нәрсе еді. Ешкім жауапкершілік алғысы келмеген сияқты. Жаңа министр манипуляция жасады деуге болмас. Ол шынайы статистика қандай екенін білген де жоқ.

Мұнда медицина қызметкерлеріне өтемақыны төлемеу сияқты саяси фактор да болуы мүмкін. Індет басталғанда Тоқаев "медицина қызметкері ауру жұқтырса – 2 миллион теңге, қайтыс болса 10 миллион теңге өтемақы төлейміз" деген. Билік дәрігер мен қызметкердің бәріне бірдей өтемақы бермес үшін айла ойлап тапқан сияқты. "Сенде Covid анықталды, ал сенікі – пневмония" деп, қаржыны алалап төлейді.

Вирус жұқтырған науқастармен байланыста болған, компьютерлік томографиясында "күңгірт шыны"("күңгірт шыны" эффекті – өкпеде патологиялық өзгеріс барын көрсететін белгі – ред.) болса да, оларға "коронавирус" диагнозы қойылмады. Бұл да манипуляция. Неге? Себебі ұлттық экспертиза орталықтары денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Коронавирус бар-жоғын анықтауға анализ тапсырарда анкетада медицина қызметкерісің бе, жоқ па – соны көрсетесің. (Ұлттық сараптама орталығының Алматыдағы өкілдігі анализ тапсырушы медицина қызметкері болса, анкетада соны көрсетуге "міндетті екенін" айтты. Орталық өкілінің сөзінше, бұл кейін сол адаммен байланысуға қажет. Ал астанадағы орталық "анкетада қызметіңізді көрсетудің қажеті жоқ" деді – ред.) Оның не керегі бар? Аты-жөнің мен байланыс нөмірің ғана қажет емес пе? Медицина қызметкері болсаң, анализ қорытындысы денсаулығыңа қарай емес, саяси позиция тұрғысынан беріледі.

Қазақстанда коронавирус пандемия емес, қып-қызыл саясат болды.

Азаттық: Қанша дәрігер ауырды?

Қайырғали Көнеев: Өте көп. Ресми есеп бойынша, 8 мыңнан асады. Ресми емесі қанша? Ауырса да, есепке алынбағаны ше? Ешкім келіп анализ алмағандықтан, коронавирусқа тест тапсырмағанды қосса қанша болады?

Қазақстан коронавируспен күреске Қырғызстаннан 20 есе көп қаржы жұмсаған. Бірақ онда ауырған медицина қызметкерінің саны біздікінен үш есе аз.

Қазақстанда неге мұнша көп медицина қызметкері ауру жұқтырғанын білгім келді. Біздің дәрігерлердің басқа елдегі мамандарға қарағанда кәсібилігі кем емес. Бәрін [бөлінген ақшаны] жемқорлық қылғыды. Есептеп қарасам, Қазақстан коронавируспен күреске Қырғызстанмен салыстырғанда жан басына шаққанда 20 есе көп қаржы жұмсаған екен. Қырғызстанда ауырған медицина қызметкерінің саны біздікінен үш есе аз. Оның үстіне олар статистиканы анық көрсетіп отыр. Цифрды бұрмалаған жоқ.

Азаттық: Медицина қызметкерлерінің мұнша көп ауруы нені білдіреді?

Қайырғали Көнеев: Бұл – коронавирус инфекциясына дайындығымыздың көрсеткіші. Бұл соғыс кезіндегі санитарлық шығындар сияқты нәрсе. Неге Қазақстанда ахуал бұлай болды? Провизорлық не инфекциялық емханада жұмыс істемейтін дәрігерлер жеке қорғаныш киімін кию туралы шешімді өз бетінше қабылдай алмады. Өйтсе оларды елді дүрліктіріп жатыр деп кінәлаған болар еді. Оның үстіне стационарларды инфекциялық және инфекциялық емес деп бөлу мүлде дұрыс болмады. Бірінші күннен-ақ әрбір науқасқа коронавирус жұқтырған адамдай қарап, изолятор арқылы өткізіп отыру керек еді. Олай істемеді.

ЕКІНШІ КАРАНТИННІҢ "САЯСИ АСТАРЫ"

Азаттық: Қазір Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны бойынша алғашқы отыз елдің қатарында. Ресми дерек бойынша, коронавирус жұқтырғандар 106 мыңнан асады. Шын мәнінде қанша адам ауырды деп ойлайсыз?

Қайырғали Көнеев: Халықтың кемінде тең жартысы вирус жұқтырды деуге болады. Тіпті 70 пайызға жуықтауы мүмкін. Қаншама адам ауырып, дәрігерге қаралып, ем-домын жасады. Олар ешқандай анализ тапсырған жоқ. Науқастарды үйінде емдеген дәрігерлер болды. Тіпті дәрігер жетпеген кездер де болды. Науқастар [дәрігерге] хабарласа алмады, бара алмады. Жұрт интернетке қарап емделіп жатты. Нағыз коллапс болды. Вирус ешбір әулетті айналып өтпеді деуге болады. Індет кезінде жақыны, танысы не туысынан айырылмаған адам жоқ. Осының бәрін көре тұра, "Қазақстанда коронавирус індеті жайлы өтті" деу өтірік.

Алматы тұрғыны коронавурисқа тест тапсырып отыр.
Алматы тұрғыны коронавурисқа тест тапсырып отыр.

Азаттық: Ресми статистикаға қарасақ, соңғы кездері бірнеше қалада коронавирус анықталғандар азайып келеді...

Қайырғали Көнеев: Бұған үкіметтің де, денсаулық сақтау министрлігінің де қатысы жоқ. Кез келген инфекция осылай таралады. Адамдар жаппай ауырады да, ел ішінде ұжымдық иммунитет қалыптасқанда науқастар азая бастайды. Індет бәсеңдеуі үшін коронавируспен өте көп адам ауырып шықты.

Азаттық: Екі рет жарияланған карантиннен пайда болды ма?

Қайырғали Көнеев: Бірінші карантин дұрыс шешім болды. Екіншісі жарияланғанда қолдаған жоқпын. Коронавирус жұртқа тарап кеткен, әрбір екінші қазақстандықтың бойында инфекция болды десек те артық емес. Екінші карантинді енгізу туралы шешім қабылдауға эпидемия ахуалы себеп болмады. Ол саяси шешім еді. Жұрт ішінде наразылық күшейді, жұмысынан айырылып, әлеуметтік көмекке қолы жетпегендер көбейді. Олар ереуілге, митингіге шығуға әзір болды...

КЕЛЕСІ ТОЛҚЫН БОЛА МА?

Азаттық: Тамызда денсаулық сақтау министрлігі "күзде індетке байланысты қандай ахуал болары жайлы болжам жоғын" айтты. Болжамның болмауы қалыпты нәрсе ме?

Қайырғали Көнеев: Денсаулық сақтау министрлігі ресми дерек елдегі шынайы жағдайдан алшақ екенін жақсы түсінеді. Болжам жасамайтыны да содан. Қазақстандағы ресми ақпар бойынша, елде індеттің екінші толқыны болады әрі ол ауыр өтуі тиіс. Бірақ ресми деректер ғана соған нұсқайды.

Коронавирус бар-жоғын анықтауға анализ алатын орталықтың маңы. Алматы, 8 шілде 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Коронавирус бар-жоғын анықтауға анализ алатын орталықтың маңы. Алматы, 8 шілде 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Азаттық: Бірнеше қала әкімдігінің өкілдері Азаттыққа сұхбатында күзде болатын "екінші толқынға" дайындалып жатқанын айтты...

Қайырғали Көнеев: Екінші толқын неге болды? Коронавирус инфекциясына маусымдық тұмау инфекциясы келіп қосылады. Ауа арқылы тарайтын инфекциялардың осындай қасиеті бар. Екеуі бірігіп, "суперинфекцияға" айналады. Тұмау коронавирус тасып жүретін пойыз вагоны іспеттес. Батыс елдері неге алаңдап отыр? Себебі оларда ұжымдық иммунитет жоқ. Ал қазақстандықтардың көбі ендігі ауырып, айығып алды. Ұжымдық иммунитет арқасында "екінші толқын" жеңіл өтеді деп ойлаймын.

Көп зертхана басшыларымен сөйлестім. Олардың сөзінше, маусымда коронавирус анықталған адам көп болса, қазір керісінше, тест тапсырғандардың шамамен 60 пайызынан антидене табылып жатыр. Бұл халықтың жартысына жуығы инфекция жұқтырды дегенді білдіреді.

Кей адамда антидене жоғалып кетуі не тіпті болмауы мүмкін. Бірақ олар да екінші рет ауырмайды. Бұған жасуша жады көмектеседі. Олар вирусты жұқтырған күннің өзінде әуелгідей ұзақ ауырмайды, жеңіл өтеді.

Азаттық: Екінші толқын болған жағдайда, оған әзірлену кезінде қандай қателіктерді ескерген жөн?

Ақшаның бәрін талан-таражға салмай, дұрыс жаратсақ, 3-4 жылда Қазақстанның денсаулық сақтау саласы халықаралық стандарттарға сай болады.

Қайырғали Көнеев: Өкінішке қарай, денсаулық сақтау жүйесінде бақылау көп. Дәрігерлерге, емханаларға көбірек құзырет беру қажет. Індетке қарсы шараларды жақсарта түсуіміз керек. Қазір дәрігер науқасты қалай емдеу керегін өз бетінше шеше алмайды. Дәрігердің алдында клиникалық хаттама, министрлік бұйрығы жатады. Көзсіз соған бағынуы керек. Себебі ертең бірдеңе бола қалса, дәрігерді тексергенде оны білімі мен білігіне емес, министрлік бұйрығын орындады ма, жоқ па – соған қарап бағалайды. Ал бұйрықтың көбі ескі. Қазіргі уақытқа мүлдем сай келмейді.

Емдеу хаттамаларын жақсартуымыз керек. Антидене бойынша халықты жаппай скринингіден өткізу керек. Билік неге өйтпейді? Себебі антиденесі бар адамдар саны шықса, коронавирус жұқтырғандардың шынайы көрсеткіші білініп қала ма деп қорқады.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы денсаулық сақтау саласының бюджеті өсіп келеді. Бюджет қысқарған жыл болған емес. 10, 15, 3 пайыз болсын – жыл сайын өсіп жатыр. Қазір бұл салаға 1,7 триллион теңге жұмсалады. Індет кезінде қосымша 6 миллиард теңге бөлінді. Соның бәрі қайда кетіп жатыр? Сол ақшаның бәрін талан-таражға салмай, дұрыс жаратсақ, 3-4 жылда Қазақстанның денсаулық сақтау саласы халықаралық стандарттарға сай болады. Құдайға шүкір, академиялық ресурсымыз бар. Бірақ мемлекеттік басқару жағы ақсап тұр. Бақылау тым көп, сондықтан ол бір орнында тұрып қалды. Ілгері қарай жылжымай тұр. Денсаулық сақтау жүйесінің өзі Қазақстанды тұңғиыққа тартып барады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG