Accessibility links

Батыс баспасөзін Қайрат Боранбаевтың McDonald's-ы таңдандырды


Астанадағы McDonald's мейрамханасының ашылуына келген тұрғындар. 8 наурыз 2016 жыл.
Астанадағы McDonald's мейрамханасының ашылуына келген тұрғындар. 8 наурыз 2016 жыл.

Қазақстанда алғашқы McDonald's мейрамханасы ашылғанда жұрттың ұзақ-сонар кезекке тұруы батыстың кей басылымдарында Борат жайлы комментарийлерге түрткі болған. Ал Алматыны әлемдегі ең арзан қалалар тізіміне қосқан.

АСТАНАДАҒЫ MCDONALD'S

Батыстың кейбір басылымдары Азаттықтың астаналық тілшілерінің видеорепортажына сілтеме жасап, Қазақстандағы тұңғыш McDonald's мейрамханасының ашылуында оған алғашқы болып келушілердің ұзақ-сонар кезекке тұрғанына назар аударған. Кей газеттер ағылшын сатиригі Саша Барон Коэннің ойдан шығарған кейіпкері – «қазақстандық журналист» Боратты да (еш комментарийсіз) еске алған.

Американың New York Post газеті «Жылқы еті мен қымыз – халқының ең жеңсік тағамы саналатын әрі Саша Барон Коэннің кейіпкері «Борат» туған Орталық Азияның шағын елінде сейсенбі күні McDonald's өзінің алғашқы мейрамханасын ашты» деп жазды. Газет Қазақстанда америкалық Starbucks кофеханалар желісі мен Францияның Carrefour супермаркеттер желісі ашылғанын да хабарлаған. Мақалада «Астанадағы алтын арканың астымен халық топырлап өтіп, сәрсенбі күні тіпті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі дәм татуға келді» деп жазылған.

Ұлыбританияның Daily Telegraph газеті «Кеше Қазақстанның астанасында алғашқы McDonald's ашылды, фри картошкасы, бюргер мен McDonald's желісінің құрамы құпия тұздығының дәмін алғаш татып көру үшін жұрт ұзақ-сонар кезекке тұрды. Бұл көрініс 2006 жылы комедиялық фильм әйгілі еткен ойдан шығарылған қазақстандық тілші Боратқа «Американы ұлы елге айналдырған нәрсе» ретінде сөзсіз ұнар еді» деп жазады. Мақала авторлары 2012 жылы Кувейтте қазақстандық спортшы Мария Дмитриенкоға алтын медаль табыс ету кезінде Қазақстан гимні орнына жаңылысып, Борат жайлы фильмдегі ойдан шығарылған гимнді қосып жібергенін де еске алған.

McDonald's мейрамханасы ашылған күнгі кезек. Мәскеу, 1 ақпан 1992 жыл.
McDonald's мейрамханасы ашылған күнгі кезек. Мәскеу, 1 ақпан 1992 жыл.

Ұлыбританияның Mirror газетінің «McDonald's желісінің Қазақстандағы алғашқы мейрамханасы ашылу рәсіміне жүздеген адам келді, бірақ ас мәзірінде «ұлттық тағам» жоқ» деген мақаласында ертеректе қазақстандық McDonald's мейрамханасының қожайыны бизнесмен Қайрат Боранбаев ішінде жылқы еті бар «қазақтың ұлттық тағамдары» болады деп уәде еткенін жазады. Бірақ кейін жергілікті баспасөзде Боранбаевтың сөздерін «дұрыс келтірмеген», сондықтан «ас мәзірінде жылқы еті болмайтыны анық» деген мәлімдеме шыққан. Қазақстан әлемде McDonald's мейрамханасы іске қосылған 120-елге айналды. Таяу бес жыл ішінде Қазақстанда желінің тағы 15 мейрамханасын ашу жоспарланған.

McDonald's өз мейрамханаларын ашу жөнінде Қазақстан билігімен талай жылдан бері келіссөз жүргізіп, ақыры желі франшизасы бизнесмен Қайрат Боранбаевқа бұйырды. Азаттықтың видеорепортажына сілтеме жасаған Daily Telegraph газеті Қайрат Боранбаевтың қызы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиеніне тұрмысқа шыққанын да хабарлаған. Бірақ мақала авторлары жергілікті баспасөздің сәрсенбі күні Нұрсұлтан Назарбаевтың McDonald's мейрамханасына кіріп-шығуы «оның тез тамақтану мәдениетін қолдауы деп түсінбеу керек», ал «қандай ас ішу – әркімнің жеке қалауы» деген сөздерді келтірген.

БОРАТТЫҢ ЖАҢА БЕЙНЕСІ

Осы аптада Батыс басылымдары Бораттың жаңа бейнесі мен оның авторы Саша Барон Коэнді Астанада ашылған McDonald's мейрамханасындағы ұзақ-сонар кезек тақырыбына араластырмай жеке де талқылаған. Cnet.com жаңалықтар сайты «Бораттың авторы өзінің «Ағайынды Гримсби» деген жаңа фильмін жарнамалау үшін Apple компаниясының абыройын қалай күлкіге айналдыруды шешкенін» жазған.

Канаданың Globe and Mail газеті Саша Барон Коэннің әзірше жағымды лебіз алмай жатқан жаңа фильмі туралы мақала жариялапты.

Актер Саша Барон Коэн «Борат» фильмінің Германиядағы премьерасы кезінде фильм постерінің жанында тұр. Кельн, 11 қазан 2006 жыл.
Актер Саша Барон Коэн «Борат» фильмінің Германиядағы премьерасы кезінде фильм постерінің жанында тұр. Кельн, 11 қазан 2006 жыл.

«Өзің әжуаға айналмай тұрғанда ғана бәрі күлкілі көрінеді. Жұрттың бәрі кеш сабақ алады. Енді британдар кәсіби арандатушы Саша Барон Коэннің жуырда жарыққа шыққан кинематографиялық туындысы – «Ағайынды Гримсби» фильмінен кейін ғана сабақ алатын сияқты. Американы «Борат», Таяу Шығысты «Диктатор», ал қалған Еуропаны «Бруно» фильмдерінде әжуаға айналдырған жерлесін қолпаштауға әзір болған ел Коэннің жаңа фильмінен кейін әзіл-оспақтың тым тереңдеп бара жатқанын сезінетін болар» деп жазады Globe and Mail газеті.

Бораттың авторы жаңа фильмінде Ұлыбританиядағы әпербақан, зорлық-зомбылыққа бейім әрі дөкір жұмысшы табын кемсіту үшін қолданылатын әрі Little Britain («Кішкентай Британия») фильмінен де таныс «чав» мәдениетін мысқылдайды. Globe and Mail газеті Коэннің фильмдерін «көрерменді моральға жат мінез-құлық пен Батыс кесіріне қарсы тұруға мәжбүрлейтін жексұрын әрі қатігез туындылар» деп атаған.

Ал Ұлыбританияның Daily Mail газетінің жазуынша, Economist Intelligence Unit институты Алматыны әлемдегі тұрмыс деңгейі ең арзан қалалар қатарына қосқан. Ең арзан қалалар тізімінде Алматыдан бөлек, Замбияның Лусака, Үндістанның Бангалор мен Бомбей, Алжирдегі Алжир қалалары енген. Әлемнің ең қымбат қалалары қатарында Сингапур, Цюрих, Гонконг, Женева және Париж аталған. Алматы қаласындағы күнкөрістің қаншалықты арзан екенін біз емес, Азаттық сайтының оқырмандары бағалай жатар.

XS
SM
MD
LG