Accessibility links

Қарағанды облысында жері мемлекет қажетіне алынатын ауыл тұрғындары биліктің жауабына наразы


Жері мемлекет керегіне алынған ауыл. Қарағанды облысы
Жері мемлекет керегіне алынған ауыл. Қарағанды облысы

Қарағанды облысындағы Жезқазған ауылы мен тағы бірнеше кенттің тұрғындары өздері тұрып жатқан елдімекеннің жерін "Қазақмыс" корпорациясының мыс өндіруіне бергісі келмей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатына жауап алды. Бірақ хатқа Ақорда емес жергілікті әкімдік жіберген.

Қарағанды облысындағы бірнеше ауылдың жері "мемлекет қажетіне" алу туралы сот шешімі шыққан. Бұған кейбір тұрғындар келіспей Тоқаевтан араша сұраған.

Тұрғындар жазған хаттарына келген жауапқа көңілі толмайды. Олар президенттен реакция күткенін, бірақ жергілікті шенеуніктерден әдеттегідей жауап алғанын айтады.

Тұрғындар президентке хатта "жеке компанияның мүддесі үшін тұрып жатқан жерлерінен көшіріп жатқанын", "мыс өндіру жоспарын құрғанда Жезқазған ауылындағы автожол, коммуникация, молалардың бары екерілмегенін" жазған.

Сәтпаев қаласы әкімдігінің жауабында "Тоқаев пен Қарағанды облысы әкіміне жазылған хатты жергілікті атқарушы орган қарастырғаны" жазылған.

"Жезқазған ауылындағы жер телімдерін алу Сәтпаев қаласында жаңа баспаналар салынуына байланысты кезекпен және жер иесімен келісім процедурасынан соң жүреді. Жерді мемлекет қажетіне мәжбүрлі түрде алу Қазақстан үкіметінің не жергілікті биліктің қаулысы арқылы жүреді. Жер телімінің иесі Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысынан соң келісім беріп, жерді беру процесін бастай алады. Егер келіспесе, мемлекет қажетіне жер телімін алу сот арқылы жүргізіледі" деп жазылған жауапта.

Ауыл тұрғындары Азаттыққа кейінгі уақытта өздеріне қысым көбейгенін айтады. Олардың сөзінше, он отбасы қалған Крестовский ауылында суды өшіріп тастаған. Ал Жезқазған ауылының тұрғындары белгісіз біреулер "Теле 2" байланысының тоғын үзіп кеткенін айтады. Ауылда бизнесі барлар тексеріс жиілегеніне шағымданады. Кейінгі уақытта көшуден бас тартқандардың үйлерін түнде біреулер бүлдіріп, өрт қойып кетіп жүр.

Жезқазған, Крестовский, Весовая, Перевалка және Геологоразведочный (ГРП) ауылдарының жерлері "мемлекеттік қажеттілігіне" алынады деген шешім шыққан. Қазір бұл ауылдарда жүздей отбасы қалды. Әкімдіктің есебінше, үш мыңдай отбасы жерлерін "мемлекет мүддесіне" беруі тиіс. Билікпен келісімге келген отбасылар да бар. Бұған дейін Азаттық тілшісі "Қазақмыс" корпорациясына ресми сауал жолдаған, бірақ әлі жауап келмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG