Accessibility links

"Новая газета" Шешенстанда сотсыз өлім жазасына кесу оқиғаларының болғанына дәлел келтірді


Шешенстан астанасы Грозный.
Шешенстан астанасы Грозный.

Шешенстанның күш құрылымдары 2017 жылы қаңтарда бір топ адамды сотсыз-тергеусіз өлім жазасына кесті. Бірақ оған дейін ол азаматтарды "Ислам мемлекетіне" (Қазақстанда террористік деп танылып, тыйым салынған ұйым – ред.) ант беруге, одан кейін одан бас тартуға мәжбүрлеген. Бұл туралы "Новая газета" басылымының зерттеуінде айтылған.

Зерттеудің бірінші бөлімінде басылым қолына түскен құжаттарды сипаттайды. Шешенстан ішкі істер министрлігіне тиесілі деген құжаттарда құқық қорғау органдарының қайтыс болғандар азаматтарды расымен ұстағаны көрсетілген. Бірақ ресми түрде мұндай ұстаулар болмаған.

2017 жылдың 26 қаңтарына қараған түні Шешенстанда құқық қорғау органдары ұстаған 27 адамның ату жазасына кесілгенін "Новая газета" сол жылдың жазында-ақ хабарлаған. Өлтірілген азаматтарды 17 желтоқсан күні Грозный қаласындағы полицейлерге шабуылдан кейінгі арнайы операция кезінде қолға түсіріп, оларды Ахмат Қадыров атындағы патруль-бекеттік қызметтің аумағында ұстаған деп жазды басылым сол кезде.

2017 жылдың сәуірінде "Новая газета" тергеу комитетіне Шешенстанның 30 өлтірілген азаматының тізімін берген. Оның 27-сі 2016 жылдың желтоқсаны мен 2017 жылдың қаңтарында қамауға алынған.

Тергеушілер тек төртеуінің ғана өлімін растаған. Екеуін тірі күйінде тауып, президент жанындағы ада құқықтары жөніндегі уәкіл Татьяна Москальковаға көрсеткен. Бірақ іс-жүзінде олар 2017 жылдың қаңтарында өлтірілген екі азамат Мохма Мускиев пен Шамхан Юсуповтың бауырлары болып шыққан. Оларды осы айлаға баруға мәжбүрлеген.

"Новая газета" тізіміндегі тағы үш адам ұсталғаннан кейін азапталған. Содан кейін 2017 жылы ақпанның соңындағы жергілікті ЛГБТ-қауымына қауымына қарсы науқан кезінде өлтіріп тастаған.

Қалған 18 адамға 2017 жылдың жазы мен күзінде қылмыстық іс қозғалған. Олардың бәріне халықаралық іздеу жарияланған. Полиция оларды Сирия аумағындағы террористік құрылымдарға қатысы бар деп айыптаған.

2018 жылдың наурызында тергеу комитеті "Новая газета" өтініші бойынша қылмыстық іс қозғаудан біржола бас тартып, бұл сұраққа қайта оралмаған.

Басылым қолына Шешенстан ішкі істер министрлігінің қызметтік құжаттары – кемі 160 ұсталған азаматтардың жеке деректері мен суреттері бар кесте және жедел-іздестіру шараларының нәтижелері туралы ақпарат ­– түскен. Басылым бұл құжаттардан өз тізіміндегі 26 адамның аты-жөнін тапқан.

Жауапты күш құрылымдары "Новая газета" тізіміндегі адамдарды ұстағанын жоққа шығарып келген.

2016 жылы 20 желтоқсанда "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы Грозныйдағы шабуылды өз мойнына алған. Ұйымның сайтында 11 шешен азаматы террористердің лидері Абу Бакр әл-Багдадиге ант бергені көрсетілетін видео жарияланған. Бірақ бұл видео қылмыстық істің материалдарына қосылмаған дейді басылым.

Басылым журналистері "Ислам мемлекетіне" тиесілі деген өзге де видеоларды зерттеп, олардың қойылым екенін, өлтірілген азаматтарды террорист деп көрсету үшін ұйымдастырылғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG