Accessibility links

"Екі жерде тапсырған ПТР тест қорытындысы екі түрлі шықты". Сыры неде?


Қазақстандағы ПЦР тест тексеретін 139 зертхананың көбі пандемия кезінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп жатыр.

ПТР тест қорытындысының қате болып шығуының сыры неде? Мамандар мұның себебін Қазақстанда диагностикалық әлеует төмен, адам факторы да бар және сынама салынған құтыға сырттан вирус жұғуы да мүмкін деп түсіндіреді.

"ЗЕРТХАНАДАҒЫ ЖҰМЫС ТӘРТІБІНЕ ЕШКІМ БАС ҚАТЫРМАЙДЫ"

ПТР – полимеразды тізбекті реакция – адам ағзасында инфекция, оның ішінде SARS-CoV-2 вирусының РНК-сы бар-жоғын анықтауға көмектесетін әдіс. Бірақ бәрі соншалық оңай емес. Қазақстанда ПТР тест қорытындысы дұрыс шықпайтын кездер көп кездеседі. Әлеуметтік желіде адамдар бір сағат ішінде басқа зертханада қайта тапсырған ПТР тест басқа нәтиже көрсеткенін айтып, жиі шағынады.

Ресми дерек бойынша, бұрыс нәтижелердің көбі Шығыс Қазақстан облысының екі зертханасында анықталған. Оның бірі – Семейде орналасқан In Vitro+ консультативті-диагностикалық емханасы. Ресми хабарламаға сәйкес, "республикалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комиссиясы тексеру кезінде бұл зертханадағы 40 тестінің 21-і, яғни 52,5 пайызы дұрыс емес оң нәтиже бергенін анықтаған".

Бірақ медициналық мекеме бұл ақпаратты жоққа шығарады.

Сынама үлгілерінің бір ай бойы қайда және қандай жағдайда сақталғаны белгісіз.

– Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы In Vitro+ зертханасына келген жоқ. 2020 жылы 24 тамызда – 39, маусым, шілде және тамыз айларында 40 науқастан алынған сынама үлгісін Алматыдағы референс-зертханаға өзіміз жібердік. Референс-зертхана нәтижесі 23 қыркүйекте бір-ақ шықты. Яғни, сынама үлгілерінің бір ай бойы қайда және қандай жағдайда сақталғаны белгісіз. Температуралық режим бұзылмағанын, сынама үлгілерін қатырып, қайта ерітпегенін нақты білмейміз, – деді емхана өкілдері. Олар 12 адам қайта тест тапсыруға келіскенін, олардың денесінен бұрын коронавируспен ауырғанын растайтын антидене табылғанын айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев барлық тест талапқа сай сақталғанын айтады.

– 2020 жылы 27 тамызда референс-зертханаға қайта тестілеуден өткізуге 40 құты келіп түсті. Сынамаларды тасымалдау және сақтау кезіндегі температуралық режим (-70°С сақтау тиімді саналады) бұзылған жоқ. Осыған байланысты сынамаларды қайта тестілеуден өткізу уақытылы жүргізілді, – деді Байтанаев.

ПТР тест тапсыруға келген адамдар. Семей, 2 қараша 2020 жыл.
ПТР тест тапсыруға келген адамдар. Семей, 2 қараша 2020 жыл.

Шығыс Қазақстан облысындағы тестілер мен зертханаларға қатысты дау әлі де жалғасып жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті денсаулық сақтау министрлігіне зертхананы тексеруді сұрап, хат жазған. Әзірге Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 көрсеткішінің жоғары болуын өңірдің Ресеймен шекараға жақын орналасуымен, науқастардың сол жақтан келуімен байланыстырып отыр. 23 қарашадағы дерек бойынша, Қазақстанда бір тәулік ішінде коронавируспен тіркелген науқастар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы (бір тәулік ішінде +154 науқас, халқы – 1,37 млн адам), Павлодар (бір тәулік ішінде +108 науқас, халқы – 754 мың адам), Солтүстік Қазақстан облысы (бір тәулік ішінде +105 науқас, халқы – 554 мың адам) және Қостанай облысы (бір тәулік ішінде +70 науқас, халқы – 870 мың адам) көш бастап тұр. Пайыздық көрсеткіштерге салсақ, Шығыс Қазақстандағы жағдайды ерекше деп бағалауға келмейді. Өйткені басқа өңірлермен салыстырғанда облыста екі ірі қала бар.

Вирустан қорғау зертханасының меңгерушісі Андрей Богоявленский қандай жағдай болмасын, зертхана жедел шаралар қабылдауы керек еді деп есептейді.

– ПТР-сараптама жүргізетін болсаңыз, жұмыста пайдаланатын реагентіңізді кішкене көлемде бөліп құйып алу керек. Нәтиже дұрыс шықпаса, жұмысқа пайдаланылған бөліктің бәрін жоюға тура келеді. ПТР-зертханадағы жұмыс тәртібі – осы. Бірақ зертханаларда адам көп болғандықтан, бұған ешкім бас қатырмайды, – дейді сарапшы.

ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ ПТР ТЕСТ ҚОЛДАНАДЫ?

Қазақстанда ПТР тест қорытындысын шығаратын 139 зертхана бар, оның көбі пандемия кезінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп жатыр. Дәрілік құралдар мен медицина бұйымдарының мемлекеттік реестрінде барлығы төрт өндірушінің (қазақстандық "Диамед Азия Тест" ЖШС, ресейлік "Вектор-Бест" және "ТестГен" компаниялары, М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялардың ұлттық ғылыми орталығы (мекеме көп тестілеуді "Ұлттық сараптама орталығының" тапсырысымен жүргізеді) ПТР-тесті тіркелген. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қолында қажет ақпарат жоғын алға тартып, жекеменшік және мемлекеттік мекемелер қандай өндірушілердің ПТР тестін пайдаланатынын айтқан жоқ.

Дәл осы сұрақты емханаларға қойған Азаттық тілшісі ПТР тест өндіруші компаниялардың аты құпия сақталмайтынына көз жеткізді. Жоғарыда аталған In Vitro+ зертханасы мен Invivo зертханалар желісі "Вектор-Бест" тестілерін сатып алады. Бұл – ресейлік "Вектор" мемлекеттік орталығының жабық акционерлік қоғамы. Aqua Lab емханалар желісі және "Геном Плюс" емханасы (Нұр-Сұлтан қаласы) ресейлік өндіруші "ДНК-технологии" компаниясының, "Мейірім" емханасы (Нұр-Сұлтан қаласы) қытайлық Xi'an Tianlong Technology компаниясының ПТР тестін пайдаланады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына қарасты санитарлық-эпидемиологиялық сараптау және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы сияқты мемлекеттік мекемелер қытайлық BGI-Group компаниясының тестін алады. Бұл компания АҚШ-та 2020 жылдан бері қара тізімде тұр. Бұған компанияның өз азаматтарын басып-жаншу мақсатында Шыңжаңда генетикалық материал жинау арқылы адам құқықтарын бұзуы себеп болған.

Өскемендегі облыстық аурухананың нұсқауымен зертханаға барған Азаттық тілшісі мекеме қызметкерлерінен жауап ала алмады.

– Бұл құпия ақпарат, басшымызға хабарласыңыз. Онымен қалай байланысу керегін білмейміз, өзіңіз іздеп табыңыз, сізге керек қой, – деді зертхана өкілдері.

Қазақстанда коронавирустың РНК-сын анықтауға арналған тестілеуді кең көлемде жүргізетін "Олимп" диагностикалық орталығы швейцариялық Roche компаниясының тест жүйесін пайдаланады.

Ген таңдауда өндірушілер арасында ортақ пікір жоқ, сондықтан бір компания – бір генді, екіншісі бірден үш генді зерттеуге алады. Ал бұл тест нақтылығына әсер етуі мүмкін.
Ген таңдауда өндірушілер арасында ортақ пікір жоқ, сондықтан бір компания – бір генді, екіншісі бірден үш генді зерттеуге алады. Ал бұл тест нақтылығына әсер етуі мүмкін.

"ТЕСТ НАҚТЫЛЫҒЫНА САРАПТАМАҒА АЛЫНҒАН ГЕН ДЕ ӘСЕР ЕТУІ МҮМКІН"

Әртүрлі өндірушілерден алынған тестілер арасында қандай айырмашылық барын анықтау үшін ПТР тест қалай жасалатынын түсіндіріп өтейік. Тест кезінде адамның мұрны мен тамағының жалғасқан жерінен сынама алады. Кейін биоматериалдан генді бөліп, көбейтіп, биохимиялық реакцияның көмегімен вирус бар-жоғын тексереді. “Сынамада вирус бар-жоғын анықтау үшін қандай генді тексеру керек?" деген сұраққа келгенде әр өндіруші өз әдісіне жүгінеді. Сараптамаға геннің әртүрлі бөлігін алуға болады, оларды "нысана гендер" деп атайды. SARS-CoV-2 вирусына тән гендер бар, бірақ олар коронавирустың өзге штаммдарында да кездеседі. Ген таңдауда өндірушілер арасында ортақ пікір жоқ, сондықтан бір компания – бір генді, екіншісі бірден үш генді зерттеуге алады. Ал бұл тест нақтылығына әсер етуі мүмкін.

Қазақстандық "Диамед Азия Тест" кәсіпорнының директоры Алтай Қалымбетов ашық дереккөздерде сараптама кезінде қандай гендер зерттелетіні жөнінде ақпарат жоғын айтады.

Алтай Қалымбетов.
Алтай Қалымбетов.

– Біздің кәсіпорын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын-алу орталығының кеңесіне сүйеніп, Covid-19 вирусына тән ген бойынша диагностика жүргізеді. Бірақ корей және қытай өндірушілері бұл ген бойынша емес, бірнеше ген негізінде сараптама жүргізу керек деп есептейді. Бұрынғы денсаулық сақтау министрімен осы тақырыпқа келгенде келісе алмадық: Ол "N-ген мен E-генді тексеру керек" деді. Бірақ бұл – басқа коронавирустарда да кездесетін, вирустардың осы тобына тән жалпы гендер. Бірыңғай стандарт жоқ. Шетелде геннің қай бөлігін тексеретінін нақты білмейміз, бірақ олар барлық коронавирусты анықтайды. Коронавирустар адам популяциясында бұрыннан барын ескерсек, ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткендердің 50-70 пайызы ауру белгісі жоқ болса, ағзасынан коронавирус табылған адамдар деп ойлаймын. Олар – дұрыс емес оң нәтиже алған адамдар. Бұл мүлде COVID-19 болмауы да мүмкін.

"БІРІНШІ ЫҚТИМАЛ ҚАТЕЛІК – СЫНАМАНЫ ДҰРЫС АЛМАУ"

Андрей Богоявленский тестілеу кезінде адамнан сынама алу мерзімі де маңызды екенін айтады.

Бізде медицинаның жағдайы мүшкіл, басымызды қатырмаңыз, кейін барамыз.

Дене қызуыңыз көтерілді делік. Жедел-жәрдемге хабарласып, ауру белгілерін айтасыз (осының бәрі тест тапсыруға жіберудің алғышарты саналады). Бірақ сізге "Бізде медицинаның жағдайы мүшкіл, басымызды қатырмаңыз, кейін барамыз" деуі мүмкін. Бес күннен кейін сараптама алады, оның нәтижесі теріс болып шығады. Бұл тест нашар дегенді білдірмейді, тек сіз оны уақытылы тапсырған жоқсыз. Ауырып, үйде 10 күн жатып, ПТР тапсырып, теріс нәтиже алсаңыз, ағзамда ештеңе жоқ деп ойлайсыз. Бірақ бұл ештеңені білдірмейді, біз бар болғаны ПТР анықтаған жоқ деп айтамыз. Ал вирустың бар-жоғы түсініксіз, коронавирустың сондай ерекшелігі бар, – дейді биологиялық ғылымдар докторы.

Зертханалық тестілеу туралы айтылғанда, сынама алу, сақтау мен тасымалдау кезінде барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтау керегін бәрі біледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа кемі екі тест тапсыруға кеңес береді. Өйткені кейде сынама сақталған құтыға вирус сырттан жұғуы да мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа кемі екі тест тапсыруға кеңес береді. Өйткені кейде сынама сақталған құтыға вирус сырттан жұғуы да мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа кемі екі тест тапсыруға кеңес береді. Өйткені кейде сынама сақталған құтыға вирус сырттан жұғуы да мүмкін.

Оңтүстік Кореямен салыстырғанда, Қазақстанда биоматериалдан РНК-ны (SARS-CoV-2 – РНК реттілігі) автоматтық жүйемен емес, қолмен алады. Мұндайда қателесу ықтималдылығы жоғары.

– Көп нәрсе диагностика сапасына емес, сараптамаға дейінгі шаралардың қалай орындалғанына байланысты. Шығыс Қазақстаннан шыққан дау барлық жерде болып жатқанға ұқсайды. Бірінші ықтимал қателік – сынаманы дұрыс алмау. Мұндай жағдайда тест дұрыс емес теріс нәтиже береді. Құтыны дұрыс салмаса, вирус бір құтыдан екіншісіне ауысады. Мұны "қарама-қайшы" контаминация деп атайды, – дейді Алтай Қалымбетов.

Алтай Қалымбетов "Вектор-Бест" компаниясы тестінің жоғары сезімталдығы мәселесіне тап болғанын айтады.

Тестінің сезімтал болғанын бәрі қалайды, бірақ сынама дұрыс алынбаса, санитарлық режим сақталмай, бұл процесті ұйымдастыру кезінде салғырттыққа жол берілсе, бұл мәселеге айналуы мүмкін.

– Өйткені "қарама-қайшы" контаминация, яғни барлық құтыға вирус жұғу процесі жүрген зертханаларда бұрыс оң нәтиже алу қаупі артады. Ол контаминацияның алдын-алу үшін тестінің сезімталдығын азайту керегін айтты. Тестінің сезімтал болғанын бәрі қалайды, бірақ сынама дұрыс алынбаса, санитарлық режим сақталмай, бұл процесті ұйымдастыру кезінде салғырттыққа жол берілсе, бұл мәселеге айналуы мүмкін. Мұндайда тест бұрыс оң нәтиже береді.

Сарапшылар пандемия кезінде зертханаларда ғана емес, барлық жерде хаос байқалғанын айтады.

– Адамдар қазір қатты алаңдамайтын болды, олар жүйкесі жұқарып, ашулана бастады. Жағдай өзгерген жоқ. Бір мәселені бір ғана әдіспен – оқшаулау арқылы шешсеңіз, бұл жақсы нәтижеге әкелмейді. 8 айда науқастарды емдеу хаттамасы 15 рет өзгерді. Эпидемиямен күресе жүріп, эпидемиологиялық процестің дамуын кейінге қалдырғымыз келеді. Қатаң карантин енгіземіз, науқастар саны азаяды, карантинді алып тастасақ, ауру қайта өршиді. Өйткені вирус жойылып кеткен жоқ. Сондықтан қайтадан карантин енгіземіз, – дейді Андрей Богоявленский.

Өндірушілерге тест жүйесін бірнеше ай ішінде жедел дайындауға тура келген. "Диамед Азия Тест" басшысы бұл мерзімді жеткіліксіз деп санайды. Одан бөлек, дамыған елдермен салыстырғанда, Қазақстанның диагностикалық әлеуеті төмен. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Оңтүстік Корея, АҚШ, Араб Әмірліктері мен басқа мемлекеттерден келген гуманитарлық көмек те растайды. Гуманитарлық көмекке дәрілік препараттар мен жеке қорғаныш құралдары ғана емес, вирус сынамаларын тасымалдауға арналған құралдар, тестілеуге қажетті картридждер, зертханалық материалдар топтамасы да жатады.

  • 16x9 Image

    Хадиша АҚАЕВА

    Хадиша Ақаева - Азаттықтың Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі. Шәкәрім атындағы университетті журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Армения және Грузиядағы басылымдарда тәжірибеден өткен. Азаттықпен 2019 жылдан бері серіктес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG