Accessibility links

Пандемия Қазақстанда эпидемиолог тапшы екенін көрсетті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирус індеті тараған тұста денсаулық сақтау министрлігі елде 4 мың дәрігер, 800 эпидемиолог жетпей жатқанын мойындады. Министрлік қысқа уақытта медициналық оқу орындарындағы 300 студентті эпидемиолог мамандығына қайта оқытып, 9 мың дәрігердің біліктілігін арттыратынын мәлімдеді. Қазақстанда неге эпидемиолог маман тапшы? Министрліктің асығыс қадамы мәселені шеше ме?

Айым Оқаева Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы медицина университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау факультетінде эпидемиолог мамандығы бойынша соңғы – 4-курста оқиды (бұрын Қазақстандағы медициналық ЖОО-да эпидемиология факультеті болып, студенттер бұл мамандықты алты жыл оқитын. Он шақты жыл бұрын факультет Қоғамдық денсаулық сақтау факультетіне біріктірілген).

COVID-19 вирусына қарсы күресіп жатқан дәрігерлердің құрметіне сурет салынған көпқабатты тұрғын үйдің қасынан өтіп бара жатқан маска таққан адам. Алматы, 24 сәуір 2020 жыл.
COVID-19 вирусына қарсы күресіп жатқан дәрігерлердің құрметіне сурет салынған көпқабатты тұрғын үйдің қасынан өтіп бара жатқан маска таққан адам. Алматы, 24 сәуір 2020 жыл.

Биыл Алматыдағы ірі медициналық оқу орнында эпидемиолог мамандығын Айыммен бірге 40 студент тәмамдайды. Олар коронавирус пандемиясы кезінде қаладағы тауарлар мен қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінде іс-тәжірибеден өтіп, вирус жұқтырғандардан сауалнама алып жүр.

- Коронавирус біздің елге де келді. Сол себепті комитетпен бірлесіп, аурудың алдын алуға көмектесіп жүрміз. Яғни, індетпен тіркелген адамдар арасында "Қалай, қашан ауырды? Қорғану жолын біле ме? Қанша адаммен байланыста болды?" деген сияқты сұрақтармен сауалнама жасап жатырмыз. Бірінші курста көбіміз "болашақта не істейтінімізді" түсінбедік. Оның бәрін қазір вирус тарап жатқанда практика барысында ұқтық. Сондықтан мамандық таңдағанда қателестім деп ойламаймын, - дейді ол.

Биыл Қазақстанда Айым Оқаев сияқты эпидемиолог маман дипломын алатындар аз. Коронавирус пандемиясы тарап, елде жүздеген дәрігер COVID-19 вирусын жұқтырған тұста Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова елде 4 мың дәрігер және 800 эпидемиолог жетпейтінін айтты. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлеуметтік желіде елде қысқа уақытта медициналық оқу орнындағы 300 студент қайта даярлау курсы арқылы эпидемиолог мамандығына оқытылатынын мәлімдеді. Ол үшін биыл бакалавриат бітіретіндер эпидемиология бойынша қосымша сабақ оқиды.

Коронавирусқа байланысты карантин кезінде Шымкентке кіреберістегі блокбекеттен өткен адамдар мен көліктерді тексеріп тұрған медицина қызметкері мен әскерилер. 30 сәуір 2020 жыл.
Коронавирусқа байланысты карантин кезінде Шымкентке кіреберістегі блокбекеттен өткен адамдар мен көліктерді тексеріп тұрған медицина қызметкері мен әскерилер. 30 сәуір 2020 жыл.

Бірақ медицина ғылымының докторы, профессор Сәкен Әміреев денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиолог мамандарды аз уақытта дайындау жоспарын "құр сөз" деп қабылдайды. Ғалым басқа мамандықта оқыған медицина қызметкерінен тез арада эпидемиолог шығару мүмкін емес деп санайды.

Жай сөзбен маман дайындалмайды. Маман дайындап шығару үшін ұстаздар, профессорлар болуы керек.

- Кезінде [Қазақстанда] санитарлық гигиена мамандарын дайындайтын медициналық-профилактикалық факультет болған. Кейін жабылды. Соның салдарынан біз осындай жағдайға жеттік. Қазір мемлекет "жетпей жатқан эпидемиологты қысқа уақытта дайындау керек" дейді. Оны кім дайындайды? Тез арада дайындаймыз дегені – құр сөз. Жай сөзбен маман дайындалмайды. Маман дайындап шығару үшін ұстаздар, профессорлар болуы керек. Дұрысы, елдегі алты медицина университетінде эпидемиология факультетін қайта ашу керек. Бұл мамандықты оқыту үшін жан-жаққа тарап кеткен мамандардың басын қосып, жинау керек. Мамандарды шақырса, бұл мәселе шешіледі, - дейді профессор.

Коронавирусқа байланысты карантин кезінде көшеге дезинфекция жасап жүрген адамдар. Орал, 18 сәуір 2020 жыл.
Коронавирусқа байланысты карантин кезінде көшеге дезинфекция жасап жүрген адамдар. Орал, 18 сәуір 2020 жыл.

Маман Қазақстан алдағы уақытта осындай індеттерге дайын болуы үшін эпидемиолог мамандарды даярлауды реттеумен қатар СЭС қызметін де қалпына келтіруі керек деп есептейді.

- Совет одағы кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет деген болған. Қазақстанда кейін "бұл қызметтің қажеті жоқ, бұл артық, оның медицинаға қатысы жоқ" деген теріс көзқарас пайда болып, жабылды. Бәлкім, ондай пікірдің қалыптасуына жоғары жақта отырғандардың айтқаны да әсер еткен шығар. Штаты қысқарды. Базасы жоқ. Тек аты ғана болмаса, көп маман ол саладан кетіп қалды. Олардың жалақысы азайып қалды. Енді соны қалпына келтірмей, жағдай түзелмейді, - дейді ол.

Алматылық дәрігер, белсенді Қайырғали Көнеев эпидемиологтардың аздығына мардымсыз жалақымен қоса жемқорлық себеп деп санайды.

СЭС жемқорлыққа батқан саланың біріне айналды. Ондай жағдайда жұмыс істегісі келмеген кәсіби мамандар ол жерден кетіп қалды.

- Эпидемиолог мамандар неге аз? Олардың көбі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтен кетіп қалған. Қазір жеке клиникаларда, ірі мейрамхана-қонақ үй кешендерінде отыр. Тәуелсіз аудит болып істеп жүр. Бірінші себеп – жалақының аздығы. Екінші себеп – әкімшілік қысым. Қазір санитарлық-эпидемиологиялық қызметте жемқорлық тамыр жайғаны бәріне аян. СЭС жемқорлыққа батқан саланың біріне айналды. Ондай жағдайда жұмыс істегісі келмеген кәсіби мамандар ол жерден кетіп қалды. Мұның бәрі кейінгі екі-үш жылда болды. Қазір санитарлық-эпидемиологиялық қызметте эпидемиологтардың орнында заңгер, экономист, педагог отыр. Медициналық білімі бар көп маманды қайдан табарын білмей, медициналық білімі барлар ғана жұмыс істесін деген талапты алып тастады. Қазір осыны түбімен жойып, бұл саланы қайта өзгерту керек, - дейді дәрігер.

Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин де эпидемиолог маман тапшылығын растайды. Ректор "эпидемиолог мамандардың аздығына жалақының төмендігі, мемлекеттік гранттың аз бөлінетіні себеп" дейді ол.

Астана медицина университетінің "Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының" меңгерушісі Динагүл Баешева "Бұған дейін Қазақстанда инфекция жағынан проблема болған жоқ. Вакциналар бар. Вакцина болмаса, мықты антибиотиктеріміз бар деген уәж айтылды. Сондықтан мамандар дайындау азайды" дейді.

Сәуір айының соңында парламент мәжілісінің отырысында депутат Азат Перуашев үкіметке сауал жолдап, осыдан біраз уақыт бұрын жабылып қалған эпидемиология факультетін қайта ашуды сұрады. Перуашев "бұл мамандықты тәмамдағандар жұмыс таппай қалды. Ал СЭС органдары жұмысқа эпидемиологтар мен вирусологтарды емес, менеджерлер мен заңгерлерді алды" деді. Ол үкіметке Қарағанды мен Батыс Қазақстан облысындағы медициналық оқу орындарында эпидемиология факультетін ашуды, басқа ЖОО-да эпидемиолог мамандығын қалпына келтіру жайлы ұсыныс айтты.

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.
Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мамырдың 4-і күні денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында жарияланған сұхбатында "мәселені шешу үшін биыл ЖОО эпидемиология мамандығы бойынша профильді магистратура ашылатынын, осы мамандық бойынша студенттерді қабылдау артатынын" айтты.

Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, Қазақстанда медицина саласында 250 мың адам қызмет атқарып жүр. Олардың 72 мыңы – дәрігер. Ал қазір коронавируспен күреске 16 мың медицина қызметкері жұмылдырылған.

Кейінгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар 5090 адамға жеткен. 1941 науқас дерттен айыққан. 31 адам қайтыс болды.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары вирус жұқтырғандар саны жағынан алда тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG