Accessibility links

"Мемлекет бізді ұмытты". Наурыздан бері жабық тұрған кәсіпорындар банкрот болуға жақын


Коронавирус пандемиясы кезінде бос қалған кинотеатр залы. Көрнекі сурет.

Коронавирус пандемиясына байланысты екі рет карантин жариялаған Қазақстанда көп кәсіпорынның жұмысы 13 наурыздан бері тоқтап тұр. Азаттық сегіз айдан бері табыссыз отырған кәсіпкерлердің жағдайымен танысып, мұңын тыңдап көрді.

КИНОТЕАТРЛАР: "ЖАҒДАЙЫМЫЗ 90-ЖЫЛДАРДАН ДА ҚИЫН"

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша, елдегі кинотеатрлардың көбіне 26 қазаннан бастап жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бірақ кинотеатрлар залдың 30 пайызына ғана көрермен кіргізіп, көрермендердің маска тағып, әлеуметтік қашықтық ұстануын қамтамасыз етуі керек.

Алматы – кинотеатр бизнесі үшін жайлы қала. Бизнестің 13 наурыздан бері жабық тұруы осы қаладағы кинотеатр иелеріне де "осы күнге әрең жетіп отыр".

300 адамды жұмыспен қамтып отырған Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко жағдайды осылай сипаттайды.

Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко.
Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко.

Оның айтуынша, наурызда кинотеатрлар жабылған кезде, бұл жағдай санаулы аптадан ары созылмайтын шығар деген үміт болған. Сондықтан кинотеатр басшылығы ешкімді жұмыстан шығармаған.

– Жұмысшыларды ақылы еңбек демалысына жібердік. Кейін олар екі ай бойы ақысыз еңбек демалысында болып, 42 500 теңгеден алды (пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтарға карантин уақытында берілген мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы – Ред.). Содан бері қызметкерлерге жалақысының жартысын төлеп келеміз. Қызметкерлерге табысымыздың болмауына қарамастан жеті ай бойы жалақы төлеуге тура келеді деп ойлаған жоқпыз, – дейді Кириенко.

Кириенко осы уақыт ішінде индустрия өкілдерінің не істерін білмей, күтуден басқа амалы болмағанын айтады. Бұған мемлекеттің бизнестің бір түріне жұмыс істеуге рұқсат беріп, екіншісінің қызметіне тыйым салғаны себеп болған.

Базарлар мен барларда адам көп, бұған ештеңе демейді. Онда неге маска тағып, кинотеатрда отыруға болмайды?

– Жазда мейрамханалар ашылған кезде, бізге де кезек келер деп ойладық. Бірақ тағы бес ай күтуге тура келетінін білген жоқпыз… Базарлар мен барларда адам көп, бұған ештеңе демейді. Онда неге маска тағып, кинотеатрда отыруға болмайды?.. Көрсетілім кезінде адамдар сөйлеспейді. Демек мұнда тамақ ішу не өзара әңгімелесумен салыстырғанда, вирустың тарау ықтималдығы төмендеу. Шешім қабылдайтын адамдар кино саласындағы мәселелердің күрделілігін түсінбейді деп ойлаймын. Кинотеатрлар – айсбергтің басы ғана. Қазақстанда бір ғана кино саласында 10 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін есте ұстау керек, – дейді Кириенко.

Кинотеатрларды ашуға елдегі эпидемиялық жағдайы тұрақты "жасыл зонаға" кіретін өңірлерде ғана рұқсат берілген. Шығыс Қазақстан облысы бұл тізімге кірмейді. Бұл – жергілікті кинотеатр иелері үшін өте ауыр жаңалық.

Солардың бірі – совет кезеңінен бері жұмыс істеп келе жатқан "Юбилейный" кинотеатры. Кинотеатр иесі Мунира Ягудина бұл ғимаратты меншігіне 1990-жылдары алған. Оның айтуынша, қазіргі дағдарыс Совет одағы тарағаннан кейінгі жағдайдан да ауыр.

Бізді сыртымыздан жауып, "қалай күнелтеріңді өзің шеш" деп қалдырып кеткен сияқты

– Қызметкерлерімізді жоғалтып отырмыз. Кадрлар кетіп жатыр. Кинотеатр ғимаратының күтіміне, күзетіне, коммуналдық қызметке ақша төлеуім керек. Ешқандай жеңілдік жоқ. Бізді сыртымыздан жауып, "қалай күнелтеріңді өзің шеш" деп қалдырып кеткен сияқты, – дейді Ягудина.

Ягудина Шығыс Қазақстан облысында кинотеатрлар жұмысына рұқсат беріп, "Юбилейный" ашылған күннің өзінде бизнесті қалпына келтіру процесі өте ұзақ әрі қиын болады деп есептейді. Кәсіпкер мұның бір себебі – адамдардың таңдауы өзгеруі мүмкін дейді.

– Алғашқы кезде репертуар жетпейді. Тұтынушылардың сатып алу қабілеті төмендеді. Бірақ ең қорқыныштысы: адамдар пандемияның жеті айында киноға бару әдетін жоғалтып алуы мүмкін. Оларды қайтару үшін өте көп жұмыс істеу керек, – дейді Ягудина.

"Жағдай өте қиын". Коронавирус пен карантин кинотеатрларға қалай әсер етті?

"Жағдай өте қиын". Коронавирус пен карантин кинотеатрларға қалай әсер етті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:02 0:00

"БИЗНЕСТІ ЖАУЫП, БАСҚА ЖҰМЫС ІЗДЕУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ"

Барлық жерде болмаса да, кинотеатрларға оңалту кезеңін бастауға рұқсат берсе, балалар ойын-сауық орталықтарына мұндай мүмкіндік те бұйырмаған. Алматы тұрғыны Махаббат Валиева 2016 жылы банктен он жылға несие алып, сауда орталықтарынан аттракцион парктерін ашқан. Айтуынша, бұл бизнеске 50 мың доллар инвестиция құйған. Кәсібі жақсы жүріп жатқан соң, 2021 жылға қарай бизнеске құйылған ақша ақталады деп күткен. Бірақ 13 наурыздан кейін бәрі өзгерген.

Балалар аттракциондарының иесі Махаббат Валиева.
Балалар аттракциондарының иесі Махаббат Валиева.

– Бірден үлкен қаржылық қиындықтарға тап болдық. Басында кей сауда орталығы жалдау ақысынан босатқан жоқ. Кейін бұл аяқ астынан болған оқиға деген келісімге келдік те, олар жалдау ақысын алып тастады. Бірақ эксплуатациялық шығындар сақталып қалды: әр парк үшін жарты миллион теңгеден төлеу керек. Табысымыз болмаса да, қызметкерлеріміз үшін салық, әлеуметтік жарна мен медициналық сақтандыру ақысын төлеп отырмыз. Бізді бұдан ешкім босатқан жоқ. Мемлекет тарапынан ешқандай көмек жоқ. [Алматының бас санитарлық дәрігері] Бекшинге хат жаздық. Ол "сіздерге қатысты мәселе мүлде қаралып жатқан жоқ" деп жауап берді, – дейді Валиева.

Ол өз иелігіндегі парктер өте үлкен нысанға жатпайтынын, бірақ соның өзінде ондаған адам жұмыссыз қалғанын айтады. Кәсіп иесі біраз уақыт қызметкерлеріне қолдау көрсетіп келген, бірақ кейін мүмкіндігі болмаған. 60 қызметкерден басқа жерге жұмысқа тұра алмаған 15 адам ғана қалған. Валиева осылай жалғаса берсе, көп ұзамай ай сайынғы жүздеген мың теңге қарызбен өзі де жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтады.

– Ары қарай да бізді назарға ілмесе, бизнесті жауып, басқа жұмыс іздеуге тура келеді. Бірақ нарықта жұмыс жоқ, ал бізге несиені төлеу керек. Азды-көпті жинаған ақшамыз бар еді, ол да таусылды. Қарызға кіріп кеттік. Екі рет 42 500 теңге алдым, кейін көлігімді саттым. Қазір сол ақшаға өмір сүріп отырмын. Кәмелетке толмаған үш баламыз бар. Отбасымызбен осы кәсіппен айналысамыз, сондықтан күйеуім де табыссыз қалды. Бізді пәтерімізді сататын жағдайға жеткізбейтін шығар деп үміттенемін. Күнде карантин шаралары туралы жаңалықтарды үзбей оқимыз. Олар бізді не ұмытып кеткен, не бізден бас тартқан, – дейді ол.

БОРЫШКЕРЛЕРДІ ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛДЫРУ КІМГЕ ТИІМДІ?

Гүлнәр Қадырованың да Қарағандыда 11 жылдан бері жұмыс істеп тұрған жабық аттракциондар паркі бар. Оны банк несиелеріне қатысты жағдай ерекше алаңдатады. Наурызда басқа борышкерлер сияқты, Қадырова да банктен несие төлеу мерзімін ұзартуға рұқсат алған. Кейін бұл мерзімді жеке тәртіпте тағы да бірнеше рет ұзартқан (қазіргі мерзімі 2021 жылдың қаңтарына дейін). Кәсіпкер банкпен жасалған келісімді мұқият қарап, күтпеген деректер тапқанын айтады.

Банктерге менің жұмыс істемей, несие мерзімін ұзартып отырғаным тиімді болғаны ма?

– Келісімді мұқият қарап, банктердің қарыздың үстіне пайыз қосып отырғанын байқадық. 2023 жылдың соңына дейін несиені жабу үшін пайызын қоса есептегенде N көлеміндегі ақша төлеуім керек болса, енді пайыздың үстіне қосылған пайыз бар. Банктен 100 мың теңге қарыз алдым делік. Бұл қарызды үш жылдан кейін пайызымен 130 мың теңге етіп қайтарамын. Бірақ несие төлеу мерзімінің ұзартылуына байланысты қарыз көлемі 150 мың теңгеге жетеді. Сонда банктерге менің жұмыс істемей, несие мерзімін ұзартып отырғаным тиімді болғаны ма? Біз несиені карантин шараларына байланысты төлей алмай отырмыз, ал бізге жұмыс істеуге рұқсат бермей отыр. Бірақ банк қарызын реттеуге көмектескілері келмейді. Банктер бізді банкротқа жеткізу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатқан сияқты. Біздің кепілге қойған мүлкіміз бар, олар осы ғимараттарды су тегінге алғысы келеді, – дейді Қадырова.

Гүлнәр Қадырованың Қарағандыдағы аттракцион паркіне кіреберіс.
Гүлнәр Қадырованың Қарағандыдағы аттракцион паркіне кіреберіс.

Кәсіпкер қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, президент аппаратына, президенттің көмекшісі Тамара Дүйсеноваға хат жазған. Олар бұл хатты Қарағанды облыстық әкімдігіне жолдаған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Азаттықтың хатына жауабында "қосымша пайыз жоқ", қарыз көлемі "кемімейді де, көбеймейді де" деп көрсеткен. Бірақ агенттік "сыйақы қосыла береді және банктер оны қайтарып алуға құқылы" деп ескертті. Құжатқа сәйкес, банктер наурыздан қыркүйекке дейін төленбеген несие үшін айыппұл салмайды. Осы уақыт аралығында несие мерзімін ұзартқан борышкерлердің несие тарихына зиян келмейді. Агенттік "қазаннан бастап жыл соңына дейін несие мерзімін тағы да ұзарту туралы жеке өтініш бергендер үшін қарыздың үстіне қосылатын ақша көлемі артуы мүмкін, бұл жерде әр банк өз шартын ұсынады" деп түсіндірді.

Агенттік өкілдері банктерге кепілге қойылған мүлікті тартып алу тиімді деген оймен келіспейді. Олардың пікірінше, "бұл – қаржы институттары үшін тым көп ресурсты қажет ететін процесс". Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі "…Бұл үшін банктерге кепілге қойылған мүліктерді басқаруға, стресс активтерін басқару бойынша еншілес компаниялар құрып, кепілге қойылған мүліктерді сатуға тура келеді. Мұндай жұмыс қаржы институттарының негізгі қызметіне кедергі келтіреді" деп мәлімдеді.

Агенттік мемлекет шағын және орта бизнес субъектілерінің мәселесін шешу үшін зардап шеккен экономика салаларындағы кәсіпкерлік субъектілерінің әлі өтелмеген несиелеріне алты пайыздық жылдық мөлшерлемеге дейін (бұрын бұл көрсеткіш 12-15 пайызды құрайтын) субсидия бөлуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Субсидия төтенше жағдай жарияланған 2020 жылдың 16 наурызынан бастап бір жылға беріледі. Агенттіктің бағалауынша, 614 миллиард теңгеге жуық субсидия бөлу бағдарламасының шартына жеті мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі кіреді (2020 жылдың жаз мезгіліндегі дерек).

БИЗНЕС ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕЙ АЛМАЙДЫ

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы наурыздан бері кәсібі тоқтап тұрған бизнес субъектілеріне қажет көмек берілмей отырғанын растады.

– Біз жалға берушілермен келіссөз жүргіздік: олардың кейбірі төлем мерзімін ұзартуға келісті, кейбірі бұл ұсыныстан бас тартты, бірақ біз оларға қысым жасай алмаймыз. Мемлекетке әлі ашылмаған нысандардың шығынын жартылай өтеуді ұсындық, бірақ [олар] келіспеді. Бизнес объектілеріне санитарлық талаптардың бұзылуын тіркеп отыратын бейнебақылау жүйесін орнатуды ұсындық. Идеяны қолдағанымен, қызығушылық танытқан жоқ, – дейді "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының сараптама және бағдарламаларды жүзеге асыру бөлімінің бастығы Дәулет Асылбеков.

Оның айтуынша, кәсіпкерлерде бизнестің шығындарын өтеуге, оның ішінде қызметкерлерді қолдауға мүмкіндік қалмаған.

– Біз ең көп зардап шеккен сауда, тұрмыстық және өзге де қызметтер, қоғамдық тамақтандыру, көлік, жылжымайтын мүлік, білім, ойын-сауық, демалыс пен туризм салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер арасында екі рет сауалнама жүргіздік. Мамырда бизнес иелері жұмыс орындарын сақтауға тырысып, адамдарды ақысыз еңбек демалысына жіберуге тырысса, тамыздағы сауалнама нәтижесінде жұмыс орындарының 15 пайызға қысқарғанын көріп отырмыз. Яғни, бизнес еңбекақы төлеу қорын сақтай алмай отыр, – дейді Асылбеков.

Палатаның дерегінше, бірінші карантиннен бері бір де бір рет ашылмаған бизнес салаларына кинотеатрлар, балалар орталықтары, боулинг, бильярд, компьютер және караоке-клубтары жатады. Асылбековтың сөзінше, бір ғана Алматының өзінде әлі күнге жұмысы басталмаған шағын және орта бизнес объектілерінде 50 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG