Accessibility links

"Балалар Covid-19 вирусын жеңіл өткереді". Оның балаларға әсері жайлы тағы не білеміз?


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 жұққан науқастардың 8,5 пайызы – 18 жасқа толмаған балалар екенін, басқа жастағыларға қарағанда сбалалар арасында өлім көрсеткіші төмен екенін айтады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 жұққан науқастардың 8,5 пайызы – 18 жасқа толмаған балалар екенін, басқа жастағыларға қарағанда сбалалар арасында өлім көрсеткіші төмен екенін айтады.

Қазақстанда қаңтар мен қараша аралығында 18 жасқа толмаған 4835 балаға Covid-19 вирусы жұққан. Бірақ коронавирус инфекциясымен ауырған балалардың бәрі бірдей ресми статистикаға кірмейді. Олар ауруды көбіне айқын белгілерсіз, жеңіл өткеретіндіктен, ата-аналар емханаға бармайды. Қазір коронавирус инфекциясынан кейін пайда болатын Кавасаки синдромы мен індеттің екінші толқыны алаңдаушылық туғызып отыр. Азаттық мамандармен сөйлесіп, вирустың балаларға әсері туралы сұрады.

БАЛАЛАРДЫҢ КОРОНАВИРУСПЕН АУЫРУЫ

Ғалымдар мен дәрігерлер Қазақстанда балалар арасындағы коронавирусқа қатысты жағдай тұрақты екенін айтады. Мамандар бұл балалардың физиологиялық ерекшелігімен байланысты деп түсіндіреді.

– Анатомиялық-физиологиялық ерекшелігіне байланысты балаларда коронавирус инфекциясы әдеттегіден басқаша жүреді. Бірінші кезекте, балалардың көбінде ешқандай ауру белгісі байқалмайды. Ата-ана балаға вирус жұққаны туралы кездейсоқ, ПТР тест немесе қан тапсырған кезде бір-ақ біледі. Сол кезде ғана баланың ауырып жазылғаны немесе қазір ағзасында вирус бары анықталады, – дейді ұлттық медицина университетіндегі балалар инфекциялық аурулары кафедрасының профессоры Ләззат Ералиева.

Ералиеваның дерегінше, балаларда коронавирустың орташа ауыр және ауыр формасы өте сирек кездеседі.

– Балалар Covid-19 вирусын жеңіл өткереді, өйткені олардың көбіне жоғарғы тыныс алу жолдары зақымданады. Коронавирус өкпеге түспейді. Ғалымдар вирус ішке ену үшін оған жасушаның беткі қабатындағы ақуыз керек деп топшылайды. Жасушаның беткі қабатында ерекше рецепторлар бар. Солар арқылы вирус жасушаның ішіне түседі. Балалардың төменгі тыныс алу жолдарында мұндай рецепторлар аз болуы мүмкін. Сондықтан коронавирус олардың өкпесін зақымдамай, қарапайым ОРВИ сияқты өтеді, – дейді "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Риза Боранбаева.

Боранбаеваның айтуынша, Covid-19 вирусы балаларға ересектермен бірдей деңгейде жұғуы мүмкін. Оның үстіне, ересектер сияқты балалар мен жасөспірімдер де вирустың таралуына ықпал етеді.

Балалар арасында коронавирустың басқа салдарымен қатар Кавасаки синдромы да кездеседі. Оны басқаша "мультижүйелік қабыну синдромы" деп те атайды.
Балалар арасында коронавирустың басқа салдарымен қатар Кавасаки синдромы да кездеседі. Оны басқаша "мультижүйелік қабыну синдромы" деп те атайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, коронавирус жұққан науқастардың 8,5 пайызы – 18 жасқа толмаған балалар. Басқа жастағы адамдармен салыстырғанда, балалар арасында өлім көрсеткіші төмен. ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің хабарлауынша, жас балаларға вирус аз жұғады. Ұйымның дерегінше, жасы кіші балалардың вирус тарату көрсеткіші де төмен.

ДДСҰ хабарламасында "Біз әлі де зерттеп жатырмыз. Бірақ жалпы алғанда, балалардың инфекцияны ешқандай ауру белгісі байқалмай, жеңіл өткеретінін көріп отырмыз. Жарияланған зерттеулер санының көбеюіне байланысты бұл жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Бірақ барлық бала вирусты бірдей қабылдай бермейді. Кей бала ауруды ауыр өткереді. Коронавирустан өлген балалар да болды" делінген.

"МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРГЕ СЕНІМ ЖОҚ"

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасына сәйкес, 2020 жылғы қаңтардан қарашаға дейін Қазақстанда 18 жасқа толмаған 4835 балаға Covid-19 вирусы жұққан. Бірақ коронавируспен ауырған балалардың бәрі бірдей ресми статистикаға кіре бермейді.

Оксана (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) баласы коронавируспен ауырып жазылғанын, бірақ мемлекеттік ауруханаға бармағандықтан, бұл жағдайдың ресми статистикаға енбегенін айтады.

– Өте қатты ауырды. Екі апта бойы қызуы түспеді, бұлшық еттері ауырып, конъюнктивит байқалды. Қызуы 14-күні бір-ақ түсті. Үш аптадан кейін барлық ауру белгісі жойылды, – дейді Оксана.

Оксана баласына вирустың қайдан жұққанын білмейді. Айтуынша, отбасында баласынан басқа ешкім коронавируспен ауырмаған.

– Басында өзіміздің емхананың ақылы бөліміне бардым. Онда жасы үлкен, тәжірибелі көрінген дәрігер істейді. Ол баламның ауырғанына төрт күн болғанда үйге келді. "Бұл – қарапайым вирус" деп мені жұбатып кетті. "Бұл Covid-19 болуы мүмкін бе?" деп қайталап сұрадым. Тест тапсырып көруді ұсындым. Дәрігер басын шайқап, "сабыр сақтаңыз, бәрі жақсы" деп айтты, – дейді Оксана.

Коронавирус инфекциясы кезінде балаларда ешқандай ауру белгісі болмай, ағза вирусты жеңіл еңсерсе де, одан кейін мультижүйелік қабыну синдромы басталуы мүмкін. Бұл синдром ауыр түрде өтіп, баланың өміріне қауіп төндіруі де ықтимал.
Коронавирус инфекциясы кезінде балаларда ешқандай ауру белгісі болмай, ағза вирусты жеңіл еңсерсе де, одан кейін мультижүйелік қабыну синдромы басталуы мүмкін. Бұл синдром ауыр түрде өтіп, баланың өміріне қауіп төндіруі де ықтимал.

Оксана ертеңіне жекеменшік емханаға барған. Ондағы дәрігерлер баланың екіжақты пневмонияға шалдыққанын, оған қоса ағзада плеврит енді басталғанын анықтаған.

– Ауыр антибиотиктер қабылдап, тамырына дәрі салғыздық. Бәрін емдеуші дәрігердің нұсқаулығы бойынша жасадық. ПТР-тест тапсырған жоқпыз. Жазылғаннан кейін қандағы антиденені анықтауға арналған тест тапсырып көрдік. Оң нәтиже көрсетті, – дейді Оксана.

Ол баласы жазылғаннан кейін екі айдан соң шашы түсе бастағанын және әлі күнге жалғасып жатқанын айтады.

– Білуімше, жеңіл ауырған адамдардың көбі ешқайда бармайды. Баламды еріктілер ашқан ауруханаға жатқызуға келісер едім. Бірақ өкінішке қарай, олар тек ересектерді ғана қабылдайды екен. Мемлекеттік мекемелерге сенбеймін, – дейді Оксана.

БАСҚА ЕЛДЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

– Балалардың көбі Covid-19 вирусын жақсы өткереді. Олардың бірқатары қатты ауыруы мүмкін, ал коронавирустан көз жұматын бала саны одан да аз. Covid-19 – аса күрделі ауру. Бірақ абырой болғанда, педиатрияда балалардың жағдайы жақсы, – дейді АҚШ-тағы Вирджиния университетіндегі балалардың инфекциялық аурулары бөлімінің бас дәрігері Стивен Цайхнер.

Цайхнердің айтуынша, әзірге балалардың Covid-19 вирусын ауыр өткеруі байқалмаған.

Ресей мамандары Covid-19 жұққан науқастардың сегіз пайызы – балалар екенін айтады. "Роспотребнадзор" мекемесіне қарасты эпидемиология ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Александр Гореловтың сөзінше, коронавирус инфекциясы барлық жастағы балалардың арасында кездеседі. Ол жаңа коронавирус инфекциясы мен басқа да инфекциялық ауруларға қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінде "Мынадай тренд байқалып отыр: жеті жастан асқан балалар арасында коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны артып келеді. Вирус жұққан балалардың негізгі дені – жасөспірімдер" деп хабарлады.

Қазір балалардың неліктен Кавасаки синдромымен ауырғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Бірақ көбіне онымен созылмалы дерті бар, генетикалық тұрғыдан аутоимунды қабынуларға, вирустар мен инфекцияларға бейім балалар ауырады.
Қазір балалардың неліктен Кавасаки синдромымен ауырғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Бірақ көбіне онымен созылмалы дерті бар, генетикалық тұрғыдан аутоимунды қабынуларға, вирустар мен инфекцияларға бейім балалар ауырады.

Гореловтың дерегінше, Ресейде тоғыз айда 85 мың бала ауырған. Олардың жартысына жуығы Covid-19 вирусын жеңіл өткерген. Балалардың екі пайызында екіжақты пневмония сияқты дерттің асқынуы тіркелген. Александр Гореловтың айтуынша, ересек балалардың арасында дерті асқынғандар көбірек кездеседі. Жасөспірімдер көбіне пневмониямен ауырады.

Қырғызстанда пандемия кезінде 975 балаға коронавирус жұғып, оларды стационарда емдеген. Бұл туралы ана мен баланы қорғау ұлттық орталығының директоры Қамчыбек Ұзақбаев хабарлады. Төрт бала коронавирустан көз жұмған. Науқас балалардың төрттен бірінде (23,8%) әртүрлі асқынулар болған. Олардың қатарында өкпе (пневмония), ас қорыту жүйесі (энетероколит), жүрек (миокардит) және бүйректің асқынуы кездеседі.

КАВАСАКИ СИНДРОМЫ – КОРОНАВИРУСТЫҢ САЛДАРЫ МА?

Балалар арасында коронавирустың басқа салдарымен қатар Кавасаки синдромы да тіркеліп отыр. Оны басқаша "мультижүйелік қабыну синдромы" деп атайды. ДДСҰ мамандары осындай сипаттама беріп, Кавасаки синдромы бойынша әлемнің түкпір-түкпірінен ақпарат жинап, зерттеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Дәрігер Стивен Цайхнер мультижүйелік қабыну синдромын "жүрек, өкпе, бүйрек, ми, тері, көз, ас-қорыту жүйесі сияқты ағзаның әртүрлі бөлігінің қабынуы" деп түсіндіреді. Мультижүйелік қабыну синдромы бар балалардың дене қызуы көтеріліп, ауырсыну сезімі, құсу, іші өту, мойны ауыру, денесі бөрту, көзі қанталау, шаршау сияқты әртүрлі белгілер пайда болуы мүмкін. Цайхнердің айтуынша, әлемнің көп бөлігінде дерттің осындай салдары кездеседі.

Мамандар аурудың алғашқы белгілеріне дене қызуының 38 градустан жоғарылауы, жөтел, ентігу мен дененің бөртуін жатқызады. "Денедегі бөртпе полиморфты, яғни әртүрлі сипатта болады. Конъюнктивит, склерит байқалып, іші ауырып, бездері ұлғаяды. Көбіне құсып, жүрегі айнып, бұлшық еттері ауырады. Бала аяғы, буындары ауырғаннан жүре алмай тұрғанын айтуы мүмкін" дейді Ләззат Ералиева.

Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда коронавирус инфекциясымен ауырған 43 балада Кавасаки синдромы тіркелген. Екі бала осы синдромнан көз жұмған.

– Елімізде барлығы 5986 балаға Covid-19 вирусы жұққан. 43 балада Кавасакиге ұқсас синдром (мультижүйелік қабыну синдромы) байқалған. Көріп отырғандарыңыздай, мұндай асқыну өте сирек кездеседі, – дейді Риза Боранбаева.

Боранбаеваның айтуынша, мұндай синдром кез келген инфекциядан кейін пайда болуы мүмкін. Ауру белгілері Кавасаки ауруына ұқсас болғандықтан оны Кавасаки синдромы деп атаған.

– Қант диабеті, семіздік, бүйрек, жүрек ауруы, иммундық жүйенің әлсіреуі сияқты созылмалы ауруы бар балалар осал топқа жатады. Бірақ дені сау балалар да ауыруы мүмкін, – дейді Риза Боранбаева.

Баласын арбаға салып, көшеде келе жатқан әйел. Алматы, 13 желтоқсан 2020 жыл.
Баласын арбаға салып, көшеде келе жатқан әйел. Алматы, 13 желтоқсан 2020 жыл.

Кавасаки синдромы коронавирус инфекциясынан жазылғаннан кейін екі, төрт немесе алты аптадан кейін байқалуы мүмкін. Балалар инфекционисі Ләззат Ералиеваның айтуынша, осы синдром ауруды жеңіл өткерген балаларда да кездеседі.

– Қазір балалардың бұл синдроммен неге ауырғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Бірақ көбіне созылмалы ауруы бар, генетикалық тұрғыдан аутоимунды қабынуларға, вирустар мен инфекцияларға бейім балалар ауырады. Қазір бұл тақырып терең зерттеліп жатыр. Баланың Covid-19 вирусын қалай өткеретінін ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан балада коронавирус инфекциясы белгілері байқалса, бұған немқұрайды қарамау керек, – дейді Ләззат Ералиева.

Мультижүйелік қабыну синдромын емдеуге тамыр арқылы салынатын иммуноглобулиндердің жоғары мөлшері, аспирин, кортикостероидтар қолданылады. Риза Боранбаева кейде және сирек жағдайда гендік-инженерлік биологиялық препараттар пайдаланылуы мүмкін екенін айтады.

– Мультижүйелік қабыну синдромы бар балалардың бәрі көп салалық балалар стационарына жатқызылуы керек. Бұл ауруды анықтап, емдеуге кардиолог, ревматолог, гематолог, пульмонолог және басқа да дәрігерлерден тұратын команда қатысады, – дейді Боранбаева.

БАЛАЛАРДЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАУ КЕРЕК?

"Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық ғылыми орталығы" акцинерлік қоғамының басқарма төрағасы Риза Боранбаева Covid-19 вирусының алдын-алуға арналған емдік препараттар пайда болып, екпе салу науқаны басталғанға дейін балаларды вирустан қорғау жөніндегі мамандар кеңесіне құлақ түріп, эпидемияға қарсы шараларды бұзбау керек деп ескертеді.

– Коронавирус инфекциясы кезінде балаларда ешқандай ауру белгісі болмай, ағза вирусты жеңіл еңсерсе де, одан кейін мультижүйелік қабыну синдромы басталуы мүмкін. Бұл синдром ауыр түрде өтіп, баланың өміріне қауіп төндіруі де ықтимал, – дейді Боранбаева.

ДДСҰ мамандары ата-аналар балаларына бірнеше негізгі дағдыны үйретуі тиіс деп есептейді. Бұл оларды коронавирус инфекциясынан қорғауға көмектеседі. Мұндай дағдыға қолды жиі жуу, түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз бен мұрынды орамалмен жабу, лас қолмен ауыз, мұрын мен көзді ұстамау, қоғамдық көлікпен жүруді шектеу, адам көп жиналатын жерден аулақ жүру жатады.

Дәрігерлер балабақшалар мен мектептерді жабудың қажеті жоғын, бірақ білім мекемелерінің санитарлық норма талабын сақтауы өте маңызды екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG