Accessibility links

"Бұрынғыдай жұмыс істеуі екіталай". Індеттің 2-толқыны алдында билік дәрігерлерді қалай ренжітті?


Бірінші толқын кезіндегі қазақстандық дәрігерлердің челленджі. Олар адамдарды үйде болуға шақырды.

Қазақстан билігі жұмысы барысында коронавирус жұқтырған дәрігерлерге төленетін екі миллион теңгелік өтемақыны алып тастады. Енді дәрігерлердің Covid ауруына шалдығуы төтенше жағдай деп бағаланады. Пандемия жарияланғалы коронавирусты 13 мың медқызметкер жұқтырып, оның 182-сі көз жұмған.

Қазақстан үкіметі елде коронавирус науқастары енді тіркеле бастаған наурыз айында жұмыс орнында вирус жұқтырған медқызметкердің әрқайсысына екі миллион теңгеден өтемақы төлейтінін мәлімдеді. Ал вирус жұқтырып, салдарынан қайтыс болғандардың туыстарына 10 миллион теңгеден берілетін болды. Өтемақы медқызметкердің жұмыс орнында жүріп ауырғаны дәлелденген жағдайда ғана төленді.

Жеті айдан кейін, 20 қазанда үкімет екі миллион теңгелік өтемақыны алып тастады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов үкімет шешімін "Бұл медициналық ұйым басшыларына өз қызметкерлерін қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіп, санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталуын қадағалауға қосымша мотивация болады. Қазір медициналық қызметкерлерге кәсіби қызметін атқару барысында вирус жұғуына жол бермеу керек. Бұл ауруханаішілік инфекция деп бағалануы тиіс" деп түсіндірді.

Үкімет шешімін Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов та қолдады. Ол дәрігерлерге Covid вирусы жұққаны үшін өтемақы төлеуді "артық" деп бағалады. Қиясов "өтемақы беруді жалғастыру эпидемияға қарсы шараларды күшейтудің орнына медициналық қызметкерлер мен медициналық ұйым басшыларын босаңсытады" деген пікір айтты.

Ал стационарларда коронавирусқа қарсы күресіп жүрген медқызметкерлер өтемақыны алып тастау туралы шешімге қарсы.

"20 ҚАЗАН КЕЛІП, АҚШАДАН ҚАҒЫЛДЫМ"

Гүлнәр Төкежанова Ақмола облысы Степногорск қаласындағы емханада дәрігерге дейінгі тексеру кабинетінде акушер болып жұмыс істейді. Ол биыл маусымда коронавирусқа шалдыққанын айтады.

– 12 маусым күні ауырып қалдым. Ол кезде адам көп еді. Стационарда орын болмады. Облыстың өзінде (облыс орталығы Көкшетауда – ред.) барлық провизорлық орталық лық толып, оттегі аппараттары жетпеді. Адамдар бірнеше күн ішінде қайтыс болып жатты. Өте үлкен жүктеме түсті. Қорғаныш костюмдерінде жүрдік, бірақ ол да көмектеспеді. Өйткені ауру белгісі жоқ науқастар көп кездесті. Коронавируспен ауырған науқаспен байланыста болған екі әйелді таптым. Вирус солардан жұққан болуы керек. 18 маусымда Covid тестін тапсырдым. Қызуым көтеріліп, денем ауырып, тамағым қышып, өзімді нашар сезіндім. Күйеуім мен ұлыма да вирус жұқтырдым, – дейді Гүлнәр.

Комиссия Гүлнәрдың жағдайы бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізіп, оның коронавирустық инфекцияға жұмыста жүріп шалдыққанын құжат жүзінде растаған. Дәрігер өтемақы алудан үміттенген.

Құжат жинап, қажет жерлерін толықтырып, түзетіп жүргенімде 20 қазан келіп, ақшадан қағылдым.

– Емхана басшылығы бұйрық бойынша менің кабинетім тізімге (Covid вирусы жұққан жағдайда өтемақы төленетін мамандықтар санаты – ред) кірмейтінін айтты. Бұл тізімде провизорлық, карантиндік стационарлар, жедел-жәрдем станциясы, қабылдау бөлмесі және фильтр кабинеті бар. Менің кабинетім еш жерге кірмейді екен. Көкшетаудағы облыстық денсаулық сақтау басқармасына бардым. Ондағылар дәрігерге дейінгі тексеру кабинеті фильтр санатына жататынын айтып, құжат жинауды тапсырды. Құжат жинап, қажет жерлерін толықтырып, түзетіп жүргенімде 20 қазан келіп, ақшадан қағылдым. Уақыт жіберіп алдым, – дейді акушер-дәрігер.

Ол емхана басшылығы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы негізге алған бұйрықтар арасында қарама-қайшылық барын айтады.

Ақтөбе облыстық ауруханасының дәрігері "қызыл аймақта" науқастың рентген суретін қарап тұр.
Ақтөбе облыстық ауруханасының дәрігері "қызыл аймақта" науқастың рентген суретін қарап тұр.

Гүлнәр Төкежанова медицина саласында 35 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол өтемақыны алып тастау туралы шешім медициналық қызметкерлерге кері әсер етіп жатқанын жасырмайды.

– Жалақының аздығы былай тұрсын, көп дәрігер тиын-тебен табу үшін мұрнынан сүрлігіп, екі не үш ставкамен жұмыс істейді. Олар физикалық және моральдық тұрғыдан шаршайды. Қажып кетеміз. Бәрі ренжіп жүр, олардың бұрынғыдай жұмыс істеуі екіталай. Бізде онсызда аппараттар мен кәсіби мамандар жетпейтін. Мен де жұмыстан шығып, косметолог немесе массажисттің курсын оқып алуды ойладым. Әзірге жұмыс істей тұрамын, ары қарай көреміз. Бірақ бұрынғыдай жұмыс істемеймін, – дейді Гүлнәр.

Ол әлі күнге коронавирустың ағзадағы салдары сезілетінін, қайтадан ауырып қалудан қауіптенетінін айтады.

Гүлнәрдың әріптесі, Түркістанда акушер-гинеколог болып істейтін Зухра Азизова да маусым айында жұмыста жүріп, коронавирус инфекциясын жұқтырған.

– Субтоталды пневмониямен ауырдым. Бір жарым ай стационарлық және амбулаторлық ем қабылдадым. Қазір ауруым асқынып, стационарда емделіп жүрмін. Ауырғаным үшін өтемақы алған жоқпын. Құжаттар өткізгенмін, бірақ жауап әлі жоқ. 21 қазанда өтемақыны алып тастау туралы бұйрық шықты. Өтемақыға өтініш берген кезде адам санын азайтып көрсеткендіктен, біз (коронавирус ауруына шалдығып, жазылып шыққан дәрігерлер) мемлекеттік төлем алған жоқпыз. Көп медқызметкер ауырды, бірақ өтемақы тек сегіз адамға ғана берілді. Әділдік болғанын қалаймын, – дейді Зухра Азизова.

Алматылық Әсия Алдажарова – өтемақы ала алмаған дәрігерлердің бірі. Емханада істейтін Әсия маусымның соңында ауырып қалған.

– Ол кезде бәрінің астан-кестеңі шығып жатқан: адамдарды ауруханаға жатқызбай, жедел-жәрдем қолында Covid вирусы жұққанын растайтын тест нәтижесі бар адамдарды ғана алып кететін. Әріптестерім сияқты мен де ауырдым. Бәрінің диагнозы расталған. Тексеру кезінде менде пневмонияның бары анықталды, өзімді өте нашар сезіндім. Бір жақсысы, ол кезде қызым жанымда болмады, оны демалысқа ата-анамның үйіне жіберген едім, – дейді Әсия.

Медқызметкер ауруханаға келген адамның дене қызуын өлшеп тұр. Алматы.
Медқызметкер ауруханаға келген адамның дене қызуын өлшеп тұр. Алматы.

Әсия денсаулығына байланысты еңбек демалысынан шыққаннан кейін емхана басшылығы өтемақыға өтініш беру үшін вирус жұққан қызметкерлер тізімін жасаған. Бірақ Әсия бұл тізімге кірмеген.

— Басшылық мені бұл тізімге қосуға болмайтынын айтты. Бірақ денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің бірлескен бұйрығына сәйкес, науқастарды қабылдап, жедел әрі төтенше көмек көрсететін дәрігерлер мен мейіргерлерге өтемақы төленуі керек. Біз шынымен пневмония, коронавирус инфекциясы және ОРВИ белгілерімен келген науқастарды қарадық, бірақ бізді тізімге қоспады, – дейді Әсия.

Медқызметкер "аурудан кейін жұмысқа ынта жоғын" айтады.

Адамдар ілініп-салынып, көңіл-күйсіз әзер жұмыс істеп жүр. Тағы ауырып қалудан, аурудың асқынуынан қорқамын.

– Адамдар ілініп-салынып, көңіл-күйсіз әзер жұмыс істеп жүр. Тағы ауырып қалудан, аурудың асқынуынан қорқамын. Оңалту шарасы болмады. Бірнеше ай бойы ағзамды қалпына келтірумен өзім айналыстым, – дейді Әсия.

Гүлзира Шәріпова Ақмола облысы Атбасар қаласында рентгенлаборант болып жұмыс істейді. Оған да биыл маусымда Covid жұққан.

– Ол кезде КТ (компьютерлік томография – ред.) кабинетінде істеп жүрдім. Өйткені онда тек бір лаборант ғана қалды. Күндіз-түні, тіпті, демалыс күндері де науқастарды компьютерлік томографияға түсірумен болдық. Вирус сол кезде жұқты деп ойлаймын. 1-15 шілде аралығында денсаулығыма байланысты еңбек демалысында болдым. 10 шілдеде компьютерлік томографиядан өттім. "Covid типіндегі полисегменттік пневмония, өкпенің 25 пайызы қабынған" деген нәтиже алдым. Күйеуіме, анама вирус жұқтырдым. Анамның өкпесінің 80 пайызы қабынып, өте ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Мені және жанымдағы лаборантты (оған да вирус жұққан) облысқа жіберген тізімге қосты. Қасымдағы лаборант өтіп кетті, ал мені тізімнен шығарып тастады. "Бұйрық бойынша, рентгенлаборантқа өтемақы төленбейді" деді. Онда неге жанымдағы лаборантқа ақша төлеп, маған өтемақы бермегенін түсіне алмадым, – дейді Гүлзира.

Жедел жәрдем қызметінің бригадасы. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.
Жедел жәрдем қызметінің бригадасы. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.

16 қазанда Гүлзира өтемақы алмағанына шағынып, президент әкімшілігіне хат жазған.

– Өтемақы төлеу туралы бұйрықты дайындағандар рентгенлаборанттарды назардан тыс қалдырған. Біз де алдыңғы қатарда жүріп, вирусқа қарсы күреске қатысып жатырмыз ғой, – дейді Гүлзира.

Facebook-тегі осы мәселеге арналған парақшада тағы елуге тарта адам өтемақы алмағанын жазған.

"ТОҚАЕВ УӘДЕ ЕТКЕН ҮСТЕМАҚЫ ТАМЫЗДАН БЕРІ ТӨЛЕНБЕГЕН"

Қазақстандық дәрігерлер коронавирус жұққан медқызметкерлерге төленуі тиіс өтемақыны алып тастау туралы шешімге ғана емес, "Тоқаев уәде еткен" үстемақының берілмегеніне де шағынады. Наурызда үкімет эпидемияға қарсы шараларға қатысқан медициналық қызметкерлердің жалақысына ай сайын белгіленген мөлшерде үстемақы қосу туралы шешімге келген. Осылай коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған дәрігерлерге вирус жұғу қаупіне байланысты үстемақы төлеуге уәде берілді. Дәрігерлер, карантиндік стационарлардың орта және кіші медициналық қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел-жәрдем көлігінің жүргізушілері үшінші топқа кірді. Олар 212 мың теңге үстемақыны қосқанда, 380 мың теңгеге жуық ақша алуы керек еді.

Нұр-Сұлтандағы "Қалалық жедел медициналық көмек станциясының" ақпараттық-оперативті диспетчерлік бөліміндегі жедел медициналық қызмет ұжымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, дәрігерлер мен фельдшер-диспетчерлерге берілетін төлемді жалғастыруды сұрады.

Гүлбану Ахметованың жедел-жәрдем станциясы ақпараттық-оперативті диспетчерлік бөлімі ұжымының атынан дайындаған арызында: "Вирус жұғу қаупі бойынша екінші топқа дәрігерлер мен жедел-жәрдем қызметінің фельдшерлері жатады. Сәуір-шілде аралығында вирус жұғу қаупі "жоғары" екінші топқа ең төменгі жалақы мөлшерінің 10 еселенген көлеміне тең үстемақы төлеп келді. Үстемақы төлеу туралы бұйрықтың күші жойылған жоқ. Бірақ тамыз айынан бері бізге үстемақы бермей отыр" делінген.

Қорғаныс киімін киген медицина қызметкері COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығында. Алматы, Қазақстан, 8 шілде 2020 шілде.
Қорғаныс киімін киген медицина қызметкері COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығында. Алматы, Қазақстан, 8 шілде 2020 шілде.

Гүлбану Ахметова бұл жағдайды "Заңды ақшамызды бермеу үшін әділетсіз бұйрықтар шығарып, жүз түрлі сылтау айтып отыр" деп сипаттайды.

Алдымызда пандемияның екінші толқыны, ал біз не жұмыс істейтінімізді, не әділдік үшін күресерімізді білмейміз.

– Қай елде біздегі сияқты дәрігерлер жалынып, өзіне заңды түрде тиесілі ақшасын ала алмай жүр? Алдымызда пандемияның екінші толқыны, ал біз не жұмыс істейтінімізді, не әділдік үшін күресерімізді білмейміз. Бізді неге қудалап, жұмыстан шығарамыз деп қорқытады? Неге біз жемқорлыққа қарсы бөлімге түсініктеме жазып, бұл шараға қатысқанымызды дәлелдеуіміз керек? – дейді медициналық қызметкер.

Қазан айында Алматыда коронавирус пандемиясы кезіндегі жұмысы үшін уәде етілген үстемақысына қол жеткізе алмай жүрген жиырмаға жуық медициналық қызметкер қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының алдына жиналып, биліктің дәрігерлер шағымына құлақ аспай отырғанын айтқан.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жарияланған халыққа жолдауында медқызметкерлерге үстемақы төлеуге республикалық бюджеттен 150 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Ал қазанда ол дәрігерлерге үстемақы төлеу процесіне көңілі толмайтынын білдірген.

"...Үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезінде әлі күнге бюрократиялық кедергілердің көп кездесетіні соншалық, бұл мәселені парламент қолға алды. Жергілікті жерлерде үстемақы бойынша сандармен ойнау жалғасып, ақшаны бөлуде әлі де ашықтық жоқ. Мұндайға жол берілмеуі керек. Бас дәрігерлер жұмыс уақытын дәрігерлерге тиімсіз етіп өзгертуге тырысып жатыр. Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны жалынып сұрамауы керек", – деді президент.

"КӨП ҚЫЗМЕТКЕР ҚАТЕ БОЛЖАМҒА БАЙЛАНЫСТЫ БҰЙРЫҚҚА ЕНБЕЙ ҚАЛҒАН"

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібай дәрігерлердің мемлекеттен төлем алуға берген өтінішін қараған комиссия құрамында болған. Ол төлемдерді алуға кедергі болған бюрократиялық қайшылықтардың негізгі себебі – дұрыс жасалмаған болжам деп есептейді.

– Бұйрық сәуір айында шықты. Ол кезде мүлде басқа болжам болды. Сәуірде инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарлар деген топқа бөлу жоқ еді. Барлық науқас стационарда емделеді деп күтілді. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Дәрігерлердің қатысуы бірнеше есе артты. Олар өзара байланыста болды. [Вирусқа қарсы күреске қатысқан] адамдар саны күрт өсіп, өтініштерді қарап, шешім қабылдауға аз уақыт берілді. Науқастарды стационарларда ғана қабылдаймыз деген қате болжамға байланысты көп қызметкер бұйрыққа ілінбей қалды, – дейді Бақытжан Тәжібай.

"МАҒАН АҚША БЕРСЕҢ, ӨТЕМАҚЫ АЛАСЫҢ"

Медициналық ғылымдар кандидаты Қайырғали Конеев медициналық ұйым басшылығының өтемақы алуға құқылы қызметкерлер тізімін жасаудағы әрекеттер алгоритмі жемқорлық қаупін туғызатынын айтады.

– Медициналық ұйым басшысы кімнің құжатын жіберіп, кімдікін қалдыратынын шешетін болса, бұл жемқорлық қаупін туғызады. Басшы қызметкерге маған алған ақшаңның белгілі бір пайызын берсең, өтемақы аласың деп айтады. Бір ұйымда істейтін екі қызметкердің бірінің өтемақы алып, екіншісінің төлемнен қағылуының себебі – осы, – дейді Конеев.

Азаттық сөйлескен денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар үкіметтің вирус жұққан дәрігерлерге берілетін бір реттік төлемді алып тастау туралы шешіміне бірауыздан қарсылық білдіріп, барлық медициналық қызметкерге төлем жасалуы керек деп есептейді.

Мемлекет "А" деп, кейін шешімінен бас тартса, бұл саяси тұрғыда дұрыс болмайды.

– Төлесе, бәріне төлесін. Медициналық көмекке дәрігерлер ғана емес, мейіргерлер мен басқа да қызметкерлер қатысатын ондаған медициналық қызмет түрі жатады. Медициналық көмекті тек дәрігер ғана көрсетуі мүмкін емес. Енді мына жағдай (төлемді алып тастау – ред.) ұжымның арасына іріткі салып отыр. Мұндай шешімдер ұжымдағы көңіл-күйге әсер етеді. Пандемия кезінде бұл әлеуметтік шиеленіске әкеледі. Мемлекет "А" деп, кейін шешімінен бас тартса, бұл саяси тұрғыда дұрыс болмайды, – дейді "Қазмед" салалық кәсіподағының атқарушы директоры Серікбол Мусинов.

"ОСЫНДАЙ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАҒАНДАР АУЫР КОСТЮМ КИІП, "ҚЫЗЫЛ" ЗОНАДА ЖҮРІП КӨРСІН"

"Аман-саулық" қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова Covid вирусын жұқтырған медқызметкерлерге арналған төлемді қалдыру керек деп есептейді.

— Бұл вирустан бір де бір дәрігер қорғалмаған. Кез келген адам, тіпті ағзасында инфекция барын білмейтін амбулаторлық науқастың өзі медициналық қызметкерге вирус жұқтыруы мүмкін. Қазір экономикалық дағдарыс екенін білемін, бірақ науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте оларды қауіптен құтқаратын медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек, – дейді Бақыт Түменова.

Ол екі миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік төлемді алып тастау себебімен келіспейді және "медициналық қауымдастық пен жоғарыда шешім қабылдайтындардың арасы әлеуметтік тұрғыдан алшақтады" деп есептейді.

– Аш бала тоқ баламен ойнамайды. Осындай шешім қабылдағандар ауыр костюм киіп, "қызыл" зоналарда жүріп көрсін. Науқастың басында тұрсын. Медициналық қызметкерлерге қандай салмақ түсіп жатқанын түсінсін. Енді жүктеме одан сайын артады, өйткені медициналық қызметкерлер саны 182 адамға кеміді (ресми дерек бойынша, коронавирустан көз жұмған медициналық қызметкерлер саны – ред.). Дәрігерлерді тағы да жоғалтуымыз мүмкін. Медициналық қызметкерлерге физикалық және психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Өмірден өткен әр науқас үлкен психологиялық жарақат салады. Оның үстіне вирус жұғу және оны өзгелерге тарату қаупі тағы бар, – дейді Бақыт Түменова.

Сарапшы мемлекет медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет жағдай жасамаса, бұл медициналық ұйымдардан кадрлардың кетуіне әкеп соғуы мүмкін деп қауіптенеді.

"ДӘРІГЕРЛЕР ҮШІН КОРОНАВИРУС – ӨНДІРІСТІК ЖАРАҚАТПЕН ТЕҢ"

Primary Health Care ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбековтың пікірінше, Covid вирусынан көз жұмған дәрігерлердің отбасына жылдық жалақының 10 еселенген мөлшеріне тең өтемақы төлеп, коронавирус инфекциясын кәсіби аурулар қатарына жатқызу керек.

– Коронавирустың салдары еңбек ету қабілетінің жоғалуына әкеп соғуы мүмкін. Бұған еңбек министрі де келісіп отыр. Эпидемиологиялық зерттеу жүргізудің орнына өндірістік жарақат туралы акт толтыру керек. Қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеу деген не? Жұмыс уақытының 50 пайызы денсаулыққа зиянды жағдайда өтсе, ол қызметкерге үстемақы төленуі керек. Бұл сегіз сағаттық жұмыс күнінің төрт сағаты ғана, – дейді Төлебай Рахыпбеков.

Бақылау бекетінде жұмыс істеп жатқан дәрігерлер. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл.
Бақылау бекетінде жұмыс істеп жатқан дәрігерлер. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл.

Сарапшы дәрігерлерге кәсіби ауруына байланысты төлем тағайындаудың қазіргі механизмдерінің әуресі көп деп санайды.

— Барлық жерде дәлелдеу керек, зерттеу тәртібі мен белгілі бір ережелер бар. Өндірістік жарақат туралы актіні үнемі уақтылы толтыру керек. Жұмыста ғана емес, үйден жұмысқа барар жолда алған жарақат та өндірістік жарақат деп есептелетінін көбі біле бермейді. Бұл вирус жұқтыруға да қатысты. Жұмыс берушілердің өндірістік жарақат фактілерін жасыруы да қиындық туғызады, – дейді Рахымбеков.

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы да дәрігерлер арасындағы коронавирусты кәсіби ауру ретінде қарастыруды қолдап, төлем жасаудың өзге жолдарын ұсынды.

– Медициналық қызметкер Covid-ке шалдықса, оңалту шараларына кеткен шығын жұмыс берушінің тарапынан өтелуі керек. "Covid-пен ауырған науқастарды" емдеу тарифіне сақтандыру сомасын қосуға болады. Сонда вирус жұққан жағдайда өтемақыны сақтандыру компаниясы төлейді. Жұмыс берушілер де дәрігерлердің ауырмауына мүдделі болады. Сондықтан олар сертификатталған жеке қорғаныш құралдарын сатып алатын болады, – дейді Бақытжан Тәжібай.

"КӘСІБИ АУРУДЫ ДӘЛЕЛДЕУ – ӘУРЕСІ КӨП ЖҰМЫС"

Биыл маусымда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық қызметкерлерге вирус жұққан жағдайда өтемақы төленуі үшін Covid вирусын дәрігерлердің кәсіби аурулар тізіміне қосуды ұсынды.

Серікбол Мусинов министрліктің ұсынысын қолдамайды.

– Қосудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл (төлем алу процесі – ред.) – әуресі көп, бюрократиялық процесс. Оңай емес. Ауырып жүрген, оңалтудан өтуі керек адамға қағаз жинауға тура келеді. Иә, олар (коронавирус жұққан дәрігерлер – ред.) қазір де құжат жинап жүр, бірақ бұл жағдайда бәрі әлдеқайда оңай: эпидемиологиялық зерттеу жүргізіледі, СЭС эпидемиологиялық картаны толтырады, стационардан немесе амбулаторлық картадан анықтама алады, – дейді Мусинов.

COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығындағы медицина қызметкері. Алматы, Қазақстан, 13 шілде 2020 жыл.
COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын тестілеу орталығындағы медицина қызметкері. Алматы, Қазақстан, 13 шілде 2020 жыл.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы медициналық қызметкерлердің әлеуметтік төлем үшін бөлінген үш санатын қайта қарап, вирус жұққан дәрігерлерге өтемақы төлеуді жалғастыру керегін айтады.

– Қазір медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамасақ, екінші толқынға қарсы күрес туралы айтудың өзі артық. Дәрігерлердің бәрі ауырып қалса, науқастарды кім емдейді? Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оларға материалдық жағдай жасау – мемлекеттің міндеті, – дейді Мусинов.

Кей сарапшы медициналық қызметкерлерді сапалы жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге қатысты күмәні барын жасырмайды. Қайырғали Конеев Алматы қалалық тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаментінің сапасыз жеке қорғаныш құралдарын сатып алғанын анықтаған. Департамент бұл жағдайды растап, тауар жеткізушіні сотқа бергенін хабарлады.

Жаңа ереже бойынша, дәрігер жұмыс орнында ауырған жағдайда оған медициналық ұйым, кәсіподақ немесе әкімдік есебінен қолдау көрсетілуі керек. Сарапшылар емхана, стационар мен кәсіподақ ұйымдарында вирус жұққан дәрігерлерге өтемақы төлейтін ақша жоғын айтып, мемлекет өз міндетін аталған ұйымдарға ысырып отырғанын айтады.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда пандемия жарияланғалы 12 983 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан. Өңірлік комиссиялар дәрігерлерден түскен өтініштердің 72 пайызын қанағаттандырған. 21 қазандағы дерек бойынша, кәсіби қызметін атқару кезінде коронавирустық инфекцияға шалдыққан 8 863 медициналық қызметкерге өтемақы төленген. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, бұл комиссия қабылдаған 9 309 өтініштің 95 пайызын құрайды.

Өңірлік комиссиялар коронавирустан көз жұмған 182 медициналық қызметкердің жағдайын тексеріп, олардың отбасына өтемақы төлеген.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG